Микроорганизмдердің клеткалық құрылымының ең қарапайым типі – бір клеткалы. Бір клеткалы микроорганизмдер көлемі өте шағын. Бактериялар, қарапайымдар, ашытқылар арасында бір клеткалылар жиі кездеседі.
Көпклеткалы– клеткалық құрылымның күрделі типі. Көпклеткалы организмдер бір клеткадан түзіледі, бірақ ересек күйінде көп клеткадан тұрады және орналасу реті әртүрлі болады. Жануарлар, өсімдіктер және кейбір микроорганизмдер көпклеткалы құрылымға ие.
Кейбір микроорганизмдердің биологиялық құрылымы көпядролы құрылымды болып келеді. Ондай микроорганизмдер ценоциттілер деп аталады. Олар өсу кезінде клеткалары бөлінбейді. Ондай ағзаларға көбінесе балдырлар және саңырауқұлақтар жатады.
Клеткалардың екі типі бар: бірклеткалы, көпклеткалы және ценоцитті құрылымға ие эукариоттар және прокариоттар (негізінен бірклеткалылар).
Прокариотты (бактериалды) клетканың құрылымы.
Прокариоттардың негізгі ерекшелігі клеткаішілік мембраналық жүйесінің болмауы.
Клетка қабырғасы клеткаға пішін береді, сыртқы ортаның жағымсыз әсерлерінен қорғайды, клетка ішіне артық мөлшерде ылғал кіруін болдырмайды.
Бактериалды клетканың құрылыс схемасы
Цитоплазмалық мембрана
Клетка қабырғасы
Тилокоид
Цитоплазма
Прокариотты (бактериалды) клетканың құрылымы
Цитоплазмалық мембрана (ЦПМ) клетканың қоректенуінде маңызды роль атқарады. Белокты-липидті жүйеден құралған, үш қабатты құрылымнан тұрады. Мембрананың сыртқы жағында қоректік заттарды клеткаға тасымалдаушы белоктар орналасқан, ал ішкі жағында гидролиздік және тотығу-тотықсыздану ферменттері орналасған. Екі белоктық қабық арасында фосфолипидті қабат орналасады.
Мезосомалар – мембранадан түзіледі, энергиялық және клетканың бөліну (көбею) процесстеріне қатысады.
Цитоплазма – клетканың ішкі сұйықтығы, жартылай сұйық, коллоидты ерітінді. Құрамында: клетка салмағына шаққанда 70-80% су және ферменттер, қоректену субстраттары, клетканың зат алмасу өнімдері.
Нуклеоид– көбеюге қатысатын, прокариотты клетканың жалғыз хромосомасы, тұқым қуалау ақпаратын сақтаушы. Ол шағын құрылым, цитоплазма ортасында орналасқан, қос тізбекті ДНК жіпшесінен тұрады.
Көптеген бактериялар хромосомалық ДНК-мен қатар хромосомадан тыс, қос тізбекті ДНК-дан тұрады. ДНК-ның бұл автономды репликацияланатын элементтері плазмидалар деп аталады.
Рибосомалар – құрамында РНК (60%) және белок (40%) болатын, шағын гранулалар. Рибосомаларда клеткалық белок синтезі жүреді.
Бактериялар клетка қабырғасының химиялық құрамы және құрылымы бойынша грамм оң (Грам+) және грам теріс (Грам - ) болып бөлінеді. Бактерияларды Грам бойынша бояу әдісін ұсынған, Дат ғалымы Кристиан Грам есімімен осылай аталған. Бактерияларды генцианвиолетпен бояған соң, спиртпен өңдейді, нәтижесінде Грам+ бактериялар кулгін түсін сақтап қалады, ал Грам – бактериялар түссізденеді.
Грам+ бактериялардың (а) клетка қабырғасы пептидогликан – муреиннен (90-95%), тейхой қышқылдарынан, полисахаридтерден тұрады. Ол бір қабатты құрылымға ие, цитоплазмалық мембранаға тығыз жанасқан.
Грам –бактерияларда (б)клетка қабырғасының құрамында муреин мөлшері аз (5-10%), тейхой қышқылдары болмайды, көп мөлшерде липопротеидтер мен липополисахаридтер кездеседі.