Байланысты: Өмірлік және жұмысқа қатысты қажеттіліктерді қанағаттандырудағы стресті басқару
ЖАСТАРДАҒЫ СТРЕССТІҢ ПАЙДА БОЛУЫНА ӘСЕР ЕТЕТІН ФАКТОРЛАР МЕН ОНЫҢ ЖАСТАРДАҒЫ КӨРІНІСІ
Соңғы жылдары стресс мәселесі әлемдік психологиялық ғылым мен тәжірибеде өзекті тақырыптардың бірі ретінде қарастырылуда. Кеңестік психологияда жастар ортасындағы психологиялық стрессті зерттеуге басты назар аудартылды. Жастардағы психологиялық стрессті бастан кешіруі көптеген факторлармен шарттасады.
Олардың ішінде:
Әлеуметтік факторлар – бұл факторлардың тобына қоғамдағы әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық, көптеген әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ, жұмыссыздық, әлеуметтік жанжалдар, жас отбасылардың мәселелері.
Әлеуметтік-психологиялық факторлар – түрлі типтегі әлеуметтік және тұлғааралық қатынаспен байланысты мәселелер, позициялық және эмоционалды дау-жанжалдар, қарымқатынастық мәселелер, кіші топтағы жағымсыз психологиялық көріністер.
Тұлғалық факторлар: а) обьективті-тұлғалық – жастық шақтағы дағдарыстар, жыныстық ерекшеліктер; б) субьективті-тұлғалық – темпераменттің, жоғары жүйкелік іс-әрекеттің ерекшеліктері, «бұрынғы стресстік тәжірибенің» болуы, адекватсыз өзін-өзі бағалау, жоғары тұлғалық мазасыздық, қысым, агрессивтілік, ригидтілік, мотивациялық ерекшеліктер және т.б.
Іс-әрекет ерекшелігімен байланысты факторлар – оқу, кәсіби, кәсіби-оқыту, қызметтік . Мысалы, ұйымның еңбегінің бұзылысы, ақпараттық қысымдар және т.б.
Көптеген теориялық және қолданбалы зерттеулерді талдай келе, әсіресе, жастық шақтағылар орта жастағыларға қарағанда стресске әсер етулері біршама қарқынды болады деген қорытынды жасауға болады. Шектен тыс стресстің салдары көбінесе жас адамдарда 21 жастан 22 жасқа дейінгілерде көп байқалады. Негізгі психологиялық мәселелердің жиынтығын төмендегідей көрсетуге болады:
біріншіден, біршама көп таралғандары әлеуметтік қатынас пен тұлғааралық қатынас
мәселесі және олармен қарым-қатынастық мәселе де тығыз байланысты болып табылады.
екіншіден, жеткілікті түрде таралған мәселелер қандай-да бір іс-әрекетпен байланысты болып табылады. Бұл мәселелерге кәсіби, әлеуметтік-рөлдік анықталу, кәсіби әрі оқу іс-әрекетіне қанағаттанбау, біршама пасихологиялық қысым жатады.
үшіншіден, түрлі типтегі тұлғаішілік мәселелер кең таралған [6, 26 б.]:
Стресс әрбір жас адамның өмірінде кездеседі, өйткені стресстік импульстар адам өмірі мен ісәрекетінің барлық аумағын қамтиды. Жас адамның ағзасын түбегейлі өзгертетіндер: эгоцентристік (эгоизм), қызығушылықтарының бұрмалануы, фанаттыққа ұмтылу, өз мүмкіндіктерін мойындамау, истероидтылық және т.б. Осылардың нәтижесінде адам өз хал-ақуалына қанағаттанбайды. Мұның барлығы стресстің пайда болуына әкеліп соғады. В.Ф.Калошин стресстік күйге жиі түсетін жастардың типін келесідей бөліп көрсетеді [7, 76 б.]:
гиперәлеуметтік – жастардың шектен тыс «шыншыл» болғаны, тым жауапкершілігі, адамгершілігі жоғары, өзіне аса жоғары талаптар қою, ең алдымен әлеуметтік жетістікке жетуді ойлау, мансапқа қол жеткізу;
максималист – егер жастар барлық жерде ашу-ызаға, әділетсіздікке, дискриминацияға куә болса, онда олар әрдайым бар әлеммен өштесіп өмір сүреді. Ең соңында өздері жалғыздықта қалып қоятындар.
Тура – ригидті, ымыраға келмейтін тұлға – тек қана «иә» немесе «жоқ», ақ немесе қара, барлық нәрсе қандай болмасын жүзеге асу керек дейтіндер.
Әлсіз – төмен бейімделген адам – туылғаннан немесе өмір ағымында мүмкіндіктері шектеулі әрі тек физикалық жағынан ғана әлсіз емес , психикалық және әлеуметтік әлсіз жастар.
Мазасыз – күдікшіл жастарға әрдайым қорқыныш сезімі тән болғандықтан, ағзаны әлсіздендіреді. Бұл типтегі жастар әрқашан өздерін ауру сезініп жүреді.
волюнтаристер − ереже бойынша өмірді «кейінге» қалдыратындар. Жастардың көбісі жұмыста, шығармашылықта көп шаруаларын «кейінге» ысырып қояды. Бірақ әрдайым «кейінге» қала берген де түрлі бастан кешулерге, реніштерге, қанағаттанбауға алып келеді.
Осы типтегі адамдарда әрдайым стресске ұшырау қаупі төніп тұрады. Демек, осы бөлінген типтерге орай жастардағы стресстің пайда болу себептері мен жастардың бойында көрініс табуын да ашып айтуға болады. Жастардағы кең таралған стресстің көріну себептеріне мыналар жатады:
Қоршаған ортаның әсер етуі (дыбыстар, экологиялық ластану, ыстық, суық), стресс нашар физикалық жағдаяттар нәтижесінде пайда болуы мүмкін [7, 45 б.].
Қысым (нагрузка, жоғары интенсивтілік), жастардың мойнына алған жауапкершіліктерінің, мақсаттарының, шаруаларының тым көп болуы стрессті туғызады.
Ақпараттық (шектен тыс ақпарат көлемі), мысалы, жастардың жағымсыз ақпаратқа ие болуы, жағымсыз жаңалықтарды естуі және т.б.
Физиологиялық (ауру, бұзылыс, травма) – стресс жас адамды түрлі ауру түріне икемдеп қояды, нәтижесінде адамның иммундық жүйесі әлсірейді.
Эмоционалдық – жастық шақ кезеңінде нағыз мәселе болып табылатын – ол жақындастық пен сәйкестілікке жету (қарама-қарсы изоляцияда). Жақындастық өзара қанағаттану сезіміне бөлейді, басқа адаммен тығыз қарым-қатынаста болу ерекше сезім тудырады. Ал егерде, жастар өздеріне жақын адамды таба алмай, ұзақ уақыт жүріп қалатын болса да , стресстік күйге душар болуы әбден мүмкін.
Қиын өмірлік оқиғалар: науқастық, жақын адамдарынан айырылу, туыстары басынан кешіріп жатқан қиындықтары, жұмыс орнын жоғалту немесе жоғалтудан күдіктену, өмір сүру шартының күрт өзгеруі және т.б.
Күнделікті қалайтын әлеуметтік байланыстың болмауы, әлеуметтік изоляция, тұлғааралық қатынастың эмоционалды мағынасының бұзылуы.
Өндірістік (жұмыстағы, оқу орнындағы түбегейлі өзгерістер, қиындықтар мен даужанжалдар). Өндірістік фактор әсер ететін стресске еңбек іс-әрекетіндегі, оқудағы, эмоционалды байланыстағы жайбасарлық (монотондылық) жатады.
Өмірдің өзгерісті кезеңі: неке қидыру, ажырасу, бала туу, оқуға түсу мен оны аяқтау, жаңа жұмыс орнына ауысу және т.б.
Тұлғалық дисгармония: ішкі тұлғалық дағдарыстар, «Меннің» шынайы әрі қалайтынының сәйкес болмауындағы дағдарыстар, тұлға дамуындағы дағдарыс.
Материалдық қамтамасыз етілгеніне қанағаттанбау, Өмірлік мақсаттарына жете алмау қаупін сезіну;
Анықталмаған немесе нақты қауіптер, әлеуметтік және әлеуметтік-психологиялық факторлар (жұмыссыздық, психологиялық әлсіздік және т.б.);
Өмірлік құндылықтары мен ұстанымының өмір шартына сай өзгеріп отыруы және т.б. [8, 87 б.].
Стресс өзінің көрінісінде көп қырлы. Ол адамның психикалық іс-әрекетін бұзып немесе бірқатар ішкі аурулардың пайда болуына әкеліп қана қоймай, сонымен қатар кезкелген аурудың бастамасы да болуы мүмкін. Осыған орай қазіргі таңда стрессті жою және жеңу тәсілдерін білуге қажеттілік кеңеюде. Жалпы стресстің пайда болуының субъективті және объективті себептері бар. Стресс әрқашанда объективті себептерден: өмір және жұмыс жағдайы, басқа адамдар, саяси және экономикалық факторлар, төтенше жағдайлардан ғана пайда болмайды. Кейде стресстің пайда болуы, оның көріну деңгейіне субъективті де себептер әсер етеді және осы себептер адам өмірі үшін өте маңызды. Бүгінгі күнде шетелдік ғылымдардың назарын аудартып отырған стресстің пайда болуының субъективті себептері мен адамның оған төзімділігін көтеру жолдары болып отыр. Ю.В. Щербатых психологиялық стресстің пайда болуының мынандай субъективті себептерін көрсетті [9, 123 б.]: Қазіргі жағдайға генетикалық бағдарламаның сәйкес келмеуі, яғни стресстің қайнар көзі адамның биологиялық табиғаты мен оның әлеуметтік функциялары арасындағы қарама-қайшылық. Адреналиннің бөлінуі, шамадан тыс эмоция, қан қысымының көтерілуі және бұлшық ет тонусының күшеюі, стрессорға сәтті әлеуметтік бейімделуін жүзеге асыруға кедергі жасайды.
Жағымсыз ата-аналық бағдарламаны жүзеге асырудағы стресс. Баланың бойына мінез-құлық бағдарламасының бір бөлігі ата-анасы, мұғалімдері немесе басқа да адамдар тарапынан қалыптасады. Бұл бағдарламалар «саналанбаған ұстанымдар», «өмірлік принциптер» немесе «ата-аналық сценарийлер» деп атайды, және олар индивидтің ары қарайғы өмірінде маңызды орынға ие. Бұл ұстанымдар кішкентай бала үшін пайдалы болуы мүмкін, алайда оның есеюі және өмір жағдайының өзгеруі, мұнын бәрі өмірді қиындатып, мінез-құлқы адекватты болмай стрессті тудырады.
Когнитивті диссонанстан пайда болған стресс және психологиялық қорғаныс механизмдері. Егер шынайы өмір біздің мүмкін және міндетті елестерімізбен қарама-қайшы келсе, онда жеткілікті өте күшті стресс пайда болады. Бұл құбылысты ең алғаш рет психолог Леон Фестингер сипаттап, когнитивті диссонанс түсінігін енгізді, яғни әлемнің объективті шынайылығы мен әлемді сипаттайтын біздің санамыздың виртуальды шынайылығы арасындағы екі шынайылықтың қарама-қайшылығы. Өмір біздің әдеттеніп үйренген елестерімізді бұза бастағанда, психика шынайылыққа қарсы бөгет қояды, оны психологиялық қорғаныс механизмдері деп атайды. Көпшілігінде психологиялық қорғаныс механизмдерінің «терістеу», «рационализация», «ығыстыру» сияқты формаларын қолдана отырып, адам өзіндегі әлем туралы, өзі туралы пікірлерді сақтап, сананы стресстен қорғайды.
Тұлғаның адекватты емес ұстаным және нанымдарымен байланысты стресс. Сананың жалпы ұстанымдарының бірі оптимизм және пессимизм болып табылады – қоршаған әлем құбылыстарынан негізінен жақсы немесе жаман жақтарын көру тенденциясы. Оптимистік ұстаным ең үмітсіз жағдайда шығуға көмектеседі. Егер адам қиындықтан шығу жолына сенсе, яғни ол оны іздейді және оны табуға мүмкіндігі жоғары. Егер адам пессимистік ұстанымды қабылдап, жағдайды күрделі деп қабылдаса, онда ол жағдайдан шығудың жолын таппайды. Әдетте стресстің қайнар көзі тұлғаның дүниетанымдық ұстанымдарымен – саяси және дінмен байланысты. Мұндай стресстер әлеуметтік-экономикалық өзгеріс дәуірінде Бұхаралық сипатқа ие, алайда қоғамның тұрақты кезеңдерінде де бұл стресстер жиі кездесіп отырады. Сонымен қатар діни қағидаларға қарама-қайшы келетін кезкелген ақпараттар белгілі бір деңгейде стрессорлық сипатты тудырады.
Өзекті қажеттіліктерін жүзеге асырудың мүмкін еместігі. Пайда болған қажеттіліктерді жүзеге асыру мүмкін еместігі адамды фрустрацияға әкеледі. Фрустрация агрессия және әлеуметке қарсы мінез-құлық, өз-өзімен тұйықталып қалу және қоршаған әлемге реніш сезімін сезінуден пайда болады. Ал бұл стресстің тереңдей түсуіне апарады.
Дұрыс емес коммуникациямен байланысты стресс. Қарым-қатынас барысындағы көптеген факторлар: дау-дамай, басқаның жетекші мотивін түсінбеу, шамадан тыс жоғарғы күтім, сын және т.б. стрессті тудырады.
Шартты рефлекстердің адекватты емес жүзеге асуынан пайда болатын стресс. И.П. Павлов ашқан шартты рефлекстер өмір барысында қалыптасады. Қоршаған ортаны меңгере отырып, адамның миы ағза үшін маңызды оқиғаның келгеніне дәлел болатын сигналдарды тануға үйренеді. Алайда бұл болашақ оқиғаға алдын ала дайындалуға көмектесетін пайдалы реакция болып табылғанымен, кейде шартты рефлекстер адамдарға өмір сүруге кедергі жасайды. Мысалы кейбір адамдар метро немесе лифтте жүре алмайды. Себебі патологиялық шарты рефлекс клаустрофобия немесе агрофобияға айналған.
Уақытқа бағдарлана алмаудан пайда болатын стресс. Көпшілігінде стресстің себебі психологиялық күйдің шамадан тыс уақыттық шектеуде болуы. Бұл егер адам өзінің болашағына немесе өткен шағына тым аса жоғары эмоционалды мән бергенде көрінеді. Мысалы психикалық шиеленістер мен негативті эмоциялардың көзі өткен шақтағы қандай да бір психотравмалаушы эпизод жабысқақ ойларға айналғанда байқалады. Сондай ақ болашақта әлі болмаған оқиға үшін мазасыздану және бастан кешіруде стресске себеп бола алады. Адам уақытты тиімді пайдалана алмаудан да стрессті сезінеді. Оны тудыратын себептер мыналар: үнемі асығыста жүру, жақсы көретін ісіне және отбасымен қарым-қатынас жасауға уақыттың жетіспеуі, үнемі кешігіп жүру, уақытқа бағдарланған нақты жоспардың болмауы, басқа адамдарға міндеттерді дұрыс бөле алмау, уақытын алып тұрған адамнан бас тарта алмау, уақытын босқа жібергенін үнемі сезіну. Адам өз уақытын үнемді және тиімді жұмсай алуды үйренсе, оның өнімділігі жоғарлайды және өз уақытын пайдасыз жоғалтумен байланысты стрессті төмендетеді [9, 148].
Сонымен қазіргі таңда жастардың бойында стресстің пайда болуына әкелетін факторлар, бұл олардың бойында өмірлік берік мақсаттарының болмауы, өз өмір жолын дұрыс анықтай алмауы. Осының әсерінен жастар стресске тез түсіп, одан шығу үшін теріс стратегияларды қолданып жатады. Ал бұл жастардың өмірін одан сайын күрделендіріп, қиындата түседі.