Стиль және ақындық шеберлік Әдіс, жанр, ақындық шеберлік, даралық, машық туралы ұғым-түсініктер


Стиль және ақындық шеберліктің арақатысы



бет2/2
Дата06.06.2022
өлшемі23,48 Kb.
#36424
1   2
Байланысты:
стиль

2.Стиль және ақындық шеберліктің арақатысы.
Әр ақынның өзінше сөз саптауы, сөйлем құрастыру, сөзіне өзінше мән беру, ана тілі негізіне сүйене отырып жаңа бір тыныс жасау, сөйлемдегі сөз тіркестерінің дағдыдағы қалпын өзгерту, кейде архаизм, кейде неологизм, кейде сөз ауыстыру, кейде инверсия, эллипсистер арқылы мүлде күтпеген жерден әдебиетте бұрын кездеспейтін бір жаңалықтарға жазушылардың қолы жетеді. Осындай жайттардың негізінде әр жазушының өзіне тән ерекшелік стилі келіп туады. Көркем шығарманың идеялық-эстетикалық мән-мағынасы, мазмұны оқырманға сөз құдіреті арқылы жетеді. Қаламгер туған тілдің түпсіз тереңінен өзінің ой-өрісіне, түсінік талғамына сәйкес келетін өрнектер мен әдіс-тәсілдерді іздейді. Осы әдіс-тәсілдер, тың қолданыстар арқылы әрбір қаламгер өз оқырманының жүрегіне жол тауып, оның көкірегіне жоғары адами қасиеттердің нұрын, ізгілік ұрықтарын себуге тырысады. Бұл үрдіс қаламгер атаулының бәрінде бірдей бола бермейді. Оның басты себебі қаламгердің шеберлік шыңында, стилінің даралығына байланысты. Стиль- әр ақынның көркемдік жеке дара шеберлігімен байланысты деп айтуға болады. Шынайы таланттардың жазу машығы өзгелерден оқшау, дара көрінеді. Қолға алғаннан-ақ, кімнің жазғанын стилінен қапысыз аңғаруға болады. Мәселен, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали стилі десек, оны айтқызатын-айрықша айшықты, өзгелерден ерекше, дара бітімді қолтаңбалары. Әлбетте, поэзиядағы поэтикалық категориялар мен көркемдік әдіс ақын стилін танытуға көмектескенімен бүкіл шығарманың өн бойынан көрініп тұрады деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда поэзиядағы стиль нақты жүзеге асқан үлгіде көрініп, оның ерекшеліктері ақын өлеңінде сыртқы пішінінен бастап, бүкіл болмысында көзге ұрып тұрады. Дегенмен, поэзияда әдіс өзгерсе, оның әсері стильге тимей қоймады. Ш.Елеукеновке сүйенсек «бұл – стиль құрайтын шешуші фактор». Бір дәуірде шығармашылықпен айналысқан қаламгерлер тобына тән стиль мен жеке қаламгер стилі арасында ортақтастық жоғарыда біз айтқан көркемдік әдістен туындайтын әдеби ағымға тікелей байланысты. Мысалы, қазақ ақындары Абай, Мағжан, Сәкендер мен Еуропа ақындары Байрон, Гете, Пушкин, Блок, т.б. шығармашылығында көркемдік әдістерін қайталай отырып, өнердегі өмірді бейнелі суреттеудің ортақ ерекшеліктерін айқындап, сол арқылы бір емес, бірнеше әдеби ағым (бағыт) туындатты.
1970-жылдары қазақ поэзиясына өзіндік үн, ерекшелігімен келген ақындардың қатарында Жарасқан Әбдірашев есімі ерекше аталары хақ. Ж. Әбдірашев шығармашылығы туралы әдебиет зерттеушілері мен сыншылары тарапынан пікірлер айтылып келеді. Әдебиетші ғалым, профессор Б. Майтанов: «Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың 70-жылдарына қарай еркіндей басып, еркелей келген дарынды жас Жарасқан Әбдірашев болатын» дей келе, ақын поэзиясының көркемдігі мен тілі, шеберлігі туралы ой қозғайды. Жарасқан Әбдірашев поэзиясының бір саласын құрайтыны – ақынның эпиграммалары. Түп тамыры антикалық әдебиеттен басталатын бұл жанр, ақынның өзі сипаттағандай «ежелден мәдениетті европа поэзиясына жеңіл қалжыңның желбегейін сыпырып тастап, сатираның жалаң қылышын жанына байлаған жалаңтөс батырлығын байқата келген.
Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков өлеңдерінен романтикалық, символдық сипаты анық көрінеді. Кеңшіліктің «Аңыз» атты өлеңінде еркіндікке құштар, биіктікке құмар өршіл рух жырланады. Аты айтып тұрғандай, өлең мазмұны аңыздық сипатта. Ақын тілінде «Еркін құс» түрінде жыр өзегіне алынып отырған азат рух, оның замана қыспағында шырылдауы түйсікпен барлап түсінер нәрсе. Көркемдік тәсілдің шебер өрілуі нәтижесінде мазмұны терең, поэтикалық айшығы салмақты өлең дүниеге келген. Еркіндікті, азаттықты аңсаған көңіл жалпы адамзат атаулыға тән ізгілік сол еркін құспен бірге қапасқа түскеніне күйзеледі. Ақын тұспалы осыны мегзеп тұр. Сонымен бірге, айтылар ойдың ишарамен, тұспалмен жеткізіліп, азат рухты еркін құспен ауыстырылуы символизмге тән сипат екенін ескерте кету керек. Әрине, символизм ағым ретінде ақын шығармашылығына терең сіңіспегенімен, бірсыпыра сыршыл өлеңдерінде өзіндік ерекшелікпен көрініп қалып отырады. Ж. Жақыпбаев – ұлттық сезімнің шеңберінен еркін шыға тырып, адамзаттық мәселелерді терең толғауға дейін барған қарымды ақын. Осы тұрғыдан келгенде, ақын өлеңдерінің ұлттық сипаты жалпы адамзаттық гумнанистік мұраттармен үндесіп жататынын атап айта кету қажет. «Халық көркемөнерден өзін ғана танып қоймайды, басқаға беру, басқадан алу арқылы өзін де, өзгені де байытып отырады. Мәселе көркемөнердің шынайы ұлттық сипатының жалпы адамзаттық мұраттарды таныта алатынын ұғынуымызға байланысты», - деген зерттеуші И.Я. Телекинаның пікірі біздің ойымызға үндес келеді. «Ж. Жақыпбаев өлеңдеріндегі ең молынан көрініс тапқан эмоция түрі – романтика. Өйткені Жұматай өмір сүрген кезең - романтикалық көңіл – күйдің өрістеуіне мол септігін тигізетін өтпелі дәуір еді» - деп жазады ақын лирикасын зерттеуші Д. Ислам. Жас зерттеушінің бұл пікірімен келісе отырып, ақын романтикасы өз дәуірінің шығармашылығына жаңа тыныс әкелгеніне жоғарыдағы талдуларымызды дәлел етеміз. Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков, Ж. Жақыпбаев поэзиясындағы стильдік ізденістерді көркемдік әдіс, жанр, ақындық шеберлік, ақындар өлеңдеріндегі ұлттық сипат төңірегінде қарастыра келе бұл үш ақын шығармашылығына ортақ сипат – 1970 – жылдардағы қазақ поэзиясында адамның ішкі сезім әлемінің бар мүмкіндікпен ашыла бейнеленуі, қалыптасқан реалистік әдісті романтикамен, кейбір символдық элементтермен үндестіре жырлауы демекпіз.
Өлеңнің көркемдік мазмұнын танытатын айшықтау үлгілерінің және құбылту түрлерінің әр ақын тіліндегі қолданыс ерекшелігі, дәстүрлі және тың поэтикалық оралымдар поэзиямыздың мүмкіндігін, жоғары деңгейін көрсететін, стильдік ізденістердегі жетістікті аңғартатын бірден-бір белгі. Осы тұрғыдан келгенде бай әдеби тіліміздегі сөз айшықтарын құбылта, түрленте қолданып, сол арқылы дара стильдерін қалыптастырған бір кезеңнің үш ақыны ұлттық поэзиямызды сапалық биікке көтере білген суреткерлер бола алды.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Сейпутанова А.Қ. Қазіргі поэзиядағы стиль және бейнелілік: - Өскемен, 2017. – 152 б.
2.Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі. – Алматы, 1966. – 384 б.
3.Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы, 2002. – 360 б.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет