Түйін сөздер: Тіл білімі, тілдік қатынас, қатысым, қатысым әдісі.
Аннотация: В статье рассматривается проблема языкового общения в исследованиях
профессора Ф.Ш.Оразбаевой.
Ключевые слова: языкознание, языковая коммуникация, коммуникация, метод общения.
Annotation: The article deals with the problem of language communication in the research of
Professor F.Orazbayeva.
Keywords: linguistics, language communication, communication, communication method.
Бүгінгі тіл біліміндегі зерттеу обьектілерінің басым бағыты тілдің коммуникативтік,
когнитивтік, лингвомәдени мәселелерін қарастыруға бағытталып отыр. Ол уақыт талабына сәйкес
тіл білімін антропоценистік парадигма аясында зерттеу мәселесімен тығыз байланысты. Соңғы
жылдары аталған мәселе лингвистика ғылымында жан-жақты қарастырылып, Ә.Қайдар, Р.Сыздық,
Б.Хасанов, Б.Қaлиев, Ф.Оразбаева, Б.Момынова, Ж.Мaнкеевa А.Салқынбай, Г.Қосымова,
Э.Сулейменовa, Э.Орaзaлиевa тағы басқа көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектерінде көрініс тапты.
Ғалымдардың зерттеулерінде тіл білімі мәселелері тілдің қызметін «тіл-адам-қоғам-мәдениет»
бірліктерімен сабақтастыра әр қырынан қарастырған.
Осылардың ішінде тілдің қатысымдық қызметі мен танымдық қызметінің теориялық және
әдістемелік мәселесін түбегейлі зерттеп, өзіндік негізін қалаған ғалымдардың бірі – профессор
Оразбаева Фаузия Шәмшиқызы.
Ф.Ш.Оразбаева зерттеулеріндегі тілдің қатысымдық қызметі мәселесі өзіндік ерекшеліктерге
ие, ғалым тілдік қатынастың негізгі сипаты, құрамы мен басты қағидалары, оны қолданудың әдіс-
тәсілдері сияқты мәселелерді кешенді түрде қарастырады. Тілдік қатынасқа байланысты
құбылыстардың теориялық негіздерін анықтау, айтылған, жазылған, берілген хабарды қабылдаудың
әдіс-тәсілдерін айқындау, қарым-қатынас құралдары мен тілдік тұлғаларды, олардың қолданылу
жолдарын қарастыру ғалымның зерттеулерінде басты нысан болды. Ғалым тілдік қатынастың басты
ерекшелігі – оның ойлау мен сөйлеуге, сөзге қатысты болуы дей келе, тіл мен ойлау, тіл мен
сөйлесім, тіл және таңба негізінде қарастырады және тілдік қатынастың негізі ретінде сөйлесім
әрекетін көрсетеді. Ал осы тілдік қатынасқа негіз болатын сөйлесім әрекетін оқылым, жазылым,
тыңдалым, айтылым және тілдесім деп бөліп қарастырады да бір терминдер жүйесіне түсіреді және
тілдік қанынастың іске асуына бағытталған оқытудың қатысымдық бағытын ұсынады. Себебі,
қатысымдық бағыт бүгінгі уақыт сұранысынан туып отырған заман талабына жауап бере алады.
Қатысымдық оқытудың нәтижесі – тілдік қатынас. Тілдік қатынас дегеніміз адамдардың бір-бірімен
тілдесуі, сөйлесуі, тіл арқылы тілдік қатынас жасауы деген сөз. Тілдік қатынастың тұжырымын
жасағай отыра, ғалым Ф.Оразбаева «тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді
нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны
бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы
адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді» - деп
көрсетеді [1,8].
Тілдік қатынас – тек сөйлеу тілі арқылы тілдесу ғана емес, сондай-ақ, ол жалпы адамзатқа,
қоғамға қызмет ететін, оны қоғамның өзі тудырған, оның әлеуметтік қажеттігін өтейтін күрделі
құбылыс.
Тілдік қатынасқа түсушілердің ең басты қызметі – қатысымдық қызмет. Қатысымдық қызмет
бойынша хабар таратушы мен хабар қабылдаушылар тілдік қарым-қатынастың барлық түрлерін іс
жүзіне асыра отырып, хабар арқылы бір-бірімен қарым-қатынастық қызмет атқарады.
Тілдік қатынас нәтижесінде адам өзінің ой-пікірін білдіріп қана қоймай, белгілі бір қоғамдық
ортаның әлеуметтік көзқарасын да жеткізе алады. Сонымен бірге өзінің танымын, талғамын да
көрсетеді. Тек қарым-қатынас арқылы, әсіресе, тіке қарым-қатынас арқылы тілдік қатынасқа
түсушілердің әрқайсысы бір-біріне әсер ету нәтижесінде жаңа ойға, жаңа білімге, көзқарасқа ие
193
болады. Ғалымның бұл пікірлерінің барлығы тілдің қатысымдық ерекшелігі тұлғаның дүниетанымын
қалыптастыру мен тілдің қоғамдық мәнін жете түсінумен тікелей байланысты.
Тілдік қатынас мәселесін тіл мен ойлау, тіл мен сөйлесім, тіл және таңба негізінде қарастыра
отырып, ғалым тіл мен ойлауға баса назар аударады. Ғалымның пікірінше, ойлаусыз тілдік қатынас
жоқ, ойлау тілдік қатынастың тірегі ғана емес, ол - бүкіл сөйлеу әрекетімен өмір сүретін адамзаттың
болмысы. Ойлау мен сана, тіл мен сөйлеу – бір-бірінен ажырамас жүйелі құбылыстар. Тілдік қатынас
ойлау мен сөйлеудің бірлігінен тұрады. Тіл – ойдың көрінісі дей келе, «тілдік қатынас – адамдарға
тән ойлау мен сөйлесім үрдісінің белгілі бір қоғамдық қатынаста тіл арқылы жарыққа шыққан
көрінісі» деген тұжырым жасайды.
Тілдік қатынастың басты ерекшелігін атап көрсетуде де, ғалым тілді сана, ойлау, қоғам
байланысында қарастырады. Ғалым көптеген шетелдік ғалымдардың зерттеу еңбектерін зерделей
келе, тілдік қатынастың басты ерекшелігін атап көрсетеді. Оның бастысы ретінде тілдің санамен
бірлігі арқасында жүзеге асатындығын және ол тек адамзатқа ғана тән екендігін айтады. Екіншіден,
ретінде тілдік қатынас тіл арқылы жүзеге аса келіп, бір адамға емес, жалпы қоғамға қызмет
ететіндігін көрсетеді, яғни тіл мен қоғам арақатынасында қарастырады. Үшіншіден, де тілдік қатынас
адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастың қалыптасуына әсер етеді, төртіншіден, тілдік
қатынас бүтіндей қоғамның қалыптасуына қызмет ете отырып, барлық саяси топтардың
байланыстырушы құралы болады деген тұжырым жасайды. Яғни, тілдік қатынастың ерекшелігі –
оның ойлау мен сөйлеуге, сөзге қатысты болуы. Пайымдау мен сана, тіл мен қоғам, сөздің таңбалық
және мағыналық ерекшеліктері – қатысымдық тіл білімінде қарастырылатын мәселелер.
Тілдік қатынасқа түсушілердің ең басты қызметі – қатысымдық қызмет. Қатысымдық қызмет
бойынша хабар таратушы мен хабар қабылдаушылар тілдік қарым-қатынастың барлық түрлерін іс
жүзіне асыра отырып, хабар арқылы бір-бірімен қарым-қатынастық қызмет атқарады. Сондықтан да
бүгінгі таңда тілді қатысымдық тұрғыдан меңгертудің алатын орны ерекше.
Қатысымдық әдісін зерттеушілер В.Т.Костоморов пен О.Д.Митрофановалардың “қатысым
әдісінсіз жаңа әдістеменің болуы мүмкін емес” деген тұжырымдары өте орынды айтылған [2,7].
Себебі, тілді үйретуде қатысым әдісінсіз кез келген ортада еркін тілдік қатынасқа түсе алатын
дәрежеге жеткізу мүмкін емес.
Қатысымдық әдіс туралы Е.И.Пассов:”коммуникативный метод основан на том, что процесс
обучения является моделью процесса коммуникаций”,- деген тұжырым жасаса [3,33], А.Р.Артюнов:
“қатысым әдісі дегеніміз – ерекше ұйымдастырылған тілдік әрекет, оның мәні тіл үйренушілердің
өзара түсінісіп, әрекет етулері үшін ақпаратпен алмасуларынан тұрады”,-деген пікір айтады [4,23].
Бұл айтылғандардан, қатысым әдісі оқу үрдісін қатысымдық үрдіске айналдырумен теңестіріледі
деген қорытынды жасауға болады. Себебі, оқыту үрдісі қатысым үрдісінің моделі болған жағдайда
қатысым әдісінің негізі қаланады.
Тілдерді үйретуде жан-жақты пайдаланылатын тиімді әдіс – қатысымдық әдіс екендігін
көрсете келіп, ғалым Ф.Ш Оразбаева қатысымдық әдістің нақты анықтамасын береді. Ғалымның
пайымдауынша, қатысымдық әдіс дегеніміз – оқытушы мен оқушының тікелей қарым-қатынасы
арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын; тілдік қатынас пен
әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің
тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің
түрі [1,127]. Ғалым қатысымдық әдіске берген анықтамасының мәнін ашу үшін оның негізгі
белгілерін ұсынады. Ол белгілер:
1 Қатысымдық әдіс кем дегенде екі адамның немесе бір адам мен топтың, бір топ пен екінші
топтың арасындағы тығыз қарым-қатынастың немесе белсенді іс-әрекеттің жүзеге асуы нәтижесінде
болады.
2 Қатысымдық әдіс оқушы мен оқытушының әрқайсысының өзіне тән міндеттері бөлек болып,
ал олардың алдарына қойған мақсаттарының ортақ болуын талап етеді.
3 Қатысымдық әдіс үйренуші мен үйретушінің бір-бірімен пікір алмасуын, тіл арқылы
сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, адам мен адамның, бір ұлт пен екінші ұлттың өзара түсінісуіне жол
ашады.
4 Қатысымдық әдіс оқыту жүйесіндегі бірнеше тәсілдерді және амалдарды біріктіреді.
Солардың ішінен бәріне ортақ қасиетке ие болатын біреуі басты өзек, жетекші кілт болады.
5 Қатысымдық әдістің басты белгісінің бірі – тілді үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асырып,
сабақты практикалық жағынан жан-жақты қамтамасыз етеді.
6 Қатысымдық әдіс арқылы белгілі бір білім берілмейді. Қарым-қатынас құралы тілдің өзін
қалай қолдану керек, сол жөнінде оқытылады, яғни сол тілде сөйлеу үйретіледі.
194
Қатысымдық әдіс – тілдік қатынасты іске асыруға бағытталған ең тиімді әдіс. Қатысымдық –
тілдерді оқытып үйретудегі негізгі бағыт болып табылады. Өйткені, тілдерді сапалы меңгертуде
қойылатын негізгі талаптардың бірі – үйренетін тілде қарым-қатынас жасай білу. Егер
білімалушыларды үйренетін тілде , яғни қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға үйреткіміз келсе, онда
бүкіл сабақ барысы тіке қарым-қатынасқа сай құрылуы тиіс. Сондықтан оқытудың барлық үрдісі тек
тілдік қарым-қатынасты іске асыратындай құрылып, ұйымдастырылуы керек. Қатысымдық әдістің
мәні де осында. Сонымен бірге тілдік қарым-қатынас студенттің қажеттілігін өтейтіндей болуы тиіс.
Әрине, бұл жердегі қажеттілік дегеніміз қарым-қатынастың мамандыққа сай құрылуы керек екендігі
түсінікті. Сонда тілдік қарым-қатынас қажеттілікті қанағаттандыратын құрал да бола алады.
Профессор Ф.Ш.Оразбаева қатысым әдісін жеке қарастырған әдіскер
Е.И.Пассовтың қатысымдық әдістің негізгі мәні оның ұстанымдарын айқындаумен байланысты
деген тұжырымын талдай келе, қазақ тілін оқыту барысында қолданылатын қатысым әдісінің алты
түрлі ұстанымын көрсетеді:
1 Тіке байланыс.
2 Адамның жеке қабілетін ескеру.
3 Сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау.
4 Сатылап даму.
5 Динамикалық өзгеру.
6 Өзектілік [1,122].
Осы ұстанымдардың әрқайсысын жеке-жеке талдай келе, ғалым қатысымдық әдісті іске
асырудың басты ұстанымы – тіке байланыс ұстанымы деп көрсетеді. Тіке байланыс болмаса,
сөйлесім әрекеті де іске аспайды деген қорытынды жасайды. Себебі, қатысымның өзі адамдардың
біріккен әрекетінің бір қыры, яғни адамдардың үйренетін тіл арқылы өзара бірігіп әрекет жасауы
болып табылады. Қатысымдық әдіс – ақпарат алмасу үрдісі, тіл үйренушілердің алға қойған мақсатқа
жетуіне бағытталған белсенді тілдік қатынас үрдісі. Белсенді тілдік қатынастың өзі – тіке байланыс
арқылы жүзеге асатын үрдіс. Тіке байланыс – тек қатысымдық әдіске ғана тән ерекшелік. Тіке
байланыс арқылы білімалушылар бір-біріне өз ойларын жеткізеді, өз көзқарастарын білдіреді. Бір-
бірінен алған мәліметтерді, ақпараттарды қабылдайды. Сол арқылы жаңа хабарлар мен ұғымдарды
меңгереді, ой қорытындылайды. Тіке байланыс арқылы студенттердің өз беттерімен жұмыс
істеулеріне жол ашылады. Тілдік қатынастың ары қарай өрбуі үшін әрекет етіп, өзіндік жұмыс
атқарады. Бұл қатысымдық әдістің бір ерекшелігі болып табылады. Қатысымдық әдіс – субъект-
субъектінің бірлескен әрекеті. Тілдік қатынасқа түсушілер бір-бірінен білімі, көзқарасы, белсенділігі
арқылы ажыратыла отырып, бірде субъектінің рөлінен объектінің рөліне ауысса, келесі мезетте
объектіден субъектінің рөліне ауысады. Бұны қатысымдық әдістің екінші ерекшелігі деп есептеуге
болады.
Қатысымдық әдістің үшінші бір ерекшелігі – тілдік қатынастың проблемалық жағдайға сай
құрылуы. Бұл жердегі проблемалық дегеніміз – тілдік қатынасты жүзеге асыруға бағытталған
жағдайлар. “...любой речевой поступок должен совершаться только в условиях соответствующей
речевой ситуаций”,-деп көрсетеді Е.И.Пассов [3,119]. Яғни, қазақ тілін үйретуде үйренетін тілде
тілдік қатынасты іске асыру үшін тілдік қатынас міндетті түрде болатын проблемаға тап болуы тиіс.
Қатысымдық әдіс – тілдік қатынасқа түсушілер арасында белгілі бір проблеманы шешуге негізделген
тілдік қатынастың алма-кезек ауысып, кезектесіп отыруы түрінде жүретін үрдіс.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, тілді қатысымдық тұрғыдан меңгертудің
негізгі ерекшеліктері мынандай болады. Біріншіден, қатысымдық оқыту үнемі тілдік қатынастың
жүргізілуін қамтамасыз етеді. Яғни, сабақтың барлық кезеңінде, тәжірибе жүзінде,
білімалушылардың бір-бірімен тілдесе отырып, тілдік материалды меңгерулері болып табылады.
Екіншіден, әр білімалушының жеке бас қасиеті ескеріледі. Топтағы кез келген адамдар бір-бірінен
өздерінің сөйлеу, ойлау қабілеті, қызығушылығы т.б. қасиеттері арқылы ажыратылады. Қатысымдық
тұрғыдан оқыту осы жеке қасиеттердің барлығын ескере отырып, әр білімалушының танымына,
қызығушылығына, қабілетіне сай ұйымдастырылады.
Үшіншіден, қатысымдық тұрғыдан тілді меңгертуде оқытудың проблемалық түрі басты
орын алады.
Төртіншіден, қатысымдық тұрғыдан тілді меңгертудің басты ерекшелігі– оқу үрдісінің үнемі
өзгеріп отырылуы, яғни, жаңашылдығы.
Қазақ тілін меңгертуде қатысымдық әдістің мағызы зор. Себебі, қазақ тілі – «адам
қатынасының аса маңызды құралы» бола келіп, адамзаттың бір-бірімен түсінісу, пікір алысу,
сөйлесуіне жол ашып қана қоймайды, сонымен қатар ішкі, сыртқы қоғамдық жағдайларға әсер
195
тетеді, халыққа қажетті әлеуметтік, экономикалық істерді аңғаруға мүмкіндік жасайды, бірлесіп
еңбек етуге дәнекер болады, қоғамдық-саяси күштердің өз мақсаттары үшін күресуіне қызмеи ететін
саяси құралы болады.
Қорыта келе, Ф.Оразбаеваның сөзімен алсақ, тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу,
түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен,
өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың
жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді
білдіреді [1,8]. Яғни, тілдік қатынас – тек сөйлеу тілі арқылы тілдесу ғана емес, сондай-ақ, ол жалпы
адамзатқа, қоғамға қызмет ететін, оны қоғамның өзі тудырған, оның әлеуметтік қажеттігін өтейтін
күрделі құбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |