Ж.Аймауытовтың комплексті оқыту әдістемесінің ерекшеліктері Баланы оқытуда қолданылатын көп әдістердің «білім берудің төте жолын табуға» қызмет ететіндігін жазып кеткен Ж.Аймауытов біршама ғылыми әдістемелік негіздемелерін жасаған. Қазақ әдебиетінің оқу жүйесін, әдістемесін тәжірибеге ең алғаш енгізген, яғни, хрестоматиясы арқылы әдебиетті пән ретінде тұңғыш танытқан Ы.Алтынсаринның әдеби материал және оның берілу тәртібі мен әдістемесі туралы ұстанымдарының әлі күнге дейін өз құнын жоймайтыны рас. Әдеби материалдарды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай әбден сұрыптап барып оқытуға ұсыну қажеттігін басты қағидаға айналдырған ұлы ұстаздың ол уақытта мектеп жағдайына байланысты бұл мәселені тереңдете қолға ала алмауы да заңдылық еді. Ал ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары қазақ балаларының жылдам білім алып, тез жетілуіне көмектесуге ұмтылды. Жалпы, қазақ тілі мен әдебиетінің оқыту әдістемесі ғылымы тарихында ХХ ғасырдың басында әдістемелік еңбек жазған Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды тұлғаларымыздың орны айрықша. Бұл мақаламызда шағын әңгімені қалай оқыту қажеттігін алғашқы болып жүйелеп берген Жүсіпбек Аймауытовтың ұсынған әдістерін және оның қазіргі білім беру саласында қолданылып жүрген әдістердің түп негізі екенін ашып көрсетпекпіз.
Ж.Аймауытовтың «Комплексті оқу жолдары» деген зерттеуінде комплекс дегенге берген анықтамасы қазіргі білім беру жүйесіндегі басты қағидаттың негізі. Нақтылап айтсақ, «Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді, бір тақырыптың, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқыту» деген пікіріндегі біріктіріп оқытуға назар аударған жөн. Балалардың алған білімін жетілдіруде біріктіріп оқытудың бір түрі – күнделікті өмір тәжірибесін сабақтастыра оқыту мәселесіне үлкен мән береді. Ал оқушылардың функционалды сауаттылықтарын арттыруға негізделген қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы мектеп бағдарламасында берілген тақырыптар күнделікті өмірде кездесетін құбылыстармен байланыстыра құрылуы қажеттігі бір ғасыр бұрын айтылған тәжірибелердің жиынтығы екені сөзсіз.
Ж.Аймауытов «Ана тілін қалай оқыту керек?» деген еңбегінде оқушылардың күнделікті сабақта қолдануы тиіс «мықты әдісінің» бірін былайша қарапайым тілмен түсіндіріп береді: «Бір нәрсе туралы адамның саңылау мүшелері неғұрлы жапатармағай қызмет етсе, соғұрлы ол нәрсені тезірек, нығырақ меңгеріп алмақ. Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, шеңгелдемесең, уысына түк ілінбейді, іліксе де, аз келеді. Ендеше, білім алуға қармақты тұс-тұсынан салу керек. Ол қармақтар – саңылау мүшелеріміз (көз, құлақ, тіл, мұрын, қол-дене). Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!), айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін!), жаздырыңыз (қолымен, денесімен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек». Әдіскер ғалымның пайымдауы қазіргі оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастыратын тілдік төрт дағдыны (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) еске түсіреді. Яғни, тыңдалым – «сөйлеңіз (тыңдасын!)», айтылым – «айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін!)», жазылым – «жаздырыңыз». Ал оқылым туралы Ж.Аймауытов көркем мәтінді қалай оқу керектігі туралы түсіндірмесінде арнайы тоқталады. Бүгінде сабақты осылайша коммуникативтік әдіспен өткізудің негізін қалаушылар деп шетелдік ғалымдарды асыра насихаттағаннан гөрі өзіміздің әдістеме тарихымызға бір сәт мойын бұрғанымыз абзал. Оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастыратын дағдыға келгенде Ж.Аймауытов «Сөзге төселдіру о дегеннен басталу керек. Бісімілдесі – сұрау, жауап. Дұрыс қойылған сұрау дұрыс жауап алуы керек. Дұрыс жауап бере алмаса, әуелі жолдастары, одан қалса, оқытушы түзетіп отырсын. Оқытушының түзетуі берілген жауаптың мәнісін түзету болмасын, сөйлемнің қырыс, қисынын түзету болсын, тілі жетпей тұрған жерін жөндесін» деген өз тұжырымын айтады. Бұл пікірі де қазіргі оқыту жүйесіндегі жеті модульде қарастырылатын оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдердің бірі «диалог арқылы оқытумен» өзара үндесіп жатыр. Әдетте осы тақырыпты сөз еткен отандық әдіскерлер деңгейлік курстарда қатысушыларға Нейль Мерсердің «Диалог негізінде оқыту және оқу» (Mercer, 1995) еңбегін оқуға кеңес береді. Біздің ойымызша, шетелдік ғалымдардан гөрі ұлттық танымға жақын Ж.Аймауытовтың пікірін басты назарда ұстаған дұрыс.
Мұғалім мен оқушының арасындағы диалогке терең мән берген Жүсіпбек бұл арада дұрыс емес жауапты қалай түзету керектігін саралап көрсетеді. Алдымен жолдастарына түзету – бүгінге дейін қолданып келе жатқан тәсілдің бірі. «Оқытушының түзетуі берілген жауаптың мәнісін түзету болмасын» деген талабынан дұрыс жауапты қалай болғанда да балалардың өздеріне тапқызу мәселесі көтеріліп отыр. Ал әдеби шығармаларға қатысты сауалдың «тілі жетпей тұрған жерін жөндеу» баланың эстетикалық талғамын қалыптастыруға көмектеседі. Сондай-ақ «Қазақ баласының бір әдеті: «бәлен етіп, сонымен кетіп, содан сүйтіп…» деген тәрізді нүктесіз шұбата береді. Сөйлегенде де, жазғанда да қысқа сөйлеуге уағдалана беру керек. Ұзын әңгімені аз сөзбен қысқартып айтқызу – сөзге төселдірудің бір керекті жері» деп сөйлеу мәдениетіне ерекше ден қоя отырып, балалардың ойын жинақы, сөзін нәрлі айтқызуға үйретуді мұғалімдерге міндеттейді.
Сабақта өтілетін жаңа тақырыптың кіріспесіне қатысты да мынадай пікірлері бар: «Танық нәрселердің атын жаздырмай тұрып, өзін, әйтпесе тұрпатын, суретін, үлгісін, жоспарын көрсету керек. Мұның бірі де мүмкін емес екен, ауызша ұқсас нәрсемен салыстырып оқыту керек. Сонда барып миына перне қонады, сонда барып перненің аты көкейінде қалады». Көркем шығарманы қалай оқыту керектігін үйретуде осындай тың әдістерді қолдануға кеңес береді. Қазіргі бастауыш сыныптан бастап тәжірибеде осы әдісті дамыта отырып, молынан қолдануға болады.
Ж.Аймауытов өз заманындағы оқыту әдістерін сөз ете отырып: «Мектепте қысқа әңгімелер қалай оқытылу керек?» – деген үлкен мәселені кеңінен көтерді. Әдіскер ғалымның шағын әңгімелерді қалай оқыту керектігін болжаммен емес, нақты кесіп, пішіп айтуы ойланарлық жайт. Өйткені, бұл әдістердің өміршеңдігін танытады. Шынында да қаралған әдістер кеңес дәуірінде де, кейінгі дәстүрлі жүйеде де қолданыста болып, бүгінгі жаңартылған оқыту жүйесінде де өз құндылығын жоя қойған жоқ. Рет-ретімен жүйелегенімізде, мұнда 14 мәселені талап етеді: Біріншісі, «Салған жерден кітаптан оқыта бастамай, алдын ала сол әңгімеге балаларды даярлап алған жөн» екенін ескертеді. Жаңа сабақты бастамас бұрын кіріспе ретінде қолданылатын бұл әдіс, яғни, оқушыларды даярлап алу бүгін де өз тиімділігін жойған жоқ. Екіншісі ынталандыру (мотивация) әдісі: «Балалардың көргені, естігені жайынан сұрап, сурет көрсетіп, әлдебір оқылған, сөйленген нәрседен, не өмірден алып, әйтеуір оқылатын әңгімеге балаларды төндіріп, ынталандырып алу керек». Бұл да қазіргі уақытта кеңінен қолданысқа енгізіліп жүр. Мұны мектеп мұғалімдері кейде «миға шабуыл» тәсілін пайдалану арқылы да жүзеге асырып отырады. Үшіншісі, шағын әңгімені оқытуға бағытталған. «Содан кейін оқылса, әңгімені балалар құлшынып тыңдайды. Алдымен жақсы оқитын балаға, сонан соң төмендеуіне оқытылсын». Мектепте көркем мәтінді осылайша оқыту, әсіресе, дәстүрлі жүйеде бастауыш сынып пен 5-6 сыныптарда кеңінен қолданылып келеді. Төртіншісі, қазіргі қолданыста бар әдістің бірі – оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға баулу: «Әңгіме қандай әсер берді екен, тыңдаушылар ойлансын»; Бесіншісі, «Ұғымсыз, жат сөздер түсіндірілсін». Мәтіндегі түсініксіз сөздермен жұмыс жасау әдісі қазіргі уақытқа дейін әдебиет пәнінде қолданылады. Алтыншысы, «Суреті, көркем сөздері тапқызылсын». Әңгіменің көркемдік ерекшелігіне қарай талдау жүргізу де қазіргі уақытқа дейін әдебиет пәнінде қолданылып жүр. Жетіншісі, «мазмұны қысқаша қайта айтқызылсын». Әңгіменің жалпы мазмұны туралы түсінік қалыптастыру талабы қай уақытта да қолданыстан түспеген. Сегізінші, «Әңгіме бөлшектелінсін». Шығарманың композициялық құрылымы мен оқиғасына қарай бөлімдерге бөлу талабы да үнемі қолданыста бар. Қазіргі уақытта да әңгімені бөлек-бөлек топқа бөліп оқытады.