Қуанып қалдық. Әкем келген соң, қора-мүлкімізді де, жерімізді де
өзімізге қайырып берді.
— Онысы тәуір болған екен.
— Тәуір болғаны құрысын! Тәуір болмады. Арада бір жұма өтті
ме, өтпеді ме: бір күні кешке таман қаладан үш кісі сау ете түсті.
Жоғарғы үйге кіргізіп, көрпе салып, қой сойып, шала бүлініп
жатыр... Мұнысы кім деп отырмын.
Қатындар жиылып келе бастады. Біріне-бірі: — күйеуді көрдің бе?
— дейді. Жүрегім су ете түсті.
— Кімнің күйеуі?— дедім.
— Ойбай-ау! Күйеуің келгенің білмей отырсың ба?— деді. Не
дерімді білмедім, көзімнен жасым тыйылмай кетті. Мен жылап
отырғанда, өгей шешем келіп:
— Жылағаны несі?.. Бала емессің. Күйеуге тимей отырушы ма ең?
Дәнеңесі жоқ. Өз теңің: оқыған төре жігіт... Қой жылағанды! —
деді. Оған да болғам жоқ, теріс қарап, домаланып жылай бердім.
Енді қайтейін. Әрі жаспын, әрі күйеуге тием деген ойым бар ма...
Және бір ауыз сөз айтпастан, дәнеңе етпестен, бірақ күнде
күйеуің келді деген соң...
— Ой, аллай-ай, десейші.
Асқа да тұрмай бұлан-талан боп жатыр едім. Қасыма ағатайым
келді. Қамығып, басымды сипап отырып... — Берейік деп беріп
отырғанымыз жоқ...Әкеңнің жаны қала ма деп, уәде қылып едік...
Енді уәдемізді жұта алмай отырмыз... Заман жаман: осындай
қызметтегі бір адамға сүйенбесек, жазым боп кететін көрінеміз:
бізді қашқын деп, кім көрінген сұқтанатын көрінеді...— деп
бірталай ақыл айтты. Ағатайым сөзі кішкене құлағыма кірейін
деді. Әйткенмен аржағым болатын емес, көңілім соқпайды: жоқ
жерден күйеуге тиеді деген не сұмдық!.. Әкемнің шыққанына
қуанып жүрсем, сорлы басым, мені бермек боп босанған екен.
— Ал сонсын?
— Сонсын немене? Тамақтан кейін әл-еркіме қоймай, қол
ұстатамыз деп, мені сүйрелеп жеңгелерім алып барды. Есіктен
кіргізді. Үй алакөлеңке еді. Әйнектің түбінде қап-қара аюдай
бірдеңе отыр. Өзі тіпті үлкен. Аузынан түтіні бұрқырайды...
— Ойпырым-ай!
— Манағы манағы ма, зәре одан жаман кетті. Мынау өңкиген
қара аю жеп қоятындай көрдім. Жеңгелерім мені қасына таман
әкеліп: — Өзіңдей бұ да адамның баласы. Балалық қылма... Әлі-ақ
үйреніп кетесің,— деп қасына отырғызды да, шамды алып, шығып
кетті.
Төмен қарап бұғып отырмын. Дір-дір етем. Түтінін бұрқыратып
болды да, әлгі қара аю сырғып келіп, қолымнан ұстады. Денем шым
ете түсті: қолы темірдей тиді. — Не ғып отырсың, бері таман
кел!— деп қолымнан тартты. Жүрегім дүрсілдеп барады.
Бауырына таман тартып алып орыс исі қолқамды атып, тікен
мұртын бетіме қадап, жап-жалпақ аузын жапсырды. Белімнен
қысып, икемдеп әкетіп барады. Ағатайладым, жалындым,
жыладым... керек қылмады. Темірдей қолдарымен бүріп, күйретіп
барады... Не керек.. тамұқ азабын тартқандай, жан терге түсіп,
қиналып, есеңгіреп, тұла бойым дал-дұл болып, көрер таңды
көзіммен атқыздым.
— Сүйтпей қайтушы еді. Сонысын?
— Сонысын ертеңінде ол кетіп қалды. Он шақты күннен соң
ағатайым мен апам екеуі төсек-орныммен арбаға салып, мені
қалаға алып келді. Бір қатын, үш-төрт сымпиған еркек
алдымыздан шығып, үйге кіргізді. Ауыз үйі кішкене, төргі үйі
Достарыңызбен бөлісу: |