Тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет7/277
Дата07.01.2022
өлшемі4,33 Mb.
#20557
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   277
Байланысты:
1 2019

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 



1-
СЕКЦИЯ 
 
Ф.Ш. ОРАЗБАЕВА: ТҰЛҒА, ҰСТАЗ, ӘДІСКЕР 
 
 
Фаузия 

 
нағыз ұстаз, үлгілі жетекші, беделді тәлімгер; ел таныған, ұлт мәдениеті мен 
рухани дүниесіне еңбек етіп келе жатқан абзал азамат. Ол жалпы адамгершілік 
қасиеттерді ғана емес, кісіліктің ұлттық белгілерін де бойына сіңірген жан... 
Академик Рабиға Сыздық
 
 
 
 
ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ 
  
Ө. Айтбайұлы 
 
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының 
 
академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті  
  
 
Тіл – ұлттың жаны. 
 
Тіл – ұлттың ары мен намысы. 
 
Бұл – кез келген ұлттың өмір сүруін қамтамасыз етер киелі де, қасиетті ұғымдар. 
 
Өзін-өзі дәуір мен заманның толағайынан сақтағысы келген халық пен ұлт, ең әуелі, тілін қызғыштай 
қоруы тиіс. Тілі аман ұлттың рухы мықты. Рухы мықты ұлттың болашағы берік. Кез келген ұлттың өз 
қоғамдық ортасын орнықтырып, мемлекет болып өмір сүрінің басты қағидасы осы. 
 
Алыс-алыс ғасырлар қойнауынан мәдениеттер мен өркениеттер мидай болып араласып, үлкен ұлттар 
шағын ұлттардың тілі мен  ойлау, сөйлеу өрісін тарылта бастаған бүгінгі жаһандану дәуіріне өзінің сөз 
байлығы мен ой-өрісін сақтап, аман жеткен қазақ тілі үшін де бұл ортақ қағида. Қағидаға адал болсақ, 
тілімізді  дамыта  алғанымыз.  Тілімізді  сақтап-дамыта  алсақ,  ұлт  ретінде  өмір  сүру,  қоғамдасып  ғұмыр 
кешу, мемлекет болып ірге бекіту дейтін іргелі де күрделі мәселелерді шеше алғанымыз. 
 
Басты мақсат та осы! 
 
Осындай  биік  өлшемдер  тұрғысынан  қарасақ,  тіл  білімі  дейтін  ғылымның  тілді  сақтау  мен  тілді 
өрістетудегі  орны  орасан  зор.  Ғылымның  бұл  саласына  өткен  ғасырдың  елең-алаң  басынан  бастап,  ел 
тағдыры мен ел болашағын ойлаған кемеңгер арыстарымыз бен кенен ойлы ғұламаларымыз айырықша 
мән  берген.  Бұл  мәселе  кешегі  арқар  мүйізді  даналарымыз  бен  тіл  білімін  сала-сала  етіп  өрістеткен 
айдынды ағаларымыздың да саралау, талдау, зерттеу кеңістігіне айналғанын білеміз.  
 
Біздер  әріптес  ағалары  мен  замандастары  Фаузия  Шәмсиқызы  Оразбаеваны  тіл  білімінің  теориясы 
мен тілді оқытудың әдістемесін сабақтастыра зерттеп, ғылымда өз жолын салған, әдістемеде өз мектебін 
қалыптастырған талантты ғалым, тағылымды ұстаз, табанды ұйымдастырушы ретінде танимыз. 
 
Фаузия  Шәмсиқызының  ғылымға  келу,  қалыптасу  жолына  зер  салған  кез  келген  кәсіби  маманның 
қай-қайсысы  да  бірден  аңғаратын  бір  даусыз  ақиқат  бар.  Ол  –  тілші  әріптесіміздің  Қазақ  Мемлекеттік 
Унивеситетінің  босағасын  аттаған  күннен  бастап  еңбек  пен  табандылықты  қос  қанат  ете  жүріп,  өзін 
ғылым дейтін үлкен жолға дайындағаны. Ол университет қабырғасында жүріп, қазақ тілі мен әдебиетінің 
дамуы мен өрістеуіне айырықша үлес қосқан көрнекті ұстаздардың алдын көріп, тиянақты білім алады. 
Ізденімпаз студент білімге деген ұмтылысымен, ғылымға деген құлшынысымен көзге түседі. 
 
Жас  Фаузияның  арнаулы  курстар  мен  студенттік  конференцияларда  жасаған  ойлы  баяндамалары 
тәжірибелі ұстаздардың назарына ілігеді. Ол алғашқы курстан бастап-ақ Ыбырайым Маманов, Орынбасар 
Төлегенов, Кәкен Аханов, Мәулен Балақаев, Мархабат Томанов секілді атақты тілшілер мен Бейсембай 
Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мырзатай Жолдасбеков тәрізді аса көрнекті әдебиетші ғалымдардың 
қамқорлығын көп көреді. 
 
Соңғы курста Мырзатай Жолдасбековтың жетекшілімен «Оғыз-нама» атты тарихи дастаннан диплом 
жұмысын қорғайды. Көне дәуір әдебиетінің дамуы мен өрістеуін айғақтар нақты тарихи мысалдар мен 
деректерге сүйене отырып жазылған бұл жұмыс ұстаздар тарапынан үздік деп бағаланып, аспирантураға 
түсуге жолдама беріледі. 
 1966 
жылы  Шығыс  Қазақстан  облысы,  Самар  ауданында  (қазіргі  Көкпекті  ауданы)  орта  мектепті 
күміс  медальмен  бітіріп,  жүрек  қалауымен  филология  факультетіне  оқуға  түскен  болашақ  ғалымның 
қысқаша өмірбаяны төмендегідей. 



 
Фаузия  Шәмсиқызы  Шығыс  Қазақстан  облысының  Самар  ауданына  қарасты  Көкжыра  ауылында 
майдангер – ұстаздың отбасында өмірге келеді. Әкесі - Шәмси Оразбайұлы да, анасы - Күлтай Нұрбосина 
да мектепте мұғалім болған адамдар. Соғыс майданынан жанын шүберекке түйіп жүріп, жеңіспен елге 
аман оралған Шәмси ақсақалдың ауыл, аудан, облыс аумағындағы абырой-беделі қалай жоғары болса, 
бауырынан өрген ұл-қыздарына берген тәрбиесі де солай жоғары болған. 
 
Алты қыз, бір ұлдың үлкені болған Фаузия қаршадай кезінен  еңбек пен тиянақтылыққа бейімделіп 
өседі. Оның үстіне көпбалалы отбасының берекесі болған қос әжесі: Торғынша апа мен Мәмилә апаның 
және  атасы  Нұрбосын  қарттың  аңыз-әңгімелерді,  көне  дастандарды  көп  білетін,  жатқа  айтатын  қазақы 
қалыптары да тұлымы желбіреген тұңғыш немерелерін әдебиетке, сөз өнеріне бағыттаған тәрізді... 
 1971 
жылы С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік Университетін қызыл дипломмен тәмамдап, 
еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған Фаузия Оразбаева, араға бірер жыл салып, аспирантураны 
сәтті аяқтап, «Қазақ тіліндегі сын есім синонимдер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 
 
Жас тілшінің жолын ашып, ғылым дейтін үлкен кеңістікке шығуына себепкер болған жетекшілері – 
тіл білімінің көрнекті өкілдері профессор Кәкен Аханов пен академик Әбдуәли Қайдар. Аталмыш еңбек 
тіл  ғылымының  сол  тұстағы  көрнекті  өкілдері  тарапынан  ылайықты  бағасын  алып,  Фаузия 
Шәмсиқызының тілшілер қауымы арасында кең танылуына жол ашты. 
 
Фаузия Шәмсиқызының осы жылдар ішінде Алматы шеттілдері институтында аға оқытушы, доцент 
болуы,  ҚазМУ-де  жалпы  тіл  білімі  теориясынан  дәріс  оқуы,  Абай  атындағы  Ұлттық  Педагогикалық 
Университетінде Оқу-әдістеме жұмысының проректоры болуы, докторлық диссертацияны сәтті қорғап, 
профессор, ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруы, мектеп 
пен жоғары оқу орындарында оқылатын қазақ тілі пәнінің теориялық және әдістемелік тұрғыдан дамуына 
өз  үлесін  қосуы  -  тәлімгер-ұстаздың  ғылым  мен  педагогикалық  жұмысты  сәтті  үйлестіре  білгенін 
аңғартады. 
 
Фаузия  Шәмсиқызының  докторлық  ғылыми  жұмысының  қазақ  тіл  біліміндегі  қатысымдық 
(коммуникативтік) лингвистиканың ғылыми-теориялық және әдістемелік мәселелерін шешуге арналуы да 
осы пікірімізді дәйектей түседі. 
 
Фаузия  Оразбаеваның  еңбек  жолын  Алматы  қаласындағы  №57  орыс  мектебінде  қазақ  тілі  пәнінің 
мұғалімі болып бастағаны ұстазды тілді оқыту мен игерудің тың жолдарын іздестіре отырып, ұлт ертеңін 
тіл болашағымен тығыз байланыста қарастыру керек дейтін мақсатқа жетелегенін байқаймыз. Бұл мақсат 
Фаузияның  тіл  теориясы  ен  әдістеме  ілімі  салаларына  қатысты  ғылымдағы  өз  жолын  анықтауға,  әрі-
беріден  соң  қалың  шәкірт  тәрбиелеп,  өз  мектебін  қалыптастыруына  жол  ашты.  Осы  жылдар  ішінде 
Фаузия Шәмсиқызының жетекшілігімен 11 ғылым докторы, 40 астам ғылым кандидаттарының шығуы - 
осы  айтқанымыздың  айғағы.  Бүгінде  байтақ  Қазақстанның  түкпір-түкпірінде  қызмет  етіп  жатқан 
Оразбаеваның  сол  шәкірттері  тілші-ғалымның  теорияны  әдістемемен  сәтті  сабақтастыра  отырып 
жүргізген жаңа ізденістерін жалғастыруда десек артық айтқандық болмас.  
 
Осы  тұрғыдан  келгенде,  Фаузия  Шәмсиқызының  өзі  қызмет  жасап  келе  жатқан  90  жылдық 
мерейтойын атап өткен қарт Каз ПИ дің (Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің) 
базасында оқу үдерісіне алып келген көп ізденісінің бірін айырықша тап айтқан жөн.  
 
Ол  –  тілді  үйрену  мен  меңгерудің  халықаралық  стандарттарын  саралай  отырып,  ұлт  топырағында 
тұңғыш  рет  өзге  ұлт  өкілдеріне  және  орыстілді  мектептерде  қазақ  тілін  деңгейлік  оқытудың  жүйелі 
үлгісін ұсынуы. Аталмыш оқу-әдістемелік кешен тілді оқытудың базасын қамтитын оқулықтан, оқулыққа 
қосымша  мәтінді  дұрыс  игеруге  арналған  оқу  кітабынан,  тілді  үйренуге  қажет  лексико-грамматикалық 
минимумнан,  жазу  дәптерден,  бақылау  тестерінен  және  қалай  оқыту  керектігін  үйрететін  мұғалім 
кітабынан  тұрады.  2006-2007  жылдары  және  2015-2016  жылдары  баспадан  шыққан  бұл  кітаптар 
оқытушылар мен ата-аналар тарапынан жоғары баға алғаны елгілі. 
 
Турасын айту керек, бұл мәселенің төркінінде қазақ тілін меңгертудің күнделікті  оқыту жолы ғана 
жатқан жоқ, тәуелсіз елдің тұғырын бекітіп, туын тіктеу дейтін мәні зор қажеттіліктің де барын сезінуге 
болады. Фаузия  Шәмсиқызы тіл мен ұлт дейтін қос ұғым астарынан ұлттың мәңгілік  сипатын іздейді. 
Жаһандану  жағдайындағы  тілді  сақтау  –  ұлтты  сақтау  екенін,  ұлтты  сақтау  тәуелсіз  мемлекетіміздің 
іргесін бекіту екенін уақыт дейтін ұлы сарапшы дәлелдеп отыр. 
 
Ғалым-ұстаз осынау ұлт болашағын қамтамасыз етер мәселеге барынша терең, жан-жақты қарайды. 
Тілді сақтау мен қорғаудың өткен ғасырдың елең-алаң басында алаш арыстарын қалай толғандырғанын 
нақты мысалдар келтіре  отырып, жаны, жүрегі  «халқым»  деп тыным көрмей, өмірлері күреспен өткен 
ұлы  тұлғалар  хақында  ойлы  мақалалар  жазады.  Бізді  ғалымның  тіл  теориясы  мен  әдістеме  салаларын 
үйлестіре  отырып,  ұлы  тұлғаларымызды  алаңдатқан  тіл,  діл,  ұлт,  мәдениет,  ел,  жер,  қоғам,  мемлекет 
хақындағы  проблемалардың  әлі  де  күн  тәртібінен  түспей  келе  жатқанын  таратып,  талдауы  бейжай 
қалдыра алмады.  



 
Тілші  мақалаларынан  Әлихан  Бөкейханов,  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Міржақып  Дулатов,  Мұстафа 
Шоқай, Құдайберген Жұбанов секілді ұлы тұлғалар бастауында тұрған рухани майданға ауық-ауық орала 
отырып, қазіргі ұрпақтың намысы мен жігеріне «қамшы салудың» аса өтімді мәдени үлгісін көргендей 
олдық. 
 
Мәселен, «Арыстар аманаты – тіл» дейтін тілші мақаласынан алынған мына бір тұжырымды пікір - 
соның айғағы. 
 
«Бастарын  жадыға  қойып  отырып,  Қазақ  Елінің  мемлекеттігін  құрауға  негіз  болар  рухани  алтын 
тамырларын алаш арыстары ел, жер, ұлт, тарих, білім, әдебиетмәдениет, ең бастысы, тіл дейтін іргелі 
ұғымдардан іздейді.  
 
Өз  тәуелсіздігін  жәриялағанына  ширек  ғасырдан  асып  бара  жатқан  Тәуелсіз  Қазақстан  мен  алаш 
арыстары елдіктің туын көтерген өткен ғасырдың он жетінші жылы арасында бір ғасыр мерзім жатыр. Бір 
ғасыр  ішінде  қаншама  қасіреті  мен  қайғысы  қатар  өрілген  тарихи  оқиғаларды  бастан  өткізбедік?!  Ел 
ретінде жойылып кете жаздадық. Аштықтың зұлматын да, ұлт көсемдерінің көзін жойған репрессияны да 
көрдік.  Алаш  арыстары  жандарын  жадыға  қойып  күрескен  Алаш  жұртының  рухын  жерлеп,  тілінен 
тірідей айырылуға жақындадық... 
 
Сондықтан жаһандану дәуірімен бетпе-бет жүздесіп, өз мемлекеттігімізді сақтап қалу дейтін ең іргелі 
міндетті  арқалап  отырған  бүгінгі  ұрпақ  аталмыш  мәселелер  жөнінде  алаш  көсемдерінің  пікір-
көзқарастары  мен  ұстанымдарын  «Рухани  жаңғыру»  жағдайында  елдің  дамуына,  өркендеуіне  тірек 
болатын  мәдени-рухани  негіз  деп  қабылдағаны  жөн.  Бұл  негіз  бүгінгідей  өркениеттер  тай-таласы 
күшейіп, ұлттың ұлы құндылықтары үшін күрес ерекше бел алып тұрған кезеңде айырықша қажет деп 
ойлаймыз.  Ана  ғасыр  басында  арыстар  айтқан  «Өмір  мұраты  –  азаттық»,  «Адам  мұраты  –  тәрбие», 
«Ұрпақ мұраты – білім» деген аманат қағидалар - жаңа ғасырдың да күн тәртібінде тұрған мәселелер...», - 
дейді  ғалым.  Қарымы  кең,  ойы  терең,  айтары  мол,  концепциялық  бітімі  бөлек  пікірмен  қалай  ғана 
келіспеуге болады?!.  
 
Тілді  ғылыми  пән  ғана  емес,  ұлттың  жаны,  ары,  намысы,  үзілмес  тамыры  санайтын  Фаузия 
Шәмсиқызының ұстаздық  ұстанымы мен ғылымдағы жолына зейін  қойған кез келген  ойы  сергек,  көзі 
қарақты  зиялы  жанның  ғалым  ұсынар  тіл  хақындағы  тұжырымдармен,  ойлармен  келісеріне  күмәніміз 
жоқ. 
 
Оразбаеваның  ғылыми  көзқарастары,  теориялық  тұжырымдары,  әдістемелік  ой-пікірлері  мен 
ұстанымдары,  тәжірибелік  ұсыныстары  тіл  білімінің  сан  алуан  мәселелеріне,  арғы-бергі  дәуірлердегі 
тарихи тұлғаларға қатысты жасалған баяндамаларында, жазылған мақалаларында осылай көрініс тауып 
отырады. Әр нәрсеге қатысты өз пікірін ашық білдіріп, бағасын да, көзқарасын да нақты айта білу – тілші 
ұстанымдарының негізі. 
 
Үстіміздегі  жылы  танымал  ғалым,  беделді  ұстаздың  ғылыми  зерттеу  еңбектері  мен  алуан-алуан 
әртекті  мақалаларының,  іргелі  монографияларының  бес  томдығы  жарық  көрді.  Фаузия  Оразбаеваның 
теория мен әдістемені жан-жақты сабақтастыра отырып, қазақ тіл біліміндегі өз биігі мен өз кеңістігін, 
әрі-беріден  соң  өз  мектебін  қалыптастырып  келе  жатқанына  көзіміз  жете  түсті.  Бес  томдық  еңбек 
айтпаққа жеңіл. Әр томға енген еңбектерді саралап, талдап отырып, ізденімпаз ғалымның еңбекқорлығы 
мен табандылығына, терең білімі мен біліктілігіне риза болдық. Бұл еңбектерден кешегі ұлы Ахаңдар мен 
алаш  арыстарының  ісін  жалғаған  ғұлама  ғалымдарымыз,  тіл  ғылымының  бір-бір  бәйтерегі  болған 
Әбдуәли  Қайдар,  Рәбиға  Сыздық  секілді  академиктеріміздің  ылайықты  шәкіртінің  қанат  жаюын 
аңғарғандай болдық. 
 
Үстіміздегі  жыл  Фаузия  қарындасымызды  тану  мен  танытуға  жан-жақты  жол  ашқан  кезең  болды. 
Үлкен  ғылым  ордасы  әл-Фараби  атындағы  Қазақ  Мемлекеттік  университетінің  көрнекті  тұлғалардың 
өмірі  мен  ғылыми  еңбектерін  насихаттауға  арналған  «Өнегелі  өмір»  сериясының  бір  басылымының, 
сондай-ақ  «Арыс»  баспасы  арқылы  жарық  көріп,  айналымға  енген  «Қазақ  тіл  білімі  мәселелерінің 
антологиясының» кезекті бір томының Фаузия Оразбаеваға арналуы ‒ осы айтқанымыздың дәлелі. Бұл 
екі кітаптың екеуі де қазіргі қазақ қоғамы мен ұлт ғылымының абырой-беделіне қызмет ететіні шүбәсіз. 
«Өнегелі өмір» мен  «Антологияға»  енген тілші ғалымдарымыздың қатарында ҚР ҰҒА  корреспондент-
мүшесі, профессор Фаузия Шәмсиқызының есімі тұрғаны бізді қуанышқа бөледі. 
 
Реті келгендіктен, айта кеткенді жөн санадық. Фаузия әріптесімізбен неше дүркін ҚР Президенттікке 
кандидаттардан емтихан алушылар қатарында бірге болдық. Академик Әбдуәли Туғанбайұлы басқарған 
алғашқы  комиссияда  да,  мен  жетекшілік  жасаған  екінші  жолы  да  Фаузия  комиссияның  мүшесі  әрі 
хатшысы қызметін атқарып, протоколға қатысты негізгі жұмысты жүргізді. Қарындасымыздың артық – 



ауыз  сөзге  жібермей,  Қазақстанның  түкпір-түкпірінен  ұсынылған,  әр  түрлі  мамандық  иелері  болып 
табылатын Президенттікке кандидат өкілдермен сөйлескен сәт-сағаттары көз алдымызда... 
 
«Біздің  Фаузия  адаммен  сөйлесудің  ретін  біледі.»  деуші  еді  сондайда  марқұм  Әбекең,  Әбдуәли 
ағамыз.  Бәріміз  хатшымыздың  ұқыптылығына  сүйсіндік...  Орталық  Сайлау  Комиссиясына  да  Фаузия 
Шәмсиқызының осы білігі мен білімділігі ұнаған болуы керек, комиссия құрамында ол төрт мәрте жұмыс 
істеді. 
 
Жалпы  Фаузияның  бойындағы  сабыр  мен  сыпайылыққа,  мәдениет  пен  парасаттылыққа  бұрында 
іштей риза болушы едік. Осы емтихандардың тұсында Фаузияның білікті маман екеніне тағы да көзіміз 
жете түсті. 
 
Ойымызды қорыта келіп, өмірде де, қоғамдық ортада да, қызметте де қалыбын өзгертпейтін, үлкенді 
үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, имандылық пен табандылықты серік еткен, тілді ұлттың жаны, 
ары,  намысы,  тамыры  санайтын,  осы  жолда  аянбай  еңбек  етіп,  іргелі  ғылым  жасап,  қалың  шәкірт 
тәрбиелеп  жүрген  осы  бір  шынайы  ғалым,  үлкен  жүректі  ұстаздың  еңбектері  елін  қуанта  берсін  деген 
тілек айтқымыз келеді.  
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   277




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет