Мәтін туралы ғылыми көзқарас
Мәтін – тіл жүйесіндегі өзінің мәні мен болмысына сай, сөйлемдердің жай ғана тізбегі емес, мағыналық-құрылымдық күрделі тұлға. Ол – логикалық, грамматикалық, мағыналық байланыстарға негізделген, тиянақты мазмұнға ие біртұтас қарым-қатынас бірлігі. Сондықтан мәтіннің құрылысына, оның түрлі қыртыс қабаттарына түзіліп, мәнді де сипатты ерекшеліктерін ашу, белгілі кеңістік пен уақыт шеңберінде өмір сүру заңдылықтарын айқындау, сөйтіп мәтіннің ішкі бірлігінің сыр-сипатын түстеп-түгендеу тіл білімінің басты міндеті. Демек, мәтін жайдан-жай түзіле салмайды, ол белгілі бір мағына мен құрылымға негізделіп жасалатын күрделі тұлға. Енді осы мәтін дегеніміз қандай құрылымдық тұлға бірліктерінен тұрады деген сауалға жауап іздесек.
Мәтін лингвистикасында мәтіннің құрылымдық тұлға бірліктері туралы бірнеше пікір қалыптасқан деп айтуға болады. Б.Шалабай мәтіннің құрылымдық тұлға бірлігі туралы былай дейді: «Мәтіннің құрылымдық тұлға бірліктеріне көптеген зерттеушілер сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық, абзацты жатқызады. Олардың арсындағы байланыстық табиғаты бірдей болмайды» [8, 8-б.]. Орыс ғалымы А.М.Пешковский болса аталған күрделі синтаксистік тұлға категориясын «абзац» деп қарастырады [9, 518-б.]. Ғалымның пікірінше күрделі синтаксистік тұлға мен абзац бір категория болып табылады. А.Жапбаров мәтіннің құрылымдық тұлға бірліктеріне сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық, қайырымды жатқызады. Мәтіннің тұлға бірліктерінің арасындағы байланыстар логикалық, грамматикалық және себеп-салдарлық жүйе арқылы іске асады. Онсыз тұтастық белгісі қамтамасыз етілмейді [10,13-б.]. Зерттеуші мәтіннің негізгі тұлға бірліктеріне ескере отырып, оның негізгі белгілерін төмендегідей бөліп көрсетеді:
мәтіннің мазмұны мен құрылымдық бүтіндігі;
мәтін құрайтын компоненттердің бір-бірімен байланыстылығы;
стилистикалық норма жағынан тұтастығы;
қайырымдарының тақырыптық мазмұндағы жүйелілігі;
ой-пікірдің бір форма, жанрда берілуі.
Олай болса, мәтіннің өзіндік мынадай ерекшеліктері бар деп есептеледі:
1. Мәтін түзетін сөйлемдер және олардың өзара білдіретін ой-пікірі бойынша байланыстылығы;
2. Мәтіндегі қайырымдар және олардың тақырып мазмұнына бағыныштылығы;
3. Мәтіннің түрлілігі, яғни форманың тіл арқылы көрінетіндігі [10, 13-14-бб.]. Енді осы ерекшеліктерді ескере отырып, мәтіннің тұлға бірліктеріне жеке-жеке тоқталсақ. Сөйлем белгілі бір сөзден, сөз тіркесінен құралады. Демек, сөз бен сөз тіркесі де мәтіннің негізгі тұлға бірлігі болып табылады.
Сөз – тілдік элементтердің ішіндегі ең бастысы. Ол тіл білімінің барлық деңгейлерінің (фонетика, лексика, морфология, синтаксис, стилистика т.б.) зерттеу нысаны бола алады. Сөз – заттар мен құбылыстардың, олардың қасиеттері (сыны, саны) мен қимыл-қозғалыс, іс-әрекеттерінің атауы. Әрбір атау қоғам таныған, әбден қалыптасқан белгілі бір ұғымды білдіреді. Мысалы, адам, ұстаз, өмір, су десек, бұлардың әрқайсысы жеке-жеке заттардың атауын білдіріп, солар туралы нақтылы ұғым туғызып тұр. Тіліміздегі сөздер сан алуан. Олардың біразы – заттық ұғымды білдіретін сөздер (зат есімдер): ағаш, аң, үй, көл, тас, топырақ т.б. Біразы – сын есімдер мен сан есімдер: қызыл, үлкен, жалпақ, биік; бір, бес, он, отыз т.б. Енді біраз сөздер – іс-әрекетті, қимылды білдіреді (етістіктері): жүр, жүгір, аяңда т.б. Тағы бір топ сөздер іс-әрекеттің мезгілін, қарқынын білдіреді (үстеулер): кеше, бүгін, ертең, тез, жылдам. Бұлардың бәрінің де лексикалық мағыналары, білдіретін өзіндік ұғымдары бар. Сондықтан да, мұндай сөздерді толық мағыналы сөздер деп атайды.
Тілімізде бұлардан басқа да мен, сен, ол, біз деген сияқты есімдіктер мен аһ, оһ, қап, еһе, ой, пай-пай деген сияқты одағайлар, үшін, туралы, дейін, соң, таман деген сияқты шылаулар кездеседі. Бұлар да – сөздер [11, 5-б.]. Демек, сөз тіркесіне, сөйлемге материалдық негіз болатын – сөз. Сонымен сөз дегеніміз – лексикалық-грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік единица. Сөздердің өз ара тіркесу қабілеттілігі әрбір грамматикалық топтағы сөздердің мағыналық және грамматикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін, оның мынадай белгілеріне қарау керек:
1) сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады;
2) ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және құрылымдық жағынан байланыса тіркеседі.
Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан синтаксистік тобын сөз тіркесі деп атаймыз. Анықтамадағы «кемінде...» деген сөзден сөз тіркесінің құрамы екіден артық та болатыны аңғарылады. Рас, оның құрамында бірнеше сөз болуы мүмкін. Ондай көп құрамды сөз тіркесін күрделі сөз тіркесі деп атайды. Күрделі сөз тіркестерінің құрамында, әдетте түйдекті тіркестер болады. Түйдекті тіркестердің өзі лексикалық және грамматикалық болып бөлінеді.
Сөйтіп, сөздерден сөз тіркесі, сөз тіркестерінен сөйлем құралады. Сөз де, сөз тіркесі де – сөйлем құраудың материалдары. Сөйлем кейде көп сөзден, кейде жеке сөзден не сөз тіркесінен жасалады.
Сөйлемдер әдетте күрделі компоненттер арқылы: сөз тіркесі, грамматикалық комплекстер: түбір, атауыштар, етістіктер, олардың категориялары, күрделі сөздер, фразеологизмдерден құралатыны белгілі.
Мәтін бірнеше сөйлемдерден тұрады. Егер бір сөйлем құрмалас сөйлем болып, өте жайылыңқы болса да оны біз мәтін деп айта алмаймыз. Мұнда тиянақты ой болғанымен ол мәтін бола алмайды, бар болғаны сөйлем, мазмұн жоқ. Ал бұл сөйлем синтаксистің құрмалас заңдылығы бойынша үйлескен, яғни мәтіннің заңдылығынан өзге. Бұл құрмалас сөйлемді жеке тиянақты сөйлемдерге бөлшектеуге болмайды, мәтінде сөйлемдер байланысының заңдылығымен бөлшектеуге келмейді.
Осыған орай, мәтін кемінде екі немесе бірнеше сөйлемдерден тұрады деуге болады. Сондай-ақ көлемді мәтінде бірнеше сөйлемдер байланысып қайырым құрайды.
Ал қайырымды сөз еткенде айтылатын ойды тиянақтылығы жөнінде емес, онда салыстырмалы түрде аяқталған ой-пікір беріліп, тек микротақырып қана ашылғандықтан оның салыстырмалы дербестігі болады.
Бірнеше сөйлемнен тұратын қайырым өзінің бастауы тақырыптық сөйлем және қайырымдық фраза болып табылады. Сонымен бірге мағына мен формасы жағынан тізбектеле байланысқан сөйлемдердің сөйлемде аяқталған интонация мен ұзақ үзіліс (пауза) арқылы беріледі.
Кез келген мәтін әдетте бірнеше сөйлемдерден тұратын жеке-жеке маңызды бөліктерге бөлінген. Осындай әр бөліктер жаңа жолдан басталады, яғни жолдың басқы жағында оңға қарай бос орын қалдырылады. Бұл азат жол деп аталады. Мәтінді құрайтын сөйлемдерде нысандық модальдық деп аталатын болмысқа қатынас беріледі. Ертең ауа-райы жақсы болады. – Кеше ауа-райы жақсы болды. – Бүгін ауа-райы жақсы. Хабардың мазмұны етістіктің ашық рай формасындағы үш шақтың бірі арқылы берілген. Бұл хабар арнайы грамматикалық құралдар (етістік тұлғалары мен демеуліктер) арқылы тілек, қалау мағынасына айналады. Бүгін ауа-райы жақсы болса екен! – Ертең ауа-райы жақсы болса ғой!
Достарыңызбен бөлісу: |