Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту


ТОРҒАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ «АЛАШ» КОМИТЕТІ



бет13/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   53
ТОРҒАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ «АЛАШ» КОМИТЕТІ
Және «Қазақтың» 1917 жылдың 26 қарашасындағы 252-ші нөмірінде: «Үш жүздің» қулары» деген «Мадияр» Дулатұлы жазған мақалада былай дейді:
Газеттен:
«ҮШ ЖҮЗДІҢ» ҚУЛАРЫ
...Омбыда лай судан балық аулайтын Мұқан деген жігіт бар. Бұл жігіт бостандық болғаннан бері жүгенсіз кетіп, ойына келгенін істеп, халыққа зиянын күшейтіп бара жатқан соң, Ақмола облысының қазақ комитеті құр-құрлап тоқтау салады. Ауыздықтап еркіне жібермеді. Сонан кейін бастығы Мұқан, жолдастары «Алашқа» аты шыққан Көлбай, Шаймерден деген бір жынды кеңесіп, областной комитеттің мүшелерін тұтқын қылмақ болып, елу-алпыс кісі ертіп комитетке барып мүшелерін қамап алады.
Комитет председателі Айдарханның үйіне барып, өзі үйінде жоқ екен, қызметкерлерін ұрып, жанжал шығарады. Сөйтіп жатқанда Айдарханның үйінен телефонмен хабар тиіп, милиция және казак-орыс келіп «ұстаудағы» комитет мүшелерін босатады да, батырлардың өздерін жауып тастайды. Дознание болып, істері бұл күнде тергеуде. Бұл күнде батырлар кепілмен бе, залогпен бе, шыққан секілді.
Енді жоғарғы әңгіме жұртқа жария болып кетті, біреуді абақтыға жабамын деп жүріп, өздері жабылып қалды; қарап жүріп, ақмақтықтарынан сотты болды. Областной комитетпен енді ұстаспасын ба?
Земство сайлауы болғалы отыр. Мұқандардың гласный член болғысы қатты келеді... Не қыларын білмей, ауыздығын шайнап тұрған кезде, қала округінің (Ақмола және Семей облыстарының) учредительное собрание сайлауы және онымен бірге списке беретін срогі да кешігеді. «Атын шығару үшін жер өртеуге даяр» қулар қуанады.
Тұра тұр, бәлем, құдай берді, бір сойқанды салайық, — сендер «Алаш» партиясын ашсаңдар, біз «Үш жүз» партиясын ашамыз. Сендер списке кіргізсеңдер, біз де списке кіргіземіз, — деп, табаны күректей тоғыз кісіні тоғытып комиссияға беріп кеп қалады.
Керек болса міне! Міне, списке! Списке кіргізу деген қиын жұмыс емес. Қол қоятын жүз кісі тапқан кісі списке кіргізе береді. Бірақ гәп спискенің санында емес, маңызында және халықтың пәтуасында. Ақмола, Семей екі облыста он уезд ел бар. Бостандық болғалы неше съезд болды. Мұның бәрінде де жұртқа қалаулы, таза қызмет ететін адамдар аталды. 21—26 июльде болған жалпы қазақ съезінде де жұрттың бәйгеге қосып жүрген азаматтары лайықтанды. Сол неше рет халықтың кеңесі лайықтаған адамдарына, екі облыс ел түгел тоқтап, талас шығармай, бір списке кіргізді. Ол спискедегі адамдардың кім екені «Қазақ» газетіне жазылып келеді.
Енді бүгін аяқ астынан «сен солай ет!» деген жұрт жоқ. Жұрттан шыққан төрт-бес қу қосылып, өздерінің ақмақтықтарынан көрмей, Ақмоланың областной комитетінен кек алмақ болып, партия ашады, списке кіргізеді.
Міне, екі списке, жоғарыдан төмен қарай, жарыстыра екеуінің адамдарын салыстыр:
«Алаш» атынан
1. Әлихан. 6. Әлімхан.
2. Айдархан. 7. Қалел.
3. Асылбек. 8. Жақып.
4. Мұқыш. 9. Сейілбек.
5. Ережеп.
«Үш жүз» атынан
1. Қасен қожа. 6. Сұлтанмахмұт.
2. Көлбай. 7. Байсейіт.
3. Шаймерден. 8. Қази.
4. Мұқан. 9. Әлиасқар.
5. Үсен.
Міне, халық таразысының екі табағына екі спискені сап, кандидаттарын жеке-жеке өлше, адамшылығын, ақылын, намысын, қайсысын қалайды, соған тасыңды сал! Көре-біле тұрып адассаң алдыңда талай асу бар. Арманда кеттім деп жүрме!
Мадияр».
Әрине,«Үш жүздің» газеті де «Алаш» көсемдерін сөгуден кенде қалған жоқ. Бірақ «Үш жүз» партиясының адамдарынан, дұшпанын жамандап, сөгуге «Алаштың» шешендері жүз есе шеберліктерін көрсетті. Оған мысал үшін жаңағы сөздерді келтірдік. «Үш жүз» партиясына жазылғандардың дені Омбы қаласынын жатақтары, жәмшіктері, кедейлері еді. Мәселен, іштерінде атақты балуан Қажымұқан да бар еді. Қажымұқан жұмыскер жалшы болатын. Ал «Алаш» партиясына кіргендер барлық үлкен оқығандары, «ақжағалары», Қазақстанның «сыпалары», төрелері, төре болайын деп жүрген жастары, ылғи гимназиядан тәрбие алған «Алаштың» «бөбектері».
Әрине, қандай іске болса да, қандай сөздер болса да жатақтар мен жәмшіктерден оқыған, «сыпалар» шебер болады. «Оқыған сыпалар» боқтауға да шебер, сөгуге де шебер, мақтауға да шебер. Дұшпанына ор қазуға да шебер, орға құлатуға да шебер. Надан жатақтар мен надан оқымаған жәмшіктер неге болса да олақ, неге болса да дөрекілеу келеді. Қажымұқанның жуан білегі болмаса, дауласып, юрист Жаншаны жеңе алар ма!.. «Сабасына қарай піспегі» дейді. Оқыған сыпалардың (Алаштың) көсемдері оқымаған жатақ жемшіктердің көсемдерінен он есе қу болмағанда қайтсін!
«Үш жүздің» шығарған газеті де дөрекі болды. «Сабасына қарай піспегі» деген тәрізді, «Алаш» «көсемдерін» жамандағанда, тек дөрекі тілмен сөге береді. Айқын ережесі болған жоқ.
Дұшпанға қарсы шыққан кейбір былғаныштарының өзін былғайтынын білмеді.
«Үш жүз» партиясы жасаларда, білек қайратын көрсетпек болып, азғана ереуіл жасап алыпты. Болашақ «Үш жүз» бір күні қол күш жұмсапты. Балуан Қажымұқанды алдына салыпты.
1917 жылы 19 қазанда басы Мұқан Әйтпенұлы болып (балуан Қажымұқан да бар), Шаймерден Әлжанұлы, Әбдірахман Қылышбайұлы болып Омбыдағы «Үш жүз» партиясын жасайтын адамдар жиналады.
«Алаш» көсемдерінің қылықтарын тексеріп, кеңеске салады.
«Алаш» көсемдерінің бұқараға зияны болмаса, пайдасының жоқ екенін әбден айқын көрген соң, Омбыдағы «Алаш» партиясының ордасы болып отырған Ақмоланың облыстық қазақ комитетінің басында отырғандарды қууға қаулы қылады.
Үкімет Керенский қолында. Үкіметтен жатақтарға, жемшіктерге, қара жұмыскерлерге қайыр жоқ. Неде болса өздерінің қол күштерін жұмсамақ болады. Бастықтары әлгі айтылған М. Әйтпенұлы, Ш. Әлжанұлы, А. Қылышбайұлы — бәрі Омбы уездік қазақ комитетінің басындағы адамдар. Міне, соларды алдына салып, жүз шамалы жатақ, жемшік Ақмоланың облыстық қазақ комитеті мекемесіне жөнеледі... Балуан Қажымұқанның қолында қызыл ту...
Қолдарында қызыл ту, туларында нашар қара бұқараның тілеген, айтқан сөздері.
Облыстық қазақ комитетінің мекемесіне келеді. Комитеттің есігін алады. Әйтпенұлы, Әлжанұлы, Қылышбайұлы, он шақты жатақ адамдарымен мекемеге кіріп, облыстық қазақ комитетінің мүшелерін отырған орындарында ұстайды. Тұтқынға алады. Кейбіреулерін ұрады. Облыстық қазақ комитетінің төрағасы адвокат А. Тұрлыбайұлын таба алмайды. Бір тобы іздеп Тұрлыбайұлының пәтеріне барып, таба алмай келеді.
Сонан соң облыстық казак комитетінің мүшелерін: Сейітұлы мен Жұмабайұлын айдап, Тұрлыбайұлының пәтеріне келеді. Тұрлыбайұлының пәтерін қамап алып, бекітулі есігін тепкілейді. Ол екі арада Керенский үкіметінің атты әскері келіп, милиция отряды келіп, жатақтар тобының өзін қамап алып, тұтқындағы Сейітұлы мен Жұмабайұлын босатып, ереуіл жасаушылардың өзін тұтқынға алады...
Міне, «Үш жүз» партиясын жасар алдында, Омбы жатақтарының бір ереуілі осы.
Бұл туралы сол 1918 жылы 21 қазанда облыстық қазақ комитетінде, өзінің кеңесінде жасаған қарарын келтірелік. Қарары орысша жазылған. Оны қазақшаға аударамыз, ол қарары мынау:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет