Сулейманова Меруерт КЯЛ 20-3 Лингвистикалық мектептер. Қазіргі заман тіл білімі жас грамматистерге қарсы күресте туып қалыптасты. IX ғасырдың соңғ он жылы мен XX ғасырдың бас кезінен бастап Батыс Еуропа тіл білімінде жас грамматистік бағыт қатты сынға алынды, зерттеудің жана әдісі, бұрынғыдан өзгеше амал-тәсілдері іздестіріледі. Әр елде, әр жерде жас грамматизмге Қарсы лингвистикалық мектептер пайда болды. Олардың қатарына "Сөздер мен заттар", "Эстетизм" "Социологизм" деп аталатын мектептерді жатқызуға болады. Жас грамматизм бағытын сынауда бұлардың өкілдері бірауызды болғандығымен, тілдің өзіндік сипатын, мәнін айқындауға келгенде әр-қайсысының өзіндік көзқарастары, ұстаған жолдары болды. Енді соған келейік. Сөздер мен заттар. Бұл - тіл білімі тарихында жас грамматикалық бағыттан біржола және үзілді-кесілді бас тарту ұранын тұнғыш көтерген мектеп. Оның өкілдері 1909 жылдан бастап Рудольф Мерингердің (1859-1931) басқаруымен шыға бастаған (Австрияда) "Сөздер мен заттар" деп аталатын журнал төңірегінде топтасқандықтан, соның атымен аталған (Журнал XX ғасырдың 40 жылдарына дейін шығып тұрды). Бұл мектептің ең көрнекті өкілі - роман тілдері мен жалпы тiл білімінің маманы Австрия тіл ғалымы Гюго Шухардт(1842-1927). Г. Шухардт тек роман тілдерін ғана емес, басқа да көптеген тілдерді зерттеген, жан-жақты, терең білімді адам болған. Ол тіл білімінде бірталай тың да қиын мәселелерді көтеріп, өз көзқарасын білдіріп отырған. Бұл мектептің өкілдері зат пен оның атауы арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Г.Шухардт "Заттар мен сездер" деген еңбегінде: сөз затты білдіреді, зат - алғашқы, ол ешнәрсеге тәуелсіз, өзі үшін өмір сүреді, ал сөз затқа қарағанда соңғы, кейінгі, ол - затқа тәуелді, оның өмірі затқа байланысты, зат жоқ болса, оған қойылатын атау да жоқ, тілдегі әр сөздің өзіндік тарихы бар, оны тек лингвистикалық талдау "арқылы ғана емес, заттар тарихы арқылы да зерттеуге болады, заттар тарихы мен сөздер тарихы арасында толық параллелизм де, сондай-ақ күрделі және нәзік қарым-қатынастар да бар, тіл білімінің міндеті - соны ашу дейді. Осы талаптарға орай бұл ағым ғалымдары (Т.Шухардт, Р.Мерингер, В.Мейер-Любке, т.б.) сөздер тарихын сол сөздер атау болған заттар тарихына байланыстыра отырып, ұқыптылықпен, көп жағдайда өте шебер зерттелген. Әрине, сөздер тарихын сол сөз атау болған заттар тарихына байланыстыра қараудың тарихи лексикологияға берері көп, бірақ тіл білімі үшін әр сөз атау болған заттар тарихын зерттеу - әрдайым қажет бола бермейді. Олай істеу, көп жағдайда, тіл ғалымдарын негізгі объектіден бөліп, тіл білімі үшін қажеті жоқ нәрселермен айналыстырады.
Бұл мектеп өкілдері әсіресе Г.Шухардт типтік элементтер (сөздер) мағыналарынынң өзгеруіне, дамуына ерекше мән береді. Бұлардың семантиканың мәні жөніндегі пікірлері бұл мәселенің кейінгі дәуірде дамуына елеулі әсерін тигізді. Г.Шухардт тілдерді туыстық жақындықтарына қарай жіктеудің дәлдігіне, ата тіл болды дегенге кумән келтіреді, генеалогиялық классификациялау орнына тілдерді географиялық ыңгайына қарай қарауды ұсынады. Географиялық жағдайына, қоныс ыңғайының өзгерісіне қарай бір тіл екінші бір тілге ауысып отырады дегенді айтады. Осыдан келеді де тілдің дамуы, ондағы болатын өзгеріс-құбылыс тілдердің араласуынан, тоғысуынан болып жатады. Дүние жүзіндегі тілдердің барлығы да өзара туыстас, бірак олардың туыстастығы бір төркіннен, ата тілден тарағандықтан емес, араласып, тоғысқандықтан дейді. Бұл, әрине, бір жақты кеткендік.