Студенттердің терең білім алуы үшін бірқатар пәндердің кейбір тақырыптарын меңгеруіне тура келеді



бет85/106
Дата16.10.2023
өлшемі1,24 Mb.
#116524
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   106
Байланысты:
367986 (2)

33-тапсырма. Ж.Аймауытовтың «Акбілек» романынан алынған үзіндідегі сөз ырғағының көркемдік-эстетикалық рөлін анықтаңыз.
Ақбілек үнін шығаруға мұршасы келмей, өлген кісідей отырған жерінде сіресіп қалды.
Әлден уақытта арсалаңдап бір аш қасқыр Ақбілек отырған қостың аузына келіп қалды. Ақбілектің жан даусы түнді тіліп жібергендей шыр ете түсті, қасқыр біткен жарық беріп, көздері жалт етіп, тістері сақ етіп, оқшырайып тұра қалды. Қасқырлар ырсылдап, күрілдесіп, бураша шабынып тұрып алды. Ақбілек қаскырлардың қарсы шабатынын білгендей жалма-жан жан ұшырып, қостан атып шығып «қараңғыда көзім жоқ...» деген балаша айнала дөңгеленіп, айғайды салып, ағашын сермей берді...
Анда-санда арс-ұрс еткен дауыс шығады. Қасқырға тиді ме, қосқа тиді ме, әйтеуір ағашы кейде бірдемеге тигендей қолы сүйсініп қалады. Қасқыр одан жаман өршеленеді. Ақбілек жан ұшыра сермейді. Қасқыр қамалайды. Ақбілек сабалайды, қасқыр абалайды. Ақбілек «аллалайды», қасқыр долданады, Ақбілек дөңгелейді... Қасқыр күркілдейді... Ақбілек шырылдайды, қаскыр қырқырайды, Ақбілек шырқырайды... Сөйтіп,. Ақбілек көп қасқырмен көп соғысты...
Ақбілек әбден алқынды, аласұрды, жұлқынды, әлі құруға таянды. «Енді жығылдым ғой, енді талайды ғой, енді ауызды салды ғой, енді жеді ғой...» деген кезде, Ақбілектің аяғы астынан бірдеңе жылт ете түсті. Қасқырлар жалт берді.


34-тапсырма. М.Әуезов шығармасынан алынған үзіндінің дыбыстық ұйымдасу ерекшелігіне талдау жасаңыз .
1. Кейде одан өтіп, өзектегі қалтырап жаурап тұрған жас тоғайға келіп, жерге шейін басын игізіп, тәжім еткізіп, арасынан суылдап бұраң қағып, ойнап өтеді.
Кей-кейде бұның бәрін тастап, ұрысайға тығылып отырған кішкене қораның үстіне келіп, ақ түтек болып ұйтқып, ойнағын салып, жер жүзінен жоғалтпақшы болады. Суық болып үскіріп, боран болып аласұрып, әлсіз адамға қыр көрсеткендей қаһарланады. Кішкене терезеден көрініп тұрған әлсіз жарық тыстағы дауылдың лебінен қалтырағандай, суықтан бұғып бәсеңдегендей, жарығы да дірілдеп, ала-көлеңке болып әлсірейді. Тынымсыз соққан боран ұйытқып, ұйлыққан қар терезенің төменгі көздерін басып, жоғары таман өсіп келеді.
2. Қалың қарды жамылған ақ дала. Айналада көз тоқтарлық бұдыр жоқ. Ақ кебінге оранған дүние ұзақ ұйқыға басқандай, өлім тыныштығындай зор тыныштық басында бағып ұйықтатып тұрғанға ұқсайды. Тіршіліктің бір белгісі білінбейді. Көзге түсетін жан иесі жоқ. Жер жүзін тылсым буғандай; ызғарлы қар, суық аяз тас қылып қатырғандай.
Дала жайылған кебінге ұқсайды. Алыстағы биік жота жымырайған пішінмен тіршілікті көмген молаға ұқсайды.
3. Бұларға қазіргі топ шуы не айтып тұрғаны белгілі болды.
Ақ тістері ақсиып, екі езуі көпіршіктеніп, қанталаған қызыл көздермен сүзе қарап, айғайлап тұрған қара бөріктер оң сөз айтып тұрған жоқ. Жабыла түскелі, түтіп талап жібергелі ентелеп қамап, арсылдап тұрған көп жайындай көрінді.
4. Буалдыр күңгірт күздіқ қазіргі күні кірлегендей болып салбырап, кіржиіп тұр. Сұр тонды, сүр түсті жүдеу мерген сұр тас пен түнерген аспанның түсіне боялып, қалың жым-жырттыққа қоса батқандай.

    • Мәтіннің ұйымдасуына оның дыбыстық үйлесімдігі қаншалықты әсер етеді?

    • Мәтіннің әуезді болып құрылуы кез келген мәтінге тән ерекшелік пе?

  • Дыбыстық қайталауларды көркемдік тәсіл ретінде қолданудың қандай түрлері бар?

  • Дыбыстың қайталаулар арқылы жасалатын прозалық және өлең мәтіндеріндегі ассонанс, аллитерация тәсілінің стилистикалық қызметі туралы ойыңызды берілген мысалдар арқылы жинақтаңыз.

  • Мәтін құрамындағы дыбыстардың сөздің әуенділігі мен әуезділігіне, көңіл-күйіне әсері туралы өз ойыңызды білдіріңіз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   106




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет