2021 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 миллион 42,1 мың адам, оның ішінде қала халқы - 11 миллион 287,4 мың (59,3 пайыз), ауыл халқы - 7 миллион 754,7 мың адам (40,7 пайыз). 2020 жылдың 1 қыркүйегімен салыстырғанда халық саны 257,1 мың адамға немесе 1,4 пайызға өсті.
Елдің, аймақтың, елді мекеннің халқының саны екі түрлі себептерге байланысты.
Бірінші фактор-туу мен өлудің нәтижесінде ұрпақ ауысуы немесе халықтың табиғи өсімі, ал екіншісі – адамдардың бір жерден екінші жерге қоныс аударуы, оны халықтың механикалық қозғалысы (коші-қон) деп атайды. Туу мен көшіп келу тұрғындар санын көбейтсе, өлу мен көшіп кету, керісінше азайтады.
Дағдарыс - әлеуметтік, экономикалық, табиғи ықпалдардың әсерінен белгілі бір аймақтағы (елдегі, облыстағы, аудандағы) халықтың ұдайы өсуінің тежелуі демографиялық дағдарысқа соғыс, әлеуметтік, экономикалық жағдайлар, мемлекеттің демографиялық саясаты т.б. тікелей әсер етеді.
Қазақ халқы 20 ғасырда бірінші демографиялық дағдарысқа ұшырады. Қазан төңкерісі мен азамат соғысы жылдарында шаруашылықтың күйзеліске, халықтың ашаршылыққа душар болуынан елдегі халықтың 19%-і (яғни 950 мың қазақ) опат болды.
Сонымен қатар, шет елдерге (Қытай, Монғолия, Ауғанстан, Иран, Түркия) 400 мың халық біржола қоныс аударды.
Екінші демографиялық дағдарыс 1931-32 ж басталды. 1932 жылғы ашаршылықтың кесірінен 2 млн 300 мың адам өлді. Осы кезде 900 мың қазақ жан сақтау үшін шет аймаққа көшті. Ал 2 – дүниежүзілік соғыста 600 мыңдай қазақ шығын болды. Сөйтіп үш рет соққан демографиялық дағдарыстың салдарынан Қазақстаннан біржолата көшіп кеткендерді қоса есептегенде, қазақ халқы 4,5 млн адамға кеміген.
Демографтардың топшылауы бойынша, егер мұндай демографиялық дағдарыс болмаса, қазақ халқының саны бұл күнде 25 млн-ға жеткен болар еді.
Халықтың көші-қоны- адамдардың бір ауданнан екінші ауданға тұру үшін қоныс аударуы болып табылады. Бағыты бойынша оны ішкі және сыртқы деп бөлінеді. Сыртқы көші-қон ға эмиграция (елден кету), иммиграция (елге келу) және реэмиграция немесе репатрация (көшіп кеткендердің елге қайта оралуы) жатады.
Елiмiз жыл сайын халықтың көші-қон шығынына ұшырауда, 1991-2000 жылдар аралықында олар 2 миллион адамнан асып түсті.
1994 жылы көшiп кетушiлердiң саны 477,1 мың адамды құрады.
Шетелді бетке алған эмигранттар негізінен, 5 өңірден – Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды өңірлерінен кетіп жатыр.
2019-2020 жылдары Қазақстаннан тұрғылықты тұру үшін шетелге 74,3 мың азаматымыз аттанған. 2021 жылдың 9 айында елімізден өзге елдерге тұрақты тұру үшін тағы 25 мың адам көшкен. Жыл қорытындысында бұл сан 40 мыңға жуықтауы ықтимал. Салыстыру үшін айтсақ, 2013 жылы көшіп кетушілер саны 24,4 мың ғана болған.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, кейінгі жылдары қазақстандық эмигранттардың басым көпшілігі 3 елді таңдауда. Бұлар: Ресей – 64,9 мың адам немесе 87,3%-ы, Германия – 5 мыңнан астам адам және Беларусь – 589 адам. Қалғандары Түркия, Украина, Еуропа елдерін және АҚШ-ты таңдайды.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы