Антиген − организмде антидене пайда болуын және иммундық жауаптың басқа түрлерін тудыра алатын, сонымен қатар антиденелермен және антигентаныстырушы жасушалармен әрекеттесе алатын химиялық топтасуға тән генетикалық бөгде зат (нәруыз, полисахарид, липополисахарид, липопротеин, нуклеопротеин).
Антиген бірнеше түрлі немесе қайталанатын эпитоптардан тұрады. Эпитоп (антигендік детерминант) – иммундық жауап кезінде антиденелер мен эффекторлық Т-лимфоциттердің ерекшелігін қамтамасыз ететін антиген молекуласының ерекше бөлігі. Эпитоп антидененің белсенді орталығына немесе Т-жасушалық рецепторға комплементарлы болады. Аллергия тудыратын антигендерді − аллергендер, ал иммунологиялық толеранттылық тытудыратындарды − толерогендер деп атаймыз.
Антиген генетикалық бөгде зат
Бактериялардың антигендері: O-антиген (жасуша қабырғасының липополисахариді), Н-антиген (шыбыртқы нәруызы) және капсулалы К-антиген, соның ішінде Vi-антиген.
Бактериялардың антигендері
Гаптен − шағын химиялық топ түріндегі толыққанды емес антиген. Гаптендер өз бетімен иммундық жауап тудырмайды, бірақ антиденелермен немесе сезімтал лимфоциттермен өзара әсерлесе алады. Гаптен иммундық жауапты тек нәруызбен немесе басқа нәруыз-тасымалдаушымен байланысу арқылы тудырады.
Бактериялардың антигендері
Cуперантигендер – антигенбайланыстырушы саңылаудан, яғни белсенді орталықтарынан тыс антигентаныстырушы жасушалардың МНС II класымен және Т-лимфоциттің Т-жасушалық рецепторларымен өзара әрекеттесетін микробттардың антигендері. Суперантигендер − МНС ІІ класс молекулалары мен Т-жасушалық рецепторлардың (TcR) бүйірінен қосылады. Олар мүмкін болатын ерекше иммундық жауапты тежейді және лимфоциттердің поликлоналды белсенуін, цитокиндердің босап шығуын, кейін иммундытапшылықтармен жүретін Т-лимфоциттер өліміне әкеледі. Суперантигендерге стафилакокктардың энтеротоксиндері, уытты шок синдромының уыты, стрептококктардың суперантигендері, Эпштейн-Барр вирусы және т.б. жатады.