Кейс: ХХ мектебіндегі бір оқушының Кент деген лақап аты болатын, ол үнемі соңғы партада отыратын, сабақта қарқылдап орынсыз күліп отыратын, оның барлық оқулықтары мен дәптерлері ұқыпсыз, шеттері жырым-жырым жыртылып жүретін. Ол үнемі «екілік» алатын. Бір сөзбен айтқанда, ол нағыз нашар оқитын оқушы болатын. Ол бала өзінің екілікке оқитын оқушы мәртебесіне жайбарақат қарайтын, дегенмен кейде биология сабақтарында жақсы көзге түсіп қалатын…
Бірнеше жыл өткенде осы бала сәндік өсімдіктер туралы айрықша кандидаттық диссертация қорғады, ал қазір ландшафттық дизайн саласындағы перспективалық жобалармен айналысатын танымал маман болып табылады.
Ол кезде осылай болатынын кім білген? Жалпы бұл осындай жалғыз мысал емес …
Психологияда «тәж әсері» («эффект ореола») деген түсінік бар. Бұл адам туралы алғашқы әсер немесе қалыптасқан пікір оның мінез-құлқын басқалардың қалай қабылдайтынын айқындайды дегенді білдіреді. Мысалы, егер оқушының «жағымды әсері» қалыптасқан болса, оқушы белгілі бір сәтсіздікке ұшыраған кезде, мұғалім мұның уақытша әлсіздік екеніне, оның қолынан бәрі келетініне сенеді. Егер оқушы «жағымсыз әсер» қалыптастырып «үлгерсе», оның әрбір қателігі дарынсыздығының дәлелі ретінде қабылданады.
Мысалы, мұғалімдердің балаларына көп жағдайда түсіністікпен қарау қалыптасқан, өйткені ата-анасы оларды қолға алып, білімін нығайтатынына сенімді болады. Аса табысты емес ата-аналардың балалары екі жақты қиындыққа ұшырайды: оларға ата-анасының уақыты жоқ және көңіл бөлмейді, ал мұғалімдер оларға селқос қарап, мұндай «ыңғайсыз» балаларға өз уақытын зая кетіргісі келмейді.
Пигмалион әсері.Роберт Розенталь (Robert Rosenthal) ертеректе (1970 жылдардан кейін адамдарға мұндай үзілді-кесілді тәжірибелер өткізілмейтін болды) мұғалімдердің күтетін үмітіне қатысты эксперимент жүргізген болатын. Жаңа сыныпта жұмыс істеуді бастаған мұғалімдерге белгілі бір оқушыларды «зердесі өте жоғары дамыған» (басқаша айтқанда, келешектегі данышпан) деп таныстыратын. Ал шын мәнінде бұл зерттеушілер кездейсоқ таңдап алған сынып оқушыларының 20%-ы ғана болатын, олардың IQ дәрежесі мен бағалары орташа көрсеткіштен ешқандай ерекшеленбейтін.
Мұғалімдер бұл балалардың дарынды оқушы екеніне сенімді болып, оларға сәйкес қарым-қатынас ұстанады. Бір жылдан кейін кездейсоқ туындаған көрегендік қасиеттердің немесе пигмалион әсері көріне бастайды: бұл балалар шынымен де орташа деңгейден жоғарылай бастаған. Сонымен қатар бұған дейін жоғары нәтижелер көрсеткен, бірақ аса дарынды балалар тобына жатқызылмаған оқушылардың нәтижелері біршама төмендеген.
Зерттеушілер балаларға артылған жоғары үміт олардың нақты жетістіктерін (әсіресе бастауыш сынып оқушысы кезінде) айқындайтынын дәлелдеп берді. Көп жағдайда нашар оқитын «әлсіз» оқушыларға қолдарынан ештеңе келмейді деген желеумен ешқандай көңіл бөлінбейді және оларды елемеуге тырысады. Көп жағдайда бұл баланың танымдық қабілеттерімен байланысты емес, үлгерімнің төмен болуы көбіне әлеуметтік фактор болып табылады. Бірақ уақыт өте келе бала үшін «әлсіз оқушы» деген атақтан құтылу мүмкін емес болады да, оқушы мұндай атқа үйреніп кетеді.
Білім отбасылық жағдайлары нашар балалар үшін әлеуметтік баспалдаққа, яғни жақсы мүмкіндікке айналуы мүмкін. Мұны табысты жүзеге асыру үшін, балаларға «әлсіз»/ «жақсы» деген сипаттамаларды қолданбаған жөн.
Мұғалімдер «әлсіз», «орташа», «мықты» деген терминдерді жиі қолданады.
Мұндай сөздер бақылау жүргізуде маңызды болуы мүмкін, бірақ оларды балаларды таңбалау үшін қолдануға болмайды.
«Әлсіз» оқушылар – бұл қазіргі уақытта белгілі бір себептермен (әлеуметтік, танымдық, физикалық – қандай себеп екені маңызды емес) ұсынылған бағдарламаны меңгеруде қиналатын (нашар оқитын) оқушылар.
Мықты оқушылар — белгілі бір пән бойынша көп нәрсеге қол жеткізуге әлеуетті (және оған құқығы бар) жақсы оқитын оқушылар.
Табысты мектепте мұғалім жеке даму траекторияларын түзіп, әрбір оқушының өзі қол жеткізе алатын ең жоғары жетістікке жетуіне көмектесе алуы керек.
Мұғалімнің әрбір оқушыны табыстылық тәжірибесіне баули білуі аса маңызды. Зерттеулер көрсеткендей, өзінің мүмкіндігіне сену және өзін-өзі дұрыс бағалау баланың білімді меңгерудегі нәтижелерін жоғарылатады.
Жақсы мұғалім сабақта мықты балалармен ғана жұмыс істемей, әрбір баланың өз мүмкіндіктерін ашуына мүмкіндік береді. Мұғалім сабақ барысына барлық балаларды қатыстырып, олар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуі керек.