Реферат
Тақырыбы: Мағыналық өзгерістер арқылы бірге жазылатын сөздердің жазылу ерекшелігі
Орындаған: Қожадияс Аяжан Бақытқызы
Тобы: Кял 20-1
Қабылдаған: Бәлкен Толқын Қорабайқызы
Мазмұны
Кіріспе
Негізгі бөлім
1) Мағыналық өзгерістер арқылы бірге жазылатын сөздер емлесі.
2) Бірге жазылатын сөздер тобы.
3) Бірге жазылатын сөздерге мысалдар
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері (Ереже) – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латын негізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады. Ережеде алдымен ұлттық тілдің жазу-сызумен байланысты: тілдің жалғамалылығы, тілдің ықшамдалуы, тіл дыбыстарының үндестігі, дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділігі, негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескеріледі.
Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер қосылып жазылады. Мысалы: бүгін, биыл, қыстыгүні, күздігүні, жаздыгүні, алаңғасар, ашудас, белбеу, апар, әпер, түрегелді, ерғашты, жарғанат.
Еш, әр, кей, бір, қай, әлде сөздерімен біріккен есімдік, үстеу сөздер түбір тұлғалары өзгертілмей, бірге жазылады. Мысалы: әркім, әрбір, әрдайым, әрқашан ешкім, ешбір, ешқандай, ештеңе, кейбір, қайбір, қайсыбір, бірдеңе, бірнеше, бірталай, біраз, бірсыпыра, біржолата, бірыңғай, біркелкі, бірқыдыру, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқандай, әлдеқашан, әртүрлі.
Орфографиялық ережелер мынадай мәселелерді қамтиды:
1) кейбір дыбыстардың жазылуы;
2) түбір сөздердің және қосымшалардың жазылуы;
3) сөздердің бірге, бөлек және дефис арқылы жазылуы;
4) шылаулар мен одағайлардын жазылуы;
5) бас әріптердің қолданылуы;
6) сөздерді тасымалдау.
Екі түбірден құралған бір ғана зат пен ұғым атауы бірге жазылады: kókónis, shekara, jertóle, baǵdarsham, beınebaıan, sýsabyn, kereńqulaq (өс.), ıtsandyq (өс.), kelteshash (өс.).
Екінші сыңары -lyq (-lik, -dyq, -dik, -tyq, -tik) қосымшасымен келген қоғамдық, әлеуметтік лексика, -ar (-er) қосымшасымен келетін әдет-ғұрып, кәде атаулары, -lar (-ler, -dar, -der, -tar, -ter) қосымшасымен келетін ботаникалық, зоологиялық атаулар, -qysh (-kish, -ǵysh, -gish) қосымшасымен келетін құрал-сайман және техника атаулары, -ty (-ti, -dy, -di), -pa (-pe, -ba, -be, -ma, -me), -ys (-is, -s), -ǵy (-gi, -qy, -q) қосымшасымен келетін лексикаланған тұрақты тіркестер мен зат атаулары бірге жазылады: ortaazıalyq, jerjúzilik, arampıǵyldyq, búkilálemdik, jalpyhalyqtyq, birrettik; aýyzashar, atqaminer; ashatuıaqtylar, balyqqorektiler, jalańkózdiler, aǵashkemirgishter; kespekeskish, sabynsalǵysh, órtsóndirgish; sharýabasty, nemketti, súıkeısaldy; alypqashpa, baýkespe, janbaǵys, kireberis, kúnkóris; aýaqyzdyrǵy, aýasúzgi, bórioınaq.
Екінші сыңары aralyq, qumar, jandy, taný, tanym, jaı, hat, aqy, ishilik, symaq сияқты сөздермен келген атаулар бірге жазылады: halyqaralyq; ataqqumar; ultjandy; jaratylystaný; tiltanym; jylyjaı; ashyqhat (ashyqhat syılaý); zeınetaqy; mekemeishilik; ákimsymaq. Бірақ анықтауыштық қатынас сақталған күрделі сөздер бөлек жазылады: ashyq hat, qyzmettik hat.
Esh, ár, keı, bir, qaı, qaısy, álde сөздерімен келген есімдік, сын есім, үстеулер түбір тұлғалары өзгертілмей, бірге жазылады: eshkim; árkim; ártúrli; keıbir; birdeńe; qaıbir; qaısybireýler.
Бірінші сыңары aq, qara, sary, kók, qyzyl, ala, boz тәрізді түс атауларымен келетін ботаникалық, зоологиялық терминдер бірге жазылады: aqıyq (құс), aqshabaq (балық); qaraqus, qaraaǵash (өс.); saryandyz (өс.), sarygúl; kókqutan (құс), kókbasshóp (өс.); qyzylqasqyr (аң), qyzylbıdaı; alabuǵa (балық), alabulbul (құс); bozbetege (өс.), boztorǵaı. Үш құрамнан тұратын ботаникалық, зоологиялық атаулардың алдыңғы екі сыңары бірігіп жазылады: aqbas sıyr, sarybas jylan.
Лексикалық мағынасынан ажыраған qoı, sıyr, túıe, bota, qozy, at, qoıan, aıý, bóri, qasqyr, ıt немесе qum, sý, bal, ý, sor сөздерімен тіркескен ботаникалық, зоологиялық атаулар бірге жазылады: qoıjýsan (өс.), sıyrjońyshqa (өс.), botabúrgen (өс.), qozygúl (өс.), atqulaq (өс.), qoıansúıek (өс.), aıýbaldyrǵan (өс.), aıýbadam (өс.), bóriqaraqat (өс.), qasqyrjem (өс.), ıtbúldirgen (өс.), qumberish (өс.), sýbetege (өс.), balqaraǵaı (өс.), ýkekire, ýbıdaıyq (өс.), sorqańbaq (өс.).
Eкінші сыңары shóp, gúl, tiken, japyraq, tamyr, qus, balyq, qurt, jıdek, jemis, qat сөздерімен келетін ботаникалық атаулар бірге жазылады: emenshóp, qońyraýshóp; kúımesgúl, qaltagúl; sortiken, shaǵyrtiken; túımejapyraq, sútjapyraq; altyntamyr, beltamyr; totyqus, kókqus; taraqbalyq, qylyshbalyq; qaraqurt, bósirqurt; qyzyljıdek, ıtjıdek; tamyrjemis, torjemis; qaraqat, qyzylqat.
Күрделі сөзге айналған фразеологизмдер бірге жазылады: aqsaqal, aqsúıek, aqnıet, aqnıettik, aqkóńil, aqkóńildilik; kóshbasshy, dúnıeqońyzdaný, erjúrek, erjúrektik, janpıda, janpıdalyq, ataqonys; basqosý, atsalysý, atústi, atústilik.
Белгілі сыңарларының мағынасы көмескіленуі, контаминацияға
ұшырауы арқылы дербестігінен айрылған құрама сөздер болады. Құрама
сөздердің бұл типі біріккен сөздер деп аталады. Мысалы: жаужұмыр,
сайгүлік, ендігәрі, қолғап, жаушымылдық (пион), ашудас, белбеу, күздігүрі,
қозмалдақ, жаздыгүні, әумесер, қыстыгүні т.б. Бұл типтегі құрама сөздердің
бірге жазылуына олардың дыбыстық контаминацияға ұшырауы тәрізді жеке
белгілері сүйеу болады. Бірақ бұл белгі өте шектеулі, санаулы сөздерді ғана
қамтиды.
Құрама сөз сыңарларының өз дербестігінен біршама айырылуының тағы
бір жолы бар. Құрама сөз сыңарларының мағыналық контаминацияға
ұшырауының нәтижесінде, үшінші біртұтас мағына пайда болады да, біріккен сөзге айналады. Бұл аталған жеке белгі де құрама сөзді біріккен сөз деп тануға мүмкіндік береді де, тұтас тұлғалауға таяныш болады. Мысалы: тоқтыбалақ (құс), тауқұдірет (құс), өнеркәсіп, ақжаулық (этн.), қызойнақ, атжалман, бірқазан (құс), сушықара (құс), тазқара, тастүлек, қолбала, қалыңмал, беташар, есепшот, кәсіпорын, көрсары, маубасбұқа (құс), тесібелдібайқасқа(құс), сукөз т.б. Осындай тәсілмен біріккен сөз әсіресе өсімдік атауларында жиі кездеседі: қазтабан (өс.), желімбасақ (өс.), жөтелшай (өс.), аұқұлақ (өс.), балықкөз (өс.), бөрікқұлақ, ботакөз (өс.), бозкілем (өс.), томарбояу (өс.), бетіқышық (өс.), аққой (жуының түрі), биемшек (өс.), аққайың (шөптің түрі), жерсабын (өс.), кәріқыз (өс.).
Осы сөздердің қатарынан құрама сөз сыңарларының «бүтіннің бөлшегі»
ретінде жұмсала келіп, біртұтас мағынаға ие болғандарын да жатқызуға
болады: қосауыз (мылтықтың түрі), қосаяқ (тышқан), бізқұйрық (құс), кезқұйрық (құс), бізтұмсық (құс), шөгелтабан (бүркіттің бір түрі), қаратамақ
(құс), қарабауыр (құс), көкмойын (құс) т.б.
Бірінші сыңары өсімдікке, ал екінші мүлде басқа бір затқа қатысты
атаулардан жасалған құрама сөздерді біріккен сөздің қатарында қарап, тұтас
тұлғалауға болады: арпабас, гүлтәжі, долантопшы, бұошаққын, гүлсидам,
гүлсерік (околцветник), гүлсағақ (цветоножка), гүлзардақ, құртқашаш (өс.).
Құрама сөздің дыбыстық, мағыналық контаминациясы нәтижесінде
пайда болған бұл тобын біріккен сөз деп тану пәлендей дау туғызбайды.
Өйткені бұл сөздердің жеке сыңары мағыналық жақтан тұтаса келіп үшінші бір лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы: егеуқұйрық, өгізтіл (өс.), атауын қазақ тілінде сөйлеушілер («егеу» және «құйрық» немесе «егіз» және «тіл» деп дербес сөзге бөле-жара қарамайды.
Құрама сөздердің ішінде біріккен сөз қатарына қосып, бірге жазуға болатын тағы бір жеке белгіні атап айтуға болады. Ол, мысалы, құрама сөз сыңарларының бүтіннің бөлшегі ретінде жұмсалып барып, бір бүтінге айналуы. Мысалы, гүл, жапырақ, тамыр деген сөздер белгілі бір заттың атауы болғанымен, олар нақты бір ғана есімдікке, мысалы шырғанаққа ғана тән емес. Олар көптеген өсімдікте кездесетін вегатативтік органдар. Сондықтан бүтіннің бөлшегі ретінде бұл сөздер (гүл, тамыр, жапырақ т.б.) белгілі бір сөздің сүйемелі арқылы нақты бір өсімдіктің атауы болып жұмсалады. Бұл тәсілмен жасалған біріккен сөздер әсіресе өсімдік атауларында жиі кездеседі. олардың бірінші сыңары әр түрлі сөздерден, ал екінші сыңары өсімдіктің белгілі бір мүшесінің атауы болып, лексикалық бір бүтін болады. Ондай мүшелер көбіне:
а) көбею органдары: тамыр, мұрт, сабақ, жеміс, қат, жидек; ә) транспирация органдары: жапырақ, сабақ, мұрт;
б) жер үсті органдары: гүл тікен, бұта т.б. Осы аталған «бүтіннің бөлшегі» (гүл, жапырақ, тамыр т.б.) құрама сөздің тұрақты сыңары ретінде қайталанып отырады. Бұл құрама сөздер сөйлеу кезінде тіркестірілмей, дайын күйдегі тіркес ретінде қолданылады.
-гүл, -шешек: бөрігүл, жанаргүл, көкбасгүл, наргүл, көкшегүл, қозыгүл,
меруертгүл, намазгүл, секпілгүл, таугүл (омандр), шегінгүл, ымыртгүл,
ақшешек, бәйшешек, гүлшешек т.б.
-тамыр: көгентамыр, қаратамыр, алтынтамыр, майтамыр,
маралтамыр, мыңтамыр, бояутамыр т.б.
-қат, -жеміс, - жидек, -бүлдірген: бөріжеміс, қаражеміс, иіржеміс,
бөріқарақат, қарақарақат, қожақат, қойқарақат, қызылқат, тасқарақат,
итбүлдірген, қойбүлдірген, тасбүлдірген, субүлдірген, итжидек,
қаражидек т.б.
-жапырақ: айылжапырақ, бұйражапырақ, теңгежапырақ,
жаужапырақ, мүйізжапырақ, мыңжапырақ, тасжапырақ, түйежапырақ,
тікенжапырақ, шүкіржапырақ т.б.
-тікен: бозтікен, түйетікен, қаратікен т.б.
Сөздердің бірге және бөлек жазылу ережелері жайында да бірсыпыра түсініктер беруге тура келеді, өйткені бұл – жазу тәжірибесінде көп қиындық тудырып келе жатқан мәселе. Сондықтан қазақ орфографиясы ережелерінің соңғы редакциясында жүргізілген толықтыру, айқындаулар осы салада көбірек орын алды. “Біріккен сөздердің компоненттері қосылып жазылады және олардың дыбыстық жағынан өзгеріп кірігіп кеткен түрлері сол өзгерген қалпында, ал көпшілігі түбір тұлғаларын сақтап жазылады” деген мазмұндағы ережелер бұрыннан да бар әрі даусыз болатын. Жазуда қиындық туғызып келе жатқан жайт ереженің өзі емес, сол ережеге бағынатын біріккен сөз категориясын ажыратуда болып келе жатыр.
Соңғы кездердегі жазу дәстүріміз көрсетіп отырғанындай, ғылым мен техникаға, қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне, мәдениетке, спортқа т.б. салаларға қатысты терминдік мәнде жұмсалатын күрделі атаулар бір сөз ретінде танылып кетті. Мысалы, 1978 жылға дейінгі орфографиялық сөздіктерде келіс сөз, қонақ асы, жанар май түрінде бөлек жазылып берілген сөздер күнделікті баспасөзде, кейбір оқулықтар мен жеке кітаптарда біріктіріліп жазылып жүрді. Екі түбірден құралып, терминдік сипат алған сөздерді біріктіріп жазу ережесі мен тәжірибесі бұрыннан бар (өнеркәсіп, кәсіподақ, баспасөз, бесжылдық т.б.).
Соңғы редакцияда бұрынғы: “Ғылымның әр алуан саласындағы терминдік мәнге ие болып қалыптасқан атаулар және басқа сөздер де бастапқы тұлғалары сақталып, дағды бойынша бірге жазылады” деген параграф сараланып, толықтырылды, атап айтқанда: “1) ғылым мен техника салаларында терминге айналған күрделі атаулар; 2) екі түбірден құралған аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары; 3) шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт сияқты салаларға қатысты зат, құрал-жабдық, әр алуан ұғым атаулары мен мамандық, кәсіп, қызмет иелерінің аттары; 4) екінші сыңары аралық, тану сияқты сөздер және алғашқы сыңары авиа, авто, изо, ультра... тәрізді сөздер болып келген күрделі тұлғалар біріктіріліп жазылады” деп айқындалды және олар жеке баптарға ажыратылды.
Емлеге байланысты көңіл аударатын жайт – бір сөздің екі не одан да көп болып келетін нұсқаларының (варианттарының) қайсысын таңдап жазу жайында. Табиғаты жағынан мұндай қатарлардың біркелкі емес екенін ескеру қажет. Бір алуан нұсқалардың қайсысын таңдау негізінен емлеге қатысты емес, лексикалық нормаға, яғни ол жарыспа қатарлардың тілде қолданылу сипатына байланысты болады. Кейбір вариант қатарларының екеуі де (кейде үшеуі, төртеуі де) қолданыла беруі мүмкін. Мысалы, әдеби тілдің өзінде бір түбірден өрбіген разы, риза, ырза деген үш түрлі тұлғаның үшеуі де жұмсалады. Сол сияқты бір түбірден тараған сұрақ – сұрау, рұқсат – лұқсат, адас – аттас, едәуір – недәуір, шейін – шекті, я – жә, өн бойы – өне бойы, бұл – бұ, қаһар – кәр, заһар – зәр, әскер – ләшкер, адым – қадам, күнбағыс – күнбағар, айдаһар – аждаһа, шайтан – сайтан, күкірт – кеуірт, лық толды – лықа толды, заман – замана, жиналыс – жиылыс, қоныш – қойыш, бүліну – бүлу дегендердің екі сыңары да – тілден орын алуға құқықты сөздер. Олардың бірқатарының екі варианты да әдеби норма болса, енді бірсыпырасының біреуі көне тұлға (ләшкер, ұғыл, адас) немесе жергілікті қолданыс (кеуірт, қойыш, күнбағар, шекті) болып келеді. Сондықтан мұндай бір мағынадағы жарыспалы қатарлардың екеуі де (кейде үшеуі, төртеуі де) сөздіктерден орын алып, орфограммалары (жазылу түрі) көрсетіледі.
Енді бірқатар жарыспалы тұлғалар бір түбірден екі түрлі мағына беретін екі сөз жасаудың нәтижесінде пайда болғандар. Мысалы: үкімет (правительство) және өкімет (власть). Бұл екі сөздің түбірі – хукмат деген бір сөз. Сол сияқты есеп және хисап, әрекет – харекет, найзағай – нажағай, дүр – дүррі, каһар – кәр, кәдімгі – қадим (заман) т.б.
Жарыспалы сөздердің үшінші тобына стильдік мақсатпен бір сөздің екі түрлі тұлғада жұмсалатындары жатады. Мысалы, мына қатарлардың әрқайсысы белгілі бір стильдік жүк арқалап жұмсала береді: шайтан – сайтан (соңғысы “өжет, өткір, жұртты өзіне қаратқан” деген сияқты ауыспалы мағынада стильдік мақсатпен қолданылады: Мен қара көз сұлумын, сайтан қызбын – Ж.Молдағалиев), жұмақ – ұшпақ (соңғысы ауызекі сөйлеу тілінің элементі ретінде көркем әдебиетте кейіпкер аузына салынады), әзіз – ғазиз, көңіл – кеуіл, патша – падиша, заман – замана, көктем – көктеме, беріп жіберді – періп жіберді (соңғысы “соғып қалды, қойып жіберді” дегенді айырып көрсету мақсатында жазылуы мүмкін).
Біріккен сөз болатындар:
Топонимикалық атаулар, яғни жер-су аттары. Бұлар, негізінен, түбір тұлғалары сақталып жазылады: Актөбе, Ақжар, Алатау, Жезқазған, Талдықорған, Қызылорда, Сарыөзек, Сырдария, Баянауыл, Ұлытау, Қаратау, Жаманшұбар, Еңбекшіқазақ. Кейбір жер аттары үш сөзден жасалады да, үшеуі де бірігіп жазылады: Екібастұз, Қызылжарқұдық, Ақдаласор, Актүйесай, Алқакөлқұм, Ақбасатан. Тіпті кейде төрт түбірден құралып жасалған жер-су аттары да кездеседі: Аймысықкөккөз (тау, шоқы аты, Қарағанды облысының Шет ауданында), Ақсортопырақсай (сайдың аты, Ақадыр ауданында).
Қазақша кісі аттары мен ру-тайпа және бірен-саран халық аттары. Бұлардың да көпшілігі, негізінен, түбір тұлғалары сақталып, бірге жазылады: Ақбөпе, Ақмарал, Гүлжәмила, Ғалиябану, Жақыпбек, Жанбота, қаракерей, жетіру, қарақалпақ, қарақыпшақ.
Бірқатар кісі аттары дыбысталуы жағынан өзгерген күйінде жазылады: Амангелді, Жангелді, Нұргелді, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз, Әйгерім, Жанғозы, Телғожа, Дәметкен, Ұлбосын, Айғаным.
Адамның фамилиясын немесе әкесінің атын білдіру үшін қолданылатын ұлы, қызы деген сөздер жалқы есімге қосылып жазылады: Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Сара Сәтбайқызы Есова.
Ғылым мен техниканың әр түрлі саласындағы терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы түбір тұлғаларын сақтап, бірігіп жазылады. Оның ішінде:
С а я с и — ә л е у м е т т і к терминдер мен т а р и х , э к о н о м и к а ғылымдарына жататын сөздер: өнеркәсіп, кәсіподақ, бесжылдық, көзқарас, баспасөз, арақатынас, еңбеккүн, еңбекақы, жалақы, қаламақы, шикізат, қолбасы, келіссөз, қонақасы, өнертабыс, алауыздықтар (мемлекеттер, одақтастар, пікірлестер т.б. аралығындағы келіспеушіліктер), көзбояушылық, сөзбұйда (волокита деген терминнің баламасы), қосмәнділік принципі (философия термині).
Б и о л о г и я ғылымына жататын терминдер, яғни аң-құс, жан-жануар, өсімдік, ағаш, құрт-құмырсқа атаулары және осы салаға қатысты өзге де терминдік сөздер: алабота, кәріқыз, алақоржын (өсімдік аттары), қырықаяқ, бұзаубас, қарақұрт (жәндіктер), ақиық, бізтұмсық, бірқазан, өгізшағала (құс аттары), гүлтабан, бұршаққын, тозаңқап (ботаника терминдері).
Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер (ақ, сары, қызыл, қара т.б.), немесе мал, аң-құстардың жалпы атаулары (қой, сиыр, түйе, қозы, бөрі, аю, қоян, қаз т.б.), я болмаса тау, шөл, құм, дала, су, тас, у деген сияқты сөздер болып, екінші сыңары нақты өсімдік немесе аң-кұстардың аты болса, бұлармен жасалған сөздер биологиялық терминдер ретінде қосылып жазылады (қазақ тілінің емле ережелері мен 1988 жылғы “Орфографиялық сөздікте” алдыңғы сөз анықтауыш ретінде бөлек жазылады деп көрсетілген ереже түзетілуге тиіс): құмбетеге, субетеге, қоянжоңышқа, сиыржоңышқа, түйежоңышқа, қойжусан, қызылжусан, қаражусан, қойқарақат, бөріқарақат, аюқарақат, қызылқарақат, қарақарақат, түйекекіре, укекіре, атбұршақ, түйебұршақ, бөрібұршақ, майқаңбақ, балқаңбақ, сорқаңбақ, аққайың, қотырқайың, үлпекқайың, қызылқайың, итжуа, итбүлдірген, итбадам, итқонақ, итқұмық, итошаған, итсигек, итбүлдірген, таутеке, субүркіт, сужылан, убалдырған, убидайық
Ақ, қара, қызыл, қоңыр деген сын есімдер аң-құс, өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылған болса, бөлек жазылады: ақ аю, қоңыр аю, қара бұрыш, қызыл бұрыш, қара жүзім, қара өрік, қоңыр қаз. Кер сөзі де түсті білдіріп тұрса, бөлек жазылады: кер ат, кер ала, кер бесті, кер жағал, кер төбел, кер марал, ал кері және керілген сөздерінің ықшамдалып барып тіркескен түрімен келген күрделі сөздер бірігіп жазылады: керауыз, керзаман, кермиық, кертақыс, кертартпа.
Физика-математика ғылымдары мен өндіріс-техника саласына жататын терминдердің бірсыпырасы біріккен сөздер болып келеді. Мысалы: сегізжақ, үшжақ, көпмүше, бірмүше, көпбұрыш, темірбетон, қазаншұңқыр (котлован), майбалшық (раствор), жанармай, жағармай.
Медицина-ветеринария салаларына қатысты терминдердің бірқатары екі түбірден жасалып, бірігіп жазылады: шорбуын (артрит), соқырішек, сарысу (илену), сарауру, көкжөтел, құрқұлақ, өкпеқұрт, қоянжел.
Мәдени-ағарту, тіл білімі, өнер салаларына жататын терминдердің ішінде екі түбірден бірігіп жасалғандары едәуір: күйтабақ, қылқалам, қолтаңба, сөзжұмбақ, жолжазба, сегізаяқ, сөзжасам, сөзтізбе (реестр).
Спорт терминдері сияқты қазақша ұ л т т ы қ о й ы н а т т а р ы да екі түбірден жасалса, көбінесе, біріккен сөз ретінде қосылып жазылады. Бұлардың ішінде сын есім, сан есімдер мен зат есімдердің тіркесуімен жасалғандары көбірек кездеседі: аққала, ақсүйек, түйебас, қосқұлақ, әуетаяқ, салматаяқ, алакүшік, алтынқабақ, бурақотан, қарабие, қарақұлақ, алтыбақан, бесқақбай, үштабан, шықетер, төртасық, бесасық, бестас, соқыртеке, тоғызқұмалақ.
Сондай-ақ кейбір ойын аттары есімдер мен етістіктердің тіркесінен жасалады, олардың көпшілігі біріккен сөз болады: балтамтап, қолсоқпақ, ханатпақ, ханталау, тисінқабақ, ал бірқатары күрделі сөз ретінде бөлек жазылады: қыз қуу, орамал тастау. Бастауыш, баяндауыш, толықтауыш мүшелері бар, сөйлем іспетті құрылымдардан жасалған ойын аттары тырнақшаға алынып, кейде тырнақшасыз әр сөзі бөлек жазылады: “ханды қара басты ”, “хан жақсы ма?”, “кім түртті?”. Бір сөздің қайталауынан жасалған немесе қарсы мәндес қос сөздерден жасалған ойын аттары дефиспен жазылады, олар да көбінесе тырнақшаға алынады: “мыршым- мыршым”, “ұжмақ-тозақ”, “хан-уәзір”.
Әр түрлі ырым, ритуал аттары да екі түбірден тұрса, бір сөз ретінде танылады: ақсарыбас, жолаяқ, беташар, есікашар, тұсаукесер, атұстатар, қолұстатар, батаоқыр.
Химия, геология, металлургия салаларына қатысты терминдердің бірқатары біріктіріліп жазылады: оттек (оттегі), сутек (сутегі), қостотық, теміртас (железняк), таскөмір.
Астрономия саласына қатысты терминдік сөздер екі түбірден жасалса, біріктіріліп жазылады: көкжиек (горизонт), кемпірқосақ, оңтүстік, солтүстік, шоқжұлдыз. Бұл топқа жұлдыздардың, шоқжұлдыздардың аттары да жатады: Темірқазық, Жетіқарақшы, Ақбозат, Есекқырған, Үшарқар, Құсжолы.
Біріккен сөз болатын терминдерге келгенде мынадай жайттарға көңіл аудару қажет болады. Флора (өсімдік) пен фауна (жан-жануарлар) дүниесінің терминдік атаулары болып келетін біріккен сөздердің жасалу жолдары көбінесе мыналар:
1) Флора мен фауна атаулары түсті білдіретін ақ, қара, көк, сары, қызыл, ала, боз деген сөздер мен жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан айырылған сөздердің бірігуі арқылы жасалады. Мысалы, (алақоржын (тышқан), ақиық (құс), қарақанат (өсімдік) дегендердегі қоржын, иық, қанат сөздері осы атауларда өздерінің жеке лексикалық мағынасында қолданылып тұрған жоқ, алдыңғы сөздермен бірігіп барып, нақты аңның, құстың, өсімдіктің атауы болып тұр.
Бұл топтағы өсімдік атауларына мысалдар: ақбүйрек, ақбілек, ақшелек, ақсырғақ, ақтамақ, бозбұғы, бозкілем, қарабас, қарақұлақ, қарашора, қарашұнақ, қызылбас, қызылқұйрық, сарыбуын, сарысадақ, көкқасқа, көкнайза, көксұлтан, көкшолақ.
Осы топтың жан-жануарлар атауларына мысалдар: ақиық, қарабай (құстар), ақкөз, аққайран, ақсерке, алабұға, қаракөз (балықтар), алақоржын (тышқан), қарақұйрық (аң).
Жалпы, мағыналық өзгерістер арқылы бірге жазылатын сөздердің емлесі бойынша бірге немесе бөлек жазылатын сөздерді тұлғасына қарай ажырата аламыз. Біріккен сөздердің бірге не болмаса бөлек жазылуын аңғардық. Біріккен сөздер- екі түбір сөздің бірігуі арқылы жаңа мағынаға ие болуы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Жаңа әліпби негізінде қазақ тілінің емле ережелері
Бірге жазылатын сөздер ережесі
https://egemen.kz/article/180567-zhanha-alipbi-negizindegi-qazaq-tili-emlesininh-eredgeleri
https://emle.kz/uploads/files/767f84253bd59368c0d3f8a69b50ecc0.pdf
Достарыңызбен бөлісу: |