Қосымша– түбірге жалғанып, оның лексикалық немесе грамматикалық мағынасын өзгертетін, сөздерді өзара байланысқа түсіретін морфема. Мағыналық, тұлғалық дербестігі, арнаулы лексикалық мағынасы жоқ. Сөздерден бөлек, жеке қолданыста болмайды, түбір сөзге тіркесіп қана қолданылады. Қосымшалар түбірге белгілі бір грамматикалық категорияларға тән заңдылықтар бойынша жалғанады. Түбір сөзбен дыбыстық, әуездік жағынан үйлесіп тұрады. Бір қосымша әр түрлі түбірге жалғанғанмен, түрлі мағына бермейді. Мысалы, кел-ді, тұр-ды, айт-ты, кет-ті; ауыл-ға, жер-ге, ат-қа, т.б. Қазақ тілінде мағыналық және қолданыс ерекшеліктеріне қарай жұрнақ және жалғау болып бөлінеді.
Сөз түбір мен қосымша сияқты түрлі бөлшектерден тұрады. Сөздің бастапқы мағына беретін ең түпкі бөлшегі түбір деп аталады. Мысалы, жақсы, ғылым, адам, дәптер, тау, өзен, тіле, көр, тап, парасат, т.б. Түбірге жалғанған бөлшек қосымша деп аталады. Мысалы, жақсы+лық, ғылым+ды, адам+дық, дәптер+ге, тау+лар,өзен+де, тілек+тес, табыс+ты, парасат+ты+лық, адам+гершілік, ана+сы+мен, т.б.
Қосымша жалғанған сөз қосымшалы сөз деп аталады.
Қосымшаның екі түрі бар:
1) жұрнақ; 2) жалғау. Жұрнақ өзі жалғанған сөздің мағынасын өзгертіп, жаңа сөз тудырады және өзі жалғанған сөздің рең мәнін түрлендіреді. Жұрнақ екіге бөлінеді: 1) сөз тудырушы жұрнақтар; 2) сөз түрлендіруші жұрнақтар.