Инклюзивті оқытуды жүзеге асырудың негізгі шарттары: - нормативтік-құқықтық негіздерді жетілдіру;
- ғылыми, оқу-әдістемелік, кадрлық, қаржылық-экономикалық және басқа да ресурстардың шоғырлануы;
- әлеуметтік-педагогикалық шарттарды құру;
- ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларды әлеуметтік бейімдеуге және кәсіби бағдарлау мен өзін-өзі дамытуға жағдай жасау;
- балалардың жеке мүмкіндіктері мен білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, ақпаратты коммуникативтік технологияларды пайдалануды қамтамасыз ететін интерактивті оқыту.
ЕБҚЕ балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген.
ЕБҚЕ балалар не олардың заңды өкілдерінің білім беру мекемесін таңдауға құқылы екендігін ескерсек, әрбір мұғалім инклюзивті біліктілігін өзінің кәсіби біліктілігінің құрамдас бір бөлігі ретінде қарап, жетілдіруі қажет. Біліктілікті арттыру барысында жасалған зерттеулердің бәрі заманауи адамға қажетті түйінді біліктілік құрамының негізін құрайды.
Инклюзивті білім беруді дамытуды ЕБҚЕ балалардың білім алу жүйесін жетілдірудің басты бағыттарының бірі ретінде қарастыру керек. Бала және оның ата-анасының тұрғылықты жеріне сәйкес жалпы типтегі мекемелерге ЕБҚЕ балаларға білім беруді ұйымдастыру, оларды ұзақ мерзімге мектеп-интернатқа жіберуден сақтап, отбасында тәрбиеленіп тұруы үшін жағдай жасайды, қалыпты деңгейдегі дамыған құрдастарымен күнделікті қарым- қатынас жасауды қамтамасыз етеді, әлеуметтік бейімделуі және қоғамға кіріктіруге қатысты мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, бала − ата-ана − педагог, отбасы және білім беретін ұйымдар арасындағы сабақтастықтың ойдағыдай жүзеге асуы тұлғаның әлеуметтік бейімделуінің алғы шарттарының бірі болмақ. Біз, балалар үшін бала өз әрекетінің қатысы мен керектігін сезінетіндей жағдай жасауымыз керек. Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылықтарымыз, әр баласы еліміздің ертеңі екенін ескерсек әрбір мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау біздің міндетіміз. Инклюзивті оқыту – ЕБҚЕ балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді.
Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы балаларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз.
Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға деген мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек етек жинап, ел болғалы толастамақ емес. Дегенмен бұл әрине мұндай жағдайда аздық, әлі де болса ойланарлық жағдай. Десек те, даму мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ел тарапынан бөлінетін көмек пен қамқорлық шектелмесе екен деген ойдамын. Бұл жандар ондай өмірді таңдап алмаса керек. Мүмкіндігі шектеулі балалардан болашақта қолдарынан іс келетін саналы азаматтар мен азаматшалар шықпасына кім кепіл? Мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалыс мүмкіндігі шектелгенімен, жандүние кеңістігі аясының тарылып, күйзеліске ұшырауына жол бермеу − белгілі бір ұйымдардың міндеті ғана емес, қоршаған ортаның, қалың бұқараның басты парызы. Соңғы уақытта елімізде атқарылып жатқан істер инклюзивті білім беру жүйесінің қалануына негіз болары анық. Жас нәрестенің дені сау болса, отбасына зор қуаныш пен бақыт әкеледі. Елімізде өркениетті қоғам құру үшін, тәрбиелі, дені сау азаматтар мен азаматшалар тәрбиелеу керек.
Қазіргі таңда әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие, сапалы білім беру өмір талабы болып табылады. «Бәріне бірдей мүмкіндік», «Сапалы білім - барлығы үшін» деген ұстанымды қолдау маңызды.