Студенттердің терең білім алуы үшін бірқатар пәндердің кейбір тақырыптарын меңгеруіне тура келеді



бет82/106
Дата16.10.2023
өлшемі1,24 Mb.
#116524
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   106
Байланысты:
367986 (2)

28-тапсырма. Ғ.Мүсіреповтің шығармасынан алынған үзіндіні оқыңыз. Үзіндідегі лексикалық, фразеологиялык, грамматикалық кұралдарға талдау жасап, көркем ойды жеткізуде атқарып тұрған стильдік қызметін көрсетіңіз.
Алаңға тігілген бес мың ақ шатыр, бәрі де дөп-дөңгелек, ақ қызғалдақ, ақ гүл секілді. Бәрінің төбесінде де бір-бір жалау Темірге табынып, басын иіп тұр. Бұл төрт бұрышты, айналасы жүз қадам, үш найза бойы биіктігі бар күмбез. Ортасында он екі алтын баған. Төбесінде көкпеңбек мұнара. Сары, қара, көк жібектен қиюластырып жасалған ала шатыр. Кім білсін қанша әйел, қанша уақытта тоқып шығарғанын? Шатырды бес жүз қызыл баумен жерге таңып тастапты. Әйтпесе, жер тәңірісі Темірдің ала шатырын жел ұшырып әкету де мүмкін емес пе...
Шатырдың төрт бұрышында төрт күміс қыран. Ортасында, көк күмбездің дәл ортасында, биік тақта, ешкімге жеңгізбеген, жеңгізбен де деген бесінші ақ иық Ақсақ Темір Көрегеннің өзі отыр.
Темір аспан түсті көк жібектен киінген. Үсті-басы от шашып, жалын жалап тұрған інжі тастар... Бұл тастар оның үстінде бес-ақ мыңдай екен! Қаһарынан қар төккен аппақ басында ақ бөрік. Бөркінің шошақ төбесінде жұдырықтай қып-қызыл жақұт. Темірдің қып-қызыл көзі дүниені жалмап, жалт-жұлт етеді. Қанды көзі қан шашып, төңкеріліп қояды.
Ақсақтың жүзі – қан қатқан, тот басқан жалпақ алмас пышақ секілді. Он мың рет қанға батып шықты ғой. Сондықтан қаннан қалған тоттың ізі ап-айқын. Қысық көздері дүниенің асты-үстін түгел көріп тұрғандай жалт еткенде, бриллиант жалт етті ме деп қаласың. Құлағында Цейлонның қып-қызыл жақұтынан жасалған қос сырға, сұлу қыздың ерніндей қызарып, Темірдің қатпар бетін сүйіп тұрғандай.
Осы күні дүниеде жоқ кілемдердің үстіне арақ құйған үш жүз алтын бокал өмірді талқандап, өлім себуге құмартқан Темір сардар, бектерімен бірге сарайында отыр.
Темірдің ар жағында әнші-күйшілер, қатарында ешкім жоқ. Аяғында, ең жақын ақсүйек туғандары, сұлтандар, бай-батшалар, әскер бастықтары отыр. Бәрінен де патшаға жақынырақ мас ақын Кермене отыр.
Кермене дүниені талқандаған Темірдің:
– Уа; Кермене! Егер мені сата қалса, сен қанша беріп алар едің? -деген сұрауына, беті бүлк етпестен:
– Жиырма бес әскер берер едім, - деген ғой.
– Е, жиырма бес әскер менің мына белбеуімнің, ғана құны емес пе? - деп, таңданған Темір ақырғанда:
– Жиырма бес әскерді сол белбеуің үшін ғана берем! Белбеуге ғана... Әйтпесе, сенің өзің қара күрешке керегің жоқ адам емессің бе! - деп тағы бір басып қалған ғой шынды сүйетін ақын Кермене.
Міне, ақын патшалардың патшасы саналған, жер жүзіне өлім сеуіп, өлімтік орған Темірге осылай деген! Жауыздықтың, өлімнің, қауіп-қатердің түпсіз бұлағы Темірден тайсалмағаны ғой, шіркіннің! Мақтайық та, құрметтейік те, осындай шындықтың досы болған ақынды! Бұлар қашан да Әмір-Темірден жоғары!
Сонымен ойын қызып, шаттық билеген байбатшалар майданда аққан қан өзендерінің тереңдігін өлшесіп отырды. Музыка ырғалаңдап, патша шатырының алдында халық ойыны басталды. Ыңырсыған қалың елдің қайғысын табанға тақап, аз ғана топтың шаттығына айналдырды. Өлімнің ордасы Темірдің қанды қабағын ашамыз деп, күлдіргіштер лақтай секірді. Өмір иесі адам баласын қалай өлтірудің әдісін көрсетіп әскер де ойнайды.
Ақсақ барыстың адамдары қорыққаннан қуанып, арақ пен қымызға барлық қылмысты тұншықтырып отырған бір кезде Темірдің құлағына ашынған бір дауыс келді.
У-шу айғайды, күйшілердің күйін, әншілердің әнін қақ жарып, Темірдің құлағына іліккен дауыс әйел даусы еді. Ұя басар бүркіттің тәкаппар даусы Темірге айқын естілді. Темір өліммен алысқанда өлім оның бетіне дақ, жүрегіне дық салған ғой, сондықтан, мына дауыс оған таныс көрінді.
– Даусында өлім көлеңкесі елестеген неткен адам? Шақырыңдаршы! - деді Темір мұрнына қан иісі келгендей жан-жағына алақтап.
– Қайдан екені белгісіз бір әйел пайда болды. Үш арысты билеп тұрған арыстан, сізді көрем деп бой бермей тұр! - десті қасындағылары.
– Арапша сөйлейді. Үсті-басы кір, шаң. Өзі есалаң болса керек... ,- десті біреулері.
– Әкеліңдер! - деді Темір өз сезіміне ғана бағынып. Сонымен Темірдің адына жалаң аяқ, үстіндегі барлық лыпасы далба-дұлба әйелді алып келді.
Қара шаштары тарқатылып жалаңаш көкірегін жабуға кеудесіне түскен, беті шойындай қап-қара. Бірақ, жасымаған көзі от шашып, әмір етіп тұрғандай. Қап-қара қолдарын Темірге созғанда бір қалтырамады.
– Баязит сұлтанды жеңген сен бе? - деп сұрады әйел салған жерден.
– Иә, мен. Мен талайды жендім. Жеңгенімнің ішінде о да бар... Жеңуден әлі шаршағаным жоқ!.. Сен, әйел, келген жұмысың не еді, соны сөйле! - деді, Әмір-Темір сазарып.
– Тыңда! - деді әйел. – Сен не істесең де адам ғанасың. Ал енді мен – ана! Сен өлімге қызмет етесің, мен өмірге қызмет етемін. Сен өлім шашасың, мен өмір шашамын. Дүниеге адам әкелем, білдің бе? Сондықтан мен сені адамға санамаймын да.
– Мен ешкімнің қалай саналуымен есептесіп көрген де емеспін, есептесе алмаймын да! Жұмысыңды айт, әйел! -деді тәкаппар Темір.
– Тыңда, өлімнің егіншісі Темір! Сен менің алдымда күнәлісің. Менімен есептеспей тұра алмайсың да. Менің алдымда күнәңді жусын деп келдім. Сенің бағынғаның «Күш әділдікте!» деген ұран дегенді айтты. Мен бұған иланбаймын. Бірақ, сен маған еріксіз әділ боласың.Өйткені мен – ана! Сен өлім сепсең, мен дүниеге өмір себем. Сені жеңем! Сондықтан сен маған әділ бола аласың! – деді.
Темір патша да мұны ұғарлық данышпан еді. Шығыстың салқын данышпандығын алмады дейсің бе, әйелдің сөзіндегі батылдық пен күштілікті сезіп:
– Өзің отыршы, сөзіңді тыңдағым кеп барады, – деді.

  • Үзіндідегі авторлық баяндау түріне талдау жасаңыз. Композициялық құрылымын анықтаңыз.

  • Үзіндідегі автор бейнесіне талдау жасаңыз, оның тұтас мәтін мазмұнына әсерін көрсетініз. Автордың дара стиліне баға беріңіз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   106




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет