Тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет144/277
Дата07.01.2022
өлшемі4,33 Mb.
#20557
1   ...   140   141   142   143   144   145   146   147   ...   277
Байланысты:
1 2019

 
Аннотация:  В  статье  рассмотрены  труды  известного  ученого  Фаузии  Уразбаевой,  связанные  с 
языком и изучением языка. Широко освещены мысли и мнения ученого о повышении казахского языка 
на  уровень  национального  языка.  В  учебнике  «Основы  языкового  общения»  отмечена  важность 
осмысления основ теории причастности.  
 Annotation:The article deals with the works of the famous scientist Fauzia Urazbaeva related to language and 
language learning. The thoughts and opinions of the scientist on the increase of the Kazakh language to the level 
of the national language are widely covered. The textbook "Fundamentals of language communication" noted the 
importance of understanding the basics of the theory of involvement. 
 
Тағдыр  жұмыр  басты  пенденің  пешенесіне  тылсымға  толы  дүниенің  есігін  шыр  етіп  ашқаннан 
жазылады деп айтып отыратын үлкендер сөзі жадымызда мәңгі сақталған. Әлде тағдыр адам баласының 
тек өзіне тәуелді ме, ол жағы бимағлұм. Бұралаңдары көп өмірдің сан тарау соқпағынан өз жолын дұрыс 
тауып, ғұмыр кешудің өзі – үлкен бақыт. Асылы «бақыт» ұғымы ойлаған арманыңа, діттеген мақсатыңа 
жету  дегенді  берумен  ғана  шектелмесе  керек.  Бақыт  –  «бақ,  зор  қуаныш,  шаттық»[1,  646  б.].  Ұлт 
танымында  «бақыт»  –  еркін  самғау,  жақсылық  дәнін  егу,  ізгі  ниетте  болу.  Ендеше,  бес  күндік  жалған 
тіршілікте қиналғанға қол ұшын беріп, айналасына мейірім нұрын шашу –  бақыттың бақыты. Мұндай 
жандардың мәртебесі асқақтап, адами тұлғасы уақыт озған сайын биіктей түсетіні бар. Бүгінде күллі қазақ 
еліне  ерекше  ерен  еңбектерімен  танымал  тілші-ғалым  Фаузия  Шамсиқызы  Оразбаеваның  ел  келешегі 
үшін жасаған игі істері мен жақсылықтары ғалым тұлғасын даралай түскені сөзсіз шындық. Ата-анадан 
берілген  ізгі  қасиеттер  мен  мейірім  шапағаты  Фаузия  Шамсиқызын  ұстаздық  пен  ғылым  жолындағы 
заңғар  биіктерден  көрінуіне  ықпал  еткені  аңғарылады.  Тумысынан  «білсем,  көрсем»  деген  қарапайым 
қазақ қызының ұстаздық пен ғылым жолының тізгінін тең ұстап, асу бермес белестерді бағындыруы – 
Абай атамыз айтқан «талап, еңбек, терең оймен» де тікелей байланысты дүние. Өмір жолын ұстаздықтан 
бастаған Фаузия Шамсиқызы бүгінде педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық 
педагогикалық  университетінің  профессоры,  ҚР  ҰҒА  корреспондент-мүшесі,  Педагогика  ғылымдары 
Халықаралық Академиясының академигі. Әрбір адамды шексіз  бақытқа бөлер мұндай биік жетістіктер 
Фаузия Шамсиқызын болмысы бөлек, жаратылысынан ғылымның адамы екендігін ұғындыратындай. 
Ерен еңбек пен үздіксіз ізденіс адамы Фаузия Шамсиқызының ұстаздықтан бастау алып, ғалымдыққа 
ұштасқан өмір жолы – жаны таза, пейілі ақ, риясыз көңілді әрбір адам баласы үшін үлкен өнеге, ерекше 
үлгі мектебі. 
«Ақырын жүріп, анық бас, 
Еңбегің кетпес далаға. 
Ұстаздық еткен жалықпас,  
Үйретуден балаға» – деген Ұлы Абай ғибратын жете сезінген Фаузия Шамсиқызы – өз еңбек жолын 
мектеп  қабырғасынан  бастап,  кейін  оны  еліміздің  жоғары  оқу  орындарында  жалғастыра  алған, 
ұстаздықтың сатыларын өткерген білікті ұстаз. Сондықтан да бүгінгі білім саласының қарыштай қадам 
басуына  өзіндік  үлесі  бар  ғалым  Фаузия  Шамсиқызының  ұстаздық  өнегесі  –  айрықша  атап  өтуге 
тұрарлық  дүние.  Әке  жолына  түсіп,  ұрпақ  тәрбиелеп,  жоғары  оқу  орындарындағы  жастардың  сапалы 
білім алуына бағдар  беріп жүрген  «Фаузия Оразбаева – нағыз ұстаз, үлгілі жетекші, беделді тәлімгер» 
(академик  Рәбиға  Сыздық).  Абай  атындағы  Қазақ  ұлттық  педагогикалық  университетінде  студент 
жастарға  терең  білім  берумен  қатар,  еліміздің  әр  қиырындағы  институттар  мен  университеттердің 
оқытушыларына,  доценттеріне  ғылыми  жұмыстар  бойынша  жетекшілік  жасап,  кеңес  берді.  Басқаша 
айтар  болсақ,  белгілі  бір  ұжым  басшысы  ғана  емес,  сол  ұжымдағы  барлық  қызметкерлердің, 
магистранттардың, ізденуші шәкірттердің білім, білік деңгейлерінің үнемі көтеріліп отыруына мүмкіндік 
туғызып,  еселі  еңбек  еткен  ұлағатты  ұстаз.  Бұл  айтылғандар  ғалымның  өзара  бірлігі  күшті,  рухани-
адамгершілігі мол өнеге мектебін қалыптастырудағы үлесін айқын танытып тұр. 
«Қазақ халқының ең қасиетті, ең киелі қазынасы – тіл» [2, 39 б.] – деген ғалым Фаузия Шәмсиқызы 
әруақытта да тілдің, ұлт тілінің дамуына, ғылым тіліне айналуына үлес қосып келе жатқан тіл жанашыры 
ретінде  қазақ  тілінде  қолданыла  қоймаған  терминдерді  ұлт  тіліндегі  сөздермен  қолданылуды  ұсынды. 


133 
Айтар  болсақ,  тіл  біліміндегі  «когнитивтік»,  «коммуникативтік»  деп  қолданылып  жүрген  терминдерді 
«танымдық», «қатысымдық» деп қолданысқа енгізді. Ғалым ұсынған бұл терминдер кейінгі шәкірттерінің 
зерттеу еңбектерінде кеңінен қолданыс тапты. Бұдан өзге тіл білімі мен тілді оқыту әдістемесінде ғалым 
ұсынған  «тілдік  қатынас»,  «қатысымдық  әдіс»,  «қатысымдық  технология»,  «айтылым»,  «тыңдалым», 
«жазылым»,  «оқылым»,  «тілдесім»  сынды  бірқатар  терминдер  жиі  қолданылып  келеді.  Бұл  терминдер 
тілімізде  күні  кеше  ғана  емес,  құдды  бір  ерте  кезеңдерден  қолданылып  келе  жатқандай  әсер  береді. 
Мұның  бәрі  ғалымның  тіл  жанашыры  екендігін  анықтап  берсе  керек.  Тіпті,  ғылым  жолындағы 
шәкірттеріне  әркез  «Тіл  –  математика.  Сондықтан  оған  бей-жай  қарауға  болмайды»  деп  айтып 
отыратынының өзі осының жарқын дәлелі. Бұдан ғалымның тәрбие мен білімді ажырамас бір бүтін үдеріс 
ретінде танып-білетіндігі, соған сай әрекеті аңғарылады. 
Тілші-ғалым Фаузия Шәмсиқызы Оразбаеваның қаламынан шыққан еңбектер тіл құдіретін барынша 
сезіне білуге жетелейді. Соның бірі – «Тіл әлемі» атты кітабы. Осы еңбегінде ғалым «ұлт та, ұлттың рухы 
да, ең әуелі, тіл арқылы танылады» – дейді[2, 4 б.]. Бұл пікір – тілдің қадірін жете түсініп, тілді танымдық 
тұрғыда жіті зерделеуге бет бұрған жас ғалымдарға оң бағыт. Сондай-ақ осы еңбегінде айтылған «түркі 
тілдерінің  бірі  болып  қана  қоймай,  байлығы  орасан,  өрісі  кең,  шұрайы  мол,  бедері  қалың,  шешендік 
сөздің сұлу, әдемі, әуезді үлгісі болып табылатын қазақ тілі – ұлт тілі дәрежесіне көтерілген ұлы тіл» - 
деген ойы тілге берілген аса құнды пікір.  
Ғалымның  әр  жылдарда  жазған  іргелі  зерттеулері  ықшамдалып,  сондай-ақ  таңдаулы  ғылыми 
мақалалары  сұрыпталып  енгізілген  бұл  еңбегі  тіл  әлемін  зерттеуге  ықыласы  күшті,  талабы  зор  жас 
ғалымдар мен мектеп ұстаздары, жоғары оқу орнының студенттері тарапынан үлкен ризашылыққа ие.  
Ғалымның «Тілдік қатынас негіздері» атты оқулығы – қатысым теориясы негіздерін ғылыми тұрғыдан 
сөз еткен маңызды еңбек. «Тілдік қатынас – тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-
бірімен  қарым-қатынас  жасауы,  қоғамдық,  ұлттық  тіл  арқылы  ұғынысу,  түсінісу;  яғни  адамзаттың  тіл 
арқылы сөйлесім әрекетін меңгеруі тілдік қатынас дегенді білдіреді»[3, 43 б.] Аталған еңбектегі сөйлесу 
мен тыңдауға, пікірлесуге қатысты ұстаз ойларына ғалымдар тарапынан да, оқырман қауымы тарапынан 
да оң баға беріліп, жоғары оқу орындарында жүйелі түрде қолданылып келеді.  
Ғалымның ғылыми негізде жазылған мұндай оқулықтары мен оқу құралдары өз алдына бір төбе болса, 
ана  тілді  оқытуға  бағытталып  жазылған  еңбектерінің  орны  тіптен  бөлек.  Әсіресе,  өзге  ұлт  өкілдерінің 
қазақ тілін ана тіліндей меңгеруіне ықпал етуде де Фаузия Шамсиқызының еңбегі ересен. «Қазақ тілінің 
тек Қазақстан Республикасында ғана өмір сүретіндігін ұлт көкейіне ұялатып, ұрпақ санасына сіңіруіміз 
керек. Бүгінгі жеткіншек буын, жас ұрпақ өз ана тілінде сөйлей алғанда ғана Алаштың атажұрты дейтін 
алып  кеңістіктегі  Қазақ  Елінің  мемлекеттігі  сақталады»  –  [2,  4  б.]  деген  ойды  бекем  ұстанған  ғалым 
Фаузия Оразбаева 2005 жылы қазақ тілін оқып-үйретуге арналған 6 деңгейден тұратын оқу-әдістемелік 
құралдарды  жарыққа  шығарса,  бүгінгі  күні  өзге  ұлт  мектептеріндегі  қазақ  тілін  (1-11  сыныптарда) 
оқытуға  арналған  56  кітаптан  тұратын  деңгейлік  оқулықтардың  аз  уақыт  аралығында  жүйелі  негізде 
құрастырылуына ұйытқы болып отыр. 
Елімізге танымал педагог-ғалымдар мен мектептегі тәжірибелі ұстаздарды ұйымдастыра отырып, ана 
тіліміздің қолданылу аясын ұлғайту жолындағы бұл  еңбегі үлкен  ерлікпен пара-пар. Жуырда баспадан 
шыққан бұл еңбек – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін тез әрі жетік меңгеруіне ықпал ету жолында жасалған 
жаңа  қадам,  тың  бетбұрыс.  Тіпті,  осы  деңгейлік  оқулықтарға  қойылған  «Тілашар»,  «Бойтұмар»,  «Тіл-
орда»,  «Алдаспан»  деген  атаулар  Фаузия  Шәмсиқызының  ойлауымен  де,  сөйлеуімен  де,  жазуымен  де 
болмысы бөлек ұстаз екендігінің айғағы іспетті. 
Тілші-ғалым  Фаузия  Оразбаева  оқулықтар  мен  оқу  құралдарын  жазумен  қатар  ұжымдағы  жастар 
арасында  ғылыми  ортаның  қалыптасуына  мүмкіндік  туғызып  отырды.  Елімізге  есімі  етене  таныс 
Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Б.Қалиұлы, Ж.Манкеева, Ә.Жүнісбек т.б. ғалымдармен кездесулердің, 
халықаралық ғылыми конференциялардың, семинарлардың биік деңгейде өткізілуіне мұрындық болды. 
Бұл – ғалымның Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғылыми ортаның берік қалыптасуына, жастардың ғылымға 
бетбұруына деген ықпалын танытып тұр. 
Әрдайым  «үлкенге  құрмет,  кішіге  ізет»  көрсете  білетін  Фаузия  Шәмсиқызының  қызметтес 
әріптестеріне,  оқытушыларға,  шәкірттеріне  деген  шынайы  көзқарасы  мен  риясыз  кеңестері  оларды 
қызметте қанаттандырды, рухын көтерді. Ғалымның қызметтегі, ғылым жолы мен отбасындағы әйел-ана 
тепе-теңдігін  әдемі  үйлесімде  ұстай  білуі  қазақ  әйеліне  тән  ерекше  бітімін  дараландырып  тұрғандай. 
Ғалымдық  болмысын  қазақ  әйеліне  тән  ибалылығы  кемелдендіріп,  ерекше  шуақ  –  мейірім  шуағын 
шашып тұрады. Мұның бәрі ірілік пен кісілік өлшемінің тепе-теңдігін сақтай білгендігінен де туындаса 
керек-ті. 
Ғалымға  тән  ұстамдылық,  табандылық,  қарапайымдылық  сынды  қасиеттер  бір  бойынан  табылатын 
ұлағатты ұстаз Фаузия  Шәмсиқызы Оразбаева – ғылым мен ұстаздық жолындағы күллі қазақ жастары 


134 
үшін өнегесі мол, орны бөлек жарқын тұлға. Ғалым-ұстаздың дархан даладай қазақы болмысы біздерге, 
жастарға ерекше қуат пен нұр сыйлағаны да, сыйлайтыны да сөзсіз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   140   141   142   143   144   145   146   147   ...   277




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет