9-тапсырма. Берілген мәтіндерден инверсияланған сөйлем мүшелерін тауып, олардың қолданылу себептерін түсіндіріңіздер. а) – Әй, Ерсары, Махамбетке көрсетер сыйларың қайда?..– деп дауыстады Сүйінқара.
– Әкеліңдер, жігіттер, Қайбаланың табақ жалағыш құлын! – деген Ерсарының барылдаған жуан даусы естілді ну арасынан. Егде сарбаз от басына екі қолы байлаулы, үстінде бешпенті бар бір адамды алып келді. Тұтқынның төбесіндегі кішкентай тақиясы бір шекесіне қисайып кетіпті. Жантас дереу таныды – бұл Қайыпқали сұлтанның жақын кеңесші досы еді (Ә.Әлімжанов).
ә) Болыс аулы – үлкен ауыл. Үлкен қотанның сонау шетінде алтыбақан теуіп, ән салып жатыр бір топ жас. Ай жарық, аспан ашық. Ақсүйек ойнап жүгірген балалардың аяқ дүбірі естіледі. Қоныс жаңа, жер от. Жылқы тақауда жатқан болар. Кісінеген жылқының, жылқышы тартқан сыбызғының үні келеді құлаққа (Ғ.Мұстафин).
б) 1. – Тұмсығы бір түрлі өзінің... Құлағың анау... Бірақ тұяғы айыр...
– Әй, арам шығарсың-ау, ант ұрған... – дейтін ішінен.
2. – Үніне болайын жануардың!.. – біреу мырс ете түсіп еді, соны сылтауратып бәрі қарқылдасып, күлкі тіреген алқымдарын бір босатысып алды (Ғ.Мүсірепов).
в) 1. Атаманның екі солдаты ұстай алды қазақты. Ө-ой, сөкті-ай кеп Өмірбай молдаларды. Бірдемені жүрек ақырын лүпілдеп кетеді. Ең шеткі поселкеден шеткі қазақ аулына мені орыс жәмшігі әрең апарды.
2. – Тәйт!.. бөркіңді неге кимейсің?! Киіп отыр бөркіңді! (Ғ.Мүсірепов)