15-тапсырма. Өзіңіздің жеке фирмаңыз бар деп ойлаңыз. Фирмалардың жәрмеңкесі болып жатыр деп елестетіңіз: 1. Фирмаңыздың атын ойлап тауып, жұмыс бағытын анықтаңыз;
2. Құрбы-құрдастарға фирмаңыздың тұсау кесерін жасаңыз.
3. Фирмаңызды жарнамалау мәтінін құрастырыңыз. Ең сәтті шыққан фирманы анықтаңыз.
4. Өзге фирмалармен келісім-шартқа отырыңыз.
5. Өз фирмаңызға жұмысқа қабылдауға қатысты сауалнама жасап, әңгіме жүргізіңіз.
6. Өз қарамағыңыздағы қызметкерлердің жеке құрамы бойынша ережелерді мына құрылым бойынша толтырыңыз:
- «Жалпы ережелер»;
- Жұмысқа алу;
- Жұмыс уақыты мен демалыс уақыты;
- Еңбек демалысы;
- Іссапар және ауыстыру;
- Еңбекақы, әлеуметтік сақтандыру және өтемақы төлеу;
- Мадақтау және жазалау шаралары;
- Қызметтен босату.
16-тапсырма. Газет арқылы жеткен құттықтау хаттардың тіліне талдау жасаңыз. Хат тіліне тән ресми және публицистикалық ерекшеліктерді табыңыз. Құрметті ұжым қызметкерлері! Ардақты ардагерлер!
Сіздерді «Қазақ әдебиеті» газетінің 70 жылдық мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық ой-сана үрдісін өрбітуге өз үлесін қоса білген басылымның бүгінгі мерейтойы жалпы қазақ журналистикасы үшін айтулы оқиға. Газет редакциясында әр жылдары елге танымал белгілі қалам шеберлері еңбек етіп, бұл басылымның қоғам өмірінде лайықты орын алуына қыруар күш-жігер жұмсағаны аян. Ел зиялыларының бірнеше буын өкілдері салған осынау сара жол бүгінде сіздердің тараптарыңыздан өз жалғасын табуда.
«Қазақ әдебиеті» газетінің барлық басылымдарында тәуелсіз мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, оның келешегі жайындағы дүниелер халқымыздың көңілінен шығып отырғаны шындық. Келешекте де сіздердің қаламгерлік қызметтеріңіз ел бірлігіне, Тәуелсіз Қазақстанның туын биік көтеруге, замана шындығын жазуға, демократияны дамытуға жұмсала береді деген сенімдемін. Барлық ұжым мүшелеріне, оның ардагерлеріне басты байлық – зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, творчестволық табыс, баянды бақыт тілеймін.
Ізгі ниетпен,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік хатшысы
Оралбай Әбдікәрімов.