Неолингвизм (гр. нео - жаңа және лингвистика атауларының бірігуінен туған). Неолингвизм де жас грамматизм бағытына қарсы XX ғасырдың бас кезінде қалыптасқан лингвистикалық мектеп. Неолингвистика деген атауды бұл мектеп өкілдері өздерін жас грамматизм бағытынан мейлінше бөлек лингвист етіп көрсету үшін қолданған. Бұл мектеп Италияда қалыптасты. Оның негізін салушылар Маттео Джулио Бартоли (1873-1946), Джулиано Боифанте, (1904), В. Пизан (1899 ) т. б.. Неолингвистер жас грамматистерді сынаған, өз принциптерін баяндаған көптеген еңбектер жазды. Сондай енбектердің бірі - 1925 жылы М.Д.Бартоли жазған "Неолингвистиканың қосымша очеркі" атты кітап. Онда лингвистикалық жаңа мектептің істері мен принциптері қысқаша баяндалады. Неолингвизм бір-біріне үйлесе қоймайтын әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың - В.Гумбольдттың, Г.Шухардттын, К.Фосслердін, кейбір мәселеде Г.Паульдін принциптеріне сүйенеді. Сондықтан бұл мектеп кейде эклектикалық неолингвизм деп те аталады. Неолингвизм өкілдері В.Гумбольдт пен К.Фосслер сияқты тілді рухани әрекет, көркем туынды, эстетикалық көрсеткіштердің жиынтығы дейді. Г. Шухардт сияқты бұлар да тілдер тоғысуына ерекше мән береді. Е.Пауль сияқты бұлар да индивидумның сөйлеу әрекетін зерттеуге ерекше көңіл бөледі.
Неолингвизмнің тілдердің географиялық орнына шешуші мән беретіндіктеріне қарап кейде оны ареалдық лингвистика деп те айтады. Ареалдық линвистика немесе лингвистикалық география - тілдік кгбылыстардың тараған аймағын, шекарасын зерттейтін ғылым. Неолингвизм өкілдерінің бір табысы - лингвистикалық география ілімінің принциптерін айқындап, жетілдіріп, оны тіл біліміне ендіріп таратты. Жас грамматистер тілді бір ғана диахронды тұрғыда зерттесе, неолингвистер оны синхрондық тұргыда да зерттейді.