Мұстафа Шоқай (25 желтоқсан, 1890 жыл, Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы — 27 желтоқсан, 1941 жыл, Берлин) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі.
Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы сиезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші сиезде Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады.