1)Ақылбек Сабалұлының айрықша назар аударуды қажет ететін кітабы – «Ғибратнаме». Ол осы еңбегінде өмірге, адамдарға, жақсылық пен жамандыққа, қараңғы мен жарық сәулеге, ақ пен қараға, барлық пен жоқтыққа жан-жақты ой жібереді:
Сөйлесем келістіріп сөзім ашық,
Жасымнан қисса сөзге болдым ғашық.
Жай сөзді өлең қылып хатқа тізсем,
Бұған да естіген жан болар ғашық,
- деп ақын бір сәт бүкіл кеудесін қысқан тапшылығы мен кедей тұрмысын ұмытып, домбыраға саз қосып, тебірене толғайды.
2) Ақынның ел ішіне мол тараған тағы бір туындысы – «Бозжігіт» дастаны. Дастанда Бозжігіт пен Қарашаштың адал да берік махаббаты жырланады. Махаббат жолында қаншама қиындықтардың бәрін жеңіп, сүйгенін тапса да, қыз әкесінің қатал, рақымсыз қыңырлығын жеңе алмай мерт болғаны тебіреніспен баяндалады. «Бозжігіт» жырының қай нұсқасын алсақ та, Бозжігіт пен Қарашаштың махаббаты әсерлі жырланған.
3) Ақынның отаршылдардың жүргізген саясатынан қазақ даласындағы өзгерістерді суреттейтін “Сұм заман” деп аталатын тарихи жыры әлі күнге дейін еш жерде айтылмай келеді. Асан баба халқынығ басынан өткен дәуірлерді “қилы заман” десе, Шортанбай ақын өзім өмір сүрген кезеңді “зар заман” атағаны белгілі. Ал Ақылбек ақын аты айтып тұрғандай өзі өмір сүрген дәуірді “сұм заман” деп атайды. Заманның сұмдық суреттерін ашына жазады. Заманына толық әлеуметтік сипаттама береді.
Ақылбек Сабалұлының бүкіл шығармашылық мұрасын жинақтап айтар болсақ, адам бойындағы кісілік, парасаттылық, адалдық, қажырлы еңбек, оқу-білім, өнерді жырлау дер едік. Өлең-жырларының негізгі тақырыбы: адамгершілік, адалдық, әділеттік, өнер-ғылым мәселелері. Ақын өз өлеңдерінде туыстық қарым-қатынасты, достықты көп жырлаған. Жақсы, жанашыр сыйластықты аңсап іздеген, еміреніп күткен.Ақылбек ақын шығармашылығы тұтастай сол дәуірдің саяси және мәдени өмірінен мәлімет беретін тарихилығымен құнды мәдени мұра қатарында бағалануы тиіс.
Шәді Жәңгірұлы
«Назым сияр Шәриф» дастаны
Шәді Жәңгірұлының көп жыл ізденіп, жазған дастаны – «Назым сияр Шәриф» атты туындысы. Бізге бұл шығарманың берер тәрбиесіне келер болсақ, ол пайғамбарымыздың өмірін анық біле алатынымыз болып табылады. Яғни, дін жағынан алар сауатымыз Мұхаммедтің (ғ. с.) туғаннан өлгенге дейінгі барлық өмір жолы суреттелген. Ол кісі кіммен дос, кіммен күреңқабақ болды, кәпірлермен қалай күресті, мұсылмандарды қалай қолдады, қанша баласы болды, кімнің тәрбиесін көрді, қанша рет некеленді, әке-шешесі кім еді, туған-туысы бәрі-бәрі түп-түгел жырда көрініс табады. Қаншама кәпірлерді ислам дініне кіргізіп күндіз-түні аянбай, Алла жолында қызмет еткенін, мүнафиықтарды (екі жүзді) ешқашан аямайтынын, күллі мұсылманды бір ел, әр қырынан жырланады.
Шәді Жәңгірұлы негізінен, медреселерде оқытылатын Мұхаммед пайғамбардың өміріне (Сиярун-наби) “Назым Сияр Шәриф” дастанын арнаған болатын. Осындай мағынасы терең дастан арқылы әрбір мұсылманның діни түсінігі артып, Аллаға жақын болар амалдарды біліп, Мұхаммедтің (ғ. с.) өмір жолын оқып, үлгі алады. тәрбиелейді. Ақынның мәліметі бойынша, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (ғ.с.) тумай жатып жетім қалғанын білеміз, көптеген діни қолжазбаларда Алланың елшісін жетім өсті дейтін, ал қалай жетім қалғандығы жайында осы дастандай жан-жақты түсіндіріп айтқан емес. Шәдінің «Назым сияр Шәриф» дастанының орны ерекше. Себебі, пайғамбарымыз туралы көп зерттеп, өмірін дәріптеген болатын.
“Төрт дәруіш” дастаны
Шәдінің сүбелі шығармасының бірі – «Шер дәруіш» («Төрт дәруіш»). Бұл дастан бір басылымында (1913) «Назым шәр дәруіш» деп те аталған. Шығарма сюжеті «жеті ықылым жер жүзінің бәрін кезген» төрт жиһангездің басынан кешкен оқиғалары арқылы өрбиді. Бізге бұл шығарманың берер тәрбиесіне келер болсақ, рухани дүниеге аса мән беріледі. “Төрт дәруіш” ертегі, аңыз, қисса-хикаяты халық арасына кең тарап, қазақ ауыз әдебиетінің шығыстық сарындағы төл шығармасына айналған.
Ақын дастанында адамның рухани мүмкіндігіне, күш-құдіретіне шексіз сенім білдіреді, адам бойындағы ең асыл қасиеттерді, ақыл-ойды, махаббатты, әділдікті, бауырмалдықты мадақтайды. Бұл дастан сюжеті бұрын да өзге түркі халықтары арасына қисса болып кең тараған болатын.
«Ахуал қиямет» дастаны
Шәді «Ахуал қиямет» деген дастанынан оның құран тәпсірін жетік меңгергенін көруге болады. Шығарманың екінші жартысын оқығанда адамның өлер алдындағы сәтінен бастап, қабір азабына дейінгі аралықты суреттеген шайырдың еңбегіне сүйсінбесе амалы жоқ. Бізге бұл шығарманың берер тәрбиесіне келер болсақ, Шәдінің Құранды білгені, осы тіршілікте жасаған әрбір әрекеттер о дүниеге берері екенін аңғартады. Яғни, адамзатты имандылыққа шақырып, жүрегінің таза болуына тәрбиелейді.
Жалпы айтқанда, Шәді ақын өлімді айтуда адамдарды қорқытудан аулақ. Тірлікте істеген әрбір әрекеттің о дүниеге апарар сенің еншің екенін еске салады. Демек, адам баласы тіршілікте істеген қателіктері үшін тіршілікте Алладан кешірім сұрауы тиіс. Ақынның бұл көзқарасы түсінген кісіге имандылыққа шақырған жаны таза адамның жүрегінен шыққан өсиет сөз екенін аңғаруға болады.