Қазақ дүниетанымының тарихи бастауы тереңде, көне дәуірлердегі қазақ жерін мекендеген тайпалардың тұрмыс-тіршілігінен бастап, ұлттық ата-тегіміз түркілердің мәдениетімен жалғасып келе жатқан дүниетаным халқымыздың ұлттық қасиетін нығайтып отырған. Ұлттың тарихи кезеңдерде рухани қалыптасуы мен тұлғалануының дәстүрі дүниетанымдық тәжірибелерге тәуелді. Сондықтан да, ұлттың және зиялылардың тұлғалық бейнесін дүниетанымдық тәжірибелер арқылы түйіндей аламыз. Ата-бабамыздың ұрпаққа ұлттық мұра етіп қалдырған тәжірибелері, әсіресе, бүгінгі күн үшін маңызды болып отыр. Дүниетанымның қалыптасуы және қалыптасқан дүниетанымдық тәжірибелерді игеріп отыру, тарихи уақыт өрісінде өзінің дүниетанымдық негіздеріне сай өмір сүру ұлттың тұлғалық деңгейін көрсететін қасиеттердің бірі. Дүниетаным бағытында ұлттың рухани құндылықтарын қалыптастырушы тұлғалар, олардың тағылымы, даналығы ұлт мүддесінің тірегі, ұлт болмысының тұлғалануына қызмет етуші зиялылардың рухани қазынасы ұрпақтың бірігуіне негіз болатын құндылық. Тұлғалар рухы мен даналығының негізінде қалыптасып отырған рухани мұраларымыздың тұлғалық рухын бейнелейтін ұғыммен өлшенуі, сол тарихи уақыттарда өмір сүріп отырған халық болмысының да тұлғалық ерекшеліктерін айқындай түспек. Тұлғалық қасиет – кейінгі буын үшін тарихтың тереңдігін танытатын идея. Тұлғалық қасиетті қалыптастырушы тарихтағы халық пен ұлт тұлғаларының зиялылығы, зиялылықтың қадір-қасиетін ұғынып, сол рухани дүние арқылы өмір сүрудің мәнін зерделеу ұрпақтың ұстанымын білдіреді. Тектілік қазақ ұлтының, жеке адамның тарихтағы тұлғалық қасиеттерінің бейнесі. Тектілік ұғымы толығымен ғылыми зерттеулеріміздің шеңберіне ене қоймаса да, халқымыздың тарихтағы рухани өмірі, рухани дүниелері тектіліктің мәнін көрсетіп отыр. Ата бабаларымыздың тектілігі елдің мүддесін, рухын сақтап отырған қасиет екендігін бүгінгі уақыт дәлелдеуде. Сонымен бірге тектілік адам баласының рухани өмірде қол жеткізетін кісілік жетістігі. Оның әлеуметтік өрісінің, жеке адам мен халық болмысының бойынан көрініп отыратын негізі бір. Қазақ ұлтының дүниетанымындағы, салт-дәстүрінің және әдебиетінің бойында сақталып келген білім тектіліктің ұрпаққа қояр талабын, тарихи кезеңде ұлттық тәрбиенің ұрпақ тарапынан жүзеге асырылу бағытын, әр ұрпақ буынның өмірдің күрделі талаптарын орындаудағы рухын салмақтай түспек. Ата-баба аруағын сыйлау адамның ұлттық тегін, негізін қадірлеп отыруында. Қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын адамның адамгершілік қасиеті біріншіден өзінің адами тегіне, екіншіден ұлттық тегіне, үшіншіден отбасылық мәдениетіне сай өз бойындағы рухани қасиеттерді жетілдіру мен үнемі оны сақтап, өз ісін рухани өмірдің халық мүддесіне ортақ талаптарына дұрыс бағыттай білуде. Осы тұрғыда, тектіліктің ұғымын зерделеп, насихаттап отыратын қазақтың ұлттық тәрбиесінің ұлттық идеяға айналуының нақты мысалы, тектіліктің тарихи өмірдің талабы, адамның адамгершілік талғамымен келетін қасиет екендігінде. Халықтың рухы неғұрлым биік, дүниетанымы терең болған сайын халық мүддесінің зиялыға қояр талабы да терең. Шешендік өнерге жақын, даналық өсиетке терең болу бұл қазақ елінің тектілігінің әлеуметтік бейнесі. Адам бойында ашылмай жатқан қасиеттер аз емес, өз бойындағы қасиеттің көзін тани білу, оны тәрбиелеу ісі адамның білімді игеру қызметінен де қиын әрі терең. Осы себептен, қазақ елінің рухани өмірінде баланы елдікке баулып отыру алдыменен ата - ананың отан алдындағы борышы саналған. Рухани қазынаның тәжірибесін пайдалану үшін де адамға рухани тереңдік қажет. Ал, қазақ елінің тарихи өміріндегі рухани тереңдік қоғам өмірінің қиыншылығына төзімді болу, ол үшін не істеу қажет? Қазақ мақал-мәтелдерінің танымдық мағынасы ұрпаққа төзімділіктің шарттары мен жолын үйрететін білімімен құнды. Ата дәстүр нәрінен алшақтамай сусындап өскен жастарға тарихи өмірдің берер қуаты, ата-баба рухын ұрпақ бойына дарытып отыруында. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ тектілік дегеніміз қазақ ұғымында тұлғалық сананың деңгейіндегі ерекше қасиет үлгісі. Қазақ рухы оның дәстүр тәжірибесінің күшінде. Жеті аталық дәстүр қазақ болмысының қалыптасуындағы оның интеллектуалдық өрісін кеңейтіп, көрсетіп отыратын ата-бабаларымыздың елдік түсінігінің қасиетін бейнелейді. Жеті аталық дәстүр – Қазақ хандарының дәуірінде мемлекеттік заң ретінде қалыптасқан, ол қазақ елінің әлеуметтік мәдени негіздегі ұлттың бір тұтас санасына айналған ата заңдарының бірі іспеттес. Сонымен қатар, жеті аталық дәстүр адамның генеологиялық шығу тегінің жолын сақтау мақсатында ғана емес, мәдени танымдық ұлттық ерекшеліктің қалыптасуы, оның өрісінің кеңейіп отыруында маңызды рөл атқарып отырған ереже. Ұлттық деңгейде ұрпақтың зиялы өмір сүруінің мәнін көрсетіп отыратын дүние, тарихи әдеп ережесі. Қазақ ұлтының осы жеті аталық дәстүр тәжірибесінің рухына қатысты айтып кеткен өсиет сөздері аз емес. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрін, тарихы мен мүддесінің рухын, ұлт болмысының рухани қуатын сақтап, біріктіріп отырған жеті аталық дәстүр жөнінде қазақтың түсінігі билердің, жыраулардың руханиятында кеңінен зерделенген. Қазақ ұлтының мәдениетінің болмысын зерттеуші ғалым А. Тарақты «Қазақтың жеті аталық үрдісін тек қана жеті буын ұрпақта есте сақтай білу, одан әрі қыз алысып, қыз берісу деп жалаң түсінуге болмайды. Жеті аталық үрдістен туындайтын қандастық мың-сан жөн-жоралғы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, моралдық-этникалық нормалар түрінде ұлттық өмір салттың төл-тумалығын орнықтырып отырған» – деп жазады [1.39 б.]. Жеті аталық дәстүр бұл да тұлғалық деңгейдегі ұлттың өмір сүру тәжірибесі. Тұлғалық деңгейде өмір сүруді негіздейтін ұлттық идея қалыптасу үшін тарихтың, өмірдің тәжірибесінің негізінде, ғылыми деңгейдегі ұғым қажет. Ұғым танымдық білім арқылы қалыптасатындығын ескерсек, жеті аталық дәстүрдің мәнін түсінуі мен халыққа жеткізіп, оны қоғамның өмір сүру ережесіне айналдыруы, осы дәстүрдің ғасырлар бойы жүзеге асып ұлт болмысы мен мәдениетінің рухын қалыптастыруы, бұл сол тарихи уақытта өмір сүрген қазақ хандарының даналығын көрсететін шындық. Қазақтың жеті аталық дәстүр даналығы ұлтымыздың ұлттық идеясына айналған дүние. Қазақ ойшылдарының ұғымындағы тектіліктің ойшылдың рухани өмірімен байланысуы заңдылық. ХV ғасырлардың өзінде тектілік тұлғалық феноменге айналды, тұлғалық дәстүрдің негізі тектілікпен зерделеніп отырған: Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар. Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар. Ханның ұлы қарауыл, Бидің ұлы шыңдауыл [2. 9 б.]. Тектілік тек рухы, ата тектен қан арқылы, тәрбие арқылы беріліп отыратын қасиет, сол қасиеттің тұлғаның тарихи қызметі арқылы игілікке айналуы: Құбыладан жылы жел есер, Арқадан суық жел есер. Анаға қарап қыз өсер, Атаға қарап ұл өсер. Тоқтамыстың уағында Құлға билік тиген соң, Жесір қатын, жетім ұл Қайтіп қана күн көшер?.. [2. 8 б.]. Ойшылдарымыз қашанда тектіліктің мәнін салмақтап отырған. Ұлтты сақтайтын текті ұрпақ, ұрпақтың қасиетті, саналы болуы тектілік. Қазақтың жеті атаға дейінгі қыз алыспау дәстүрінен бастап, атастыру, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату, дүниеге келген баланың құрметіне жасалатын жоралар бұның барлығы қазақтың ұлттық деңгейіндегі тектіліктің мәнін салмақтайды. Ата-бабаларымыз қан тазалығына бірнеше деңгейде мән берген. Басты деңгей қанның қасиетін сақтау, бабалар дәстүрін ұлттық-аталық текке негіздеу. Бұл адамның физиологиялық, генетикалық жағынан берік, ойлауы жағынан жүйрік, қабілетті, сезімтал болуына ықпал ететін нәрсе. Адамның мінсіз болмысын сақтау ол алдыменен қан тазалығын сақтау. Қайталап айтсақ, шариғатта тектілік адам қасиетінің қорғаны, адамның кісілік қасиетін сақтап отырудың амалы ретінде белгіленген ұстаным үлгісі. Дін мен ата дәстүрдің тағылымынан білім алған қазақ даналары адамды, ұлтты, ұрпақты қорғайтын тектіліктің қасиеті жөнінде мұра қалдырып отырған.Тектілік қазақ болмысының қазығы. Рух азығы – ақыл, ақылдың негізі бойдағы қасиеттің, адамгершіліктің нығаюына ықпал ететін тектілік. Тектілікпен келген білім адамды сақтайды, қандай қыйындыққа кезіксе де адамның ақылдан таймайтын күші тектілікте. Адамның алдыменен өз қадірін өзі тануы тектілік. Адамның жаратылысынан белгілі оның өмірге келу мақсаты мен өмір сүру мақсаты бір, бір-бірімен тығыз байланысты. Қанағатшыл, турашыл, сезімтал, түсінігі мол, талғамы биік, адамгершілігі зор, жақсыға жақын, әлсізге көмегін есептемейтін адам текті адам. Қазақ руханиятының басында тұрған Асанқайғының даналығы тектіліктің қасиетін әр ұрпақ буынға таратып отыратын күшке ие. Жырау бабаларымыздың рухани дүниелерінің күші өмірдің сан қилы жолдарымен қилысып отыратын, ұрпақ өмірінен алыстамайтын, ұрпақ игілігіне қажет құндылықтарды тереңнен қозғап отыратын даналық білімінде . Қазақтың сол кездегі тұлғаларының рухы кез келген уақытта елдің елдігіне, халықтың бірлігіне, адамның төзімділігіне қажет құндылықтарды тармақтап отыратын күшімен қажет кезінде идеяға айналып, елдің мүддесімен бірге ұрпақ алдында жүріп отырады, бейбітшілік уақытта ұлттың рухани қазынасына айналып тарихтың бойында сақталып тұрады. Рухани мұра мен оның иесі тұлғаларымыздың күші тектілік. Қазақта тәуелсіздікке қол жеткізудің басты тәсілі адамды сақтау, әлеуметтік ортада тектілікті қалыптастыру, сол тектілік арқылы елдің болашағына қызмет ету. Қазақ тұлғаларының қасиеті арқылы көрсетіліп отырған рухани қасиет үлгілер, яғни, төзімділік, шыдамдылық, батырлық, ақылдылық, абайлаушылық, сезімталдық, сауаттылық, діни сауаттылық кешегі өткен алаш зиялыларының бойында бар. Бұдан түсінетініміз мыңдаған жылдарға жететін, ұлттың тәрбиесі арқылы ұрпақтың қасиетімен тарихи уақыттың бөгетінен өтіп отыратын тектіліктің қасиеті, тектілік қасиеттің күші. Біз көп жағдайда батырды қара күштің иесі, ханды ақыл мен айланың иесі, биді сөздің иесі деп жатамыз, бірақ, олардың қанында, жан әлемінде, бойында бар ортақ қасиет тектілік. Тұлғалық қасиетті бойына тартып, оны өмірдің жағдайында, халықтың мұң-мұқтажына сай шығара білу, батырдың жаугершілік сәттерде жауынгерлікке жүгініп, ел ішінде, бейбіт уақытта қарапайым адам болуы рухани қасиет иесінің ерекше табиғатының мәнін айқындайды. Сондықтан да, қазақ тектілікті адамның өзін сақтайтын, өзі арқылы өмірін сақтайтын, өмірі арқылы ұлтын қорғайтын қасиет деп түсінген. Халқымыздың тектілікті зерделеуден туған келесі бір ұғымы отбасылық тәрбие, ата-ананың балаға үйретер әдебі жөнінде. Шал ақынның мұраларында ата-ананың өміріне қатысты айтылған мысалдар көп, сол мысалдардың өмір шындығымен келетін тұстары аз емес. Бабаларымыздың батыр, парасатты бейнеде өмір сүруіне, текті ұрпақ тәрбиелеп, ер қорғаны болатын қазақтың ұлдары мен қыздарының асыл қасиеттерімен тарихта қалуына себепкер аналарымыздың, әжелеріміздің тәрбиесі. Діни сауаты мол, ұлттың тәрбиесін бойына сіңірген әжелеріміз өздерінің келін болып түскен шаңырағының рухын ғана емес, ұрпақ тәрбиелеп елдің рухын сақтағандығын айтуымыз керек. Өмірдің бейнетіне ақылмен көнген, жаугершілік уақытта өмірге әкелген ұл-қыздарының басын қорғап, тарих алдында есептеспей керісінше ел үшін ұрпақ тәрбиелеген, өсірген ұл-қызын ұлт үшін тарих алдына шығарған қазақ отбасыларының тектілігі тарихымыздың бойында тарих болып қалды. Не бір батырлар, ақын адамдар, кемеңгер ғалымдар, терең ойлы жазушылар ата-ананың тектілігімен тәрбиеленіп өскен. Ердің ерлігі елін қорғауда, елін қорғайтын ер алдымен отбасының бірлігін сақтай алатын адам. Балаға үлгі болу үшін ердің балаға да, анаға да қатар жүретін қамқор мінезі қажет. Себебі, әйел баланың анасы, баланы сыйлау ананы құрметтеумен бір. Әкенің анаға деген құрметін көріп өскен баланың қоғамға, айналасындағы адамға деген сенімі тұрақты келмек. Ананың да әке мен бала алдындағы міндеті аз емес. Шал ақын былай деп айтып кеткен: Екі қатын алғанның дауы үйінде, Жаман қатын алғанның жауы үйінде. Жақсы қатын алғанның тойы үйінде, Жаман қатын алғанның соры үйінде... Кез болса ер жігітке жақсы қатын, Жақсы қатын шығарар ердің атын. Жаман болса, өз қылған істерімен Еріне қалдырады жаман атын [2.81 б.]. Шал ақын бабамыздың айтып кеткен дүниелерінде өмір шындығы мол. Жырау даналарымыздың тектілігінің күші елдің алдында жүруінде, өзі өмір сүріп отырған қоғам өмірінен бір ғасыр бұрынғы немесе кейінгі уақыттың болмысын зерделеп, ақылмен түйіп отыруында. Елге сын айтып, оның асыл қасиеттерін ашатын ойларын таратып отыруында. Ерін сыйлау елге үлгі, себебі, отбасында тәрбиеленіп жатқан бала болашақ елдің азаматы. Сондықтан да, әйел адамның отбасылық өмірге адалдығы, әдептілігі, ері мен балаға жанашырлығы, шаңырақты таза ұстау міндеттері аналарымыздың жаратылысынан оның өміріне жүктелген міндет. Аналарымыздың бақыты отбасының амандығы, баланың тәрбиелі ел азаматы болып өсуі. Осыны тарихта қазақ әйелдерінің жоғары деңгейде түсінуі қазақ зиялыларының қалыптасуына ықпал еткендігі анық. Қазақ руханияты оның дүниетанымының өрісі. Тарих бойы руханият өрісін құрып, кеңейтіп отыратын жыраулар. Жыраулар сауатты адамдар, яғни, бабаларымыз сауаттылықты діннен, өмірден даналықты үйренген, сондықтан да, олардың мұраты халыққа дін мен тарихта орын алған тағылымды жеткізу, үйрету арқылы ұрпақты тексіздіктен сақтандыру. Адамтанудың ұлттық дәстүрі қазақтың тектілік туралы ұғымы адамның қасиеті мен рухын сақтайтын, қорғап отыратын дүние. Адамтанудан бастап, адамның ұлттық санасы мен сапасын жетілдіре түсетін қорғап отыруды көздейтін бұл дәстүр ғасырлар бойы халықтың ұлттық ой-өрісін дамытып, адамның ұлттық тегін сақтайтын құндылықтарды қалыптастырып, ұрпақтың қасиетін қорғап отырған. Жеке адамның тектілігі тілді, дінді таза ұстау, атадан балаға, бабадан ұрпаққа берілетін асыл мұра ділді қорғау. Қазақтың тілді қадірлеп, тіл арқылы жанды тәрбиелеп, ойды, білімді дамыту өнерінің бойында да тектілік аз емес. Қазақ ұғымында ойлы адам ғана тілді қорғай алады, себебі, ой білім мен қабілеттің бірлігінен туатын дүние. Тектілік дұрыс білімнен, дұрыс ойдың, дұрыс ойдан дұрыс идеяның қалыптасуына ықпал ететін қасиет. Жоғарыда айтып өткеніміздей, сонау ұлттың қалыптасу тарихынан бастап, оның дүниетанымы, мәдениетін, тарихы мен тарихи санасын, құндылықтарын сақтайтын қасиет тектілік. Адамның бойындағы қорғану күші, өшпейтін, өзгермейтін, жоғалып кетпейтін мінез, ол қанша данышпан, ғалым, ойшыл, батыр болса да ұлтты сақтап дамытып отыратын негіз. Қазақ өмірінде, қазақ ойшылдарының, ақындары мен жазушыларының, тіпті, алаш зиялыларының мұраларында өмірді тектілікпен суреттейтін шығармашылықтың рухы басым. Тілдің қасиетін білген, сөздің құнарын тарихтың рухымен салмақтаған адам ғана бабалар тағылымын бойына ұялата алатындығын тұлғаларымыздың рухани дәстүрі дәлелдейді. «Тектен нәр алған тозбайды» – деген бабалар өсиетінің мағынасы осында. Күлтегін заманынан бастап күні бүгінге жетіп отырған бабалар сөзі, ұлттың тілінің қияметке дейін жалғасатындығын дәлелдейтін, ұлттың бойына берілген қасиет түрі. Әлихан Бөкейханов қазақтың ойшыл ақындары сақтаған қазақ тілінің қияметке дейін өмір сүретін ұлттың түп дүниесі деп айтып кетсе, Мағжан Жұмабаев талай қиыншылығы мол уақыттан жоғалмай, барлық ұлттық құндылықтардың көзіне айналған дүние баба тілі деп зерделейді. Сұлтанмахмұт Торайғыров дүние есігін ашқан сәбиге тәрбие мен өмірдің болмысын бейнелеп, ұғындыратын ана тілі деген. Бұдан ұғарымыз бабаларымыздың ұрпаққа берген тектілік тәрбиесі, өнегесі қанша қиындық болса да өзіне қайтып оралатын, төл дүниелерін тарих қатпарынан тауып алатын ұрпақты (санасын) оятқан. Сол тарихтан ерте оянған ұрпақтың бірі алаш зиялылары, одан кейінгі қазақ тұлғалары. Қазақтың ана тілді – тектіліктің негізі деп салмақтауы тегін емес. Тілі жоғалған, тарихы жоғалған жұрттың жойылуға ыңғайлы келетінін алаш зиялылары тегін жазбаса керек. Тілді нығайтып, сөзді сақтау үшін тарихи тақырыпта өлеңдер жазу, зиялыларымыздың тектілік сананы оятуы, ұлттың тектілік ұғымын қайта жандандыруы, жалғастыруы тарихта қалған ұстаным. Қазақ тілі туралы Бауыржан Момышұлы мақала жазды. Батыр данамыздың бұл мақаланы жазуына себеп болған сол кездегі қазақ тілінің жағдайы, тілдің қасиетін көрсетіп, құнарын сақтайтын сананың жоғала бастауы болса керек. Бауыржан Момышұлының мақалада айтылған сөздерін оқыған адам, тарихтағы қазақ зиялыларының тағдыры мен қазақ тілінің болашақ тағдыры арасында тұрған батыр бабамыздың жағдайына көзі жетеді. Бауыржан Момышұлы арқылы қазақтың ақындары, ойшыл адамдары ғана емес, батырлары да тілсіз елдің мұңы зор болатындығын жетік біліп, тілді де қорғаған адамдар екендігін толық түсінесің. Ұлттық қасиетіне берік адам ғана тілді қадірлейді. Бауыржан Момышұлы қанша майдан даласында жүріп, соғыстың ауыртпалығын, басқа ортаның өмірі мен психологиясын бастан өткізді, ол майдан даласында қазақтың өмірін, қазақтың мұң-мұқтажын есіне алып отырған. Балалық өмірден бергі алған тәрбиесін, оқып білген, естіген тарихын, ата-баба дәстүрін, өсиетін қағазға түсіріп отырған. Бұл батыр бойындағы ұлттық тәрбиені, қасиетті берік сақтап отыратын тектілік. Жүсіпбек Аймауытов Мағжан, Сұлтанмахмұт жөнінде жазған мақалаларында өздерінен кейін келе жатқан қазақ ақындарының тектілігін тілге тиек еткен. Олар жаңашылдықты білді, жаңа қоғамдық өмірді, басқа ортаны да көрді бірақ қанша жаңашыл нәрсені, өмірді көрген мен ұлттың асыл дүниесі тіл мен ділден қол үзбеген. Соның тағдырын ойлап дүниелер жазудағы зиялыларымыздың арманын тарих көрсетіп отыр. Қазақты және қазақтың баласы қазақ тұлғаларының ұғымынан түйіндейтініміз тектілік дініңде айтылған, тарихыңда ескерілген асыл дүниелердің білімін білу, қасиетін қорғау. Текті құрметтеу елді сақтайды, ел сақталса жер сақталады. Өмірге қайратты, талғамына берік келетін тектілер атаның өнегесіне, бабаның өсиетіне қарап өседі. Өткеннің өсиетін тыңдап, өнеге көрген ұрпақтың өмірін жақсы қасиет түрлері басады. Сондықтан да, қазақ тектің асылдығын мойындаған, адам бойына ұялайтын жақсы әдептің түрлері тектің рухында деп түсінген. Қазақ ұғымында, «Тектен нәр алған тозбайды». Ұлтымыздың тектану психологиясы адамның мінезін, қабілетін, ерекшелігін, қанмен берілетін қасиет үлгілерін зерделейді. Қазақ руханиятында, «Үлкеннен өнеге, кішіден ізет» – делінген. Бұның мағынасы үлкен мен кіші буын арасында рухани ықпалдың болуы. Тектілік рухани ықпал. Өткеннің мирасы өнегемен жетсе, ұрпақтың мұрасы өсиетке айналады. Өнегесіз өмір жоқ, өнегелі өмір болмаса кейінгі буын арасында өсиет қалмайды.
Пайдаланылған әдебиеттер: «Қазақ». Алматы: Білім, 1994.-176 бет.
Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. – 400 бет.
Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Ғылым, 1993. 280 б.