3. Терінің қызметі. Құрылым ерекшеліктеріне байланысты тері бірнеше қызмет атқарады:
1. Қорғаныстық қызмет - серпінді берік құрылым болғандықтан тері денені қысым, үйкеліс, соққы әсерінен туындайтын механикалық зақымданудан сақтайды.
2. Тері организмді шамадан тыс су жоғалтудан, ультракүлгін сәулелерден, ауру тудырушы микроорганизмдердің енуінен сақтайды.
3. Теріде ультракүлгін сәуле әсерінен эргостериннен Д дәрмендәрісі түзіледі.
4. Өзінде орналасқан қан тамырларының арнасын, тер бездерінің әрекетін өзгерту арқылы және шел майын жинауға байланысты тері жылу реттеу үдерісіне қатысады.
5. Теріге тыныстық қызмет те тән. Таза теріде 1% мөлшерінде газ алмасу үдерісі атқарылады.
6. Теріде жанасу, ауырсынту әсерлерін, температура ауытқуларын қабылдайтын сезімтал нерв үштары орналасады.
7. Жануарлар үшін тері организмді сыртқы орта құбылыстарына бейімдейтін маңызды мүше.
8. Тері және май бездерінің әрекеті нәтижесінде тері экскрециялау қызметін атқарады. Тері құрамында су, минералды заттар (хлоридтер, сульфаттар, фосфаттар), несепнәр, зәр қышқылы, креатинин, май қышқылдары, т.б. зат алмасу өнімдері бөлінеді.
Тері бездері көп торшалы, қарапайым, түтікше бездерге жатады. Олар нағыз теріде орналасады. Тер бөлу ерекшеліктеріне қарай тер бездері екі топқа бөлінеді. Эккриндік бездер сұйық секрет бөлінеді және әрекет үстінде өздері бүлінбейді. Олар жылқыда кездеседі. Эпокриндік бездер құрамында майтектес заттары көп шайырлы тер бөледі. Әрекет үстінде бұл бездердін біраз торшалары бұзылады. Олардың секреті құрамында су аз, құрғақ зат көп болады. Тер бездерінің секрециялық бөлігі сиырда аздап иректеледі, жылқымен шошқада шумақ түзеді. Бездің секрециялық бөлімінің сыртқы қабаты миоэпителийлі торшалардан, ал ішкі қабаты безді текше торшалардан құралады. Без өзектері иректеле келіп түк қапшықтарына немесе түк шанағына, ал дененің түксіз аумақтарында - тері бетінде арнаулы тесікпен ашылады.
Май бездері көбіне түк қапшықтарының жанында орналасады. Бұл бездер голокриндік бездерге жатады. Олардың өзектері түк қапшықтарына ашылады.
Тер бездері дененің әртүрлі беткейінде бірдей таралмаған. Адамда олар алақан мен табанда көп болады. Терінің жұқарған жерінде (құрсақ пен кеуденің вентральдық бөлігінде, қолтықпен шашта, құлақ қалқанында, т.б.) олар көбірек. Адаммен салыстырғанда малда тер 2-3 есе аз бөлінеді, оның себебі тер бездері қанмен нашарырақ жабдықталады. Тәулігіне адам - 1литр (жазда 2-2,5 л), жылқы-2,5-3л, сиыр-4-5л тер бөледі.
Қойларда тер май бездері секретімен қосылып, шайыр түзеді. Оның құрамында үш глицеридтер мен холестерин эфир болады. Шайыр түрі мен консистенциясы жағынан шыжғырылған тоң майға ұқсайды. Қой жүнінің жалпы салмағының 20-30пайызын шайыр құрайды. Шайыр жүнді ластанудан сақтайды, жабағы түзуге мумкіндік жасап , жүнге биязылық, беріктік қасиет береді.
Тер жылылықты қабылдайтын сезімтал нерв ұштарының тітіркенуіне жауап түрінде бөлінеді. Тер бөлуді реттейтін орталық жүлында орналасады. Тер бездері үшін симпатикалық нервтер секрециялық нерв болып табылады.