Өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін лингвистика тарихи және құрылымдық тұрғадан зерттелініп келген болатын. Лингвистика ғылымының осы зерттеу бағытына қозғау салған прагматика мәселесі болды.
Прагматика – грек сөзі, «іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминді өткен ғасырдың 30-жылдары семиотиканың негізін салушы Ч.Прис пен Ч.Моррис енгізген болатын. Прагматиканың лингвистикадағы жаңа зерттеу бағыты ең алдымен «прагматика табиғатын» негізгі межеге алып отырады. Прагмалингвистика – субстанционалдық және функционалдық қасиеттің нысаны. Субстанционалдық қасиет – зат, құбылыстың жаратылысынан өзіне тән қасиеті болса, онда функционалдық қасиет заттың сыртқы құбылысын сипаттайды. Осы екі қасиеттің негізінде лингвистиканың екі бағыты бөлініп шығады. Бірі – ішкі лингвистика, екіншісі – сыртқы лингвистика. Сыртқы лингвистиканың ең басты межесі – адам. Ішкі лингвистика, сыртқы лингвистика сияқты екі ғылым тоғысынан прагмалингвистика және оның салалары қалыптасты.
Прагмалингвистика ақиқатқа негізделген коммуникация бағытында тілдің субстанционалдық-функционалдық қасиеттерін, қарым-қатынасын оқып үйретеді; белгілі тұлғалардың нақтылы сөйлеу ситуацияларында вералды және вералды емес тілдік тәсілдерді пайдаланып отырып, пікір алысып, ой бөлісуін үйретеді. Реалды ақиқатқа құралған өмір ситуацияларында адам қандай жағдайда таңбалар арқылы өзінің ой-пікірін тыңдаушыларына немесе оқырманына жеткізе алатындығын үйретуді мақсат етеді. Прагмалингвистиканың зерттеу нысаны толық тану үшін сөйлеу тіліндегі дискурс пен мәтіннің мазмұндық-ақпараттық мәнін ашу керек. З.Ш.Ерназарова былай дейді: «прагматиканы динамикадағы мәтін – дискурсты оны дүниеге келтіруші адаммен байланысты қарастыратын ғылым деп айтуға болады» [5, 122-б.]. Прагмалингвистиканың теориялық негізі дискурс пен мәтінде толық өз межесіне жетеді.
Дискурс көп мағыналы термин лингвистикалық философиялық, психологиялық, тарихи зерттеулерде қолданылып келеді. Дискурс сөзі «ауызша сөз», «ақылды ойлану» деген мағынада айтылған. Дискурс терминінің жан-жақты кеңеюіне, әртүрлі сипатқа ие болуына Д.Ван Дейктің мектебінің ықпалы тікелей әсер етті. Н.Д.Арутюнова: «дискурста – сөз, өмірдің ортасынан ойып алынған сөз» [6, 21-б.], - дейді. Дискурс пен мәтінде пресуппозиция, коммуниканттардың стратегиясы мен тактикасы т.б. айтылым ерекшеліктері прагматикалық мақсатқа сай құрыла отырып, стилистикалық амал-тәсілдерді таңдайды.
Мәтінді субстанционалдық тұрғыдан ғана емес, қатысымдық-функционалдық тұрғыдан зерттеу прагматика мен стилистиканың бірлесуін қажет етеді. Ғалым Б.Шалабай: «Мәтінді зерттеу тұрақты күйдегі тілді емес «әрекетті тілді» зерттеуден барып пайда болады», [7,131-б.] - дейді. Мәтін – когнитивті-функционалдық сөз әрекетінің жазбаша түрдегі көрінісі.
Қазақ тілі ғылымында стилистикаға қатысты жазылған еңбектерде жеке сөздің, сөз тіркесінің, сөйлемнің стилистикалық мағынаға ие болуы тұрғысынан ғана қарастырылып келді. Мәтіндегі немесе сөз авторының қолданысындағы стилистикалық амал-тәсілдердің «өн бойында» бөлінбес бөлшегі ретінде жүретін прагматика мәселесі туралы сөз бола қойған жоқ.
Прагмастилистика – стилистика ғылымының жаңа бағыты. Кез-келген айтылым адресаттарға ақпарат берумен қатар, оның қабылдануына ықпал ететін тілдік бірліктерді таңдайды және оның реакциясын тудырады. Адресант пен адресат арасындағы қарым қатынас аясындағы тілдік бірліктердің ықпал ету және әсер ету мақсатынан туындаған туынды прагмастилистикадеп аталады. Прагмастилистика ғылымның пайда болуына когнитивті лингвистика, психолингвистика ықпал етті. Мәтіннің табиғатын, болмысын толық саралау үшін тілдің мәтіндегі «мінезін», «іс-әрекетін» де қарастыру керек. Мәтінде автордың өз қалауымен алынған тілдік бірліктерімен қоса, коммуниактивтік ниеті, пиғылы мен қатар белгілі мақсатқа құралған ойлау стилі де қатысады. Мәтіннің толық табиғатын тануда стильдік амал-тәсілдердің қандай мақсатпен қандай ниетке құралып тұрғаны контекстік және ситуациялық қарым-қатынаста мән-мазмұны нақты ашылады.
Дискурс пен мәтіннің болмысын толық саралауда таңбаның «мінезі, іс-әрекеті» толық қарастырылады. Ол – прагматиканың қарастыратын мәселесі. Автордың қалауы бойынша таңбаның іс-әрекетіндегі жасырын, ашық көрінетін мақсатын танытуда стилистикалық амал-тәсілдер сұрыпталынады. Бұл стилистиканың зерттеу нысаны. Ал осы мәселелерді толық қарастыру прагмастилистиканың үлесіне тиеді. Прагмастилистика автордың коммуникативтік іс-әрекетінде өзінің ниет, пиғылын, аялық білімімен қоса белгілі прагматикалық мақсатқа құрылған ойлау стилі арқылы тілдік таңбаларлды таңдай отырып, өз туындысының мағыналық-ақпараттық және эстетикалық мән-мазмұнын ашып бере алатындығын қарастырады.
Мәселен ғылыми стильде автор өзінің ғылыми көзқарасын дәлелдейді, публицистикалық стильде субьект көпшілікке хабар беріп қана қоймай, ықпал ету мақсатын басшылыққа алады.
Ресми стильдің стилистикалық нормасының дұрыс ұйымдастырылуы адресанттың сөзінің ақпараттық мазмұнының ресмилік сипатының прагматикалық салмағына сай болуы көзделінеді.
Сонымен, прагмастилистика дегеніміз – жоғары қабілетті тұлға сөз шығармашылығын, тілдің сөйлесім тәжірибесін социум өмірінің заңдарымен байланыстыра отырып, адамның әлемді қабылдау ерекшеліктерінің когнитивтік базасын, ұлттық-мәдени стереотипі және дәстүрін стилистикалық амал-тәсілдер арқылы үйретуді қарастырады.
Қазіргі уақытта стилистика мен прагматиканың бірлігінен туындаған прагмастилистика осындай күрделі де қызықты стильдік таңдауларға әкеледі.