Ал қазақтың ұлттық-территориялық мәселесін Алашорда автономиясы 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласындағы жалпы қазақтың II съезінде заңды түрде бекітті. Алашорда автономиясын оның конституциясын бүкілроссиялық құрылтай съезі бекітуге тиіс. "Алаш" партиясы Программасының жобасы 1917 жылы "Қазақ" газетінің 251 санында жарияланды. 10 баптан тұратын саяси құжатта қазақ елінің ұлттық, тілекмақсатының негізгілері баяндалды, онда: "Алаш Орда" үкіметінің бағдарламасында автономияның мемлекеттік үкімет билігінің түрі "федерациялық республика құрамындағы дербес мемлекет" ретінде анықталды. Ол республиканың Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Думасы болады, атқарушы механизм міндетін Президент пен Министрлер кеңесі атқарады деп көрсетілді. Бұл бағдарлама сонымен қатар сайлау жүйесін де, дінді мемлекеттен бөлуді де, сот істерін белгілі бір жерде жинақылап, көпшілік болып табылатын халықтың тілінде жүргізу, әскер кұру мен салық салу ісін ұйымдастыру, "түземдіктердің" жерді пайдаланудағы құқығын анықтау және жерге мемлекеттік меншікті орнату сияқты тағы басқа шараларды да қамтыды.
Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) ұлт кеңесінің құрамына 15 қазақ азаматы сайланды. Уәлитхан Танашев (Бөкей ордасы), Халел Досмұамедов (Орал облысы), Халел Ғаббасов (Семей облысы), Сыдық Аманжолов (Жетісу облысы), Мұстафа Шоқай (Сырдария облысы), облыстардан тыс Алашорда қүрамына Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақыткерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжанов сайланды. Үкіметтің осы 15 мүшелеріне орынбасарлар болып қазақ өлкесінің әр түрлі өңірлерінен тағы да 15 кісінің кандидатуралары бекітіледі. Әлихан Бөкейханов Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып сайланды. Сол кездегі Алашорда автономиялық мемлекетінің жері Россия империясының бес әкімшілік (административных) құрамы болып кірген еді. Сырдария мен Жетісу облыстары — Түркістан генерал губернаторлығына, Торғай облысы Орынбор губерниясына, Орал облысы тікелей Россия мемлекетінің қүрамына кірді.