4 ТАҚЫРЫП. НАРЫҚ. ТҮРЛЕРІ, ҚҰРЫЛЫМЫ, МОДЕЛЬДЕРІ. БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖӘНЕ МОНОПОЛИЯ. 1. Нарықтың мәні мен түрлері оның классификациясы.
2. Нарықтың қызметтері
3. Бәсеке мәні. Еркін бәсеке
1. Нарықтың мәні мен түрлері оның классификациясы. Нарық дегеніміз- ұдайы өндірістің барлық сатыларында өндіру, бөлу, айырбас пен тұтыну сфераларында сатып алу- сату арқылы жүзеге асырылатын ұйымдық- экономикалық қатынастар жиынтығы болып табылады.
Еліміздің соңғы кезеңде басқарудың экономикалық әдісіне көшуі нарықтық айырбасқа кең жол ашты. Кейбір экономикалық әдебиеттерде, ел арасында, осы әдісті «батыстық модельдерді» қайталау емес пе деген ойға сайып жүр. Бұл әрине дұрыс ой емес. Социализм тұсында 1965 жылы басталған (бірақ аяғына жете алмаған) экономикалық реформа, социалистік елдердегі нарықтық қатынастың ұлғаюы шаруашылық механизмін қайта құру барысындағы заңды көрініс.
Әрбір өндіріс әдісіндегі нарық меншікке байланысты өндірістік қатынастарының барлық жүйесінде әрекет жасайды. Біздің елімізде де нарық өндірістің тиімділігі мен халықтың әлеуметтік- тұрмыс дәрежесін жақсарту бағытында қызмет істей бастады. Нарықтың мәнін талдауда тағы бір айтатын жәй, ол теориялық дискуссиядағы нарық пен жоспарды біріне- бірін қарсы қою. Негізіне келсек, ұдайы өндіріс-жоспарлы ұйымдасқан процесс, онда нарықтың икемділігін, экономикалық тиімділігін арттыруға пайдалану маңызды мәселе. Осыған байланысты, нарық ұдайы өндірістің үйлесімді дауының негізгі бағыты болады. Сондықтан, экономиканы нарықтық реттеу ұйымдасқан жоспарлы шаруашылық механизмнің құрамды бөлігін құрап, онымен тығыз байланыста болады.
Нарықтың түрлері және олардың классификациясы.
Нарықтың құрылымын түрлі критерийлер бойынша жіктейді, олардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқталайық.
Нарықты экономикалық қызметіне байланысты- тауарлар мен қызмет көрсетулер нарығы, өндіріс құрал- жабдықтарының нарығы, еңбек, инвестициялар, бағалы қағаздар, қаржы нарығы деп бөледі.
Географиялық жағдайына қарай- жергілікті, аймақтық, ұлттық нарығы деп бөледі.
Бәсекенің шектелу дәрежесіне байланысты- жетілдірілген бәсекелестік нарығы және жетілмеген бәсекелестік нарығы (монополистік бәсекелестік, олигополиялық, монополиялық) деп бөледі.
Сапа бойынша- автомобиль, астық, металл және т.б. нарыққа бөледі
Сатып өткізуге байланысты- көтерме және бөлшек сауда нарығы деп бөледі.
Заң нормаларына сәйкестігі бойынша- ресми нарық және «Қара базар».
Нарық механизмінің мазмұны мен құрылымы
Нарықтық механизм дегеніміз- нарықтың негізгі элементтері: баға, бәсеке, ұсыныс пен сұраныстың өзара әрекетте болу механизмі. Әрбір экономикалық жүйеге тән: Не өндіру? Қалай өндіру? Кім үшін өндіру? Сұрақтарын нарықтық экономикада нарық жоғарыдағы төрт элементтің арақатынасымен шешеді.
Еліміздің ұлт ерекшелігіне байланысты жалпы ет өніміне сұраныс бар. Осының өзінде сұраныс бірқалыпты болмайды. Себебі ет өнімдерін жаз айларында пайдалану төмен болады, ал салқын айларда пайдалану жоғарылайды. Осының салдарынан бағада, сұранымда және ұсыным да бірқалыпты жағдай болмайды. Жаз айларында еттің бағасы төмендейді, себебі сұраным төмен, одан барып, оны өндіру де азаяды. Ал күз, қыс айларында керісінше баға жоғарылайды, себебі сұраным бар, ол көп өндіруді талап етіп, ұсынымды өсіреді. Осылай сұраным мен ұсынымның ауытқуы бағаның құннан жоғары- төмен ауытқуына тірейді. Осы тербелулер арқылы сұраныс пен ұсыныстың тепе- теңдігіне әсер ететін, ал түбінде өндіріс пен тұтынудың тепе- теңдігін қамтамасыз ететін деңгей қалыптасады.
Бұл бағаның, сұраныстың және ұсыныстың араларындағы қозғалыстар бәсеке арқылы жүріп жатады. Әрбір кәсіпкердің мақсаты пайданы барынша ұлғайту, сондықтан да, шаруашылық қызметінің көлемінің ұлғайтуға мүдделі. Ал бұның өзі өндірістің аса қолайлы жағдайлары үшін кәсіпкерлердің өзара күресіне әкеліп соғады да, олар бір- біріне деген қатынасы қарсыластар немесе бәсекелестер ретінде көрінеді. Егер қандай да бір тауардың ұсынысы сұранысынан көп болса, онда сатушылардың арасындағы бәсекелік күрес күшейеді. Олардың әрқайсысы өз тауарын сату үшін бағасын төмендетуге жиі барады, ал ол өз кезегінде осы тауарды өндіруді азайтады. Егер сұраныс ұсыныстан көп болса, онда бір- бірімен бәсекеге сатып алушылар түседі. Тапшы тауарды алу мүмкіндігіне ие болу үшін, әрбір сатып алушы өз қарсыласына қарағанда жоғары баға ұсынуға тырысады. Баға өседі, ол осы тауарға ұсынысты ұлғайтады. Бәсеке- нарық механизмінің қажетті элементті, бірақ бәсекенің сипаты әр түрлі болуы мүмкін, ол нарықтық тепе-теңдікте жету әдісіне елеулі әсер етеді. Нарықтық механизм еркін немесе жетілген бәсеке жағдайында, яғни нарықтағы жағдай көптеген сатушылар мен сатып алушылардың сатылатын өнімдердің беріктілігі, фирмалардың нарыққа еркін кіруімен сипатталғанда барынша тиімді әрекет етеді. Жетілген бәсеке кезінде сатушылар мен сатып алушылардың ешқайсысы да нарықтық бағаға әсер ете алмайды.
Қазіргі кезеңдегі нарық дамыған инфрақұрылымға, яғни көмекші салалар мен ұйымдардың болуымен тікелей байланысты өмір сүреді.
Нарық инфрақұрылымы деп нарықты қатынастардың жемісті қызмет етуін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық фирмалардың жиынтығын айтады.
Үш түрлі нарықтың инфрақұрылымының элементтері бар, олар: тауар, қаржы нарығы және еңбек нарығы.
Тауар нарығының инфрақұрылымына жататындар- тауар биржалары, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары т.б.
Қаржы нарығының инфрақұрылымына кіретіндер: қор және валюта биржалары, банктер, сақтандыру компаниялары мен қорлары.
Еңбек нарығының инфрақұрылымына кіретіндер- еңбек биржалары, жұмысқа қамту мен кадрларды қайта даярлау қызмет орындары, жұмыс күшін реттеу және т.б. айналысатын мекемелер
Жарнама деп сұраныс ұлғайту мақсатымен тауарлар мен қызмет көрсетулер туралы ақпаратты таратуды айтады. Ол тауар өндірісінің пайда болуының бастапқы кезеңінде қалыптасты.
Ақпарат деп нарықтың жағдайын талдап және бағдарлау үшін пайдалынатын мәліметтерді айтады. Кез- келген фирма сұраныс пен ұсыныс туралы, пайда нормасы жөнінде, қай жерде арзан сатып алуға және қандай жерде қымбат сатуға болатыны туралы мәліметтерді қажет етеді. Қолдағы мәліметтер негізінде фирма өз іс-әрекетінің стратегиясын жасайды.
Консалтинг деп ақылы жағдайда мамандандырылған фирмалардың басқаруды жүзеге асыруға байланысты кеңестер беруін айтады. Қызметтер- тауарлар, қызмет көрсетулер, ноу- хау және т.б. нарықтарын зерттеу мен бағдарлау жөнінде көрсетіледі. Сондай-ақ құқықтық қызметтер де көрсетіледі. Фирмалар консалтингті кеңінен пайдаланылады, себебі мұндай кеңестер алу өздеріне арнайы мамандарды қызметке қабылданғаннан анағұрлым арзанға түседі.
Аудиторлық компаниялар деп бизнес сферасындағы мүмкіншіліктерін анықтау мақсатында фирманың қаржы-шаруашылық қызметін кешенді тексеруді жүзеге асыратын ұйымдарды айтады.
Нарық инфрақұрылымының тиімділігі көбінесе экономикалық коньюнктураға байланысты, яғни нарықтың белгілі мерзімдегі уақытша жағдайы. Конъюнктура туралы төменгі көрсеткіштер мәлімдейді:
өндіріс пен құрылыс динамикасы;
тауар запастарының мөлшері;
баға, пайыз, бағалы, қағаздар курсының қозғалысы;
пайда, еңбекақы және өндіріс шығындары дәрежесінің өзгеруі;
еңбектегі және жұмыссыздар саны арасындағы қарым-қатынас.
Биржа нақты ұйымдастыру, бақылау мен реттеу түрі ретінде XVI ғасырдан баршаға мәлім.
Биржа деп стандартталған тауарлардың көтерме сауда нарығын немесе валюталарды, бағалы қағаздарды және жұмыс күшін сатып алу-сату жөніндегі операциялар нарығын айтады.
Сатылған заттарға байланысты биржалар-тауар, қор, еңбек биржаларына бөлінеді.
Тауар биржасы- бұл материалдар мен заттай объектілердің, яғни шикізаттар, құралдар, астық, металл және т.б. ұйымдасқан нарығы. Мұндай биржалар мамандандырылған биржалар деп аталады. Әртүрлі тауарлар түсетін биржалар әмбебап биржалар деп аталады.
Биржа табысы сатылған тауарлардың, валюталардың, бағалы қағаздардың құнынан алынатын процент есебінен, құрылтай жарналары мен брокерлік орындарды сатудан түсетін кірістерден құралады.
Биржа практикасында бірнеше мәмілелердің типтері жасалады.
Форвардтық мәміле деп келісімге сай сатушының қолындағы тауарлар мен оларды жөнелту мерзімі көрсетілген, нақты тауарларға жасалған мәмілені айтады.
Фьючерстік мәміле деп келісім жасалған кезде қолда жоқ, болашақтағы тауарларға жасалған мәмілені айтады. Шын мәнінде болашақтағы тауар емес, тауарға деген құқық сатылады.
Опцион деп тауарды немесе белгіленген баға бойынша бағалы қағаздарды сатып алу құқығын беретін құжатты айтады. Бұл құжат сатылып, қолдан –қолға ауысады, оның иелері ондағы көрсетілген тауарлар мен бағалы қағаздардың қымбаттауы кезінде, оларды сатып алыпсатарлық табысты иемденеді.
Хеджерлеу деп бағаның құбылмалы өзгеруіне байланысты шығынға ұшырау қауіпінен сақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында жасалған мәмілені айтады. Хеджерлеудің мәні, бір мезгілде екі мәміле жасалады: тауарларды жедел жеткізу туралы мәміле және осындай тауарларды алдын-ала келіскен мерзімде сату туралы кері мәміле жасалады.
Биржадағы қызмет ететін негізгі тұлғалар- брокер, маклер, дилер, «өгіз» және «аю» болып табылады.
Брокер деп өз клиенттерін мүдделерін қорғап және олардың тапсырыстарын орындайтын, сатушылар мен сатып алушылар арасындағы делдалды айтады. Брокер өз клиенттерінің тапсырысы бойынша мәміленің барлық түрлерін, яғни форвардтық, фьючерстік, опцион және хеджерлеуді жүзеге асырады. Жекелеген адамдар, брокерлік кеңселер және дербес брокерлік фирмалар делдалдық іспен айналысуы мүмкін.
Маклер деп биржа мүшелері арасындағы мәмілелерді тіркеп және осы қызметі үшін сыйлық ақы куртажды иемденетін, биржалық саудаға қатысушыны айтады. Маклер көп жағдайда өздері мәмілелерді жасауға делдалдық жасайтын биржада қызмет етеді.
Дилер деп өз қаражаттары есебінен және тауарлар мен бағалы қағаздарды өздері сатумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларды айтады. Дилер тауарларды сатып алу мен сату бағаларындағы айырма есебімен пайда алады.