АЛАШҚА (Омар Қарашұлының өлеңі) Ау, Алаш, көзді бүгін ашар күнің,
Қарманып, ілгері аяқ басар күнің!
Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден бас,
Адымдап асқар белден асар күнің.
Теңізім, телегейім, қайран елім.
Кемерлеп толқын атып тасар күнің!
Ақ күміс, қызыл алтын жиғаныңды,
Құрбан қып осы жолға шашар күнің.
Терезең теңгеріліп қатар тұрса,
Уһ! – деп сонда жүрек басар күнің!
Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе?
Құлаққа айтқан сөзді ілеміз бе?
Заманның ыңғайынан аман өтіп,
Зырлаған желмаяға мінеміз бе?
Өнерлі білімдінің қылған ісін
Майданда, мұны байқап көреміз бе?
Күш қосып құралдардың, бас қорғаудың
Жолына белді буып кіреміз бе?
Болмаса күнде бір ел қырғын тауып,
Жылулап, бастан аяқ жүреміз бе?
Тағы да Омар қалпе Қарашұлының бір өлеңін келтірелік.
АЛАШТЫҢ АЗАМАТТАРЫНА Ақ жүрек азаматтар асқар күнің,
Дұшпанды алдан байқап жасқар күнің
Дұрыстық ел қамында еткен істі,
Қол соғып, қошеметтеп қосар күнің.
Күш қосып, қол ұстасып, сөз бекітіп
Арадан алалықты тастар күнің.
Адасқан қойдай шулап өрген елді
Бұлтармай оң бағытта бастар күнің!
Аңқылдап Алаш ұлы сеніп отыр,
Орнынан шығып соны растар күнің!
(Омар Қарашұлы) Сөйтіп, «Алаш» үкіметі» жасала қалды. «Үкімет» жасауға оқығандар қандай құмар.
Орынборда осы айтылған екінші жалпы қазақ-қырғыз съезінің ашылатын қарсаңында, «Қазақ» газетінің 1917 жылы декабрьде, 254-ші нөмірінде «Түркістан автономиясы» деген телеграмма басылған. «Қазақ» басқармасына келіп жарияланған телеграммада былай дейді:
«Қоқан. 2-декабрь. 27-ноябрьде Қоқанда өлейет мұсылман съезі болды. Жерлі Түркістан автономиясы жарияланды. Халық шаттықпен қарсы алып тұр. Уақытша ұлт мәжілісі — жаңа үкімет сайланды. Ғинуарда Түркістанның учредительное собраниесі шақырылады.
Үкіметтің уақытша тұратын орны Қоқан қаласы.
Қайретден Болғанбайұлы» Баяғы «Қоқан автономиясы» деген осы. Қоқанда «Алаштың» біраз оқығандары сарттардың, ноғайлардың байларымен жиналып отырып, өздерін өздері барлық Түркістанның «үкіметі» қылып сайлап, автономия жариялаған. Үкіметтің бастығы: Мұқаметжан Тынышбайұлы, мүшелері: Мұстафа Шоқайұлы және басқалар.
Міне, бұл үкіметтерін «сайлағаннан» кейін Мұстафа Шоқайұлы Орынборға «екінші жалпы қазақ-қырғыз» съезіне барған.
Съезде Жетісу мен Сырдария қазақтарының Түркістан автономиясына қосыла қоймағанын аңғартқан.
Сөйтіп, ол ерің екі үкіметке мүше болған...
«Алаш» партиясының губерниялық комитеттері газеттердің жүзінде жарияланып жатты. Бұл араға «Алаш» партиясының екі-үш губерниядағы комитетінің тізімдерін кіргізе кетейін.
«Қазақ» газетінің 1917 жылы 18 желтоқсанда шыққан 254-нөмірінде былай деген: