Жаңыл. Шәй ішіңіз, Қасеке.
Қасболат. (ұйқыдан оянғандай). А? Жақсы (столға келіп отырады). Жаңыл. Осындайда қай-қайдағылар ойға түседі екен.
Қасболат.Ия, қартая бастағанбыз ба, мен де өткен-кеткенді көп ойлайтын болыппын.
Жаңыл. Алғашқы күні шыдап – ақ едім. Енді міне үшінші тәулікке айналып барады. Зәрем жоқ. Із-түзсіз кетті ғой. Мына боран басылар емес.
Қасболат. Бұл боран жұрттың бәрін қинап тұр ғой.
Жаңыл. Білмеймін. Не де болса аман болса игі еді.
Қасболат. Талайға төзген Қоспан ғой.
Жаңыл. Бауырсақ алыңыз.
Қасболат. Өмір деген қызық-ау. Кісі көп нәрсені басына күн түскенде ойланады... Жақсы кездердің қадірін сонда білесің. Ісінің бәрі ойлаған жерден шықпай қинайды ғой... Былтыр жазда келіп кеткенім есіңде ме, Жаңыл. Жаңыл. Неге есімде болмасын. Есімде ғой. Қасболат. Ол бір жақсы кез еді. Жаңыл. Иә, жайлаудың құлпырып тұрған кезі болатын. Қасболат. Ал ол кезде үлкен бір үмітіміз де бар еді. Тек бір ұмтылсақ сол абыройға қолымыз жеткендей еді – ау. Қоспанның еңбегі жанатын кез жақын қалып еді. Жан-жағынан дайындалып келе жатыр едік.
Қасболаттың сөзінің аяғында шам сөнеді.
Үшінші көрініс.
Үй сыртында машинадан түсіп Қасболат, Құмар, Қадыржан келеді.
Қасболат жайдары. Машинадан дауыстай түседі.
Қасболат. Уа, қайдасың, үлкен қара. Бармысың? Қонақтарды қарсы алмай неғып жатырсың.
Құмар.Әне келе жатыр. Бізді көріп атының басын жіберді-ау өзі де.
Қасболат. Екі етегі далақтап... Өзін ат қалай көтеріп келе жатыр десеңші.
Қадыржан. Қасекең... біздің Қасекең, жайлауға шықса Қоспан ағама соқпай кетпейді.
Құмар. Қанша айтқанмен көз көргенге не жетсін, шырағым-ау.
Қадыржан. «Дәу қара» дейтініңіз қызық-ау Қасеке.
Қасболат. Майданда жүргенде ылғи саптың оң жағында тұратын теңкиіп. Содан «дәу қара» деп ат қойып едім. (Күрсініп). Иә, Қоспан екеуміз басымыздан не кешпедік.