Студенттік өмірде менің жеткен жетістіктерім
С туденттік өмір - бұл әрине қайталанбас шақ. Үлкен өмірдің алғашқы баспалдағы десек те болады. Оқуға түсесің, оқуға түскеннен кейін жаңа адамдар, жаңа достар, жаңа орта табасың. Әр қаладан ат терлетіп білім нәрімен сусындауға келген, өзіңмен бірге 4-жыл оқитын группаластарыңмен танысасың. Қолыңдағы барыңды жеткізуді, үнемдеуді, жоқтан бар дүние жасауды үйренесің. Бала кезімде көп нәрсені армандаушы едім, бірақ сол арманның шындыққа айналатынын ойламаппын. Адам мейлінше арманы асқақтап тұрғанда өз қиялына ерік бере білуі керек екен. Менің бірден бір мақтануға тұрарлықтай жетістігім Ахметтей атамның кіндік тамған жерінде туылып, Ыбырай ата атындағы институтта оқып жатқаным. Абай атамыздың бір қара сөзінде айтқанын сөзге тие кетсем. «Бұл өмірге келгенде адам баласы бірі ішсем, жесем, ұйықтасам екен деп келсе, екіншісі білсем, үйренсем деп келеді». Осы ішсем, жесем, ұйқтасам деген адам өз басының, қамын жеуден басқасын ойламайтын, бір сөзбен айтқанда бейқам, өзімшіл оларға қоғамның не болып жатқаны маңызды емес тек өз қара бастарының қамы ғана алаңдатады. Ал білсем, үйренсем деген адам білімділікке құмарланып, білмеген нәрсесін білуге ұмтылып, өз білгенің өзгемен бөлісіп, еліме қандай пайда келтірсем екен деген сұрақпен өмір сүріп, пайдалы іспен айналысады. Біз - жас ұрпақ елімізге пайдасын тигізер мамандықты игеріп, болашақта еліміздің өркендеп өсуіне үлкен үлесімізді қоссақ қандай керемет?! Жетістік ол әрине оңай олжа емес. Өмірдегі ең үлкен жетістік- қоғамға пайдалы іс тындыру.
Менің студенттік өмірімнің алғашқы кезеңі 2020 жылдан басталды. Қазіргі таңда Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Математика» білім бағдарламасының 3-курс студентімін. Оқу кезінде оқу ордамыздың белсенді студенттерінің қатарынан құрылған «Міржақып Дулатов» атындағы бірлестік басшыларының ұйымдастырылуымен өткізілген конкурсқа қатысып, одан өтіп «Жұлдыз-ән» үйірмесінің белді бір мүшесі болып қабылдандым. Бірлестікте жүріп біздің басшымыз Айбек Қалиев ағайдың қолынан алғыс хат алдым. Оның өзін үлкен жетістік ретінде санаймын. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер», «Қазақстанның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралдық географиясы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Ауыл ел бесігі» атты тақырыптары бойынша Республикалық студенттік (шығармалар) конкурсына белсене қатысып «Киелі Торғай мекені» атты еңбегіммен ІІІ-ші дәрежелі дипломға және Рахман Алшанұлы Алшановтың «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» атты кітабы бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенттері арасында өткен эссе байқауында ІІІ-ші орын алғаным үшін ақшалай сыйақы мен алғыс хатқа - ғылыми жетекшім аға оқытушы магистр Узакова Боранкуль Зиядиновнаның қолдауымен осы аталған марапаттарға ие болдым.
Біздің білім ордамыз бір ғана бағытта жұмыс жасамайды. Олар келген әрбір жас буынын білім жағынан болсын, ғылым жағынан болсын, өнер жағынан болсын, шығармашылық жағынан болсын, спорт жағынанда болсын жан-жақты дамытушылар. Бұған қоса мен «Біз таланттыларды іздеймін байқауына қатысып, ең жақсы өнер көрсеткенім үшін көрермен көзайымы номинациясымен және де Арқалық қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі 1-мамыр-Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне ұйымдастырылған жеңіл атлетикадан қалалық кросста, 2-шақырым қашықтықта жүгіріп ІІІ-ші орынды иелендім ақшалай сыйақыны қанжығама еншіледім. Жазғы демалыс кезінде де бос жатпай ауданда болған жастар спартакиядасына өз ауылымның атынан намысты қорғап, қыздар арасында болған еркін күреске қатысып ІІ-орын алып, Қостанай облысына жолдама ұтып алдым. Одан кейін Институтта студенттер арасында өткен Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына арналған «Алаш қозғалысы және Ахмет Байтұрсынұлы» атты эссе жазу байқауында белсене қатысып, өзіндік ой-өрнегімен өз ойын ашық жеткізе білгенім үшін ІІ-ші дәрежелі дипломмен марапатталдым. Бұл кісіге арнап эссе жазғанымның өзі мен үшін үлкен мәртебе, үлкен жетістік болды. Бұл кісі менің алға сүйрер мотиваторым әр кез осы кісіні еске алсам сондай шыншылдығы, шыдамдылығы, парасаттылығы бойыма бір құдды ерекше күш беретіндей. Сонымен қатар ғылыми жетекшім Узакова Боранкуль Зиядиновнамен бірге халықаралық, республикалың ғылыми конференцияларға қатысып, мақалалар жаздым
Міне менің студенттік өмірімде жеткен жетістіктерім осындай. Білімді жинау-жеткіліксіз, оны іс жүзінде пайдалану керек. Армандау - жеткіліксіз, әрекет ету керек! Сонда ғана бір нақты жетістіктің шыңына шыға аласыз!
Достарыңызбен бөлісу: |