АҚМОЛА ОБЛЫСЫ Омбыда областной «Алаш» партиясының комитеті ашылғандығы «Қазақта» жазылып еді. Комитетке сайланған адамдар:
Асылбек Сейітұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Саматұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Бекмұхамбет Серкебайұлы, Айбасұлы, Ерқосай Мұқышұлы, Ережеп Итбайұлы, Дінмұқамбет Әділұлы, Қошмұқамбет Кемеңгерұлы, Мұсылманбек Сейітұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Ос. Ахметұлы, Бірмұхамбет Айбасұлы, Құсайын Қожамбердіұлы, Қажы Ахмет Көкенұлы. «Алаш» комитеті әр уезге учредительное собрание сайлауын халыққа түсіндіруге кісі шығарды. Бұлар Ақмола облысының 5 уезінде «Алаш» комитетін ашты... — деп «Қазақ» газетіне тілшісі жазады.
Тағы сол «Қазақ» газетінің 1917 жылы 2 желтоқсанда шыққан 253-нөмірінде былай дейді:
«АЛАШ» ПАРТИЯСЫ «Семейде областной «Алаш» партиясының комитеті ашылған хабарын жазып едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынадай мақала басылды:
«Алаш» партиясының Семейде уақытша областной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер:
Әлімхан Ермекұлы, Ракымжан Мәрсекұлы, Имам Әлімбекұлы, Ақметжан Қозыбағарұлы, Тұрағұл Құнанбайұлы, Қалел Ғаппасұлы, Сыдық Дүйсенбіұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Әнияр Молдабайұлы, Бияхмет Сәрсенұлы, бұлардан басқа уез басы бір кісі кіруге орын қалдырылды... Комитеттің председателі Қалел Ғаппасұлы, жолдасы Ақметжан Қозыбағарұлы, секретарь! Сыдық Дүйсенбіұлы, қазынашысы Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейханұлы... — деп, «Қазақ» газеті «Сарыарқадан» көшіреді.
Және «Қазақ» газетінің 1917 жылы 14-қарашада шыққан 250-нөмірінде былай деген:
«АЛАШ» ПАРТИЯСЫ «Алаш» партиясының Орынборда Тургайский областной комитеті ашылды. Комитетке Орынборда тұратын он қазақ және төрт уезден қазақ, барлығы он төрт ағза сайланды. Орынбордағы ағзалар:
Ахмет Бірімжанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Елдес Омарұлы, Омар Жәнібекұлы, Мержақып Дулатұлы, Ғабділхамит Жүндібайұлы, Сағындық Досжанұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы, Камаладин Арынғазыұлы, Ғабділкәрім Досжанұлы (Торғайдан), Телжан Шонанұлы (Ырғыздан), Есенғали Нұрмақамбетұлы (Ақтөбеден), Мырзағазы Есполұлы (Қостанайдан). Алаш партиясының областной комитет председателі Әлихан Бөкейханұлы, серігі Ахмет Байтұрсынұлы, секретары Мержақып Дулатұлы, қазынашысы Жанұзақ Жәнібекұлы.
«Алаш» партиясының ағзалық жарнасы бір сом», — деп «Қазақ» газеті жазады.
«Қазақ» газетінің 253-нөмірінде «Сарыарқадан» көшірілген мағлұматында «Алаш» партиясына кіруге қазіргі шарт: «Кіндік комитетінің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, «Алаш» партиясының программасын жөн керген... адам кіреді», —дейді...
Учредительное собрание сайлауын өткізуге біздің Ақмола облысының Омбыда ашылған облыстық «Алаш» комитетінен Ақмолаға Мұхтар Саматұлы келді. Ол кезде Мұхтардың Бөкейханұлдарына сеніп жүретін кезі еді.
Ақмолада «Алаштың» уездік партия комитетін ашты, учредительное собрание сайлауын өткізуге әрекет қылды. Қазақ дауысын «Алаш» спискісіне бергізуге әрекет қылған болды.
Ақмоланың өлуге таянған қазақ комитетіне Мұхтар келген соң азырақ жан кірді.
Мұхтар комитетке орнады. Мұхтарды көрейін деп қазақ комитетіне бардым. Амандастық. 1913— 1916 жылдарда Омбыда оқуда жүргенде «Бірлік» ұйымын ашысқан жолдаспыз.
— Сен «Үш жүздің» партиясына кіруге ризалығыңды бердің бе? — деді, мен:
— Жоқ. Маған «Үш жүз» партиясының да, «Алаш» партиясының да керегі жоқ. Екеуіне де қосыла алмаймын. Бірақ «Алаш» партиясынан «Үш жүзді» тәуір көремін, — дедім.
— Мына учредительное собраниеге қатысқанда қай жағында боласың?
— Қайда болатынымды өзім білемін. Бірақ «Алашта» да, «Үш жүзде» де болмаспын, — дедім.
Айтқандай, Омбыда облыстық «Алаш» партиясымен жарыса «Үш жүз» партиясы деген ашылды.
Бұл партияны ашушылар сол Омбыдағы Мұқан Әйтпенұлы, Көлбай Тоғысұлы, Шаймерден Әлжанұлы, тағы басқалар. Бұлар партиясының атын «социалшыл» «Үш жүз» партиясы деген. Партияларының тізіміне сырттан Ақмола қаласындағы бізді кіргізіп алыпты.
«Үш жүз» партиясы жасалғаннан «Алаш» партиясының басындағыларды боқтай, сөге түрегелді.
Қызылжар қаласында «Үш жүз» деген газет шыға бастады. Газетінің бетін «Алаштың» көсемдерін сөгумен толтыра берді.
Әрине, «Алаш» партиясының «көсемдері» де «Үш жүз» басындағыларды сөгуден кенде қалған жоқ. Бұлар да боқтады. Қайта бұлар сөгуді, жамандауды «Үш жүзден» асырып жіберді. Өйткені, бұлар сөзге шеберірек. Бұлар саны көп, бұлардың бастықтарының бәрі де зор оқығандар. Және әр облыстарда шығып жатқан қазақ газеттерінің «Тіршіліктен» басқасының бәрі бұлардікі еді. Семейдегі «Сарыарқа» газеті, Ташкендегі «Бірлік туы» деген газет, Астрахандағы «Ұран» деген газет, Орынбордағы «Қазақ» газеті – бәрі де Омбыдағы «Үш жүздің» бастықтарын сөгіп бақты. Әрине, кімді болса да сөгуге сөз табылады. Ондай сөзге әсіресе «Алаштың» шешендері шеберірек болып шықты.
Әрине, шеберлікті бәрінен Орынбордағы «Қазақ» газеті асырды. Өзге «Алаш» газеттерінің «Қазақ» газеті ағасы болған соң, шеберлікті асырмай қояр ма? «Шеберліктерін» көзбен көру үшін және «Үш жүзге» көзқарастарын аңдау үшін «Қазақстан» және «Сарыарқадан» «Үш жүзді» балағаттаған біраз ғана сөздер келтірелік.
«Сарыарқаның» 26-шы нөмірінде былай дейді және мұны 260-шы нөмірінде «Қазақ» көшіріп басқан:
Газеттен: