«ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН АРАМЗАЛАР Бостандық болғаннан бері жұрттың көзі ашылып, қайда болса да ынтымақ, бірлік табылып, қалың қазақ ішіне береке ұйтқысы орнағандай болып тұр еді. Қазақтан басқа ел қағынып, жүгенсіздік ұлғайып, азаматтарының соңына ерген жұртты арамза қулары азғырып, адастырып тұр еді. Бізден де ұяттан кеткен, ардан безген арамзалар шығып, газет таратқан болып, ел ішіне әрекет шашқалы жүр. «Алаштың» туын ұстаған, асқар белдей ерлерімізді жынданған итке ұқсап, арамзалар қаппақ болып, жынын құсып, уын шашып жүр. Түрі адамға ұқсағанмен пікірі айуан сияқты адамдар. «Үш жүздің» партиясы» деп атақ байланып, ел ұйтқысы болған «Алаш» партиясының адамдарын арам аузымен былғамақ болып жүр. Төрт аяқты қасқырға астыртын у салушы еді, ал оған деген у мынау:
«Үш жүз» партиясы — анық содырлы-сойқанды, жүзі қаралар партиясы. Бұл — жұртқа келген үлкен дерт. Сөзіне құлақ қоймай, өздерінен аулақ болып, сақтану — алаш балаларына борыш. Қазақтың баяғыдан бері аяқ астына басылып, көрген қорлығы, көрген зорлығы мен зомбылығы аз емес. Енді «Үш жүздің» қуларына айтамыз: «елімізді ертпеңіздер, ел қылып ұстау сендердің қолдарыңнан келетін іс емес. Ел де есін біледі; сендердің соңдарыңнан еріп, жарға қамалып жығылмайды. Халықты әуре қылмай, өлген мұжықтың қойнында қалаш табылатын болса, соны іздеп қараңдар!
Біз «Алаш» партиясының соңынан ереміз; анық көшбасшыларымыз сонда.
Семейдің уезный Земствосының мүшелері: Ахметжан Аңдамасұлы, Айтмұхамбет Болатұлы, Дінислам Тәңірбердіұлы, Жамшырбай Шөлембайұлы, Темірші Жүсіпұлы, Сыдық Дүйсенбіұлы, Құрмамбай Мұздыбайұлы, Бәйсеке Есіркепұлы, Майлыбай Есенбайұлы, Иманбазар Қазанқапұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Қалдыбай Буданбайұлы, Көкпай Жанатайұлы.
Және «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 12 ноябрьдегі 25-ші нөміріндегі «Түрік-татар қамқоры» деген мақалада былай дейді.
Газеттен:
«... 14 ноябрьде Омбыдағы «Алаш» партиясының областной комитетінен мынандай телеграмма алдық:
«Алаштың» дұшпандары «Алаш» партиясын халыққа теріс түсіндіріп, өтірік хабар таратып жүр. «Қазақта» Алаш партиясының жобасы басылып шықса екен...»
Мұнан соң 17 ноябрьде Омбыдан мынандай бір телеграмма алдық.
«Белгілі кадет Бөкейханұлы ашқан «Алаш» партиясының программасымен қанағаттанбай қазақтар (?) өз алдына «Үш жүз» атты социалист партиясын ашты. Партияның мақсаты федерацияны жақтау, жаңа түрік-татар қауымдарын біріктіру, учредительное собранияға жеке списке кіргізу. Президиум бастығы Әйтпенұлы. Секретары Көбеков».
Бұл телеграммаларды екі әдіспен, бірін «Қазаққа», бірін «Жаңа уақыт» газетіне жіберіпті.
Ноғайлар ойлайды ғой: «Ә, түрік-татар қауымдарын біріктіретін де қазақтан бір ер туған екен» деп.
Ноғайлар қайдан білсін, ол «ердің» қандай ер екенін. Бір есептен олай ойламас та: Қазан губерниясынан Фатихолла деген бір белгісіз ноғай «түрік-татар қауымдарын біріктіріп жатырмын» деген телеграмма берсе, біздің ішіміз елжірей қояр ма еді?
Әйтпенұлы деп телеграмма беріп отырған кісінің аты — Мұқан. Мұқанды өзге жұрт білмегенімен, Омбы уезі жақсы біледі. Омбы уезінің мақтауымен біз де білетін едік. Түрік-татар қауымдарын біріктірмек үшін «Үш жүз» атты партия аштым деп отырған біз білетін Мұқан екені рас болса, құдая ондай қамқорыңнан «Үш жүздің» баласын сақтай көр дегеннен басқа тілегіміз жоқ.
Бірақ «Үш жүзді» біз қате түсініп отырған шығармыз, бұл басқа «Үш жүз» шығар. Олай болса осындай ақшаның арзандаған кезінде тым болмаса «бір мың» демей, партиясының атын «Үш жүз» қойғаны тағы түсініксіз.
Біз ойлаймыз: Мұқан «большевик» дертіне мүбтәлә болып «социалист» партиясын ашып жүр-ау деп. Болмаса өз пайдасын білмейтін жігіт емес еді, социалист болса былтырғы 25 июньнен бергі «еңбегі көптің ортасына үлеске түсіп кетпей ме?..»