Дәріс (тезис)
Дүниетанымның шығыстық бағдары. Қазақ халқының өнері, мәдениеті,
әдебиетінің тарихы, дүниетанымдық ой-көзқарасы ұлттық тарихпен тығыз
байланысты. Яғни, қазақ әдебиетінің тарихын, сыншылдық-эстетикалық,
ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің туу, қалыптасу кезеңдерін қазақ халқының
азаматтық тарихының өткен жолымен бірге алып, қарастырудың мәні үлкен.
Әрбір халықтың ұлттық әдебиеті туралы ғылым сол елдің тарихи өмір
жолы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиялық танымына
сай дамиды. Әдеби мұраны игерудің алғашқы қадамдары белгілі бір
шығарманы талғаммен қабылдаудан, өнер туындысы ретінде танудан, рухани
дүние ретінде қажетсінуден басталады. Қазақ әдебиеттану ғылымының
тууындағы негізгі фактордың бірі саналатын ұлттық әдеби мұраны игерудің
алғашқы қадамдары қазақ әдебиетінің арғы бастаулары болып саналатын көне
түркі жазбалары мен ескерткіштерінен басталады.
“Күлтегін” әдеби жазба ескерткішін тасқа түсіруші Иолығ тегі - өз
заманының ірі идеологі, мемлекет қайраткері, тарихшы ғана емес, үлкен
ақыны. Оның өз дәуіріндегі әдебиеттің үлгілерін танымдық тұрғыдан бағалап,
мәдени мұраны жазуға түсіруі, ежелгі дәуірде әдеби нұсқаның болғанын
дәлелдейді. Яғни, әдеби мұраны игеруге деген қадамның тұңғыш ізашарын
Орхон-Енисей ескерткіштерінен көреміз. Бұл ескерткіштер осы күнде тарихы
белгілі ең көне шығарма үлгілері болып табылады. Ғалым И.В.Стеблева өзінің
“YI-YIII ғасырлардағы түріктер поэзиясы” еңбегінде бұл кезеңнің
шығармасын тұтас “поэзиялық дастандар” деп бағалайды. Ал, Қ.Өмірәлиев
Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің ұлттық әдебиеттегі орны туралы айта
келіп, “Тоныкөк”, “Күлтегін”, “Могилян хан” сияқты ескерткіштер жазба
әдеби нұсқалар. Олар хан жарлықтары мен шежірелердің үлгі-нұсқалары
негізінде жазылған көркем шығармалар”,- дейді.
Ежелгі дәуірдегі халық тарихындағы көрнекті оқиғалар туралы поэзиялық
дастандар, шежірелер мен аңыздар, өлең-жырлардың сақталуының екі түрлі
жолы болған. Біріншіден, фольклорлық үлгі дәрежесінде халық аузында
сақталды; екіншіден, жазба ескерткіш ретінде тас кітаптарға түсу арқылы
сақталды. Жазба әдеби ескерткіштер арқылы алфавит жасау сияқты аса зор
мәдени, тарихи құбылыс жүзеге асты.
Орхон Енисей жазба ескеткіштердің табылуы ұлттық әдебиеттану
ғылымына тікелей қатысы үш түрлі мәселенің басын ашып береді; біріншіден,
екіншіден, өз дәуірінің кескін-келбетіне сай дамыған мәдениеті мен өнерінің
болғанын айғақтайды; үшіншіден, бұл ескерткіштер өзінің поэтикалық
қуатымен, тарихи-шежірелік сипатымен, ой, мазмұн тереңдігімен көне түркі
тайпаларында сөз өнерінің жоғары дамығанын көрсетті. VIII ғасырда Түрік
қағанаты құлағаннан кейін, түркі тілдес тайпалардың мәдениеті, өнері,
әдебиеті, тілінің өркендеген жері қазақ даласы болды. Ислам діні өркендеп,
кең қолданылған руна жазуы ығыстырылды. Мешіт, медіреселер ашылды,
қалалы жерлерде діндар, ғұламалар, оқымыстылар топтасты. IX ғасырдың
соңына қарай араб мәдениеті өркендеді. Ежелгі грек ғалымдарының
ілімдерінің таралуы ғылымды өркендетсе, араб поэзиясы әдебиеттің тарихи
сабақтастығына сай жаңаша жетілуіне әсер етті. Түркі тектес тайпалардан
шыққан Хорезми, Әл Фараби, Әбу Райхан, Бируни, Ибн Сина, Фирдоуси,
Рабғузи, М.Қашқари, Яссауи, О.Хайям, Ж.Баласағұн, секілді даналардың
ғылым иелерінің көркем шығармалары мен ғылыми зерттеу еңбектерінің
әдебиеттану ғылымын қалыптастыруда үлкен рөлі болды. Бұл ғалымдардың
еңбектерінен X-XI ғасырлардағы түркі халықтарына тән ортақ мұра болып
саналатын көркем әдебиеттің өркендеуіне орай, туындаған сыншылдық-
эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің ғылыми
ояну дәуірін көреміз. Бұл кезеңде мәдениет, ғылым, әдебиет, сәулет өнері
өркендеді. Оның ішінде сөз өнеріне деген құрмет ауызша, жазба әдебиеттің
дамуына ықпал жасады. Филологиялық білімдер жүйесімен айналысу тек қана
әдебиет өкілдеріне ғана емес, барлық зиялы қауымға тән болды. Шешендік
өнерді игеру, әдемі, нақышты сөйлеу білімді адамдардың бәріне тән болды.
Ғылыми еңбектер көркем өнер түрінде келді. Ғылыми трактаттардың өзі өлең
түрінде жазылды. Жаратылыстану ғылымдарымен шұғылданушылар
филология, поэтика, риторика мәселелеріне арналған трактаттар жазды. Бұған
Бируни мен Ибн сина еңбектері дәлел.
Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан ғалымдардың арасынан басқа ғылым
салаларымен қатар, сөз өнері туралы ғылыми түсінікті зерттеушілік тұрғыда
алғаш көтерген Әл-Фараби. Оның “Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері”,
“Ғылымдар
энциклопедиясы”,
“Ғылымдарды
классификациялау”,
“Аристотель еңбектеріне түсініктеме”, “Өлең кітабы”, “Өлең өнерінің
қағидалары туралы”, “Поэтика және поэтикалық ойлау“, “Поэтикалық
шығармалар түрі” және т.б. еңбектерде сол кездегі өнер, тіл, әдебиет
мәселелері мен өлеңтану саласындағы әдеби-теориялық, әдеби-зерттеушілік
ой-пікірдің биіктігін танытты. Әл-Фараби еңбектерінде түркі тілі мен
поэзиясы зерттеу нысанына алынған жоқ. Ол негізінен ертедегі гректердің тілі
мен әдебиеті, өнері туралы ғасырлар бойы айтылып келе жатқан ғылыми-
зерттеушілік ой-пікірлерді жалғастыра отырып, парсы мен арабтардың өнері,
тілі поэзиясы төңірегінде ой қорытты. Соның негізінде жалпы көркемөнер, тіл,
әдебиет мәселелерін қозғау арқылы, олардың адамзат қоғамында алатын
орнын ашып берді. Әл-Фараби тіл білімі мәселелеріне арналған “Сөз ғылымын
классификациялау”, “Сөз бен әріп туралы”, “Жазу өнері туралы еңбектер”
жазса, әдебиеттің өзекті проблемаларына арналған “Өлең өнерінің
қағидалары” трактатында Аристотельден басталып ғасырлар бойы зерттеуге
айналып келе жатқан әдебиетті теориялық тұрғыда тануды қозғады. Мұнда
поэзия туралы негізгі түсініктер кеңейіп, өнердің түрі ретіндегі ерекшелігі
айқындалды. Бұл еңбек Аристотельдің поэзия туралы ой-пікірін бекітті.
X ғасырдан бастап араб халифатының ыдырауы түркі тайпаларының
қоғамдық даму заңдылықтарына сай өркендеуіне шешуші жағдай туғызды.
Мәдениет пен көркем өнер салалары, әдебиет пен тіл өркендеді. Тілдің
өркендеуі және фольклордың жетекшілік ықпалы әдеби дамудың тарихи
сабақтастығына негізделген жазба әдебиеттің де дамуына қолайлы жағдай
туғызды. Ол тақырыптық-сюжеттік, жанрлық тұрғыда жаңаша сипатта көріне
бастайды. Тіл мен әдебиеттің дамуы әдеби мұраға жаңа көзқараста қарауды
тудырып, сөздіктер, тарихи-шежірелік жылнамалар, әдеби жинақтар пайда
бола бастады.
X-XY ғасыр аралығында жасалған жазба жәдігерлік мұрадан бізге жеткені
онша көп емес. XI ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашқаридің “Диуани лұғат ат-
түрк” аталатын еңбегін зерттеген тілші және әдебиетші ғалымдар ғылыми-
зерттеу деп бағалайды. Бұл сөздікте Қашқари сол кездегі түркі тілінің
грамматикалық ғылыми жүйесін жасады. Сонымен бірге, бұл еңбек
фольклордың және сол дәуірдегі әдебиеттің таңдаулы үлгілері енген әдеби
жинақ болып табылады. Еңбекке ежелгі ауыз әдебиеті нұсқаларынан халық
өлеңдері мен жырлары, ертегі-аңыздар, мақал-мәтелдер, өсиет-нақыл сөздер,
айтыс, жоқтау, тұрмыс-салт жырлары және эпикалық жырдан үзінділер кірген.
X-XII ғасырларда дамудың тарихи сабақтастығы принципі негізінде өркен
жайған ертедегі түркі жазба әдебиеті әрі философиялық, моральдық-этикалық
трактат әрі дидакткалық дастан. Ж.Баласағұнның “Құтадғу біліг”,
А.Игінекидің “Ақиқат сыйы”, Яссауидің “Диуани Хикмет”, С.Бақырғанидың
“Бақырғани кітабы” атты шығармалары философиялық дидактикалық поэзия.
Сыншы В.Белинский: “поэзия мен философия бірін-бірі толықтырып қана
қоймай, олар өте етене араласып та кетеді,” деген. Бұл дастандар ертедегі
түркілердің мәдени өміріндегі әдебиеттің қоғамдық мәнінің өсе түсуіне, жазба
әдебиетің дамуына, оның көркемдік деңгейінің жоғарылауына, жанрлық,
тақырыптық-сюжеттік және өлең құрылысы жағынан жетілуіне ықпал жасады.
Дидактикалық және суфизм сарынын енгізді, дәстүрлі жазба әдебиетін
қалыптастырды. Сонымен қатар, бұл дастандарда сл дәуірдеі қоғамдық
ғылымдардың әр салаларына (тарих, философия, эстетика, этика, педагогика,
психология т.б.) байланысты ғылыми көзқарастардың бастаубұлағы
дәрежесінде көрінетін ой-пікірлер мен түсініктер көрініс тапқан.
Мәдениеті мен ғылымы, өнер-білімі даму жолына түскен түркі
халықтарына XIII ғасырда басталған монғол шапқыншылығы зор зардап
әкелді. Мәдениет пен ғылымның орталығы болған қалалар қиратылды.
Тарихта Алтын Орда деп аталған мемлекет қалыптасты, бұл кезде де әдеби
мұралар туды. Олар: “Жүсіп-Зылиха”, “Мұхаббатнаме” ғашықтық
дастандары, “Оғызнаме” эпосы, “Хұсрау-Шырын” батырлық дастаны, “Қисса
сұл әнбия”, “Жұмжұма” діни әңгіме, хикая, “Гулистан бит Турк” назиралық
аудармалары. Мысалы: Рабғузидың “Қисса сұл әнбия” еңбегінде дүние
құбылыстары, жаратылыстың пайда болуы, пайғамбар, халиф, сахаба, әулие-
әнбиелер туралы аңызда, тарихи тақырыптағы өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер,
қисса-ертегілер.
Бізге жеткен М.Салиты “Шайбанинаме”, М.Х. Дулатидің “Тарихи и
Рашиди”, Рашид аддиннің “Жами ат тауарих”, З.Бабырдың “Бабырнаме”,
Ұлықбектің “Сұлтандар шежіресі” т.б. еңбектердің қазақ халқының ертедегі
тарихын зерттеп, тануда маңызы зор. Ал, “Бабырнаме” тек тарихи оқиғаларды
берумен шектелмейді. Ол өз дәуіріндегі өнерпаздар, әсіресе, ақындар туралы
жазғанда, поэзия, өлең құрылысы, өлең түрлері, ұйқас, ырғақ т.б. мәселелер
жайында әдеби-теориялық пікірлерін білдіріп отырған.
Тұжырымдама
1. Әрбір халықтың ұлттық әдебиеті туралы ғылым сол елдің тарихи өмір
жолы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиялық
танымына сай дамиды. Әдеби мұраны игерудің алғашқы қадамдары белгілі
бір шығарманы талғаммен қабылдаудан, өнер туындысы ретінде танудан,
рухани дүние ретінде қажетсінуден басталады.
2. Әл-Фарабидің “Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері”,
“Ғылымдар
энциклопедиясы”,
“Ғылымдарды
классификациялау”,
“Аристотель еңбектеріне түсініктеме”, “Өлең кітабы”, “Өлең өнерінің
қағидалары туралы”, “Поэтика және поэтикалық ойлау“, “Поэтикалық
шығармалар түрі” және т.б. еңбектерде сол кездегі өнер, тіл, әдебиет
мәселелері мен өлеңтану саласындағы әдеби-теориялық, әдеби-зерттеушілік
ой-пікірдің биіктігін танытты.
3. Ежелгі дастандар ертедегі түркілердің мәдени өміріндегі әдебиеттің
қоғамдық мәнінің өсе түсуіне, жазба әдебиетің дамуына, оның көркемдік
деңгейінің жоғарылауына, жанрлық, тақырыптық-сюжеттік және өлең
құрылысы жағынан жетілуіне ықпал жасады. Сонымен қатар, бұл дастандарда
сол дәуірдеі қоғамдық ғылымдардың әр салаларына (тарих, философия,
эстетика, этика, педагогика, психология т.б.) байланысты ғылыми
көзқарастардың бастаубұлағы дәрежесінде көрінетін ой-пікірлер мен
түсініктер көрініс тапқан.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер әдеби-эстетикалық ой-пікірлердің туу, қалыптасу кезеңдерін
жүйелеп, талдай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. Астана, 2000.
2. Смағұлов Ж. Ұлттық әдебиеттану әлемі. Қ., 2005
3. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. А.,1986.
4. Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. А., 1988.
Достарыңызбен бөлісу: |