3-дәріс. Тақырыбы: Әдебиеттің өнер ретіндегі қызметі және басқа
ғылымдармен байланысы.
Мақсаты: Әдебиеттің өнер ретіндегі қызметін, басқа ғылымдармен ықпалдаса
даму ерекшеліктерін ашу.
4. Сөз өнерінің дамуындағы эстетикалық нормалар
5. Әдебиет теориясының дербес ғылым ретінде дамуы
6. Әдебиет теориясы - әдіснамалық ғылым
Негізгі ұғымдар: Эстетикалық талап, көркемдік ойлау, еліктеу теориясы,
әдіснамалық негіз.
Дәріс (тезис).
Рухани дүниедегі киелі ұғым-әдебиеттің негізгі міндеті-өзі өмір кешіп
отырған қоғамның этикалық-моральдық және эстетикалық принциптерін ашу.
Сол себептен, әрбір суреткер қоғамның өзекті шындығын бейнелей білуі шарт.
Жазушы үшін адамның ішкі әлемін көркем бейнелеп, шығармаларына арқау
ету-басты мұрат болмақ.
Әдебиет-жазушының шығармасы. Мұндағы сөз, яғни мәтін лингвистикада
ерекше филологиялық пән ретінде өткен ғасырдың екінші жартысында енді.
Ол бірнеше ғылымдардың түйісінде, атап айтқанда, поэтика, риторика,
стилистика, герменевтика, семиотика, психолингвистика аралығында пайда
болды. Мәтіннің лингвистикалық бастаулары көпқырлы. Олардың негізгілерін
атай кетсек:
- алдымен сөздің ситуациялық-жалпылық рөліне маңыз берген антикалық
риторика туды;
- лингвистикалық, әдебиеттанушылық және мәдениеттану бағыттарының
бірлігіне негізделген әдеби шығарманы тұтас филологиялық талдаудың
үлгілері мен тәжірибелері қалыптасты;
- әдеби-көркем туындыны талдаудағы үздіксіз тәжірибеде қарастырылып
келе жатқан дәстүрлі стилистика, әсіресе, тілдің бейнелегіш
құралдарының стилистикасы орнықты.
Осы тұрғыдан мәтін өзінің негізгі қызметін толық атқарады, бір нәрсе туралы
хабарлайды, ой бөліседі. Жазушы өмір туралы айтқанда жанды образдар
арқылы айтады. Ол туралы қаламгер өзінің көруімен, түсінуімен, жүрегінің
сезуімен жеткізеді. Жазушы, әрине көпке ұғынықты тілмен сөйлейді,
жансызды жанды етеді, қалыпты затты көріктендіріп, әрлей түседі. Бұл ретте
қаламгердің стилі ерекше роль атқарады
Көркем туындыдағы кейіпкер категориясының ерекшелігі оның
“аяқталған, толыққанды” бейне болуынан көрінеді. Автор кейіпкер бейнесін
нақтылай алуда оның жасаған әрекетін, сол арқылы туындайтын мінез-
сипатын, портретін береді. Әдеби портрет тікелей адамға бағыттала отырып,
сөз арқылы автордың идеясын, ұстанымын ашады. Көркем шығармада портрет
кейіпкер бейнесін жете тануға жол ашады. Сондықтан ол біржақты тәсіл
болудан аулақтап, кейіпкерді әлеуметтік-өмірбаяндық және психологиялық
жағынан толықтырады. Осы детальдар біріге келе, адам-кейіпкерді
тудырады. Басқаша айтқанда, портрет-мінездеме портрет-өмірбаянға, одан
портрет-тағдырға айналады. Ол әрі қарай сюжеттің өрілуін, идеяның дамуын
айқындайды.
Көркем шығармада кейіпкердің тұлғасы өзімен-өзі емес, шығармадағы
жалпы идеяға, әлеуметтік-тарихи сипатқа бағындырылады. Оның әрекеті,
мінез-құлқы, сөйлеген сөзіне дейін сол ортаның ерекшелігін ашады.
Әдебиет қашан да ұлттық-азаматтық сана-сезім мен ұлттық мораль
қалыптастырушы гуманистік қасиеттің жаршысы міндеттерін атқарады. Шын
мәніндегі әдеби шығарма игі ниетті халықтарды бір-бірімен таныстыратын
дәнекер. Осы тұрғыдан келгенде нағыз көркем туынды эмоциялық әсерлі сезім
сыйлаумен қатар, сол ұлттың ұлағатын, азаматтық-адамгершілік игі
дәстүрлерін, тамаша қасиеттерін басқа халықтарға мөлдіретіп жеткізетін
қоғамдық-философиялық ойдың көркем формасы екені мәлім. Шынымен де,
әдебиет қоғамдағы өзекті оқиғаларды арқау етсе, ондағы әрекетке араласушы
адам - кейіпкер де өзінің мінез-сипатымен сол ортаның ерекшелігін береді.
Полифония мен диалог туралы тезис әу баста М.Бахтиннің Достоевский
шығармашылығына байланысты трактовкасында айқын көрінген еді.
Оқырмандардың санасындағы алғашқы екі мәселе - аяқталмау мен дайын
болмау - көбіне жазушының өз кейіпкерлерін бейнелеудегі эволюцияға
ұмтылуымен байланысып жатады. Ал, соңғы екі тәсіл диалогизм мен
полифония - көркемдік әлемнің кеңдігі мен көпқырлылығы, кейіпкерлердің
неғұрлым шығарма аясына сыйымдылығы, олардың мол адами тұлғасын
жасау, яғни, көпүнді адам өмірін бейнелеу туындының мүмкіндігін танытады.
М.Бахтиннің роман әлемінің дайындықсыздығы мен аяқталмай қалуы
мәселесі ондағы кейіпкерлердің дамуының шексіздігін, эволюциясының
аяқталмауын, идеялық позициясының бұлыңғырлығын білдіреді. Полифония
диалогтың жоғары формасы бола отырып, автордың бөтен адамның санасын
өз санасындай, тәуелсіз, еркін бейнелей алуын көрсетеді. Туындыдағы
көпүнділік (полифония) кейіпкерлердің арасындағы қандай да бір
қақтығыстың, сәйкессіздіктің болуын, соған деген олардың көзқарасын
білдіреді.
Осы тұста әдебиеттанудағы дәлелдеме (мотивация) мәселесі туындайды.
Мотивация - мақсатқа бағындырылған, белгілі бір бағытты айқындаудан
туындайтын сезім-күй. Бұл мәтіннің мотиві, концептісі болады. Ол көркем
туындыдағы барша механизмді қозғалысқа келтіретін импульс. Ол
шығармадағы ақпараттың берілуін, байланысын, дамуын жүзеге асырады. Сол
арқылы мәтіндегі ой түзіліп, мазмұн құралады, яғни тұтас мәтін жасалады.
Осыдан келіп мәтінді қабылдау, қаламгердің шығарма тудырудағы өзіндік
ерекшелігі, оған деген оқырманның көзқарасы айқындалады. Зерттеуші
А.И.Новиковтың байқауынша, мәтінді қабылдаудың өзіндік ерекшеліктері
бар, ол мәтіннің табиғатынан туындайды. Мәтінді қабылдаудың маңызды
кезеңі оның бейнелі-тілдік ерекшеліктерін, мазмұнын түйсініп, бойға сіңіру.
Мәтінді қабылдау төңірегінде көптеген психологиялық шолулар жасаған
зерттеуші: “...түсіну-күрделі ой процесі, ол әлденеше сатыдан өте отырып,
сөздік құрылымды, оның мазмұнын белсенді қабылдауды жүзеге асырады”
дейді. Яғни, мәтінді түсініп, қабылдап, белгілі бір нәтижеге, түйінге келесіз.
Ондағы кейіпкерлердің әрекетін салмақтап, талдау бересіз.
Проза жанрын талдаған еңбектерде стиль мәселесі де кездеседі.
Көркемөнерде маңызды орын алатын мәселелердің бірі-стиль. Стиль-форма
мен мазмұн көркемдігінің жалпы сипаты. Жалпы стильден жеке суреткердің
өзіне тән ерекшелігі туады. Сонымен бірге, “бір ғана шығарманың бойына тән
ерекше стильдік сипат сол суреткердің басқа шығармаларының стильдік
сипаттарымен астаса, жарыса қиысып, оның тұтас шығармашылығына тән
стильдік ерекшелігін жасауы мүмкін”. Жанр мен әдісті зерттеген ғалымдар
олардың арасындағы айырманы, даралықты табуға ұмтылды. Әр қаламгердің
белгілі бір жанрдағы шығармасының өзіндік стилін айқындау үшін кезең
ерекшелігін, жазушының басқа туындыларының сипатын да білу қажет. Стиль
принциптерін саралаған еңбектерге назар аударғанда, екі мәселенің
дараланатынын байқадық. Біріншісі - әдеби стильдің бағыт-бағдарын
қалыптастыратын әрбір суреткердің қарым-қатынасы, қосар үлесі; екіншісі -
өзінің даралығы, стильдік ерекшелігі Қаламгер шығармашылығы туралы
айтқанда, оның тек ерекшеліктен тұрмайтындығы, белгілі бір суреткердің
өзіне дейінгі және өз кезіндегі бар ортақ сипаттарды қабылдайтыны, әрі
өзіндік бейнелеу мәнері болатыны қоса ескерілу керек. Яғни, ұқсау мен
дербестіктің бір-біріне ықпал етуінен, бірлігінен барып, қаламгер стилі
қалыптасады. Демек, бір суреткердің даралығы ортақ, үндес сарын-
тәсілдерден туындайды. Әдеби стиль оның шығармашылығындағы идеялық-
көркемдік ерекшеліктердің жиынтығы. Жазушының көркем стилі оның
дүниетанымын, бейнелі ойлауының тілдік көрінісін береді. Сондықтан,
қаламгердің көркемдік стилі оның шығарма тудырудағы мақсатты ізденісін
көрсетеді. Сонымен бірге әдеби шығарманың стилі – бұл тек стилистика ғана
емес, бұл-тақырып, бейне, шығарманың құрылымы, поэтикалық мазмұны,
көркемдігі. Осылардың жиынтығы стильдің мәнді компоненттері бола
отырып, жазушының көркемдік принциптерін ашады.
Қаламгердің үнемі ізденіс пен өсіп-жетілу аясында болатыны белгілі.
Осыған орай, өз шығармасының тақырыбын, идеясын, сипатын үнемі
түрлендіріп, жетілдіріп отыратын шығармашылық иесінің өзінде, көркемдік
дәрежесі түрлі деңгейдегі шығармалар болады.
Достарыңызбен бөлісу: |