Т. Е. Тұмашбай «Әлеуметтану және саясаттану» пәні б ойынша дәрістер жинағы Шымкент 2021ж


Мемлекет қоғамның саяси жүйесінің өзегі ретінде



бет57/89
Дата31.12.2021
өлшемі434,02 Kb.
#22040
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   89
1.Мемлекет қоғамның саяси жүйесінің өзегі ретінде.

Мемлекет - адамдардың, қоғамдық топтардың, таптардың, және қауымдастықтардың бірлескен қызметі мен қатынастарын ұйымдастыратын, бағыттайтын әрі бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты. Мемлекет қоғамдағы биліктің орталық институты ретінде көрінеді, ол осы билігімен саясатты жүзеге асырады.

Саясат ғылымында мемлекет оны түсінудің үш көзқарасының арақатынасы арқылы қарастырылады:

а) саяси-философиялық көзқарас. Мемлекет "жалпы істерді" шешудің және билік пен қоғамның қатынастарын реттеу құралы, сондай-ақ халық пен адамның өзінің саяси өмірін қамтамасыз ету құралы ретінде түсіндіріледі;

б) таптық көзқарас. Мемлекет дегеніміз қоғамды тапқа бөлудің нәтижесі маркстік көзқарас). Классикалық (В.Ленин бойынша) анықтама мемлекетті бір таптың екінші тапты езуге арналған машинасы, басқа да бағынышты таптарды бір тапқа бой ұсындырып ұстау машинасы" ретінде түсіндірледі;

в) құқықтық және ұйымдық-құрылымдық көзқарас - "заңды мемлекет", құқық пен заңның қайнар көзі, қоғам өмірі мен мемлекеттің өзінің, оның құрылымының саяси және қоғамдық қатынастары жүйесіндегі қызметін ұйымдастыратын мемлекет.

Мемлекеттің мәнін анықтау кезінде ең алдымен мемлекеттің белгілерін қарастыру керек. Мемлекеттің белгілеріне мыналар жатады:

а) қоғамнан бөлшектелген және басқару мен мәжбүрлеу мекемелерінде пайда табатын (шенеуніктер, армия, полиция және т.т.) жария биліктің болуы;

б) мемлекеттік саясатты материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті салықтар, алымдар, займдар жүйесі, экономикалық, әлеуметтік, мәдени қайта құруларды жүргізу, мемлекеттік аппаратты ұстау;

в) аумағы. Мемлекет өзінің билігімен және қорғанысымен оның аумағында тұратын бүкіл халықты біріктіреді;

г) егемендік - өзінің аумағындағы үстемдік және халықарарлық қатынастадағы тәуелсіздік;

д) құқық. Құқық заң жүзінде мемлекеттік билікті ресімдейді, сөйтіп оған жариялылық сипат береді, мемлекет қызметтерін жүзеге асырудың заңдық ауқымдары мен нысандарын белгілейді;

е) күштерді жария қолдануға, күштеп мәжбүрлеу монополиясы (азаматтардың аса құндылығы болып табылатын өмірін қою, бостандығынан айыру мүмкіндігі).

Мемлекеттің мәні іргелі проблемаларды — мемлекеттің, саяси жүйе мен қоғамның арақатынасын жинақтап шешу болып табылады.

Бір шешімі — мемлекет пен қоғам біртұтас болады және мемлекет қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығын қамтиды. Бұл жағдайда мемлекет біртұтас, яғни ол қоғамды біріктіріп, бірізге салған кезде біртектес болады. Осы орайда "Ресей (американ, француз және басқалары) мемлекеті", яғни билік, ел мен халық, олардың иеліктері, аумақтары, шекаралары деп айтуға болады.

Екінші шешімі — мемлекетті саяси жүйенің орталығы, қоғамға кеңінен тараған және оған ерекше әлеуметтік институт жататын, бірақ қоғамды өшіре аламайтын билік институты деп тану. Қоғам өзінің дамуында мемлекеттен біршама еркін болады.

Белгілі бір шешімді қазіргі заманда түсіндіру мемлекетті қоғамның саяси жүйесінің аса маңызды институты деген пайымға саяды. Мемлекеттің маңыздылығы оған әлеуметтік процестерге тиімді түрде ықпал етуге мүмкіндік беретін билік пен ресурстарды оның қолына барынша шоғырландырумен белгіленеді.

Мемлекеттің қызметі: ұйымдық (басқарушылық), үстемдік және басып-жаншу, құқықтық жүйені құру қызметі.

Ұйымдық, басқарушылық қызметтің мәні қоғамның тіршілік қызметін сақтауда, "ортақ игілікке, бірлікке, қол жеткізуде, тәртіп орнатуда, мемлекеттің және халықтың, ұлттың, этностың өзара қатынастарын реттеуде болып табылады.

Үстемдік пен басып-жаншудың ерекше қызметі күрес пен жуасыту құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге таптар мен мемлекеттер, сондай-ақ таптар арасындағы қатынастардағы жан-жалдардың көзі ретінде де көрінеді.

"Заңды мемлекеттің" ерекше қызметі жасалған нормалар мен заңдардың негізінде қоғамдық қатынастардың бүкіл саналуандығы ауқымында мемлекеттік аппараттың, мемлекет пен қоғамның жұмысын реттеу ретінде қолданылады.

Кейбір әдебиеттерде принципінде жоғарыда аталған қызметтерді бейнелейтін мемлекеттің қызметтеріне неғұрлым нақты сипаттама беріледі.

1) Қызметтер сыртқы және ішкі қызметтерге бөлінеді. Мемлекеттің ішкі қызметтеріне мыналар жатады:

а) экономикалық — салық және несие саясатының, экономикалық өсуді көтермелеу немесе жазалау шараларын жүзеге асыру көмегімен экономикалық процестерді ұйымдастыруды, үйлестіру мен реттеуді білдіреді;

б) әлеуметтік — адамдардың жұмысу тұрғын үй, денсаулығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктер беру сақтандыру және т.т. жөніндегі қажеттерін қанағаттандыруды білдіреді;

в) құқықтық — құқық тәртібін қамтамасыз етуге, құқықтық нормаларды орнықтыруға бағытгалған, олар азаматтардың қоғамдық қатынастары мен мінез-құлқын реттейді;

г) мәдени-тәрбие — халықтың мәдени қажеттерін қанағаттандыру үшін жағдайлар туғызуға бағытталған;

д) саяси — саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді, билік өкілеттіктерін жүзеге асыруды, саяси бағытты талдап жасауды білдіреді;

е) экологиялық ішкі қызмет — табиғатты ұтымды пайдаланудың құқықтық режимін белгілеуді, өмір сүру ортасын қалыпты, салауатты қамтамасыз етуді білдіреді.

Сыртқы қызметтер ең алдымен басқа мемлекеттермен экономикалық әлеуметтік, технологиялық, ақпараттық мәдени, сауда салаларында өзара тиімді ынтымақтастық принциптеріне бағынады. Әсіресе қорғаныс және сыртқы жаулардан қорғау қызметі ерекше болады.

Сөйтіп мемлекетті саяси институт ретінде зерттеу саяси жүйедегі мемлекеттің белгілі бір рөлді атқаратынын көрсетеді, өйткені саяси жүйенің өзінің тиімділігі біршама дәрежеде соған байланысты болады. Сондықтан мемлекеттің нақ осы әлеуметтік-саяси болмысы, мемлекеттің органдардың құрылымы мен қызметтеріндегі саяси жүйенің айрықша ерекшеліктерін неғұрлым толық жүзеге асыру мемлекетті саяси жүйенің басым элементіне айналдырады.

Мемлекеттердің жіктелуі

Әдебиетте мемлекеттер жіктелуінің жалпы принциптері ажыратылады. Дәстүрлі түрде оларға үш негізгі принцип жатады:

а) таптық қарсыласу принципі. Мемлекеттердің — құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік дербес түрлері ретінде;

б) саяси өмірде демократизм мен либерализмнің дамуы принципі; Осы айқындамалар тұрғысынан мемлекеттер: авторитарлық, тоталитарлық, демократиялық мемлекеттерге бөлінеді;

в) мемлекеттің нормативтік, құқықтық негіздерінің дамуы принципі. Мемлекет осы көзқарас тұрғысынан құқықтық мәдениеті дамуының дәрежесіне қарай: құқықтық мемлекет, әлеуметтік мемлекет, әскери-полициялық мемлекет болып бөлінеді.

Басқару нысанына негізделген мемлекеттерді жіктеу мынадай мемлекеттерге: монархия (абсолютті, конституциялық); республика (президенттік, парламенттік) болып бөлінеді.

Монархияда биліктің ресми көзі бір (жеке) тұлға болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің қызметін, сайлаушыларына және биліктің өкілдік органдарына қарамастан, мұрагерлік бойынша алады. Осы заманғы әлемде басқарудың монархиялық нысанының бірнеше түрлері бар. Мәселен, абсолютті монархия (Сауд Арабиясы, Катар, Оман) - мемлекет басшысының шексіз билігі. Осы нысанмен бірге, конституциялық монархия (Ұлыбритания, Швеция, Дания, Испания) бар - мұнда монархтың окілеттігі конституциямен шектелген.

Республика — басқарудың екінші негізгі нысаны. Әлемде республиканың үш негізгі түрі: парламенттік, президенттік және аралас түрі бар.

Парламенттік республиканың басты өзгешелік белгісі үкіметті парламенттік негізде құруы (әдетте парламенттік көпшілікпен) және оның парламент алдындағы ресми жауапкершілігі болып табылады. Ол үкіметке қатысты бірқатар міндеттерді жүзеге асырады: оны құрып, оған қолдау жасайды; заңдар шығарады; мемлекеттік бюджетті дауысқа салады (бекітеді); үкіметке бақылау жасауды жүзеге асырады және қажет болған жағдайда оған сенімсіздік білдіре алады және т.т.

Республикалық басқарудың екінші мейлінше кең тараған нысаны президенттік республика болып табылады. Президентті парламентке қарамастан, не таңдаушылар алқасы, не халық сайлайды және сонымен бір мезгілде мемлекет басшысы да, үкімет басшысы да болып табылады. Ол ішкі және сыртқы саясатты басқарады, жоғарғы басқолбасшы болып табылады. Парламент үкіметке сенімсіздік білдіре алмайды, ал президенттің парламентті таратып жіберуге құқығы жоқ.

Республиканың үшінші түрі — аралас республика. Ол Аустрияда, Ирландияда, Португалияда, Польшада, Финляндияда, Францияда бар. Басқарудың бұл нысаны жағдайында күшті президент билігі парламенттің үкімет қызметіне тиімді бақылау жасауынаұштасады. Оның басты сипатты белгісі — үкіметтің екі ұдай: президент алдындағы және парламент алдындағы жауапкершілігі. Аралас (жартылай президенттік) республиканың классикалық үлгісі Франция болып табылады. Онда президент пен парламент бір-біріне тәуелсіз сайланады. Парламент президентті орнынан кетіре алмайды, соңғысы өз кезегінде кезектен тыс парламент сайлауын жариялаудың міндетті шартымен парламентті таратып жіберуге құқылы болады. Президент мемлекет басшысы және жоғарғы басқолбасшы болып табылады, халықаралық аренада елдің өкілі болады, парламенттің шешімін кейінге қалдыруға тыйым салу құқығына ие болады.

Әкімшілік-аумақтық ұйым бойынша мемлекеттерді жіктеу: біртұтас мемлекет, федерация, конфедерация болып бөлінеді.

Біртұтас мемлекет аумағы бірыңғай, бөлінбейтін болады, әкімшілік-аумақтық бөліністерден тұрады, өзінің дербес билік құрылымдары бар, бірақ жеке өзіндік мемлекеттілігіне ие болмайды. Біртұтас мемлекет үшін жергілікті билік органдарының орталық органдарға қатаң түрде бағыныстылығы, күшті орталықпен тіке байланыс жасауы сипатты келеді, оның-бытыраңқылығы ең төменгі деңгейде болады. Барлық мемлекеттік, оның ішінде сот органдары бірыңғай құқықтық нормалар негізінде іс-қимыл жасайды.

Федеративтік мемлекет мемлекеттер мен орталық арасындағы бөлінген шектегі дербес құзыреттері бар, өздерінің заң шығарушылық, атқарушысының және сот органдары, әдеттегісіндей, конституциясы бар мемлекеттердің тұрақты одағы болып табылады.

Федерация ауқымында мемлекеттік: егемендіктің субъектілері ірі аумақтық құрылымдар (штаттар, жерлер, кантондар), сондай-ақ тең құқықты азаматтардан тұратын бүкіл халық болады.

Федеративтік мемлекеттік құрылыс үшін өзінің билік құрылымдары бар жергілікгі аумақтық құрылымдар дербестігінің белгілі бір деңгейі тән болады. Мемлекеттік құрылыстың федералдық принципі едәуір этикалық, тарихи-мәдени, діни, лингвистикалық және басқа да ерекшеліктері бар қауымдардың, еркін бірігуі мен тең құқықтық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі тиіс.

Конфедеративтік мемлекет үшін жергілікті мемлекеттік-аумақтық құрылымдар мен олардың билік органдары еркіндігінің жоғары деңгейі тән болады. Конфедерация мүшелері мемлекеттік егемендігін толық сақтайды және одақтың қүзыретіне ең алдымен қорғанысқа, сыртқы саясатқа, ақша жүйесі саласына қатысты мәселелердің шектеулі санын ғана береді. Ғалымдардың пікірі бойынша, мемлекеттік құрылыстың бұл нысаны тиянақты емес және әдетте не федерацияға тарап кетеді, не ыдырап кетеді.

Қазіргі кезде бұрынғы КСРО аумағында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) — өзінің қызметін әралуан салаларда үйлестіретін егемен мемлекеттер одағы құрылды. Бұл жаңа құрылымның қаншалықты тұрақты әрі тиімді болатынын уақыт көрсете жатар. Мұңдай одақтардың (Еуропа Кеңесі) тарихи тәжірибесі ұзақ мерзімдік бірігу мен жақындасу, экономикалық ықпалдасу және әлеуметтік-саяси саладағы тиісті өзгерістер, атап айтқанда, федеративтік принциптерді біртіндеп іске асыру негізінде мүмкін екенін дәлелдеп отыр.

Мемлекеттердің даму үрдісі. Мемлекеттер дамуының осы заманғы үлгісі белгілі бір үрдістерге бағынады, мұның өзі қазіргі заманның ғаламдық проблемасының көрінісі болып табылады. Ең алдымен, кейбір саясаттанушылардың пікірі бойынша, осы заманғы демократиялық мемлекеттер экологиялық кезеңге аяқ басып отыр. Ол үшін бірінші кезекке экологиялық қауіпсіздікті және жеке адамның өмір сүру құқықтарын қамтамасыз ету, бүкіл адамзаттың тірлігі проблемаларын алға қою сипатты болады. Жаңа жағдайда мемлекет азаматтық қоғаммен одақтаса отырып, ядролық және экологиялық апаттың алдын алуға, аштықтан, індеттен зардап шеккен дүниежүзілік аймақтарға материалдық-экономикалық, қаржы, мәдени көмекпен және т.т. қамтамасыз етуге тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   89




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет