Солтүстік Американың жер бедері мен пайдалы қазбалары
Солтүстік Американың жер бедерінде жазықтар басым, таулар материктің 1/3 бөлігін алып жатыр. Материктің жазық жерлері ежелгі Солтүстік Америка платформасында орналасқан. Платформаның солтүстік бөлігі жаппай мұз басудың нәтижесінде майысып, төмен түскен. Кейіннен мұхит деңгейі көтерілген кезде бұл бөлікте Канаданың Арктикалық архипелагы, Гудзон шығанағы мен бұғаздар жүйесі қалыптасты. Оңтүстікке қарай жер бедері аласарып, қалың шөгінді жыныстармен жабылған Орталық жазыққа, одан Миссисипи ойпаты мен Мексика шығанағының жағалау жазықтарына ұласады. Платформаның батыс бөлігінде Кордильераға қарай баспалдақ тәрізді біртіндеп биіктейді, кең алқапты Ұлы жазық алып жатыр.
Ірі қазаншұңқырларды алып жатқан мұздық-тектоникалық көлдер жүйесі бір-бірімен қысқа өзендер жүйесімен жалғасып жатыр. Орталық жазық түгелімен мұздықтар өңдеп, тасымалдаған жыныстар – монералармен жабылған. Миссисипи ойпатын өзен тасымалдап әкелген жыныстар жауып жатыр. Материк жағалауындағы жазықтар теңіздік шөгінділерден түзілген.
Платформаның солтүстігі мен шығысында палеозойлық аласа және орташа биіктіктегі таулар орналасқан, оларға Канаданың Арктикалық архипелагының солтүстігі мен Гренландия аралының шығысындағы және Аппалач таулары жатады.
Материктің батыс бөлігін бойлай Жер шарындағы ұзын тау жүйесі болып есептелетін Кордильера тау жүйесі созылып жатыр. Кордильера испан тілінен аударғанда «тау жотасы, тау тізбегі» деген мағынаны білдіреді. Себебі Кордильера бір-бірімен жалғасқан тау жоталарының бірнеше қатар тізбектерінен тұрады. Мұндағы үшкір шыңдар тізбегінен тұратын тау жоталары сьерралар деп аталады. «Сьерра» испан тілінен аударғанда «ара» деген мағынаны білдіреді. Шындығында да Сьерра-Невада, Сьерра-Мадре жатоларындағы қатар тізіле орналасқан шыңдар ара тістеріне ұқсайды. Кейбір тау тізбектерінің аралығын өте көлемді, кең алқапты қамтитын көтеріңкі жазықтар мен үстірттер алып жатыр.
Кордильераның ішкі бөліктерінде жанартаулар атқылауынан түзілген Йеллоустон үстірті орналасқан. Мұнда 3000-нан астам гейзерлер мен ыстық бұлақтар бар.
Солтүстік Американың ең биік нүктесі (Мак-Кинли, 6193 м)оның солтүстігінде орналасқан, мұндағы тауларды қалың мұз басып жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |