«ГАЗЕТ, ЖУРНАЛ ОҚУШЫЛАРҒА «Қазақтың бір газет, бір журналы подписшігі (оқушылары) жоқтықтан жабылып қалды» — деп, Ново-Николаевскідегі шығатын орыс газетінде жазылыпты. Ол айтқаны «Жас азамат» газеті мен «Абай» журналы. Бұл хабары бекер: «Жас азамат» күні бүгінге шейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма деген кірбең болып еді. Енді тоқтамас дейміз. Өйткені Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары бес мың сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтермелеушілер табылатын көрінеді. «Абайды» тоғыз жүздей алушы бар. «Абай» біржола жабылған жоқ. Есебі біткенше, жалпы жиылысы болғанша, тағы сол сияқты себептермен уақытша тоқтап тұр. Бастырушы уақ қарыз қауымы. «Абайды» тоқтатпас, шығарар. Шығармаған күнде де «Абай» жабылмас. Жалғыз журналын жауып қойып, тыныш отыруға оқыған жастардың, талапты азаматтардың намысы, ұжданы жібермес, қайтсе де шығарар деген үмітіміз күшті.
«Абай». Шығарушы — Жүсіпбек Аймауытұлы». «Сарыарқаның» және осы нөмірінде Омбыдағы «Жас азамат» ұйымындағы жастардың жинаған жәрдемдерінің есебін Ғаббас Тоғжанұлы мынандай деп жазады:
Газеттен:
«ЕСЕП Омбы жастары жасаған қазақша сауықтың кіріс-шығыс есебі.
Барлық кіріс алты мың үш жүз тоқсан екі сом, он бес тиын.
Таза түсім үш мың жүз сексен тоғыз сом жиырма бес тиын.
Сыйлық бергендер:
Сұлтан Әбдірақымұлы бес жүз сом, Аққағаз Досжанқызы елу сом және бір күміс түрік теңге. Шаяхмет Өтегенұлы жиырма үш сом, Балтабай Боранқұлұлы бір күміс қасықпен шанышқы, Әмина Қуанышқызы бір алтын жүзік, Бибінұр Әйтпенқызы бір алтын жүзік, Гүлия Досымбекқызы бір күміс жүзік, Ғазиза Досымбекқызы бір күміс теңге. Асфандияр Шорманұлы бір ширек темекі. Мұратбек Сейітұлы бір қадақ қант. Жамын Төлемісұлы бір қадақ шай. Баршаларына «Тілек» қауымы атынан жарылғасын айтамын.
Ғаббас Тоғжанұлы». Газеттен:
«ЖАС АЗАМАТ» ГАЗЕТІНЕ ЖӘРДЕМ «Жас азамат» газеті ақшасы жоқтықтан тоқтағалы тұр деген сөзді «Сарыарқаның» 68-інші санында көріп, жәрдем сұрағанда, Қалберген Құл баласы қырық сом, Шырғай Мұстамбай баласы жиырма сом, Әміре он бес сом, Ғазиза Мұстамбай келіні бес сом, өзім, Ыдырыс Мұстамбайұлы бес сом. Барлығы сексен бес сом берді. Бұл ақшаны «Жас азаматқа» жібердім.
Гимназист Мұстамбайұлы ». Міне, жастардың ұйымы осындай...
XII. БАЯНАУЫЛҒА КЕЛУ
Ертеңінде қалашылармен Павлодардан шықтық. Күн жылы. Қар басымырақ еріді. Павлодар Ертіс өзенінің жағасында. Көше-көшеден иреңдеп, бұрқырап аққан сары лай су тұс-тұсынан Ертістің жарынан сарқырап құлайды. Ертістің мұзының үстіне де сары су көлкіген. Ертістен ептеп өттік. Қалашы төрт кісі. Менімен бесеу. Көлік екі ат, бір түйе, үшеуі де арық, нашар. Екі атқа жайдақ шана жеккен. Шаналарда бидай мен ұн салған екі-үштен қап, бір-екі жаман жәшік. Түйенің үстінде де үш қап астық. Жолға түсіп көрдік. Жолдың кей жерінің қары тіпті кетіп қалған. Қарлы жерлері сылқылдап түсіп кеткен. Ертістен өтіп жолға түскен соң-ақ жолдың ауырлығын көріп, тәлтіректеп шөмендеген көліктердің түрін көріп, қиыншылықты сездім. Ертістен бір шақырымдай шықпай-ақ қара ат шанасын шөмендеп сүйрелеп келіп, ақырында тарта алмай қойды. Олай-бұлай біраз айналдырып, болдыра алмаған соң, иесі мен қара ат қалды. Ала ат пен сары түйелі үш қалашы, менімен төртеу болып, малтыға жығыла жылжып келеміз. Бәріміз де жаяу. Торы ала ат пен сары түйе жол бойының көксоқта болып жатқан қалың қарына киліккенде омбылап, малтығып жығылады.
Қары кеткен аламыш жерінде торы ала ат шөмендеп, шананы тарта алмай тұрып қалады. Жер үстінің бәрі көлкіген көк су. Жығылған түйе мен атты сүйеп, демеп тұрғызамыз. Жығылған сайын түйенің жүгін түсіріп қайта артамыз. Жүріс өнбеді. Мұның қасында бөгелмей, жаяу жүріп кеткен қызықпен бірдей екен. Шылқылдап аяқтан су өтті. Қалашыны тастап, жалғыз жүріп кетуге көңілім бармады. Торы ала ат пен сары түйені қалқақтатып жетектеп, қамалап, жаман етікпенен су кешіп толарсақтап келеміз. Төртеуміздің де тілегеніміз екі көліктің қуаты. Қалашылар жұтап, ашығып жатқан қатын-бала, кемпір-шалдарына тезірек азық жеткізу үшін, торы ала ат пен сары түйенің қуатын тілейді. Әлсіз ат пен түйенің жүктерін қолымен сүйреп келе жатқан тәріздіміз.
Екі тулақтың жүргенінен тұрғаны көп. Аяқтарын екі басып, бір жығылады. Жығылған сайын түйенің жүгін, астық толтырған қаптарды көтеріп шығып, қайта артамыз. Арқаның тері бешпенттен өтті. Қардың суы етіктен, аяқтан өтті. Ауыр бейнетке белшеден баттық. Ол күні Павлодардан он шақырымдай жол жүріп, кешке, қары кеткен жол бойындағы бір аламыш жерге қондық. Қары кетсе де жер су.
Күн батқан соң суық бола бастады. Қар мен су мұздады. Термен су болған киім, су өткен жаман бұзаубас етік пен шұлғау да соқталанып мұздады. Тоңдық. Әсіресе жұқа киімді мен тоңдым. Бірақ тоңғанымды қалашыларға айтпаймын. Әрең деп от жағып, қыздырынған болып, су қайнатып, кеш болғанда нанмен шай іштік.
Түн болды. Суық. Астық салған қаптардың арасына бүрісіп-бүрісіп жаттық. Мұздаған дене шыдатпады. Түн ішінде оянып кеттім. Тұла бойым сұп-суық болып, тоңып қатып қалған екен. Тұрдым. Төңірек тып-тыныш. Аламыш жерді ақ торғындай жеңіл мұнар басқан. Аспан айнадай. Тоқымдай бұлт жоқ. Ай жоқ. Тек көк шатыр аспанда бырдай болған алтын жұлдыздар құлпырып, жерге алтын сәулесін төгеді. Төңірек тып-тыныш. Қалашылар бүрісіп-бүрісіп, томпиған қаптардың араларында пысылдап ұйықтап жатыр. Қаптардың қасында шөккен бойымен мойнын салып, танаулары шуылдап сары түйе жатыр. Мұздаған жердің жас иісі ауаға көбірек шыққан. Жер-дүние мұздап, мұнарланып, қалғып ұйықтаған тәрізді. Жалғыз-ақ ұйықтамай жүрген торы ала ат. Басын жерден алмайды. Қар астынан жаңа аршылған шөптің түптерін тырс-тырс жұлады. Торы ала ат торы ала жерден тұмсығын алмайды.
Мұздап тоңған денені жылытуға әрекет қылдым. Ерсілі-қарсылы жүріп, жұлқынып қимылдап, денені біраз қыздырып келіп жаттым. Тағы да мұздап, тоңып, неше рет оянып, қимылдап, денені қыздырып жаттым...
Ертеңінде тағы да көксоқта болып еріген қармен, көлкіген лай сумен, қары еріген, сазданған жермен малтығып тағы ауыр азап көрдік. «Екібастұз» мен Ертіс арасындағы темір жолдан өттік. Бір-екі поселкеден өттік.
Қысқасы, сөйтіп, бейнетті шегіп отырып, бір жұмадан соң ғана қарсызға шықтық.
Жол бойы елсіз. Қара-құра өте сирек көрінді. Анда-санда, бірен-саран бүріскен қазақ үйлері көрінеді. Жұтаған дала, жұтаған ел қожыраған күнтақа қоңыр саулық тәрізді.
Бір қазақтан шанамызды екі аяқты ағаш арбаға айырбастап алдық. Енді азырақ тәуір болды. Өйткенмен де көліктеріміз жүгін алып жүре алмай, дамылсыз тоқтаймыз. Көлік лаулайтын ел жоқ. Айнала ел тегіс мешеу. Жұтқа шалдыққан. Аш. Өте жүдеу. Торы ала ат пен сары түйені айдап, жаяу жүреміз де отырамыз. Екі нашар көлік ақырын ілбиді, ырбиған, жамаулы ағаш арба ақырын қиралаңдап ыңырсиды. Жол үстінде анда-санда жұтаған елдің жаяулары кез келеді. Табан неше жерден үлдіреді. Жүріс өнбейді. Сонда да қарсыз құрғақ жерге шығып, азырақ бой жазған соң, қалашылар меніменен әңгімелесуді көбейте бастады. Павлодарда бір сұрасып біліскен жөнді енді қайта-қайта анықтап сұрайтын болды. Менің «жөнім» белгілі. Омбы қазағымын. Жас уақыттан көбінесе қалада жұмыста болғамын. Әке-шешеден жастай айырылғамын. Енді Баянауыл тауының ішіндегі нағашымды іздеп келемін...
Нағашымды түбірлеп сұрайды.
— Дәл бергі руы қай ру екенін білмеймін. Әйтеуір Айдабол — Қаржастың бірі, — деймін.
Оныма қанағаттанбайды. Айналдыра береді. Өздерінің жөнін баяндап сөйлейді. Қаржас ішінде тәуір ауылдың адамдары екенін айтады.
— Баянауыл тауының күншығыс пен оңтүстік жағында, «Шоқпар», «Әулие» деген таулар — ауылдарымыздың мекені,—дейді.
Қалашының үлкені — шоқша, ұзыншалау қара сақалды, орта бойлы, ашаң, қара торы кісі. Кеңбай қажының баласы, аты — жаңылмасам, Смайыл. Бір жолдасы — ашаң, құба жігіт, Кенбай қажының ағайыны, аты Бекмұқамбет. Екінші жолдасының аты — жаңылмасам, Төлебай, қалаға араласып пайда тауып жүрген жігіт.
Бір күні түйенің алдында менімен қатар келе жатып, Бекмұқамбет менен сыр сұрады.
— Дүйсенбі, дәмдес болып келе жатырмыз ғой, сен осы тегін жігіт емес шығарсың... сырыңды айт! — деді.
Күлкіге, ойынға шаптырдым да қойдым. Біраздан соң Бекмұқамбет кейін түйенің артында қалып, Төлебай менімен қатар жүріп келе жатып, енді ол сыр сұрады.
— Дүйсенбі, сен бізден жасырма. Біз өзің қандай болсаң, сондаймыз. Сен не болсаң, біз де сол бола кетеміз... Сырыңды сен бізден жасырма. Бізде өзіңдей іздегенге сұрағанбыз. «Поселкенің атын ұрлас» десең де, біз сенен тартынбаймыз, — деді.
Мұның да сұрауларын күлкі қылдым да қойдым.
Байқаймын, мені бақылап алды. Бір жерге көлік шалдырып, тынығып жаттық. Түс кезі еді. Жолдың жағасы. Жанымызда уақ адырлардың шеті — бір кішкене төмпеш бар еді. Күн жылы. Күнестеген жерден қылтиып көк шыға бастаған. Төмпештің күнгейінде мен күнестеп жаттым. Көз көретін төңіректе қыбыр еткен қара жоқ. Бозторғайлар ғана көкке шығып, жерге түсіп зарлайды...
Ұйықтап кетіппін. Шайға оятты. Келдім. Арбаның қасында сынық-кетік тостағанмен шай ішіп отырдық. Мені енді Смайыл айналдырмақ болды.
— Апырым-ай, Дүйсенбі! Жаңа, ана беткейде ұйықтап жатқаныңда, біртүрлі болып жаттың. Маған біресе тап қасқыр тәрізді болып көріндің. Біресе дәл бұрынғы батырлардың бірі тәрізді болып көріндің, — деді.
— Төбенің бетінде жатқанда сіздің ойыңызға солай келген ғой, — деп аңқау ойынға жұбаттым да қойдым.
Жүрдік. Жол бойы Смайыл «Боз жігіт» қисасын өлеңдетіп жатқа айтып отырды. Қатар келе жатырмыз. Күн жылы. Жер қара. Жол кепкен. Жаз иісі кеудені ашады. Көңіл жадыраған, сылқылдап аяңдап келеміз. Көліктер де ілбиді. Ағаш арба ғана қиралаңдап, сыңсып жылағанын қоймайды. Смайыл «Боз жігіт» өлеңін біраз айтып болып:
— Ә-әй, Дүйсенбі-а-ай! Бізге сырыңды айтпай келесің ғой... Сен де осы «Боз жігіт» тәрізді бір ерсің ғой, ә-ә? — деді.
Мен түсінбеген болып, үндегенім жоқ. Біраздан соң Смайыл екеуміз көліктердің алдына түсіп, қатар жүріп отырдық. Енді Смайыл сыр ашып сөйлесуге кірісті.
— Дүйсенбі! Сен менен именбе, екеуміз құшақтасып дос болайық. Біздің ауылға жүр, апар деген жеріңе жеткізіп салайын. Сен жасырма, сырыңды айт. Сен тегін жігіт емессің, жай бір жігіт емессің! — деді.
— Жай бір жігіт болмайтын неменем бар? — дедім.
— Жай бір жігіт емессің дейтінім,—тұлғаң жай жігіттің тұлғасына келмейді. Онсоң өзің етігіңмен су кешіп, көксоқта қар суымен Керекуден (Павлодар) бізбен бірге еріп шықтың. Бізбен бірге ауыр бейнетке шыдап келесің, жаяулыққа шыдап келесің, қабағыңды шытпайсың... Осының бәріне қарағанда, не біреуден бір зорлық көріп келе жатқан жігіт тәріздісің, не біреуге өзің зорлық қылып келе жатқан жігіт тәріздісің. Әйтеуір, тегін жігіт емессің. Сен жасырмай шыныңды айт, құшақтап дос болайық! — деді.
Мен енді азырақ кейідім.
— Сіздер осы, құр беталдына «сырыңды айт», «сырыңды айт» деп қоймайтындарыңыз қалай? — дедім. Бекмұқамбет пен Төлебай да қасымызға келді.
— Ал, азар болса, мені бір не ұры, не кісі өлтіргіш деп ойлап келе жатқан шығарсыздар. Ондай болсам мен қазір сіздерден жасырмағанда ештеңе қылмас едіңіздер. Өтірік болса да мен енді сіздерге «ұрымын, кісі өлтіргішпін» дейін бе?.. — дедім.
Смайыл сасып қалды.
— Ойбай, жай айтамын, Дүйсенбі!.. Шырағым! Ренжіп қалдың ба?.. Олай болса, бұдан былай ондай сөз айтпайық ендеше, ренжи көрме, қарағым! — деді.
Содан кейін айналдыруды қойды...
Оннан аса күн жүріп, Баянауыл тауының күншығыс сәскелік жақ қатарына келдік. Қалашылардан бөлінетін уақыт жетті.
Бесін кезі, күн қоңыр бұйралау еді. Жол аузында түстеніп, дамылдап жатырмыз. Қалашылар осы жерде сәскелік жағына қарай, өз елдеріне жүрмек. Баян тауы жиырма шақырымдай тұр. Төңірек жазық дала емес. Адыр-бұдыр бұйратты. Кей жерлері ғана жазық, алқапша. Күнбатыс жақта Баян тауы. Сәскелік оңтүстік жақтарда да таулар — «Шоқпар», «Әулие» таулары. Көзге түсерлік жерде жанды қара-құра жоқ. Қыстан шыққан ел әлі қыс тауларында. Керекуден шыққалы жол маңайында бірен-саран қазақ ауылдарын көргемін. Бұрынғы, қазақ арасындағы, қырдағы топ-топ мал көзге түспеген. Сол мал әлі де жоқ. Бұрынғыдай қара құрттай қыбырлаған мал көрінбеген соң, анда-санда жырада, сайда, төбенің етегінде бүрісіп-бүрісіп отырған, томашадай қазақтың үш-төрт үйлі ауылдары көзге де көрінбей қалады екен. Елі бір жаққа ауып кетіп, иесіз қалған жер тәрізді. Қар кеткенмен, көк әлі шыға қойған жоқ. Сұрғылт жерде түр жоқ. Қоңылтақ, сырдаң жердің бейнесі дәл жазғытұрымғы қара суықта құжыраған арық саулық тәрізді.
Смайылдан жүретін жерімді сұрап алдым. Баян тауының ішіндегі казак-орыс станицасына (қаласына) бармақпын. Станицада адам фельдшері Шайбай Айманұлына бармақпын. Омбыда мен семинарияда оқығанымда, Шайбай адам фельдшері школында оқыған еді. Семинарияны мен 1916 жылы бітірген едім, Шайбай 1917 жылы бітірген еді. Шайбай екеуміз дос едік. Оқу бітірген соң екеуміз де өз туған-өскен жерлерімізге қызмет қылуға кеткен едік. Мен Ақмолаға, Шайбай Баянауылға, поштаның нашарлығынан, сирек болса да, хатпен сөйлесіп тұрушы едік. Екеуміз жай дос емес, сырлас дос едік. Бөліне қалса іздесетін саяқтай едік. Енді сол Шайбайға бармақпын. Шайбайды көрген соң, Шайбайдан анықтап біліп алып, нағашыма бармақпын. Онсоң біраз күш алып, Ақмола уезінің оңтүстік жақ түкпіріндегі елге соғып, үкіметі совет Түркістанға өтпекпін.
Баянға баратын жөнді Смайылдан анықтап сұрап алдым.
Баянға қарай жүретін жөнде, Баянның төменгі етегінде бұйрат көрінеді. Көз ұшында, бұйраттың төскейіңде беттің қалыңдай жабысқан үш-төрт қарамық көрінеді. Смайылдың айтуынша, сол ауыл — сүйіндік, қаржас Жантемір қажының ауылы. Қажының Имантақу деген баласы бар. «Ел адамы». Смайылдың нұсқауынша мен сонда барамын. Сонсоң ар жағын сол ауылдан сұрап анықтап білемін...
Кіші бесін кезінде көштік. Қалашылар өз жөніне кетті. Мен қош айтысып, Баянға қарай аяңдадым. Жолазыққа алған қалтамда тезек шоғына пісірген түйетабан наным бар. Қолда таяқ. Белде ескі шүберек белбеу. Адымдап жүріп кеттім. Едәуір жүрдім. Ортадағы бұйратты балақтап ойға түскенде қызыл күн Баян тауының иығына мінді. Орск, Атбасар, Ақмола арқылы Семейге салынып жатқан темір жол бойына келдім. Жалғыз үй күзетші орыспен біраз отырып сөйлестім. О да қазіргі үкімді жамандайды... одан шығып, аздаған қара-құра мал көрінген екінші ойдан өттім. Жөнімнен қиғаштау үш-төрт киіз үй көрінді. Бұрылмай, тоқтамай шапшаң адымдап келемін. Жантемір қажының ауылы бар бұйраттың аяғына келгенімде, қызыл күн алтын сәулелерін шашыратып, Баянның тасасына кірді. Батты...
Бұйратты өрлеп келемін. Қабат-қабат белес, саладан-салаға өрлеп шығамын. Ауыл әлі жоқ... Апақ-сапақ болды. Тұра қалып тыңдаймын. Дыбыс жоқ. Тағы адымдаймын. Келе жатқан жерім — елсіз, жансыз бұйрат. Бұйраттан әрі алдым шоғырмақ, тұнжыраған тау... Әбден шаршадым. Табанның үлдіреп жараланған жерлері ауырып, жүргізбеуге айналды. Ауыл жоқ. Адасқан тәріздімін. Жүре алмайтын болдым. Енді сол бұйраттың бір жеріне жатуға ойлап тұрдым. Отырдым. Елсіз бұйрат. Күнбатыстағы ақшам бірте-бірте азайып, төмен түсіп барады. Дыбыс жоқ. Жел жоқ. Келе жатқан қара түннің қара көлеңкесі бұйраттың ой-шұқырына толып, сай-сайын өрлей бастады.
Бұлтсыз аспан да қараңғы тәрізді. Ай жоқ. Жарық жұлдызда жоқ. Шыққан жұлдыздар көмескі ғана жылтылдайды. Басқа лезде неше түрлі қалың ой тасыған селдей толып жиналды. Түрлі ой, өткен-кеткен өмірдің түрлі суреті ағытылып, көз алдыма келіп өтті. Бастан кешкен жазасыз азап көз алдыма келді.«Неге бұлай?.. Не қылмыс үшін осынша бейнет бастан арылмайды?.. Туғаным, өскенім, оқығаным — бәрі қорлық үшін, азап үшін, бейнет үшін болғаны ма?.. Неге тудым?.. Неге өстім, неге оқыдым?..
Міне, елсіз бұйратта кеш жамылып жалғыз отырмын!.. Көрмеген жер. Келмеген жер. Өліп қалсам—дерексіз кеткенім. Енді жүруге әл жоқ. Қуаттың, күштің жеткен жері осы ғана... Енді, бұдан былай қиындықпен күресуге мұрша жоқ. Менің келген жерім осы ғана...»
Осы ойлар қара бұлттай түнеріп келіп, төбемнен басты... Енді тіршіліктің жарық күнін көрудің үміті үзілуге айналған кезде қара бұлттың астынан найзағайдың оғындай алтын сәуле жарқ еткендей болды. Шошып оянғандай ұшып түрегелдім.
«Я!.. Қой!.. Осының бәрі қалың нашардың бостандығы үшін емес пе еді! Әлсіздің теңдігі үшін емес пе еді!.. Тым көп емес пе бұл үшін құрбан болған жан! Тым көп емес пе бұл үшін төгілген қан мен төгілген жас!.. Теңдік алатын күн таяу болса керек қой!» — деген ой өзге ойдың бәрін жұлып тастағандай болды.
«Қой, жүру керек!.. Жету керек! Табу керек!» — деп жүріп кеттім.
Біраз белестен астым. Тыңдадым... Алдымнан үрген қаншықтың даусы естілді. Алдымдағы белестен астым. Қожырмақтанып жапырайған қарамықтар көрінді. Жетіп келдім. Мал мен адам көрінбейді. Бір-екі ит үреді. Үш-төрт бөлек балшық үй екен. Үй қоралардың маңында қоқырсыған сынық арбалар, арбаларға жинаған жүк тәрізді нәрселер. Арғы шеткі қырандағы үлкендеу үйге келдім. Қыстауынан әлі көшпей отырған ауыл. Қораларының маңында жас қи, жас тезек. Жас қидың иісі шықты. Қораға кірдім. Қора лас, шылқылдақ былғаныш, малдың жас тезегінің, жас жапасының сасық иісі бұрқырайды. Сиыр иісі шығады... Бір-екі бала-шаға мен бәйбіше қатын отыр. «Еркегіміз жоқ» деп қондырмады. Қайта тысқа шықтым. Қатарындағы екінші тәуірлеу үйге келдім. Қораның есік алдында бір әйел тұр екен. Амандастым. Қара көлеңкеде қадала қараймын. Сыпайы әйел тәрізді. Басында кимешек, кең көйлек, желбегей шапан жамылған. Қырша мұрынды, аққұба әйел. Жасы қырық шамасында. Сөзі, беті, даусы ақылды әйел екенін білдіреді.
— Шырағым, біздің де үйімізде еркек жоқ еді. Осындай жаман уақытта танымайтын кісіні қондыру қорқыныштау ғой... Қайдан келе жатқан жігітсің? — деді.
«Керекуден келемін» деп жөн айтып, «құдайы қонақпын», —дедім.
— Қайыр, үйге кір ендеше, шырағым, әйтеуір ренжімесең, саған беретін етіміз жоқ. Қыстан жұтап шығып отырған елміз, өзің де көріп келе жатқан шығарсың, — деді.
— Көріп келемін ғой, маған еттің керегі жоқ! — дедім.
Үйіне кіргізді.
Екі бөлмелі балшық үй. Бестік лампы жанып тұр. Өздері алдыңғысында екен. Жер еденге киіз, текемет төсеген. Есік алды мен пеш маңында ғана төсеніш жоқ. Есіктен кіргенде, оң жақ бұрышта, кептіріп бүктеген мал терілері текшелеулі, жинаулы тұр. Оның алдында екі жас бұзау жатыр. Бұзаулар жатқанмен үй іші таза. Төрдің алдында салынған төсектер. Төсекте бойжетіп қалған екі қыз бала жатыр екен. Шешесі балаларын тұрғызды. Екі әйел бала тұрып, шапандарын жамылып, төсектерінің үстіне отырды. Жеңгей бір бұрышта бөлек жатқан еркек баласын тұрғызды.
— Пайзікен шырағым, тұрып самауыр қайнатып жіберші. Үйге бір қонақ келді, — деді.
Маған: «Жоғары шығып отыр, шырағым!» — деді.
Тым жоғары шықпай отырдым. Лампыны ортаға қойды. Пайзікен тұрып самауыр қоя бастады. Жеңгей төрден бері, қыздарына таяу, маған қарсы отырды. Таза, жарық, жылы үйге кіріп, көңіл жайланып, малдасымды құрып отырдым. Сырт киімдерім сұмпайы. Аяқта бұзаубас жаман етік. Бұтта жамаулы қазақша қой терісі шалбар, үсте тас көмірдің күйесі сіңген, жеңдері қырқылған сырты қоңыр тібен, іші күзен бешпент ішік. Белде ескі шүберек белбеу. Баста қара мысық терісінен істелген ескі қоңыр барқыт тысты құлақшын, мойында ескі шарф.
Жеңгей енді анықтап жөн сұрай бастады. Жөнімді айттым. Баяғы, «Омбыдан нағашысын іздеп келе жатқан Дүйсенбі» боламын.
Жеңгей сыпайылап жауап алып отыр. Бірақ қоймай қағып, түбірлеп, анықтап сұрайды. Пайзікен де самауырды тұтатып келіп сөз тыңдап отырды. Екі қыз бала да көздерінің астымен маған қадалып қарап, бір сөзді жібермей тыңдап отыр. Екеуі де бойжетіп қалған. Көкөрімдей екеуі егіз қозыдай. Тұрымтайдың балапандарындай, көздері мөп-мөлдір қарақаттай. Беттері дөңгелектеу, қара торы. Шапандарын жамылып, қабаттасып отыр. Бер жағындағысының басында қара елтіріден істеген қоңыр барқыт тымағы бар.
Жеңгей түбірлеп жөн сұрап сөйлесіп отыр. Сұраған сөздерінің бәріне жауап беріп болдым. Біраз жауап алған болған соң, жеңгей ақырын тамсанды.
— Апырым-ай, шырағым-ай, түріңе қарағанда, жаман жігіт тәрізді емессің, жүріп келе жатқан жөніңе қарағанда, тіпті ақылсыз кісінің ісіндей екен, — деді.
— Несін айтасыз? — дедім.
— Несін айтпайын, сонау Омбыдан ауылының кім екенін, қайда екенін анықтап білмейтін, атасының кім екенін білмейтін «бір нағашымды іздеп келемін» дейсің және мезгілсіз, жаман уақытта іздеп келесің. Ақ пен қараның арасында, жолдың ең жаман уағы — жазғытұрғы уақытта іздеп келесің. Осындай уақытта сонша жерден, осындай алыс танымайтын жерге келесің. Және, оның үстінде, бұл жақтағы елдің қыстан қаусап жұтап шығып, ашығып жатқан қараөзек шағында келесің. Ақылы бар кісі ауылының қайда екенін білмейтін, атасының кім екенін білмейтін нағашысын алыс жерден іздер ме? Іздегенде жазғытұрымғы, жолдың қиын уақытында іздер ме? Және жұтап, ашығып жатқан елді іздер ме? Жаз әбден шығып, көк жетіліп, азды-көпті жұрттың аузы аққа тиіп, жұрт тыңайғанда іздемес пе! Және реті келсе, не «Екібастұз» заводына барып, жұмысқа кірейін деп, не мына темір жол бойындағы жұмысқа кірейін деп едім дейсің. Қазір не «Екібастұзда», не мына темір жолда жұмыс бар ма? Бұл жақта пайдалы жұмыс болса, бұл жақтың өзіңдей жігіттері жұмыс іздеп, пайда іздеп Ертіс бойына, пароходқа — Омбыға кетер ме еді? Оны неғып білмейсің? Бұл жақтың өзіндей пайдалы жұмыс іздеген жігіттері жыл сайын Омбы жаққа барады. Оны білсең керек қой. Пароходпен осы жақтан жыл сайын лек-лек болып Омбыға барып жүрген жігіттерді көріп, олардан бұл жақтың жайын сұрап білсең керек қой... Мұның бәрін білмес дейін десем, сөзің мен түрің оған келмейді. Келе жатқан жөнің, ісің ақылсыз жігіттікіндей емес. Қайранмын, шырағым, — деді.
— Рас енді, қалай деп айтуға да сиятын болғаны рас. Өзім ә дегенде Омбыдан бір шығып қалдым да, жолдан қайтуға ыңғайсыз көріп едім. Және бұл елдің биыл мұндай халге ұшырағанын Керекуге келген соң бір-ақ білдім, — дедім.
Жеңгеймен сөйлесіп отырғанда, екі қыз бала әрбір сөзді қағып алып, жіпке тізіп отырғандай аңдып қарап отырды. Әсіресе арғысы. Онысы бергі баладан үлкендеу тәрізді. Бергі қыз баланың тымағының көлеңкесіне бетін жасырып, менің бетімнің, көзімнің әрбір құбылысын аңдып, мөлдіреп қадалып отыр. Шешесіне жөнімді айтып, баяндап жауап беріп отырғанымда, тымақтың көлеңкесінен аңдып, маған қадалып тесіле қарап отырған мөлдір қарақаттай екі көзге көзім екі-үш рет түсіп кетті. Бұрынғы бір таныс адаммен көп уақыттан соң бір жерде кез болып, таныр-танымас болып отырған тәрізді. Қыз баланың бұл қарасы маған ыңғайсыз көрінді. Өйтіп қаратпауға ойландым. Мөлдіреп қадалып отырған көзіне «қапияда қарсы атқандай, мен де қадала қарап қалсам, бүйтіп қарауын қояр еді» деп ойладым. Шешесімен әлгі ретпен, сөзіне бажайлап жауап қайырып отырмын. Ақырын, елеусіз орнымнан қозғалып отырдым. Арғы қыз баланың тымақ көлеңкесіндегі беті жарықта қалды. Бетін жарыққа шығарып қойып қадалып отырған көзіне қапияда мен де қадала қарай қалдым. Сасып қалды. Көзін аудара қойды. Бетін көлеңкеге кіргізе қойды. Мұны менімен сөйлесіп отырған шешесі де және сіңлісі мен інісі де сезген жоқ. Жеңгеймен тоқталмай, жай сөйлесіп отырмыз. Бірақ бергі тымақ көлеңкесінен қара көз қадала қарауын қоймады. Тағы да ептеп қозғалып отырып, өте қадалып отырған қара көзді көлеңкеден жарыққа шығардым. Тағы да, қапияда қарсы найза атқандай қара көзге мен де қарсы қадалдым. Тағы да жаңағыдай көлеңкеге түсіп кетті. Сөйтіп, сөзбен жеңгеймен арбасып сөйлесіп отырып, көлеңкеден аңдып қадалған қара көзді тойтаруға көзбен қарсы да оқ жіберіп отырдым. Көлеңкеден қадалған көз тойтарылмады. Бұл атысты көлеңкеден қадалып отырған қара көзбен екеуміз ғана білісіп отырдық. Бір мезгілде үлкен қыз бала қозғалып, ар жағына қисайды. Шешесіне ақырын:
— Апа, бері келші, — деді.
Шешесі қызына қарады. Ақырын қызына қарай бұрылды.
Ақырын: «Немене?»— деді.
Қызы мен шешесі іргеге қарай қисайып жатып сыбырласты. Қызы бізге естіртпей, шешесіне ақырын сыбырлап, біраз сөз айтты. Сыбырласып болып, екеуі бастарын көтеріп, бұрынғыдай отырды. Шешесі жай байсалды жүзбен көзін лампыға салып ешбір ойсыз кейіпте отырғандай болды. Қыз шешесіне мен туралы бірдеме айтқанын жүрек сезіп отыр. Бірақ «не айтты екен?» деп отырмын.
Аз ғана уақыт үндемей отырып шешесі маған:
— Шырағым, атым кім деп едің? — деді.
— Дүйсенбі, — дедім.
— Орысша оқыған ба едің? — деді.
— Жоқ! — дедім.
— Орысша тіл білесің бе? — деді.
— Азырақ білемін,—дедім.
— Қазақша оқып па едің? — деді.
— Азырақ оқып едім, — дедім.
— Қайда оқып едің? — деді.
— Омбыда бір кешке оқытатын оқу ашылған еді, сонда оқып едім,— дедім.
— Омбыда орысша оқыған жігіттерден білетінің бар ма?—деді.
— Бар,—дедім.
— Кімді білесің? — деді.
— Асылбек Сейітұлы, Мұсылманбек Сейітұлын білемін. Және сол Сейітұлдарының тағы бір-екеуін білемін. Және Асай Шортанбайұлын білемін. Шайбай Айманұлын білемін, — деді.
— Оларды қалай білесің? — деді.
— Сейітұлдарының үйі сол Омбыда болатын, содан білетінмін. Онсоң Шайбай Айманұлын және Шорманұлын білетінмін, мен Қажымұқан деген ағамның аттарымен, орыс мейрамында оларды талай жерге апарушы едім. Әсіресе Шайбай деген жігітті көп танушы едім. Онымен тіпті жақын едім. Мейрамдарда атпен жүріп, қаланың шетіне шығып көңіл көтеруші еді, — дедім.
— Бұл жігіттер қазір қайда? — деді.
— Білмеймін, Асылбек Сейітұлы бір жерде доктор болса керек, Асфандияр қай жерде ұлық екенін білмеймін. Шайбай да бір жерде доктор деп еді, — дедім.
— Шайбаймен жақсы болсаң, оның елі қай жақта екенін білуші ме едің? — деді.
— Осы Баянауылдың маңайында деуші еді, — дедім.
— Шайбайдың әкесінің атын білесің бе? — деді.
— Әкесінің аты Аппас болса керек еді, — дедім. Жеңгей ақырын жымиып күлді.
— Жарайды, білдің... Олай болса, Асылбек Сейітұлы қазір осы Баянауыл станциясында доктор, Шайбай да сонда фельдшер, екеуі бір орында қызмет қылады! — деді.
Үлкен қызына қарап:
— Пәтері... солардың пәтері қайда еді? — деді. Үлкен қызы:
— Мешіттің қасындағы, әлгі пәлен дегендікінде, — деді.
Манадан бері көмескілеу сезіктеніп отырғаным, енді айқынға шықты. Шайбайда менің бір-екі суретім болушы еді. Мөлдіреп қадалған қара көз сол суреттерді көрген екен. Шайбайдағы суретімнің соңғысы 1918 жылы тұтқынға түсердің алдында түскен сурет еді. Менің ондағы түрім мен Колчак лагерінен қашып келіп отырғандағы түрімнің айырмасы жер мен көктей. Арасында бір-ақ жыл өтсе де, он жыл ауыр бейнет көргендей, түрім өзгерген еді. Қара көз сонда да шырамытты...
Жеңгей:
— Жарайды. Шайбаймен жақсы таныс па едің? — деді.
— Я, ашына жай едік, — дедім.
— Ендеше, Шайбайдың ауылы осы, мынау таудың алдыңғы жағында. Осы жерден он бес шақырым болар ма екен, сондай. Әкесі ауылда. Өзі қалада. Бізге ағайын болады. Оларды би баласы дейді. Біз оларға ағайын боламыз, — деді.
Шай келді. Пайзікен мен шешесі шай жасады. Бала құйды. Бәріміз шай іштік. Бір-екі жігіт келді. Олар да жөн сұрады. Айттым.
Жеңгей олармен қосылып нағашымды менің долбарыммен нұсқалап тапты.
— Нағашыңның тірісінің аты Ілияс дейсің... Ақсақалды шал. Ілиястың әкесінің аты Қасқабас болса, ол — Ботбай Ілияс. Жүністің Ілиясы ғой, — деді. Жігіттің біреуі:
— Ілиястың Жүніс деген бір туысқан молда інісін білесіз бе?—деді.
— Білмеймін. Әйтеуір, бір туысқаны бар деуші еді. Орысша оқыған адам деуші еді, — дедім.
— Е-е, сол, сол... Жүніс орысша оқыған молда еді. Орысша бала оқытушы еді. Мен сол Жүністен оқып едім. Бейшара, өліп қалды ғой... Ауылдары осы таудың солтүстік етегінде, — жиырма шақты шақырымдай ғана. Осы тауды ылғи бөктерлеп отырып, ертең сәске түске барасың, — деді.
Нағашым, тез оңай табылғанына қатты қуандым. Бірақ іздеп келе жатқан досым Шайбай Асылбек Сейітұлымен бір пәтерде тұрғандығы планымды бұзып жіберді. Және бір «жолықсам» деп келе жатқан кісім Асай Шорманов еді, Сейітұлы бұл жақта болған соң Асайға да бара алмайтын болдым. Доктор Сейітұлы менімен өте таныс. Оқудағы күннен таныс. Одан 1916 жылы Ақмола уезіне олар ауыл шаруасының санағын алу қызметіне келгенде, біраз Ақмола қаласында бірге болғамыз. Одан 1917 жылда, мен қазақ комитетіндегі кезде, Асылбек Сейітұлы Ақмолаға екі рет келген. Және біз Совдеп жасауға қам қылып жатқанда да келген. Офицер Абылайханұлы екеуі «Алашорда» мекемесіне сайлап, елге салық салып, «Алашордаға» ақша және милиция (әскер) жинамақ болған. Біз қарсы шығып, үш күн ұдайымен Ақмолада жалпы жиылыс (митинг) құрып айтысқамыз. Ақмола халқы тегіс біздің айтқанымызбен кеткен. Доктор Асылбек пен офицер Абылайханұлы қашып кеткен... Енді бұл Баянда, Шайбаймен бір пәтерде. Баян — казак-орыс қаласы. Колчактың өкіріп тұрған кезі. Шайбайға барсам, Асылбек біліп қалса, Омбыдан қашып, Алтайдың Славгородіне келгенім, одан жаяу Керекулетіп, көң етікпен су кешіп үш жүз елу (350) шақырым жүріп Баян келгенімнің бәрі босқа кетеді ғой деп қауіп қылдым. Шайбайға бара алмайтын болдым. Жігіттер шығып кетті.
Мені бір үйге апарып жатқызуға жеңгей Пайзікенді қосып берді. Пайзікен екеуміз тысқа шықтық... Ай жоқ. Түн қараңғы. Түнерген бұйрат іші тіпті қараңғы көрінеді.
Төңірек тым-тырыс. Тысқа шыққан соң Пайзікен әңгімелесе бастады. Аяңдап келеміз. Жатқызбақ үй шетте екен.
— Сенің түсің бір түрлі ұнады маған. «Түсі игіден түңілме» дегендей, сен тәуір жігіт көрінесің. Біздікіне қызмет, жігіт қылатын жігіт керек еді. Сен біздікіне тұрсаң қайтеді? — деді.
— Ойбай, қарағым, жігіт жалдауды әке-шешең билейді ғой. Әкең үйде жоқ көрінеді. Сенін бүй дегенің бола ма? — дедім.
— Болады. Менің айтқанымды әке-шешем бұзбайды. Екеуміз сөз байласақ болғаны. Біздің үйдің жұмысы да ауыр болмайды. Осы күні жігіт табылады ғой. Бірақ сен тәуір жігіт көрінесің, сондықтан саған айтып келе жатырмын, — деді.
Бала жабысып қоймады.
— Жұмыстарың қандай? — дедім.
— Жұмыс ауыр емес. Азғана жылқыны бағу. Бие сауу. Көшкенде жүк артысу. Үйде болғанда үй жұмысын қылу, — деді.
— Ақыларың қандай болушы еді? — дедім.
— Қайдан білейін, өзің айт! — деді.
— Мен, айға, ең кем алғанда жүз сомнан алып жүрдім, қарағым, — дедім.
— Ойбо-о-ой! Ондай ақы бұ жақта болмайды,—деп бала азырақ ұялыңқырап, ыңғайсызданып қалғандай болды...
Жататын үйге келдік. Пайзікен мені айтты. Үй иесі: бір кемпір мен жігіт, келіншегі үшеуі екен. Үй іші кедей. Үйі — үй емес, үйшік. Аласа, жарығы көмескі білте шам. Үйшікті қазандықты пешпен бөлген. Үйшік былғаныш, лас. Төл иісі шығады. Үй иелері момын адамдар. Мен барысымен жатуға қозғалды. Манағы ана үйге келген екі жігіт келді. Тағы да менімен сөйлесіп тұрды. Кетпей Пайзікен де тұрды. Есікке таяу, ластау іргеге маған бір шомыт төсеп берді.
Екі жігіт пен Пайзікен сөйлесіп қарап тұрды. Екі жігіттің орысша оқыдым дегені маған: «Билет қағазың бар ма?» — деді.
— Бар,— дедім.
— Кәне, көрсетші, — деді.
Бешпент ішіндегі қалың көйлегімнің төс қалтасынан бөлек бүктелген екі-үш қағаз бар еді. Бір-бір тарақ ақ қағаз. Бірі — бір қазақша жай жазу. Бірі — билет қағаз. Әуелі бүктеулі қалпымен ашпай епсізденіп, ақ қағазды алып бердім. Жазып қарап:
— Өй, мынауың ақ қағаз ғой? — деді.
— Ә-ә, ендеше, мынау шығар! — деп, ақ қағазды қайтып алып, бүктелген бойымен қазақша жазуы бар қағазды алып бердім. Оны ашып көріп:
— Ой, мынауың да бір қазақша сөз жазылған жай қағаз ғой! — деді.
— Түу, о да емес екен ғой. Ендеше, міне, мынау! — деп билет қағаздың өзін алып бердім.
Ашып, мөрін көрген соң, тексерушілердің көңілдері тынды. Билетті өзіме қайырып берді. «Жөндеп, бүктеп белгілеп қой. Өзің бір аңқаулау жігіт көрінесің, жоғалтып аларсың. Билетіңді берік сақта. Бұл басың ғой, байғұс!» — деді.
— Е, жоғалмайды ғой, — дедім.
Лагерьден қашып шыққалы билет көрсеткенім осы. Қазекең қалай!..
Нағашымның ауылына қарай жүретін жөнді тағы да анықтап сұрап алдым.
Шомыттың үстіне шешініп, рахаттанып, үстегі келте киімдерді төсек қылып, көсіліп тыраштанып жаттым...
Ертең ерте жүріп кеттім. Ауа таза. Аспанда бұлт жоқ. Жұмсақ ескен жел жібектей. Күн шыққан. Күн жер жүзіне алтын сәулесін бүркеді. Жердің көгі жаңа шыққан мұрттай тырбиып шыға бастаған. Жалаңаш сұлудай құшағын ашып Баян сұлу тұр. Сұлу денесін алтынмен булағандай. Баянның қызықты денесіне қарап көз суарып келемін. Көрген азап, ауыр бейнет енді артта алыс қалғандай. Кешегі шаршаған, талған дене бүгін темірдей. Дененің тырсылдаған көк бұлшық еттері көк темірдей тырсылдайды. Қамшының өріміндей бүгіліп бұлтылдайды. Таза ауадан көкіректі көтеріп дем алдым. Көңіл құлаш серпіп көтерілді. Жер жүзі тегіс көңілденгендей.
Көкке шығып дөңгеленіп, мың құбылып жырлаған бозторғайлар да шаттық күйлерін жырлайды.
Баян тауын етектеп келеміз. Тауға жарыса шыққан, тауды етектей шыққан неше түрлі әдемі ағаштар жасарып, бұтақтары бүршік ата бастапты. Бұйра шашты, ырғалған сұлу ақ қайың. Сүмбідей тік қызыл қайың. Өрімдей солқылдаған көк тал. Жал-құйрығы төгілген жалбыр қара айғырдай қара тал. Тау басында сұңғақ сұлу, көк қалпақты қарағай. Жасарып бүршік атқан ағаш иісі. Жаңа желбіреп шығып келе жатқан көк иіс, буланған қара жердің жас иісі — бәрі қосылып таза ауаға жұпар бүркіп тұрғандай. Тұнық ауа адамды иісімен қандыратын уыз қымыздай. Денені қуаттандыра бөктерлеп, кемерлеп жіңішке соқпақпен келемін. Оң жағымызда, таудың етегінде адырлар, бұйраттар. Одан әрі сала-саламен барып жазылған қиыры алыс кең дала.
Таумен келемін. Түрлі күй естіледі. Баян сұлу сыңқылдап, түрлі күйге салады. Таудың сай-сайынан сумаңдап, сылдырлап, ағаштардың ара-арасымен бұлақтар ағады. Иреңдеп сырғанаған бұлақ суы созылған көк жібектей. Таудан төмен сылдырап аққан көк бұлақтың сыңқылы дүркіреп ойнап жүгірген жас балалардың шуындай. Ағаш араларында құстардың әр түрлі даусы шығады. Кейбіреулері жасырынбақ ойнаған балаларша зырылдап ұшып-қонып, жасырынып, ысқырып ойнайды. Бірін-бірі қуалайды. Кейбіреулері жіңішке дауыспен үлбірек әнді сыңқылдап жырлайды. Кейбіреулері нәзік күйін түрлі құбылтып сайрайды. Ағаш құстарының күйіне қырдағы бозторғайдың құйқылжыған жыры қосылады. Баянның тауы, тасы, сылдырап аққан бұлақтары, өрмелей шыққан ағаштары, қыры, ойы — бәрі де жырлайды. Бәрі де шаттық үнін қосады. Сұлу Баян түрлі күймен жырлайды.
Тауды бөктерлеп, бұлақтардан аттап басып аяңдап келемін. Түс болғанда бір бұлақтан жуынып, су ішіп, тезек отына пісірген қалтадағы наннан жеп, бұлақтың басында, көгалда күнестеп, тынығып жаттым.
Біраздан соң тағы да жүрдім. Тау етегінде, өлі қыстауларында отырған бір-екі ауылға соқтым. Нағашымның ауылын анықтап сұрап алдым. Қыстан әбден қалжырап шығып отырған ел жүдеу. Мал аз. Ауыл-ауылдың маңында, қотандарында жұттан өлген малдың жусап жатқан жұлмаланған жемтіктері. Шайбай ауылының он шақты сиырын бағып жүрген бір жігітіне жолықтым...
Бесін кезінде Баянның солтүстік бауырындағы нағашымның ауылына келдім.
Ауылдың күншығыс жағында тезек теріп жүрген қатыннан нағашымның үйін сұрадым. Қораларын қиқым басқан, мыжырайған жаман үйшіктер. Тышқанның көзіндей жылтыраған кішкене терезелерінің бүтіні жоқ. Пұшық кісінің мұрнындай жаман қоралары аңғал-саңғал. Әр үйшіктің маңында үйілген күл, қиқым, жас қи, қамба, қорда, шашылған ағаш. Шеткі үйшікке келдім. Үйдің күнгей жағында екі-үш қатын ұршық иіріп отыр екен. Амандасып, нағашымның үйін сұрадым. Көрсетті. Көрсеткен үйшікке келдім. Үйшіктің сыртында дәрет алып нағашым Ілияс отыр екен. Қапсағай, буырыл сақалды шал.
Сәлем бердім:
— Ассалаумаликім!..
— Әликім сәлем, амансың ба, шырағым! — деді.
— Өзіңіз де амансыз ба, — дедім.
Жөн сұрады, танымады. Ілиястың мені соңғы көргеніне төртінші ғана жыл болып еді. 1915 жылы Ілияс біздің елге келіп, біздің ауылда бір жұмадай болып еді. Онда мен Омбыдан оқудан ауылға жазғы тыныс уақытында келіп жатқан кезім. Үйде Ілиястан әңгімелер сұрап отырушы едім. Ілияс жігіт күнінде жорықта көп жүрген кісі. Жорықта жүргендігін, бастан кешкен әңгімелерін маған көп сөйлеуші еді.
Міне, Ілияспен бір жұма әңгімелескенімізге төртінші ғана жыл болды. Енді Ілияс мені танымады. Оңашада тез танытып, жөнімді айтып алайын деп ойладым.
— Мені танисыз ба? — дедім. Бетіме қарап тұрды.
— Шырағым, жаңылып қалмасам... таныңқырамадым...—деді.
Оңашарақ алып шықтым. Отырдық. Бір-бірімізге қадала қарасып отырдық.
— Шын танымадыңыз ба? — дедім.
— Жоқ... танымадым... — деді.
— Сәкенді білуші ме едіңіз? — дедім. Таңырқай қалды.
— Қай... Сәкен?.. Сейфолланың Сәкенін бе? — деді.
— Иә, — дедім.
— Білем... — деді. Бірақ әлі де танымады.
— Ендеше сол Сәкен менмін, — дедім.
Селк ете түскендей болды. Көздері шеңбердей болды...
— Қой, шырағым!.. Сәкен сендей емес... Өйтіп балалық қылма! — деді.
Танымады. Нанбады.
Ішімнен: «Апырым-ай, сонша өзгеріп, түсімнің сонша бұзылып кеткені ме!» — дедім.
Он шақты айдың ішінде түсіме он жылдық өзгеріс кіргенін сонда ғана айқын білдім. Он ай қиналған жан бетке он жылдық таңба салғанын сонда ғана сездім. Славгородте бір айнаға қарап қалғанымда, өз бетімнен өзім селк етіп шошып қалып едім... Маңдайымда бұрын болмаған үш-төрт сызықты көріп, аз күнгі дозақтың, сансыз азаптың таңбасы ғой деп едім... Сол арада ойға келе қалып, тағы да бір тамсандырып, қайран қалдырған нәрсе — сол күнгі қонып шыққан Жантемір қызының, Шайбайдың үйінен көрген суретімнен мені шырамытқаны болды. Үш-ақ жыл бұрын өзімді көрген нағашым мені танымайды.
«Мен Сәкенмін» деп тұрсам да, нанбайды! Бұрынғы суретімді көрген қыз таниды!..
Нағашыма бастан-аяқ әңгімені айтып және өзінің біздің елге келгендерін айтып, біздің үйдің адамдарының тегіс аттарын айтып, әрең деп Сәкен екендігіме нандырдым.
Менің Сәкен екенімді білген нағашым байғұс жылады.
— Қарағым-ай, қандай халге түскенсің! — деді.
— Енді жыламаңыз... Менің Сәкен екенімді үй ішінен басқа тірі пендеге айтпаңыз. Менің атым Дүйсенбі... «Екібастұз» заводына жұмысқа барған Ақмола уезіне қараған бір жиеннен туған жиеншар деңіз. Руы Қуандық. Аты — Дүйсенбі, науқастанып, енді еліне қайтып барады екен — деңіз.
Сөзді солай байлап үйге кірдік. Үй — ортасын жаман қожыр қазандық пешпен бөлген, іншік. Іші қоқсық. Өте кедей. Үйде үш-төрт кемпір, бір-екі келіншек, бір-екі жігіт, бір-екі бала отыр екен. Амандастық. Ілияс, менің жөнімді жаңағыдай қылып айтты. Біраздан соң отырған бөтен қатын-қалаш кетті. Есікті ішінен бекітіп, оңаша қалған қатын-баласына нағашым менің шын жөнімді айтты. Нағашымның қатын-баласы көздері шеңберленіп, әңгімені аңырайып тыңдады. Әңгіменің ақырында бір-бір жыласып алды. Сонымен үйге орнығып жайластық...
Нағашымдікіне тығылып, он бір – он екі күн жаттым. Бір үйдің домбырасы бар екен, соны шертіп жатамын. Табанның жаралары жазылды. Ілияс нағашым өте кедей. Бар малы — көтерем, қыршаңқы көк ат, орнынан әрең тұратын қоңыр өгіз. Төрт-бес ешкі, бір бұзаулы сиыр. Бұл малға қарап отырған жан: кемпір мен шал, баласы, жиырманың ішіндегі жігіт — Рақыш. Байы өліп қайтып келіп отырған Ілиястың қызы. Ол қызының екі-үш баласы... Үй ішінің жабдығы да нашар. Он сомға татитын нәрсе жоқ. Бәрі — көтерем, қыршаңқы, көк шолақ атқа лайық: жапырайған қара пұшық құман, ескі шоқпыт текемет. Бұрынғы заманда болған бір көрпенің сілемі, ырбиған ағаш есік. Бір-ақ көзі бүтін, шоқпыт жамаулы, сығырайған кішкене терезе. Алды-арты сынған, ырсиған әбдіре нұсқасы. Темірмен жамаған шыныаяқ. Қалаған тастары шодырайып-шодырайып тұрған қазандық. Сынық диірмен, жамаулы ағаш сары табақ, тағы да толып жатқан қоқсыған нәрселердің жұрнағы, сілемі. Үй шикі бұжыр қыштан салынған, үй емес, іншік деуге болады. Мыжырайған аласа үйдің қабырғасы қожыр-қожыр. Дәл шешек қожырлаған қазақтың бетіндей.
Нағашымның енді бір үйі — Ілиястың ағасы Жүністікі Ақмола — Қарқаралы уездері жақ шеттегі Қаржас елінің ішінде екен. Баяннан жүз шақырымдай жерде. Жүніс өзі кемпірімен өлген. Жүністің жалғыз баласы Мұқай сол Қаржастағы қайын жұртына көшіп барып отыр екен. Мұқайды мен көрген емеспін, Ілияс үйінің айтуына қарағанда, Мұқайдың шаруасы тәуір болса керек. Он шақты сиыр, жиырма шақты қой тұяғы, үш-төрт жылқысы болса керек. Мұқайдың отырған қайнының ауылы Баяннан Ақмола уезінің оңтүстігіне қарай жүргенде жолда екен. Менің жөнімде болғандықтан, бұл маған өте жақсы болды.
Енді Ілияс екеуміз жүрмекпіз, жолшыбай Мұқайға бармақпыз. Одан әрі Ілияс біздің елге шейін менімен бірге бармақ. Жүруге қамдандық. Ілияс баласына жағалай ат іздетіп таба алмады. Бар ағайындары бермеді. Ақырында қоңыр өгізге арба жегіп, азыққа таба нан алып, Ілиястың бай ағайыны Нөгербек қажының баласынан сары май сатып алып, Ілияс екеуміз жүріп кеттік. Арбаға мінсек өгіз тарта алмайды. Тағы да өгізді қақпалап жаяу салпаңдадық. Күнұзын өгізді қақпалап, салпаңдап, кешке бір нашар қазаққа қондық. Ертең ерте ол ауылдан шықтық. Баянның қара қыртысын айғыздап казак-орыс егін жайларының араларымен келеміз. Келе жатқанымызда түс кезінде жол аузында көшіп бара жатқан бір үйлі қазаққа кез болдық. Бір-екі түйеге жүк артқан, бір атқа, бір өгізге арба салған. Екі-үш еркек. Бір жас әйел. Шоқша қара сақалды, салт атты қазақ Ілияспен таныса кетті. Амандасты. «Жол болсын» айтысты. Біраз сөйлесіп, озып кеткен көшіне барып еді, бір жігітпен шоқша қара сақалды қайта келіп, Ілияспен ілінісе бастады. Ілиястан бір ақы даулады. Жанжалдасты. Мен сөздеріне кірісіп едім, шоқша қара сақалды болмады. Көштегі біреуін шақырды. Баянауыл қаласының (станицасының) бір бай казак-орысының егіншісі екен:
— Қалаға байға апарып беремін... Сендер қашқынсыңдар,—деді.
Үш қазақ қоңыр өгізді арбасымен алды. Өзімізді бірге айдап, жалғыз үй қонатын жеріне, казак-орыс егінжайының қасына апарды. Лаж құрыды. Казак-орыс байының бұзықтығын үйренген бір законшік «батыр» көрінеді. Менен билет қағаз сұрады. Көрсеттім. Қағазға төреше түйіліп, оқыған тәрізденіп қарады. Омбыдан — Колчактан қашқалы менің билет қағазымды екі-ақ жерде тексеріп көрді. Бірі — сұлу Баянның күншығыс етегінде, Жантемір қажының ауылында. Бірі — және сол Баянның күншығыс етегінде осы, ызам келді. Ыза болмай қайтерсің! Омбы вокзалында, Татаркада, Славгородте, Керекуде (Павлодар) Колчактың әдейілеген аңдушылары билет қағаз сұрамайды. Ал сонша жерден іздеп келген Баян тауының етегіндегі қазақтар іліккен жерден билет қағаз сұрайды! Колчак білсе, бұларды тыңшыларының бастықтары қылар еді-ау деп ойладым. Колчактың жылтыр иықты жыландарынан, сұлу Баян, сенің етегіңе жабысқан қазақ байларының сұм мінездерін үйренген қазақ азғындары — қарабеттер «сақ» екен-ау дедім. Ол күні шоқша қара сақалдың жалғыз жаппасында болдық.
Босатпады. Кешке күн суытып, қайталама боран болды. Қарлы боран күнімен соқты. Бір далада, егінжайының арасында, жалғыз жаппада, шоқша қара сақалдың әмірінде бүрісіп отырдық. Боран таң ата ашылды. Сәске кезінде өзімізді босатты, өгіз бен арбаны алып қалды. Қолдан келер қуат жоқ, алыс жер. Жолдасым әлсіз шал, өзім қашқын. Бұл арада не қайрат қылуға болады? Жаяу кете бардық. Былай шығып, шалды өз ауылына кейін қайырып, жолды шалдан анықтап сұрап қағазға жазып алып, өзім жалғыз Мұқай нағашым отырған ауыл қайдасың деп жүріп кеттім.
Кешегі қап-қара жердің үсті аппақ. Құбыладан қоңыр жел ақырын еседі. Жақын маңда ел жоқ. Тек көзге көрінерлік жерлерде анда-санда қарайған, қыбырлаған егіншілер қаралары көрінеді. Және олай өткен, бұлай өткен бірен-саран жүрген-тұрғандар көрінеді. Тағы да жалғыз жаяу соқпақ жолмен адымдадым.
Күн көтеріле қар еріді. Түс кезінде қар қалмады...
Бір жерде отырған, киіз үйге шыққан үш-төрт ауылдың жанынан өттім. Одан бір бұйраттың ішіндегі Ілияс айтқан иесіз көлге келдім. Жағасында иесіз қалған бір үй, қора тұр екен. Пұшықтың мұрнындай аңырайып-саңырайып қалған бұйраттан астым. Ілияс айтқан «Былқылдақ» деген жерге келдім. Енді елге киліктім. Бұрынғыдай емес, малдың сабағы көріне бастады. Қазақ арасына кіргелі топтанған қоғамды малды енді ғана көре бастадым. Өйткені бұл жақ қыстан онша жұтамай шыққан екен.
Ілияс айтқан «Қожаның қорығы» деген жерге келдім. Киіз үйлеріне шығып отырған бір байлау ауылға бұрылып, бір байлау үйге кіріп, көже іштім. Жолшыбай көлкіп жайылған қар суын жалаңаяқтанып біраз кешіп отырдым. Күн бұйраттың желкесіне мінгенде, сол бұйраттың бетінде отырған Ілияс айтқан Айса ақсақалдың ауылына келдім. Ауылының қасында бір құдықты тазалап, суын төгіп жатыр екен. Ұзын жалпақ ақ бурыл сақалы күректей болып, Айса ақсақал құдық басында отыр. Төрт-бес жігіт құдық тазалап жатыр. Құдықтың лай суын біреуі қауғамен, бір-екеуі сатылап темір шелекпен төгіп жатыр екен. Айсамен амандасып жөн айтыстық.
Ендігі айтатын жөнім: «Баяннан», «Екібастұздан» Қаржас Бабас Балабай ауылына кетіп бара жатқан жігітпін».
Шала-пұла жөн сұрай сала, Айса ақсақал қалжыңдай күліп, құдық жұмысына жұмсады.
— Уа, ерім, тұлғаң дұрыс келген екен, мықты шығарсың!.. Кәне, мыналарға қайратыңды көрсетіп жіберші!.. — деді.
Қауғамен біраз суларын төгіп бердім. Айса жігіттерді шақбай қылды.
— Өй, шіркіндер-ай, мына жігіттің қимылындай қимылдасаңдаршы! — деді.
Айсанікіне қондым. Айсаменен әңгімелесіп отырдым.
Үйі екі бөлмелі, шикі қыштан қалаған үй. Малға да, жабдыққа да байлау көрінді. Бірақ қатты қыстан кейінгі жазғытұрымғы мал шаруасының әбігерінен үйінің іші былықтау. Жас төлдің иісі сезіледі. Айса намаз оқығанда, менің намаз оқымағанымды келісімсіздеу көрді.
— Шырағым, тәуір жігіт көрінесің, намаз оқымайтының жаман екен,— деді.
— Намазға киімдерім жарамаушы еді. Шиқан шығып жүр еді!.. — деп сылтаураттым.
Ертең ерте шайға қарамай, қымыз ішіп жүріп кеттім. Ол жылы қымызды ең алдымен сол Айсаныкінде іштім.
Айсаның ауылынан шығып, бұйраттан ассам, алдымдағы «Далба» тау мен аралық ойдағы далада, киіз үйлеріне шыққан қатар-қатар үш-төрт ауыл отыр екен. Бұл ауылдар да әжептәуір малды көрінді. Келе жатқан соқпағымның көк езуінде отырған тәуір киіз үйлі бір ауылға келдім. Ауыл жаңа тұрып жатыр екен. Түтін шыққан шеткі бозшалау, отаушалау үйге келдім. Үйдің сыртында бір ерттеулі ат, ауыздығы алынған тұсаулы, оттап жүр. Үйге кіріп келіп, сәлем беріп, жай тұра қалдым. Сол мезгілде бір қызық іс болып қалды.
Кіріп келсем, жаңа ғана таңертеңгі шайларын ішіп отыр екен. Дастарқанның төрінде бір жігіт отыр. Жігіт дөңгелек, бота көз, қыр мұрынды, қылтық қана мұртты, қара торы жас жігіт. Төрде мөлдіреп, шаншылып шай ішіп отыр екен. Ауыл жігіті емес, аттан жаңа ғана түсіп отырған жігіт тәрізді. Белін де шешпеген. Шай ішіп отырған өңге үш-төрт кісі ауылдыкі тәрізді. Ал дастарқанның төріндегі қара торы жігіт шаншылып, шыныаяқпен шай ұрттап отыр. Кіріп келгенде-ақ тани қалдым. Былтырғы, 1918 жылғы қысты күні Ақмолада кешкі курста өзімнен оқыған бір жігіт «шәкіртім» екен. 1917-1918 жылы Ақмолада семинарияда Кереку уезі, осы Баянауыл ауданының қазағы сүйіндік қаржас Кәрім Сәтбайұлы деген жігіт оқыған. «Алашорда» партиясы атынан Семей, Ақмола облыстарынан учредительное собраниеге сайлауға салынатын белгілі Әбікей Сәтбайұлының інісі. Кәрім Сәтбайұлы Ақмолада бізбен жанасып жүретін. 1918 жылы Ақмолада қазақ балалары, қазақ жігіттері оқитын курс ашқамыз. Сабақ беретін мен болғанмын. Сол курсқа Кәрім елден келген бір жігітін кіргізген. Екеуі Матжан деген белгілі қазақ байдыкіне жататын. Міне, сол 1918 жылғы кешкі курста өзімнен оқыған дөңгелек, бота көз, қара торы жігітпен енді 1919 жылы сәуір айында Баянауыл ауданында, Далба тауының алдында, қазақ ауылында, шеткі үйде, таңертең кез болдым. Дастарқанның төрінде шоқпардай болып шаншылып шайды ұрттап отырды. Өзі сәнділеу киінетін. Әлі де солай көрінеді. Сәлемімді алды. Кейбіреулері амандық айтысты: «Келіңіз, шайға келіңіз», — десті.
Әдейі төменірек, дастарқанның шетіне жетпей отырдым. Сыр бергенім жоқ. Жөн сұрасты. Айса ақсақалға айтқан жөнімді айттым: «Баяннан, мына Бабас Балабай ауылына бара жатырмын», — дедім.
Жай, сұлық, жалқау түспен байқаймын — шәкірт жігіт маған қадалып отыр. Бір-екі шыныаяқ шай іштім. Жігіт екі көзін алмайды. Басқалар оны елеп отырған жоқ. Шәкірт жігітім көзін аудармай отыр. Бетіне қарадым, жігіт маған:
— Сіздің атыңыз кім? — деді.
— Дүйсенбі, — дедім.
Шәкірт жігіт болмашы тамсанғандай болды. Үндеген жоқ. Салмақтылау жігіт еді. Үндемей тынып қойды. Бұ да тани алмады. Жүретін жөнді анықтап сұрап алып, біраздан соң жүріп кеттім. Шәкірт жігіт қала берді. Тысқа шыққан соң, «оңаша шығарып алып айтсам қайтеді?.. — деп азырақ ойланып лоблыдым. Айтуды пайдасыз көрдім. Айтсам, біреуден біреу естіп, жұртқа жайылып кетер деп, айтпай жүріп кеттім. Ол күні күн жылы болмады. Күнбатыстан ызғырық жел үріп тұрды. Кәдімгі жазғытұрғы қайтарма қара дауыл. Аспанда тасыған селдің сеңдеріндей қаптап, сұр ала бұлттар шайқалып, жүзіп өтіп жатты. Көгі жетілмеген қара жер: дала, ой, бұйрат, адыр, таулар сұрғылт тартып, бір түрлі сүйкімсіз қожырағандай. Құдды жазғытұрымғы көнтақа қоңыр саулық тәрізденіп тұрды. Күні бойы жолым елсіз болды. Тек жолға таяу, Далба тауының етегінде, қыстық үйінде отырған бір жалғыз үйге соғып, жолдың жөнін сұрап алдым. Елсіз Далба тауын аралап өттім.
Күн батуға таянғанда Далба тауларымен ұштасқан көп адырлардың ішінде, белгілі Ілияс айтып берген бөлегірек тұрған «Қаратоқа» деген адырға келдім.
«Қаратоқа» адырын алыстан көргеннен-ақ тани кеткенмін. «Адырдың үстінде қыстау көрініп тұрады»,—деп еді. «Сол ауылға қонарсың», — деп еді. Және «Қаратоқа» деген атты түбірлеп көп сұрап едім. Өйткенім: менің қазақша бергі руым «Қаратоқа» еді.
Күн сұр ала бұлттарды жамылып, оң жақтағы бұйрат адырлардың төбесіне мінгенде, мен келіп «Қаратоқаның» иығына міндім. Қыстауға келдім. Адам жоқ. Жаңа ғана көшіп кеткен тәрізді. Үй қоралар аңғал-саңғал. Бұзылған апандар тәрізді. Үй қораларының іші-сырты лас, шылқылдақ, боқтық, қи, сасық. Бір-екі жаңадан өлген малдың жемтіктері жатыр. Жемтіктердің қасында екі-үш ит жатыр екен. Менен жемтіктерін қызғанып, шабаланып, арсылдап үріп келді. Аңғал-саңғал үйдің біріне кіріп шықтым. Ештеңе жоқ. Қыстау адыр үстінде. Екі босаға тәрізді. Адырдың арасынан созылған өзек ойпаң төмен созылып далаңқай болып кеткен. Мен тұрған «Қаратоқа» адырының түбінен сарқырап өзен ағып жатыр. Көз ұшында жайылып жүрген қара-құра мал көрінді. Алыс тәрізді... Сұр бұлттарды жамылған күн адырдан әрі түсіп барады. Алыста көзге көрініп жатқан малдың ауылын таба алам ба? Жоқ па?.. Иесіз қыстауға қонсам ба?.. Мына ағып жатқан өзеннен су әкеліп, қайнатсам?.. Ана иттер қызғанған жемтіктердің етінен әкеп асып жесем?.. Несі бар?.. Омбыда Колчак лагерінде бізбен бірге жатқан қызыл мадиярлар күнде орыстың бір итін ұстап өлтіріп сойып жейтін. Бір күні Хорват деген менің әмпей мадиярым мен Панкратов деген орыс жігіті маған иттің сорпасын әкеп берген. Мен ішкемін. Несі бар ішпейтін... Біз мадиярлардан артық болыппыз ба... Ал олар ит етін жегенде, мен өліп жатқан жылқы етін неге жемеймін?.. Осы ойлармен лоблып, қазандықты үйдің үңірейген терезесінен келіп қарадым. Қайта шықтым. Есік алдындағы төмпеш күл қордаға шықтым. Күл төмпештің алдындағы жемтікті ақ төс қара ит пен ала мойнақ ит тырналап жатыр екен. Менің жемтікке көз салған ойымды сезгендей-ақ, екеуі жауға шапқандай маған қарсы арсылдап тұра ұмтылды.
Алыс болса да ойдағы қыбырлаған қара-құраға қарай жүріп кеттім. Жолдағы талды өзеннен шешініп өттім. Шымырлап, екпіндеп аққан лай су суық. Мұздай боп денені қариды. Бұрқыраған лай ағынның екпіні қаңбақтай қылып ертіп алып кеткісі келеді. Ағызып, домалатып апарып батырып, алып қашып көкпар қылғысы келеді. Лай судың ызғары шекеден өтті...
Күн әбден батқан кезде бағанағы көрінген қара малдардың маңында, бір өзенсымақтың бойында отырған бір ауылды таптым. «Қаратоқа» адырындағы қыстаудың иелері екен. Ілияс айтып берген бір орта шаруалы қазақтың үйінде қондым.
Ертең ерте шай ішіп және бір тостаған қымыз ішіп, қонған үйдің тал отынын балтамен бұтап беріп жүріп кеттім.
Күн суық. Аспанда жөңкілген, қаптаған сұр бұлт. Күнбатыстан ызғарлы жел ызғырып, сырдаңдап қара жерді жалайды. Кейде аспандағы жөңкілген сұр бұлттар тұтасып, қалыңдап, төмендеп қаптайды. Екпінімен ызғарлы желді күшейтіп, желмен бірге ақ қиыршық қар бүркіп өтеді. Кейде көтеріліп жалыраңқырайды. Елсіз бір даладан өттім. Бір өлкеге келдім. Тағы да бұраңдап аққан бір таулы өзеннен екі өтіп бір ауылға келдім. Алғашқы өткенде шешініп жалаңаштанып жалдап өттім. Суық күндегі мұздай ағын су денеге жыланша оралады. Кейін итеріп кісіні жібермейді. Екінші өтуге өзеннің жағасына келе бергенімде өзеннің арғы жағындағы көрініп отырған ауылдан келе жатқан бір атты кісі алдымнан шыға келді. Қара сақалды, қара торы, қызыл шырайлы, орта жаста, беті жарқындау кісі. Астында құлагер бие. Сәлемдестік. Жөн сұрастық. Өткелдің қай жер екенін сұрадым. Айтты. Өткелге қарай жүре бердім. Қара сақалды құлагер биені бұрып, қасыма жетіп келді:
— Шырағым, мен өткелден өткізіп салайын, мінгес! — деді.
— Жоқ, өзім-ақ өтемін ғой. Рақмет, жүре беріңіз!.. — дедім.
Кісі қалжыңдап, сөзді ойынға айналдырып:
— Уай, сен қалай жігіт едің?.. Мен оныңа болмаймын!.. Бұл қандай сыпайылық! Сені өткізбей жібермеймін! — деп, көлденеңдеп тұрып алды.
Талды өзеннен мінгесіп өттім. Кісімен қош айтыстым.
Өзеннің өлкесіндегі ауылға соғып, жөн сұрап алдым.
Бесін кезінде бір бұйрат ішіндегі ауылға келдім. Әуелі ауылдың бер жағында, бұйрат ішінде жайылып жатқан қойға келдім. Қойдың ішіне келіп, бір қалың көделі өзекке отырдым. Төмпеге пісірген қалтамдағы нан мен майдың қалғанын алып жеп отырдым. Астындағы қызыл өгізшесін қақпалап, сабалап, танауларын пысылдатып қойшы бала келді. Сәлем берді. Амандастық. Екі көзі нан мен майда. Өгізінен секіріп түсті. Қасыма келді. Үсті басы шоқпыт-шоқпыт. Түсі сүзектен тұрғандай. Боздағы шығып жақ жүні үрпиген. «Отыр», —дедім. Отырды. Нан мен май бердім. Қармақ қапқан алабұғаша қағып алып, көмейледі.
— Майды да көретін күн болады екен-ау! — деді.
— Е, еліңде май жоқ па? — дедім.
— Ойбай, ел қыстан қалжырап шықты ғой! Май татпағанымызға талай болған шығар! — деді.
— Мына бағып жүрген қойың едәуір ғой. Мұның иесінде неғып май болмайтын болды? —дедім.
— Өздеріне бар болғанмен, бізге тие ме!.. Және май жылдағыдай мол емес қой, — деді.
—Ақыға не аласың? — дедім.
— Жөнді ақы дерлік ақы жоқ, — деді.
— Сонда да? —дедім.
— Бір пұт бидай, бір етік, онан соң бір ескі шекпен, — деді.
— Соған осы қойды жаздай бағасың ғой? — дедім.
— Иә, — деді.
Біраз сөйлесіп отырып, қош айтысып жүріп кеттім. Мұқайдың туған апасы бар, Ілияс айтқан, бір ауылға келіп, Мұқайдың апасыныкіне келдім. О да бір кедей үй екен. Нағашы апаға, «Екібастұз» заводынан келе жатқан жиен болып, жөн айттым. Енді ол ауыл мен Мұқай нағашым отырған Балабай ауылының арасы алыс емес екен.
Намаздыгер кезінде Балабай ауылы отырған Сарыадырға келдім. Сарыадыр маңайындағы таулардан, өзге адырлардан бөлегірек тұрған адыр. Тұрған жері едәуір биік. Көп жерден көрінеді. Балабай ауылы Сарыадырдың қақ басында, әлі қыстауында. Сарыадырдың басындағы Балабайдың қыстауы тырбиып шоғырмақтанып көрініп тұр. Сарыадырдың бер жағында көрінген жан жоқ. Сарыадырдың төменгі етегіне келгенімде, аспандағы сұрғылт бұлттар қоюланып, төмен салбырап, суық жел ызғарлана соғып, біраз қар ұшқындап жауып өтті. Сарыадырдың иығына шаршап, талығып шықтым. Биікке шығып алып, ауылдан тасалау болған соң отырып, біраз тынығып алып, ауылға келдім.
Ауыл төрт-ақ үй. Қыстауының, үй қораларының жанында киіз үйде отыр. Малдарын қораға қамап, жайлап жатыр. Төрт үйдің бірі Мұқай нағашымдыкі. Біреуі — үлкен үй, Мұқайдың қайын атасы Балабайдың өзінікі. Үшінші үй Балабайдың үлкен баласыныкі. Төртінші үй бір көршілесінікі. Біреулер қораға мал қамап қыбырлап жүр. Бір жігіт қораның қасында бір кер төбел биеге шелекпен су беріп отыр екен. Соның қасына келдім. Сәлемдестік. Жауырынды, бойшаң, денелі, ат жақты, күрек тістері молырақ, сары жігіт. Сақал, мұрт аз, селдір. Иектің ұшында ғана бір шоқ тастақ жердің қызылшасындай сары қылшық селдірейді. Үстінде келте ескі ләнке күпі, белін буған. Аяқта саптама етік. Баста батырлардың дулығасы тәрізді ескілеу қарамен тыстаған қара елтірі тымақ. Ілияс үй ішінің айтуымен Мұқай екенін таныдым. Қора жақта, киіз үйлер жақта кіріп-шығып жүрген бірен-саран жұрттың бізде ісі болған жоқ.
— Сіз Мұқайсыз ба? — дедім.
— Иә... Оны қайдан білесің?— деді.
Мен Сәкен екенімді, қайдан келе жатқанымды қысқаша айттым. Ә дегенде аузын ашып, құлағын сала қалса да, Мұқай жымың етіп күліп жіберді.
— Мырза, үй демей-ақ, жай-ақ жөніңді айтсаң да, қазақ баласы біреуге біреу қонақасы береді ғой! — деді.
Мені «Сәкеннің жиендігін сатып тұрған, Сәкенді білетін біреу» деп ойлады, нанбайтын болды. Нандыруға әңгімені тез баяндадым. Ілиястікіне келгенімді айттым. Оның үй шаруасын, мән-жайын айттым. Ілиястың жолдан кейін қайтып кеткенін айттым. Ілиястың кедейлігін, жалаңаштығын, аштығын айттым. Ілиястың өзіне, кемпіріне, баласы Рақышқа шұға бешпентімді, артық көйлек-дамбалымды беріп кеткенімді айтып, «таныр» деп үстімдегі Рақыштың жамаулы-жамаулы жыртық бешпентін көрсеттім. Және Ілиястың Рақыштан үлкен бір баласы қыс ортасында өлген екен, соны айттым. Мұқай енді нанды. Түсі бұзылды. Болған көңілсіз хабарды төтеннен бір-ақ естіген соң жылады. Енді ол мені кеп құшақтады. Сөйтіп отырғанымызда, қолында таяғы бар, сақалына ақ кірген, денелі, қыр мұрын қара торы кісі келді. Балабай екен. Мұқайдың көз жасын көріп, менің де мәз болмай тұрған түрімді көріп, Балабай тез істің мәнісін сұрап, үйіріле түсті.
Мұқайдыкіне келдік. Менің айтуыммен, Мұқай мені ауылдың адамдарына былай деп таныстырды: «Екібастұз» заводынан Ақмола уезіндегі еліне қайтып бара жатқан, әкеммен бір туысқан Қатша апамның баласы — жиен екен... — деді.
Мұқайдың үйі қоңыр, жамаулы төрт қанат үй. Жас қатыны бар. Кішкене қызы бар. Үй жабдықтарының, бұйымдарының шамалы ғана «күн көргіш» дерлік нашарлау ғана түрі бар. Төрге салған көрпеде отырмын. Мұқай қатынына Ілиястың үлкен баласының өлгенін айтты. Қатын дауыстап жылады. Дереу бала-шағалары келіп, Балабайдың кемпірі және үлкен баласының қатыны Мұқайдың қарындасы екен, ол жүгіріп келіп, дауыстап, Мұқайдың қатынымен құшақтасып жылады. Бойжеткен, бойшаң, дөңгелек бет, бір қара торы қыз келді. Мұқайдың балдызы, Балабайдың қолындағы қызы екен. Балабайдың үлкен баласы келді. Кіші баласы келді... Төрт үйдің бала-шаға, қатын-қалашы жиналып қалды. Біраздан соң жылау басылып, жұрт тарады.
Бұл ел қыстан тек қысылып қана шыққан екен. Балабай ауылы аман, күйлі шыққан екен. Балабай ауылы оңаша. Сарыадырдың басында. Павлодар уезі Баянауыл ауданының Қарқаралы, Ақмола уездерімен шектескен ең шетінде, Сарыадырдың басында тұрып, Балабай ауылынан құбылаға қарасаң, Қарқаралы уезінің жерлері көрінеді. Күнбатысқа қарасаң, Ақмола уезінің жерлері көрінеді. Оңтүстікке қарасаң, Семей уезінің жерлері де қашық емес, көгеріп көрініп тұрады. Ауылдың үйі шағын — төрт үй. Төрт үй бір-ақ үйдей. Көп кісі келмейді. Ауылдың адамдары қазақнамай, жабайы, жадағай. Бәрі ақкөңіл. Қулық-сұмдық баққан емес, сөз айдаған сұғанақ емес. Адамдармен тез үйір болып кеттік. Ауыл аз ғана шаруасын баққан, момын ауыл.
Мұқайдыкінде тынығып жаттым. Төрт-бес сиыры бар екен, бәрі бұзаулаған. Құймақ, қатық пен қаймаққа қарық болып жатырмын. Жиырмаға жетер-жетпес уақ тұяғы бар екен. Үш-төрт жылқысы бар екен. Біреуі — арық айғыр. Мінгіші де, көлігі де сол торы шолақ арық айғыр екен. Күн әбден жылынып, көк жетіліп, сол торы айғыр күйленген соң Мұқай айғырға жайдақ арбасын жегіп, мені Ақмоланың оңтүстігіне, өзіміздің елге алып жүрмек. Күн жылынып, көк жетіліп, торы шолақ айғыр күйленгенше, Мұқайдыкіне тынығуға орнығып жаттым.
Сөйтіп, бәрін қосқанда уақыттың қиыншылықты кезінде жаяу сегіз жүз (800) шақырым жол жүріп, Семей, Ақмола губернияларының төрт уезінің түйіскен жеріндегі Сарыадырдың басында Балабай ауылына келіп демалдым, сегіз жүз шақырым жол жүрдім дегенім мынау:
1919 жылы қылшылдаған қаңтарда атаман Анненковтың отряды бізді Ақмоладан Қызылжарға айдап келді. Ақмола — Қызылжар арасы бес жүз (500) шақырым. Мұның үш жүз елу шақырымдайын жаяу жүрдім. Омбыдан қашып, отарбамен Славгород келіп, одан қар ери бастаған кезде Павлодарға жаяу келдім. Жүз елу екі (152) шақырым. Павлодардан көксоқта су мен Баянға жаяу келдім. Жүз тоқсан екі (192) шақырым. Баяннан Сарыадырға — Балабай ауылына жаяу келдім жүз шамалы шақырым. Бәрін қосқанда — (800) сегіз жүз шақырым болады. Бұл жолдың әсіресе аяққа қиын болғаны, екі табанды үлдіретіп, қанын ағызып, жанға қаттырақ батқаны — соңғы төрт жүз елу (450) шақырымдық жүріс. Славгород пен Сарыадырдағы Балабай ауылының арасы...
Балабай ауылына үйір болып алдым. Өңкей бір момын, ақкөңіл, жадағай, жабайы адамдар. Сіңісіп кеттім. Тез оңала бастадым. Ісінген дене қайтып, таралып, тарамыстанды. Дене жіңішке көк темірдей бүгіліп күшейді. Балабай ауылының ағы мол. Құймақ, қатық, қою қаймақ, жаңа байлап сауған уыз қымызға кәнігі болдым. Күн әбден жылыды. Көк гулеп шыға бастады. Балабай ауылы Сарыадырдың Темірқазық жағына, бауырға, Көкөзекке қонды. Балабай ауылының сенімді бір өз кісісіндей болдым. Балабайдың қырық шақты жылқысы бар. Жүз елу қойы бар. Бірталай сиыры бар. Мал шаруаларына қатынаса бастадым. Көгалдағы желі басына барып, бие саудыратын болдым. Бие сауатын Балабайдың қызы... Шеттегі жалғыз ауыл болғандықтан ұры-өтіріктен қорқынышты. Олай өткен, бұлай өткен жорықшының жолы. «Жаман айтпай жақсы жоқ», бір күні жортуылшы жау келіп соқтықса, «тәйт» дегізіп, жер соқтырып кетеді. Темірқазықтан күншығыс жақта, он-он бес шақырымдай жерде отырған ел болмасы, айқайға келетін ел жоқ. Жүргінші ұры көп. Жаман уақыт. Малға сақ болу керек. Қамсыз болмау керек.
Бір күні күн еңкейген кезде Балабай биікке қарауылда отырып, Сарыадырдың оңтүстік жағындағы бұйрат шоқыға жау келгенін көріпті. Асығып ауылға келді. Ауылдағы бар еркек атқа міндік. Бәріміз алты-ақ кісіміз. Жау бір топ дейді. Маған Балабайдың қызы мінетін қызыл жорға атын ерттеп берді. Бір-бір сойыл алдық. Бір мылтығы бар екен, оны мен алдым. Жау бекіген бұйрат шоқыны құрылған план бойынша екі бөлініп, алыстан орап қамадық. Жау бізді бұрынырақ көріп қойып, «Семізбұғы» тауына қарай қашып барады екен. Ұзап кеткен екен. Біраз соңынан барыңқырап, біраз қарауылда тұрып қайттық.
Осыдан кейін мен Балабай ауылының қауіпті күні, қауіпті түнінде жылқы күзетуіне, жылқы іңірттеуіне кірісе бастадым. Маңайда, бір жерде жүрісі суық жортуылшы көрініп қалса, мен де Балабайдың жарамды атына мініп, жылқы іңірттесіп келуге баратын болдым. Жылқы күн сайын іңірде, жатарда, ауылға иіріледі. Жылқы иірілген соң, қоймен бірге жылқыны да күзетіп отырамыз. Бір күнгі кештің ғана суретін азырақ айтып өтейін.
Міне, қораның шетінде, жібек көктің үстінде текемет салып, Балабайдың қызы қотандағы малды күзетіп отыр. Иығында шапан. Қолында өзінің шешен домбырасы. Жазғытұрғы кеш жібектей. Аспан көкпеңбек. Бырдай қып, сансыз алтын шегемен сәндеген көкторғын шатырдай.
Тек әредік-әредік жібек торғындай қақтап бедерлеген жұқа күмістей ақ шарбы бұлттар бар. Олар көкке жалатқан бедерлі күміс тәрізді. Ай көк шатырға асқан алтын табақтай. Жұлдыздар мен ай қара жерге жарық сәуле төгеді. Жазғытұрымғы кешпен буланған жер ұйқыға мас болып, қалғыған тәрізді. Жер үстін ұйқының жұмсақ, жеңіл мұнары басқан тәрізді. Буланған жердің жас иісі таза ауаға сіңіп толған. Төңірек жым-жырт. Қотандағы иірілген мал бырдай. Ауыл тым-тырыс. Маужырап қалғиды. Көкке тойған қотандағы малдар маужырап ұйықтайды. Тек анда-санда қотанның әр жерінен малдың ұйқысырап мекіренгені, ыңырсығаны, ішін тартқаны естіледі. Қозғалып, тұяқ серіпкені естіледі. Биік аспан, жер-дүние тынысқа кірген. Төңірек, ауыл, қотан тәтті ұйқының мұнарында, мал үйқының тербеуінде. Қотанда бырдай боп ақырын ыңыранып қой жатыр. Маужырап жусап иірілулі жылқы тұр. Жылқының шетінде, текемет үстінде қотанды күзетіп Балабайдың қызы мен екеуміз ғана ояу отырмыз. Ақырын домбыра шертіп Сәулім отыр. Шалқамнан көкке қарап, жұлдыз санағандай, мен жатырмын. Қасымызда қаңтарулы бәйге күрең қасқа айғыр тұр. Сұлу, жүйрік күрең қасқа айғыр қалғып кетіп, анда-санда ішін тартып, тамсанып қояды. Төңірек тым-тырыс. Тек Сәулімнің қолындағы ыңырсып толғанған домбыраның әні ғана ақырын сыңқылдап шығады. Домбыра сарыны ыңырсып, қалтырап, ақырын толғанады. Торғын, жұмсақ тұнық ауаны дірілдетеді. Нәзік, қалтырап толғанған әдемі дыбыс маужыраған қотанды, тыныс тартқан дүниені ақырын әлдилеп, жұмсақ тербеген тәрізді... Сәулім домбырасына «Зұлқияның әнін» салады. «Зұлқия» Ақмоладан шыққан белгілі ән еді. Зұлқия есімді бір бақытсыз әйелдің зары... Зұлқия зарлы, қасіретті әнін жас баладай өзін-өзі жұбатып отырып салған тәрізді...
...Оспанбайдың қызы едім мен Зұлқия,
Зұлқияның қолында гармония.
Әлди-ай!
Бір жаманға қор болып кеткенімше,
Бір жақсымен болайын компания,
Әлди-ай!
Қой, қой бөпем! Қой, бөпем!
Жылама, сәулем, әлди-ай!
Мың сиырды бастаған кер құнажын,
Қасірет ойлай бетіме түсті-ау әжім,
Әлди-ай!
Мал бердім деп бір жаман ие болад,
Қасіреттің ісіне бар ма лажым? —
Әлди-ай!
Қой, қой, бөпем! Қой, бөпем!
Жылама, сәулем, әлди-ай!
Қызыл шілік ауылым аралында,
Теңім емес сол жаман, барамын ба?
Әлди-ай!
Өзім теңді сол жаман адам болса,
Сау басыма сақина салайын ба?
Әлди-ай!
Қой, қой, бөпем! Қой, бөпем!
Жылама, сәулем, әлди-ай!
Кім тыңдайды қыз сорлы жылағанмен?
Көздің жасын көл қылып, бұлағанмен?
Әлди-ай!
Шыңырауға түскен соң шығу қиын,
Жалбарынып тәңірден сұрағанмен,
Әлди-ай!
Қой, қой, бөпем! Қой, бөпем!
Жылама, сәулем, әлди-ай!
Иә, өзін-өзі жұбатпаса, кім жұбатқан қыз сорлыны! Кім тыңдаған қыз сорлының жылағанын, кім көрген оның көз жасын!
Қотандағы қойдың ұйқысырап, ауыр, меңіреу ыңқылдап ыңыранғаны ғана, иірулі тұрған жылқының қалғып, оянып кетіп ауыр күрсінгені ғана Зұлқияның зарлы әнін, қасіретті өлеңін қостаған тәрізді... Маужыраған жер мен көкте үн жоқ... Жер мен көк меңіреу...
Міне, бұл — Балабай ауылында кешке ауылға иірілген жылқы мен қотандағы қойды күзетіп жүрген көп кештердің бірінің суреті.
Жапсарлас отырған бір ауылдарға, сол елдің болысы мен приставы келді.
Колчак, алаш заманында милиция бастығын «начальник» десе де, Баян маңындағы ел «пристав» дейтін.
— Неге келіпті? Не жинай келіпті? — деп Балабай аулы үрпиісіп қалды. Тез хабарласты.
— Соғысқа керек деп ауылнай бір ат, бір арба, бір кесек киіз, бір адамнан жинай келіпті. Бұйрықтары тығыз болса керек. Осы шытырлатып жатыр... — десіп келді.
Оның артынан іле «жараған ат-арбаны қолша алады екен», — деген хабар келді. Болыс та, пристав та қатаң деседі. Болыстары — қаржас Шорманның бір баласы.
Балабай ауылында бір тәуір арба бар. Онсоң төрт-бес тәуір ат-айғыр бар. Әсіресе бәйге жирен қасқа айғыр. Балабай балаларының айтуынша жирен қасқа айғырға Шорманның болыс баласы құнан күнінен сұқтанып жүреді екен. 1916 жылы, қазақ жастарын әскери жұмысқа алғанда жирен қасқа айғыр — бәйге алып жүрген дөнен. Шорманның болыс баласы Балабайдың екі баласын әскери жұмыстан қалдырып, бәйге қасқа дөненді алады. Патша түскен соң бәйге қасқаны Балабайдың балаларының өздері қайтадан ұстап алады. Енді Колчак пен «Алашорда» заманында Шорманның болыс баласы қайта болыс болып, «Алашорда» әскеріне көмек жинап, елді «шытырлатқан» бетімен келіп, Балабайдың жирен қасқа айғырын көздейді.
Балабай ауылы састы. Мұқай менен ақыл сұрады. Мен өзімше ақыл айтқан болдым. Балабайдың да, Мұқайдың да арбасын ауылдан қашығырақ жердегі өзектің жарына тыққыздым. Балабайдың жылқысындағы бес-алты жақсы ат, айғырын ұстатып, тізгізіп, азыққа қатық, қымыз, ірімшік алып, өзім жирен қасқа айғырға мініп, қасыма Балабайдың қасында отырған үйдің жігітін (иесін) алып, тізілген ат-айғырларды соған жетектетіп, тауға шығып кеттім. Елден болыс пен пристав кеткен соң, ауылдың біреуі тауға келіп хабар қылатын болды. Хабар қылғанда бір биіктеу жерге келіп, алыстан атой беретін болды.
Біз ат-айғырларды тауға әкеліп, таудың басындағы қораға аттарды кіргізіп, пішен салып қойып, қарауыл қарап күнді өткізіп, түнді өткізіп жаттық.
Сөйтіп, ат-айғырлар мен арбаны аман алып қалдық.
Солайша Балабай ауылында айдан аса жаттым.