Annotation: Professor Fazza Orazbaeva, professor of the Kazakh language, occupies a unique place in the
science of Kazakh linguistics, research in the field of linguistics and methodology and proudly notes the modern
requirements.
Keywords: Kazakh linguistics, national pride, teacher, professor, person, honesty, responsibility, diligence.
Қазақ тіл білімі ғылымында өзіндік орны бар, тіл білімі, әдістеме саласында зерттеулер жүргізіп,
бүгінгі күн талабына сай сүбелі еңбектер жазған ұлт мақтанышы Фаузия Оразбаева апай туралы айтудың
өзі бір мәртебе. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, менің ұстаздық қызметіме жол
ашып, ғылымға жетелеген Фаузия апайымның адамдық қамқорлығы мен ұстаздық ұлағатын айту кейінгі
ұрпаққа үлгі болар ғибрат деп түсінемін.
Кейінгі жылдарға шегініс жасасам, 1992 жылы 5-курста диплом жұмысыма пікірді Фаузия апай берді.
Ол кезде апай оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор болатын. Жұмысымды оқып, пікірін
жазып, мен қорғап біткенше апай қадағалап отырды. Ол кезде балалық болар, апайдың соншалық
жауапкершілікпен қарағанын сезіне де қоймаппыз. Бүгінгі күнде осы сферада жүргенде барып, көптеген
адамдармен салыстыра қарап отырып, апайдың өз ісіне деген жауапкершілігінің қандай күшті екендігін,
өзіне-өзінің қатал талап қойғыштығын, еңбекқорлығын сезініп, қызыға қараймын. Менің жүрегіме
апайдың бейнесі сол кезден бастап ұялады. Жалпы өзіне сенімді адамдар ғана баламен балаша, жаспен
жасша, кішімен кішідей, үлкенмен үлкендей, өзімен сөйлескен адамның қатарында тұрып тілдесе алады.
Өзінің сенімін, өзінің мейрімін өзімен сөйлескен, қарым-қатынаста болған адамының жүрегіне ұялата
алады. Жаратушы ондай адамға үлкен жүрек беріп, адамдарды алаламай, жақсылықтың жаршысы
болуын маңдайына жазып қойғандай. Апайдың сол адамдарды бөлмей, қызметкермен де, студентпен де
жылы шыраймен сырласуы, апайдың бейнесін одан сайын биіктете түсетін. 2004 жылдың қазан айында
бірінші курс студенттерінің ұйымдастыруымен ұстаздар күніне кеш өткіздік. Кешті менің кураторлық
тобым ұйымдастырған болатын. Мектептен кейін келген балалар, әлі жан-жағын толық танып-біле
қоймаған, мұғалімдерге үйренісе алмай, өздеріне жоғарыдан қараған кейбір профессор-оқытушылардан
қаймыға қарап, тосырқап жүрген кездері. Іштерінде пысықтары да бар, әртүрлі номинациялармен
оқытушылар арасында сауалнама жүргізген. Сауалнама бойынша шығарған қорытындыларын маған
көрсетпеді. «Апай, тосын сый болсыншы» деп өтінген соң мен де қазбалай қоймадым. Сауалнаманың
қорытындысымен номинациялар дайындап, кештің соңында оларын жариялап, оқытушыларды бірінен-
кейін бірін шақырып, номинация бойынша жазған ленталарын тапсырып жатыр. «Ең қарапайым адам»
номинациясын Фаузия апайға тапсырды. Мен іштей қатты қысылып қалдым. Ішімнен: «Қап, ыңғайсыз
болды-ау. Неге балаларды тыңдадым, бірінші өзім қарап алуым керек еді. Білдей профессор, ғалымды
осылай бағалады-ау» деп қатты ыңғайсыздандым. Апай мәз болып, қуанып барып, балаларға жақсы
тілегін айтып кетті. Мен бәрібір тыншый алмадым. Апайға кіріп кешірім сұрайын деп шештім.
Кабинетіне кірсем, апай қағаз жазып отыр екен. Мен кіре салып, асығыс шаруамды айтып жатсам, апай
күліп «...жоқ, Гүлдариға балалар өзін кім түсініп, жылы сөйлессе сол адамды жанына жақын тартады.
Олар ата-анасының жанынан кеше ғана ұзап шыққан, әлі жан-жағын толық танып білмеген, бәріне үрке
қарап жүрген балалар ғой. Олардан жылы сөздеріңді аямаңдар, ортаға тез үйренісуіне, мамандығының
сырын түсінуіне көмек көрсетіңдер» деп қайта өзімді қатты ұялтты. «Қарапайым» деген сөзді намыс
көрген менің әлсіздігімді, бетіме баспай-ақ үлкен сабақ берді. Балалардың апайдың ғалымдығын емес,
қарапайымдылығын айтқаны, біріншіден, бірінші курс әлі ол кісіден сабақ алмаған (апай жоғары
курстарға сабақ береді), екіншіден алдына барғанда жылы қабақ танытып, өзімен тең дәрежеде сөйлесіп,
сұхбаттасқаны ата-анасын, үйін сағынып жүрген бүлдіршіндердің жүрегіне жылылық ұялатқан екен ғой.
Апай соны түсініп, ренжудің орнына қайта толқып отырыпты. Сол кезден бастап, мен де қайта апайға
ұқсап қарапайым болуды үйрендім. Қарапайымдылықтың астарында үлкен кісілік жатқанын түсіндім. Әр
кезде келеңсіз қылықтарды көрсем, сол оқиға есіме түсіп отырады. Ал апайдың КІСІЛІГІН қасында
жүріп, әр кез, әр ісінен сезініп, өмірде өзіме үлгі тұтудамын.
181
Ойланып отырсам, менің өмірімде апайдың үлкен ізі жатыр.
2010
жыл білім саласына өзге леп әкелген жылдың басы болды. Жалпы білім беретін орта
мектептерде жаңа буын оқулығы жазылып, өндіріске енгізіліп жатса, ал жоғары оқу орындарында қорғау
мәселесінде өзгерістер болып жатты. Ғылыми жұмыстарын жазып бітіріп, қорғауға шыға алмай жүрген
ізденушілер қаншама. «Келесі жылы диссертациялық кеңес жабылады екен, қорғау мүлде басқаша
болады» деген гу-гу қауесет жан-жақты жайлап алған. Бұл кезде мен «Теориялық және қолданбалы және
тіл білімі» кафедрасында аға оқытушы болып қызмет істеймін. Ғылыми жұмысымды жазып, бітіріп, бірақ
жоғарыдағы айтылған алып-қашпа әңгімеден кейін, «маған кезек қайдан келсін» деген көңілсіз оймен
зерттеу жұмысын жылы жауып қойып, алаңсыз сабағымды беріп жүрген едім. Бір күні «Қазақ тілі
теориясы мен әдістемесі» кафедрасында қызмет атқаратын Нұрша апайым «Сені Фаузия апай шақырып
жатыр, тез кел» деп хабарласты. Кафедраға барсам Нұрша апай күтіп отыр екен. Мені көріп «апай сені
күтіп отыр, жүр» деп кабинетіне бірге алып кірді. «Мені неге іздеді екен, кафедрамыз бөлек, апайдың
менде қандай жұмысы болуы мүмкін» деген қобалжумен, Нұрша апайдың жетелеуімен кабинетке кірдім.
Фаузия апай жылы жүзбен қарсы алып, сабағымды, жұмысымды, жетекшім Қалиев Ғабдолла ағайдың
хал-жағдайын сұрай келе «ғылыми-зерттеу жұмысың қаншалық дәрежеде дайын, жетекшің тексерді ме?»
деп сұрады. Мен жұмысымның дайын екендігін, жетекшімнің тексергендігін айттым. Апай: «Олай болса,
мен Ғабекеңнің жауапкершілігін білемін, сенемін, сенің де сабақ бере жүріп жинаған тәжірибең бар,
қорғауға шығасың, құжаттарыңды талапқа сай дайында. Үлгере алмаймын десең, Айгүл Каскеновнаға
(кафедра меңгерушісі) ескертейін, біраз сабақтарыңнан босатсын» деді. Күтпеген жаңалығымды сіңіре
алмай, не айтарымды білмей, апайға қарап тұрып қалдым. Мен үшін Нұрша апай жауап беріп жатыр.
«Апай, алаң болмаңыз, жұмысын да, құжаттарын да дайындап үлгереді» деп. Апай Нұрша апайға қарап:
«Олай болса, Нұрша, жауапкершілік сенде» деп, алдағы жасайтын жұмыстарымыздың жоспарын
нақтылып берді.
Жұмыс аяқталып, үйге қайтып келе жатырмын. Автобуста отырмын, жан-жағыма қараймын, бірақ
ешкімнің даусын да естімеймін, көзім ішнәрсеге тұрақтамайды. Осы күйде отырып қуанышты хабарымды
Несіпбай ағама айттым. Ол кісі рухани жан дүниесі өте бай, адамдардың бойынан тек жақсылықты ғана
көретін, менің арқа сүйейтін сүйенішім еді. Менің бұл хабарыма қатты қуанып, маған біраз жылы сөзбен
қолдау көрсетті. Ол кісінің менен де қатты қуанғанын сезінгенде барып, мен бүгінгі күнімнің маған
керемет тосын сый сыйлағанын, оған себепкер Фаузия апай екендігін жан дүниеммен сезіндім. Апайды
мен сырттай жақсы көретінмін, бірақ кафедрамыз бөлек болғандықтан апайдың алдына көп бара
бермейтінбіз. Апайдың кафедрасына, қыздарына сырттай қызығып жүреміз. Ал мына жағдай менің
армандауға да жүрегім дауаламайтын дүние. Менің сол кездегі өзімді бақытты сезінуімді, жүрегімді жара
атойлаған қуаныш сезімін, ойлап кетсем әлі де тура сол кездегідей сезінемін, ол ешқашан ұмытылмайтын
сезім. Дәл сондай сезімді оқуға түскен кезде сезінген едім. Сол жылы бірінші шілдеде диссертациялық
жұмысымды қорғадым. Қыркүйек айында апай меңгеруші болып қызмет жасайтын «Қазақ тілі теориясы
және әдістемесі» кафедрасына аға оқытушы болып ауыстым. Апайдың қасында жүріп, ғалым ретіндегі,
ұстаз ретіндегі, адамгершілігі жоғары, рухани дүниесі бай үлкен тұлғаның қасында, тәлім-тәрбиесін
көріп, бойға сіңіру бақытына ие болдым.
Сол жылы оқу басталып жатқан, қыркүйектің қым-қиғаш жұмыс қызып жатқан кезеңінде ағам
Несіпбай дүниеден озды. Мен бауырымнан ғана емес, рухани сүйенішімнен айрылып, қатты қайғырып,
жалғызсырадым. Менің сол күйімді жазбай танып, сезінген адам Фаузия апай болды. Ол кісі мені қасына
шақырып алып, ұзақ әңгімелесті. Ағам туралы менің ақтарыла сөйлеуіме мүмкіндік жасады. Бүгінде
ойлап отырсам, менің ағама деген қимастығымды, сағынышымды сыртқа шығартып, қайғымды
жеңілдету үшін жасаған екен ғой. Жұмыстың көп кезінде соған уақыт тауып, менің көңілімді аулауға,
қайғымды сейілтуге тырысқаны апайдың көрегенділігінің, кісілігінің бейнесі емес пе. Ол ғана емес, мен
«ағама құран оқытсам деп едім» дегенімде, қашанға жоспарлағанымды, туыстардан қанша адам
шақырмақшы екендігімді, бәрін сұрап алып, өзі бас болып, кафедраны жұмылдырып, мешіттен молдаға
дейін өзі алдырып, университеттің асханасын сұрап алып, бәрін өзі ұйымдастырып, шығынына дейін
көтеріп құран оқытты. Сол кезде мен ағамның рухымен іштей сырласып, рухани жан дүниемнің ойсырап
қалған орнын, апайдың анамның қамқорлығындай қамқорлық көрсетіп толтырған үлкен жүрегін сезінген
едім. Өзім жаңадан келіп жатсам да, мен үшін сонша жүгіріп, қызмет жасаған әріптестеріме де өмір бойы
ризамын. Әр жақтан құралған адамдарды бір жұдырыққа жұмылдырып, ниеттес, тілектес етіп ұстау,
екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Бірде апай ұзақ уақыт іссапарға кетіп, кафедраның жұмысын маған тапсырып кетті. Жұмыс болған
соң, әр түрлі келеңсіздік те кездесіп жатады ғой. Тапсырылған бір жұмыс уақытында орындалмай,
деканымыз Балтабай ағайдан сөз естіп, қатты ашумен оған кінәлі адамның үстінен арыз айттым.
«Тапсырған жұмысты орындамайды» деп. Кейін апай іс сапардан келгеннен кейін, мән-жайды білген соң,
182
мені шақырып алып: «Гүлдариға, біз кафедрадағы келеңсіздікті сыртқа шығармай, өз ішімізде шешуіміз
керек, біз өз ішімізден бүлініп жатсақ, сырт бізге күледі» деп. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан
түңілсін» деген мақалдың мәнін ұқтырды. Мен біздің ұжымның мықтылығы, ауызбіршілігінің
жоғарылығы апайдың осындай ұстаныммен басқаруынан екенін сонда ұқтым. Апайдың осы айтқаны
маған өмірлік сабақ болды.
Менің басымдағы апаймен байланысты қуанышты сәттерімді айтып отырған болсам, бұл бір менің
ғана басымнан өткен, апайдың қамқорлығын көргенім. Ал апай болса, мен сияқты қанша адамның басына
жақсылық жасап, жанына шуақ ұялатты десеңші. Апай өзінің ол жасаған жақсылықтарын, ол адамдарды
ұмытып та қалған шығар, ал қанша адамның жүрегінде ол кісінің алып тұлғасы, биік келбеті шуағын
шашып жүр...
Осындай үлкен жүректі, ісі де, сөзі де үлгі болатын қазақ қызының біздің апайымыз болып, қасында
шәкірт болып, уақыт өте келе өзінің тәрбиелеуімен қызметтесі болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт
болар. Әр жүрекке сепкен ізгілігіңіз сізге тілекші болып, нар тұлғаңыз биіктей берсін, біздің сүйікті
апайымыз – Фаузия Шәмшіқызы.
Достарыңызбен бөлісу: |