Проблема. Оқушылар саны көп сыныптарда әрбір оқушыға жауап беруге мүмкіндік беру қиынға соғады. Кейде бір оқушылар (әдетте мықты оқушылар) жиі жауап беретін, ал енді бір оқушылар (әдетте нашар оқитын оқушылар) сабақ айтуға сирек шақырылатын жағдайлар болады.
Мұндайда оқушы өзімен-өзі болып сабаққа ынтасын жоғалтады.
Мысалы, оқушыда бір рет жауап беріп, келесі бірнеше сабақ бойы тыныш отыруға болады деген ой қалыптаса бастайды.
Мұндай жағдайда мұғалім әрбір оқушының білімінде қандай олқылықтар бар екенін біле бермейді, себебі ол тек мықты оқушылармен ғана жұмыс істейді. Осының нәтижесінде «әлсіз» және мықты оқушылардың арасындағы алшақтық арта түсіп, кейін оны еңсеру мүмкін болмайды.
Ықтимал шешімдер Сабақ өткізу кезінде оқушылардың басым бөлігінің (ең дұрысы – барлық оқушылардың) жауап беруіне мүмкіндік берген жөн.
Білім шын мәнінде барлығына қолжетімді болуы үшін, нашар оқитын оқушыларға ерекше көңіл бөлу ұсынылады.
Мұны қалай жүзеге асыруға болады?
Мұғалімнің сынып алдында сөйлейтін уақытын қысқартып, оқушылардың көбірек жауап беруіне мүмкіндік туғызу. Оқушылардың сұрақтарға жауап беруі міндетті түрде ұзақ болуы шарт емес. Жауаптары мүлдем қысқа болса да, ең бастысы – әртүрлі оқушылардың сабаққа қатысып отырғаны жөн. Күрделілік деңгейі әртүрлі қысқа сұрақтарды қолдану – бұл мәселені шешу жолдарының бірі.
Барлық оқушыларды сабаққа тартуға және олардың қатысу белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін әртүрлі сауалнама технологиялары/құралдары бар.
«Салқын шақыру»— сабақ айтуға тек қолын көтеріп отыратын оқушыларды ғана емес, әдетте уақыт жетпей қалатын оқушыларды шақыру стратегиясы. Осы тәсілді қолданған жағдайда мұндай оқушылар сабаққа белсенді қатысуға үнемі дайын отырады*.
Барлығы бірге (хормен) жауап беру— мұғалімнің сұрағына сынып тұтас жауап беруі керек (бірі қалмай, барлығы!). Бұл әдісті қарапайым сұрақтар үшін, үй тапсырмасын тексеру үшін, «иә» немесе «жоқ» деп жауап беруге болатын жабық сұрақтар үшін қолданған орынды. Мұғалім балаларға бірден жауап бермей, бірнеше секунд ойланғаннан кейін жауап беру туралы (сөзбен немесе ым-ишарамен) белгі бере алады. Бұл сабақты жандандырып, жауап беруге оқушылардың барлығын жұмылдырады.