Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет49/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

ЕР AMАНТАЙ КӨТЕРІЛІСІ
(Мариновка)
Қостанай ауданында әбден ашынған бұқара халық (крестьяндар) қозғалып жасақ салып, Колчакқа қарсы жасана бастапты. Еңбекші халық бұрынғы совдепшілердің соңына еріп, көтеріліп майданға шығады. Әуелі көтеріліс поселкелерден басталып, тез жан-жаққа өршіп, кешікпей көтерілген қара бұқара Қостанайды келіп алыпты. Бірақ темір жолмен келген Колчактың қалын әскеріне шыдап тұра алмай, ұзаққа бара алмай, көтеріліс жасаушылар Қостанайды тастап кетіпті.
Бұл Қостанай көтерілісінің басында Жәлейұлы деген, Таран деген крестьяндар болыпты.
Бұл көтеріліспен жедел Атбасар, Ақмоланың аралығында, Есіл өзенінің бойындағы поселкелер де Колчакқа қарсы қозғала бастапты. Қару жинапты. Жасақ жасапты. Жасақтарын «Төңкерісшіл халық әскері» деп атапты. Жасаққа бастық совет-штаб сайлапты. Штаб Есіл бойындағы Амантай (орысша Мариновка) деген поселкеде болыпты. Бұл көтерілістің басында Горланов, Королев деген жігіттер болыпты. Горланов поселкеде адам фельдшері. Мен Ақмолада оқып жүрген кезімнен Горлановпен таныс едім. 1917—18 жылдары Ақмолада совдеп заманында-ақ совет үкіметінің жолына көріне шығып еді. Королев біздің қызыл әскердің үйретушісі еді. Совет құлағанда қолға түсіп, тұтқында болып, Қызылжарға қызыл әскермен бірге айдалып барған еді. Одан кейін Королевті біз Қызылжар лагерінде көріп кетіп едік. Королев лагерьден шығып, Есіл бойындағы еліне келген екен. Сөйтіп, Колчакқа қарсы көтерілісті бастаған екен...
«Амантай» төңкерісшіл советтің Темірқазығы — ұясы болыпты. «Амантай» жан-жаққа ұран салыпты. Ат шаптырыпты. Көкке шайқалтып қызыл туды тігіп тастапты. Тұс-тұсынан Амантайға крестьяндар ағылып, шұбап құйыла бастапты. Белсеніп, күшті билеп, «Амантай» күндіз-түні даярланыпты. Атбасар, Ақмоланы алу планын жасапты. Атбасар. Ақмола қалаларының әкімдері, байлары алақтапты. «Амантайға» бөлек-бөлек әскер жіберіп, ештеңе қыла алмапты. Колчактан жәрдем сұрап, Омбыға телеграмманы боздатыпты. Қанды қасқыр алақтап сасыпты. Жандары мұрындарының ұштарына келіпті, Колчак Омбыдан, Қызылжардан «Кәр қылғыш» әскерін жіберіпті (Карательные отряды). «Кәр қылғыш» отрядының бастықтары Омбы мен Қызылжардың белгілі казак-орыс атамандары — Катанаев пен Волков, Шонтонов сияқты «кәр қылғыш» офицерлер, 3 атаман Атбасарға келіп, аузынан жалын шашып, қылыштарын жарқылдатып әмірін жүргізіпті. Ақмола, Атбасардың барлық ақ әскерін Амантайға аттандырыпты. Амантайға аттанған Колчактың Ақмола, Атбасар әскерлеріне, тіленіп қала байлары да қосылыпты. Аз болса да, «Алашорда» азаматтарымыз деп жүрген мырзалар да қосылыпты. Бәрі шеру тартып аттанып, жүріп келіп, Катанаев, Волковтердің бұйырған сағатында, таңертеңгі алакөбеде, тұс-тұсынан Амантайды қамап алыпты. Оңтүстік-күншығыс жағынан Ақмоланың «ақ батырлары», солтүстік жағынан Атбасардың «ақ азаматтары», күнбатыс жағынан Қостанай ақтарының әскерлері де келіпті. Ақмола, Атбасар «батырларының» аралығынан Катанаев, Волковтың Қызылжар — Омбыдан әкелген «кәр қылғыш» әскері келіпті. Сөйтіп, пулемет, бомба, винтовканы автомобильдерге орнатып алып, қалың жау тұс-тұсынан Амантайды қоршап алып, бытырлатып оқтың астына алыпты.
Төңкерісшілдер Амантайды айнала ор қазып алып, қарсы атқылап, жауды жібермей жатып алыпты. Амантайдың үсті қалың найзағай ойнағандай шаң-шұң, ың-жың болыпты. Мың найзағай жерге түсіп, жаңбыр жауғандай болыпты.
Оқтары таусылғанша жауын ілгері бастырмапты. Амантайдың оғы таусылған соң «ақ батырлар» тұмсықтары қан-қан болып, шулап, Амантайға кіріпті. Кәр қылғыш «ерлер» — Амантайды астын үстіне келтіріпті.
У-шу!.. Адамның жүйке тамырларын шымырлататын жұмыстар жер-көкті тітіретіпті. Талапты. «Олжаға» қарық болыпты.
Сосын автомобильдер бұрқыратып көше-көшемен шапқылап, әрбір үйге керосин шашып, от қойып, өрт салыпты. Үйлерінен үркіп шыққан кемпір-шалды, қатын-баланы «ақ батырлар» найза ұшына іліпті, топырлатып атпен, арбамен бастырыпты. Автомобильмен езгілепті. У-шу болған Амантайды күлмен, қанды топырақпен бастырыпты... Орыстың «ерлерінен» тіленіп еріп барған «Алашорда» азаматтары қалыспапты. Өзі тіленіп келген, Ақмола «Алашорда» комитетінің мүшесі Тәшти Нөсерші баласы қолы, басы, тұмсығы қан-қан болып, екі көк арба «олжа» алып шығыпты.
Сөйтіп, құтырған қасқырлар ер «Амантайды» типыл қылыпты. «Амантайды» езіскендердің кейбіреулері кәзір «советшіл» болып жүр. Қостанайдың, Амантайдың үнін өшірген соң Колчак қанға мас болып, қолына іліккенді ата беріпті. Ақмолада большевикті қуаттайсың деп, іріктеп, қазағы бар, орысы бар жетпіс шамалы кісіні атып өлтіріпті. Кейбіреулерді көшеде айдап келе жатып атып тастапты. Жұртқа көрсетіп, тал түсте де ата беретін болыпты. Ақмоланың қасында салынып жатқан темір жол бойында жұмыстағы біраз ғана жұмыскерлерді бір түнде офицерлер барып, жусатып қырып кетіпті. «Большевикті жақтайды» дегендерді топырлатып ұстап әкеп, дүрелеп түрмеге толтырыпты. Ауру болған соң бізден айырып, Ақмола түрмесінде алып қалған біздің жолдасымыз, учитель Нұрғайын Бекмұқамбетұлын атып өлтіріпті. Біреуді біреу араздықпен: — «Пәлен большевик» деп шақса да ұстап, абақтыға қамайтын болыпты. Қарағанды, Спасск, Нілді заводтарын иіскелеп тексеріп қолға ала бастапты. Жұмыскерлердің бұрын ұсталған алдыңғы бастықтарынан басқа, кейінгілерінен 1917-18 жылы Совдепте болғандарын және «большевиктерге ниеттес» дегендерін ұстап дүрелеп, Ақмола абақтысына әкеліп қамапты. Бұлар: Орынбек Бекұлы, П.Умашұлы, Самузин, Ушаков, Қасен Мұсаұлы және бұлардан азғана бұрын, бір күні заводтың көшесінде келе жатып, Нұрмақ Байсалықұлын біреуді «жолдас» (орысша «товарищ») деп қалған бір ауыз сөзі үшін Колчак солдаттары ұстап дүрелепті. Үйін тінтіпті. Кемпір шешесін, қарындастарын қорқытып, шулатып бастарынан асыра мылтық атыпты. Нұрмақты Ақмолаға апарып қамап, бір Бабайұлы деген ноғай байының ара түсуімен шығарыпты. Қысқасы, Ақмола, Атбасар, Қостанай аудандарында Колчактың «батырлары», «білімді әкімдері» құтырған қасқырша ойнақ салыпты. Майлы тұмсықтарын Қызыл қанға батырыпты. Атбасарда 1918 жылы совдепте болып, ел арасында жасырынып жүрген фельдшер Әділбек Майкөтұлын «Алашорда» «азаматтары» ұстап, абақтыға қамапты. Түрмеде азғана ұстап «кәр қылғыш» «сары орыс» әскеріне тал түсте атқызыпты. Жұрттың көзінше! Кәр қылғыш солдаттары атуға айдап бара жатқан Әділбектің соңынан самсап телміріп қарап тұрған жұрттың көзінше кішкене баласы жылап жүгіріпті.
Әділбек баласымен қоштасуға бұрылып тұра қалыпты. Солдаттар баланы да атуға мылтықтарын кезеп тұра қалыпты... Әділбек қолын бір-ақ сілтеп, жүре беріпті. Жүз адым жерге барған соң, Әділбекті жұрттың көзінше атып, қанға бояп жусатып салыпты...
Міне, қылықтары осындай.
Ақмолаға Омбы лагерінен қашып келген біздің Макалкин деген жолдасты ұстап алып, атып тастапты.
Бұлар әншейін мыңнан бірін ғана айтып отырған мысалдар. Әйтпесе «оқыған», «білгіш», «адамшылықтары зор» мырзалардың қылықтарының бұл әншейін ұшқындары ғана ғой...
Кешікпей Ақмола әкімдері сыбырлап көзін қадап, мені де іздей бастады. Біздің елді бағып отырған Нілді заводындағы Колчак милициясының аудандық бастығы Ефремов деген орыс жігіті екен. Ефремов Ақмолада менімен бірге оқыған жігіт еді. Милицияларының бір-екеуі біздің елдің жігіттері еді. Ақмола әкімдері, менің қашып келгенімді ести сала мені ұстауға Ефремовқа жасырын тығыз бұйрық жіберген екен. Бір күні заводқа барған сол заводтың жұмыскері біздің ауылдардың Сәден деген бір пысықтау жігітінен Ефремов маған құпия сәлем айтып жіберіпті. «Сәкенді ұстап, қалаға жеткіз» деген жасырын тығыз бұйрық бар. Мен қалаға бұл ауданға «келген Сәкен білінбейді» деп қағаз қайырайын, Сәкен сақтанып, көрінбей жүрсін. Онан соң большевиктер келгенде Сәкен мені де есіне алсын», – депті.
— Жарайды, —дедім.
Және менің халімнің онша қауіпті бола қоймағаны — біздің аудандағы ел мені Колчакқа ұстап бермейді. Бір араздықпен болмаса, өкіметтен қашып жүрген кісіні қазақ ұстап бере қоймайды.
Біздің екі болыс елдің болыстары (болыстық управалары) менімен әрбір істер туралы ақылдасып жүретін болды. Сол қарсаңда ояздық земствоның бұйрығымен болыс басына жиырма аттан жинаған алымды менің айтуыммен біздің Нілді елі байларға салды.
Тез Түркістанға жүріп кетуге болмады. Өйткені жол қиын.
Түркістанға Ақмола облысының оңтүстік шетіндегі атақты Бетпақ дала (Голодная степь) арқылы жүреді. Біздің елден «Бетпақдалаға» дейін үш жүз шақырым. «Бетпақдаланың өзінің жалпақтығы 4-5 жүз шақырымдай. Одан әрі Түркістан аймағы басталады. Оның жері құм. «Бетпақ дала» — шөл, елсіз, аңнан басқа жан жоқ. Киік, қасқыр, түлкі ғана мекен қылады. Сарыарқаның шалқар көлдері, ұзын аққан көкорай өзендері, сылдырап таудан аққан бұлақтары «Бетпақ далада» жоқ.
Асанқайғы айтқан: «Бетпақ дала» — қуарған, қу дала, тастақ. Көкорай шалғыны да жоқ. Көк бетегелі белдері де жоқ. Сыңсыған орманы да жоқ. Бетпақ дала жып-жылмағай. Сұлап жатқан өліктей сұп-сұр, қураған дала.
Сұп-сұр бетінде тырбиған, күнге күйіп қуарып қалған баялыш. Және тырбиған көкпеңкөк сояудай қоңыр жусан, селдіреген қызыл изен. Бәрінің де түрі құп-қу. Анда-санда соқырдың көзіндей сығырайған шұңқыр құдық бар. Суы аз, ащы. Ішінде қаңбақ, бақа, қосаяқ және басқа мақұлықтар толған. Бұл соқыр құдықтарды Бетпаққа жетік кісілер ғана біледі.
Бетпақ пен Түркістан аймағының шегінде Шу өзені бар. Біздің шеткі елдердің біразы Шуды қыстайды. Арқадан Шу қыстауға барған ел Бетпақтан өтіп барады. Барғанда, күзгі қар суымен көшіп барады да, Арқаға Бетпақты басып Шудан қайтқанда, жазғы қар суымен көшіп қайтады. Сол себепті Түркістанға тез жүріп кете алмай, салқын түсуді, Шуға көшетін шеткі елдердің көшуін күтіп жаттым.
Атбасардың оңтүстік жағынан кісілер келді. Ер Амантай көтерілісінің жайын анықтап білдім. Және Қостанай көтерілісі мен оған жапсарлас Торғай «Алашордасының» әрекеттерін білдім. Және Атбасар уезін басып, Торғай уезінің шетін жанап, біздің жолдас Сабыр Шәріпұлының Совет үкіметі қолындағы Ақмешіт қаласына өтіп кеткенін білдім. Бұл туралы қысқаша болса да кейін біраз жазбақпын. Өйткені Сабырдың бастан кешірген істері ертегі тәрізді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет