Жаңыл. Немене соншама, жауды қиратып келіп пе едіңіз?
Жаппасбай. Мына қатын не дейді? Е, қиратпағанда ше. Ана жылғы жауларды жапырған кім деп ойлайсың? Жаппасбайды таныған болатын сонда. Сау болып тұр. (Арақ ішеді). Жаңыл. Ол қайдағы жау еді?
Жаппасбай. Өзің тіпті саяси сауатсыз екенсің ғой. Халық жаулары ше? Оларды құртпағанда бізді алдақашан бәшестерге сатып жіберетін еді. Осы ауданда бірінші мен екіншіні әшкерелемеген кім деп ойлайсың? Оны сен білмейсің. Жалғыз өзі сексен сигнал берген кім, а? Тсс... Аузыңа сақ бол. Аузыңды ашсаң мүрдем кетесің. Жаппарбай келе жатыр дегенде, жұрттың жылаған баласы қоя қоятын болған. Ойнама, шырағым. Ал, жаулардың құйыршықтары әлі де жоқ емес. Алдыңғы жылы мұғалім шал Боранқұлдың қайда кеткенін білесің бе? «Немістердің танкісі көп екен, Москва түбіне келіп қалыпты, қиратып кетпесе неғылсын» деп үрей туғызбақ болған ол.
Жаңыл. Апырай, өз құлағыңызбен естідіңіз бе, осыны?
Жаппасбай. Мына баста екі –ақ құлақ бар. Бірақ Жаппасбайдың құлағы жүз. Әр нәрсенің тегіне қарау керек. Боранқұл шал деген кім? Ол кемназияда оқыған. Губірнатордың қызымен би билеген. Губірнатырдың қызын алмақ болған жерінен, ағайындары шоқынып кетеді деп қорқып, алып қашып келген. Көрдің бе мәселе қайда жатыр.
Жаңыл. Сонда да байғұс шалдың обалына қалған жоқсыз ба?
Жаппасбай. Не дейсің? Халық жауына жаның ашып отырғаннан сау ма?
Пауза.
Жаңыл. Шай ішіңіз.
Жаппасбай. (жұмсарып). Шай ма? Ә-ә... Жоқ. Шайыңды қоя тұр. Мастығым тарқап кетеді. (Шөлмекті көтеріп қарап). Құрғыр өзі бітіп қалыпты ғой. (Соңын сарқап ішеді). Сау бол. Бірақ, сен менен қорықпа. Мен жақсы көрген адамымды қорғай білемін.
Пауза. Жаңыл үнсіз. Қонақтың кетуін күтіп отыр.
Жаппасбай. Неғып тұрсың селтиіп. Төсек салмайсың ба?
Жаңыл. Төсек салғаны несі?
Жаппасбай. Немене, түсінбей тұрсың ба? Мен қонайын деп келдім.