Үлкен ми сыңарлары, әрекеттері, жас ерекшеліктері.
1. Жүйке жүйесі және оның жіктелуі.Жүйке жүйесі мүшелерін негізінен жүйке ұлпасы құрайды. Жүйке жүйесі организмдегі орналасу орындары (топографиясына) мен құрылысына сәйкес: орталық және шеткі бөлімдер болып екіге бөлінеді.
Жүйке жүйесінің орталық бөліміне ми және жұлын, ал шеткі бөліміне — мидан және жұлыннан организмнің шеткі аумақтарына таралатын мүшелер: жүйке түбіршіктері, жүйкелер, жүйке тораптары, жүйке түйіндері (ганглийлері) және жүйке талшықтарының ұштары жатады.Организмдегі қызметтеріне байланысты жүйке жүйесін үш бөлімге бөледі.
Олар:
сомалық (денелік),
парасимпатикалық (ішкі мүшелік),
симпатикалық (тамырлық).
Жүйке жүйесінің сомалық бөлімі - дене, яғни тірек-қимыл аппараты және тері жабыны мүшедерінің, парасимпатикалық бөлімі — ішкі мүшелер мен бездердің, симпатикалық бөлімі — тамырлар жүйесі мүшелерінің қызметтерін реттейді. Парасимпатикалық және симпатикалық бөлімдерді біріктіріп, жүйке жүйесінің вегетативтік бөлімі деп атайды.
Жұлын - орталық жүйке жүйесіне жатады. Жұлын цилиндр пішінді омыртқа жотасының өзегінде орналасқан, ұзындығы 42-45 см, салмағы 34-38 г. Жоғарғы шеті сопақша мимен жалғасады, төменгі шеті екінші арқа омыртқаға дейін созылын жатады. Жұлынның алдыңғы және артқы жағында ұзынынан созылған тік жүлгелері болады. Ол жұлынды оң және сол жақ жартыға бөліп тұрады. Жұлынның дәл ортасында іші жұлын сұйықтығына толы жұлын өзегі бар. Өзектің айналасында пішіні көбелекке ұқсаған жұлынның сұр заты (нейронның денесі мен қысқа өсінділерінің жиынтығы) бар. Сұр заттың сыртын ақ заты (нейронның ұзын өсіндісінің жиынтығы) қоршап жатады. Сонымен жұлын құрылысында ақ заты сыртында, сұр заты ішкі жағында орналасады.
Жұлынның сұр затының алдыңғы, артқы бүйірінде екіден түбірлері (өсінді) болады. Алдыңғы түбір козғалтқыш жүйке талшықтарынан, артқы түбір сезгіш жүйке талшықтарынан түзіледі. Әр омыртқаның бүйір тұсынан жұлыннан екі жаққа 31 жұп жұлын жүйкелері таралады. Әрбір жұлын жүйкелері алдыңғы және артқы түбірлердің қосылуынан пайда болады. Түбірлер омыртқааралық тесіктерден шығып, бірімен-бірі қосылып аралас жұлын жүйкелерін түзеді. Аралас жүйке дейтін себебі: жүйке талшықтарының бір тобы қозуды орталық жүйке жүйесіне, екіншісі одан қозуды шеткі мүшелерге өткізеді. Жұлыннан тарайтын жүйкелердің құрамында әрі сезгіш, әрі қозғалтқыш жүйке талшықтары болады. Жұлын жүйкелері қолдың, тұлғаның және аяқтың қаңқа бұлшықеттеріне таралады. Орталық жүйке жүйесіне өтетін қозу жұлынның тек артқы түбірі арқылы өтеді. Ал одан келетін козу жұлынның тек алдыңғы түбірі арқылы жүреді. Егер екі түбірден шыққан жүйке талшықтарының бірімен-бірі қосылған жері жарақаттанса (кесілсе), жүйкелердің сезгіштігі де, қозғалтқыштық әрекеті де жойылады.
Жұлын екі түрлі қызмет атқарады: рефлекстік және өткізгіштік. Рефлекстік қызметі: жұлынның әр жерінде жүйке орталығы бар. Жүйке орталығы деп жұлынның түрлі бөлімінде орналасқан қандай да болмасын мүшенің жұмысын реттейтін жүйке жасушаларының жиынтығын айтады. Мысалы, тізе рефлексі орталығы жұлынның бел бөлімінде; зәр шығару орталығы сегізкөз бөлімінде; көз қарашығын үлкейтетін орталық арқа бөлімінде және т. б. орналасқан. Жұлынның жүйке орталықтары рецепторлар және мүшелермен тығыз байланысты. Қозғалтқыш нейрондары - дене, аяқ-қол бұлшықеттері, тыныс алу еттерінің жиырылуына әсер етеді. Жұлынның қатысуымен қозғалу рефлексі жүзеге асады. Жүрек, тыныс алу, ішкі мүшелер жұмысында өзгерістер болады.
Өткізгіштік қызметі орталыққа тебетін (өрлеу, қозуды миға жеткізу) және орталықтан тебетін (қозуды мидан жұлын арқылы мүшелерге жеткізу) өткізгіш жолдардан тұрады. Орталыққа тебетін өткізгіш жолдармен қозу миға беріледі. Орталықтан тебетін өткізгіш жолдар арқылы қозу мидан жұлынның төменгі бөлімдеріне, одан мүшелерге өтеді. Жұлынның қызметі тікелей мидың бақылауында болады.
Жұлынның да, мидың да сыртын үш түрлі қабықша қаптап жатады. Сыртқысы - қатты, ортаңғысы - торлы, ішкісі - жұмсақ қабық-шалар деп аталады. Ми мен жұлын жұмсақ қабығының қабынуынан көбіне сәбилер немесе жас балалар менингит - делбе деп аталатын жұқпалы ауруға шалдығуы мүмкін. Аурудың жалпы белгілері: бас ауырады, құсады, есінен айырылады және т. б.