Тақырып: Жапырақтың морфологиялық құрылысы. Жапырақтың анатомиялық құрылысы.
Дәрістің мақсаты: Жапырақтың морфологиялық және анатомиялық құрылысымен танысу.
Жапырақ дегеніміз өсуі шектелген бүйірлік орган. Ол қыстырмалы меристеманың белсенділігінің нәтижесінде түп жағымен немесе барлық жағымен ұлғайып өседі. Ағаштар мен бұталарда бұлар уақытша орган.
Жапырақтың атқаратын қызметтері: фотосинтез, газдың алмасуын және судың булануын реттеу болып табылады. Сонымен қатар жапырақта артық қор заттары жиналады, жекеленген жағдайларда жапырақ вегетативтік көбею қызметін де атқарады.
Тамыр мен сабақтан жапырақтың айырмасы ол өсуін ұшы арқылы емес, жапырақ тақтасының негізінде орналасқан қыстырма меристемасы арқылы жалғастырады.
Алғашқы нағыз жасыл жапырақ өсімдіктердің сулы ортадан құрлыққа шығуына байланысты құрлық жағдайларына бейімделген. Қос жарнақтыларда негізгі өркеннің апексі және төбе бүршігі жетілгенге дейін, олардың тұқымынан өсіп шыққан жапырақ – тұқым жарнақтарының жапырағы деп аталады. Жапырақтар алғашқы негізгі өркеннің, одан кейін жанама өркендердің әрқайсысының бой конусында экзогенді меристемалық төмпешіктер ретінде қалыптасып жетіледі. Төмпешіктердің жоғарғы бөлігі – апексі, төменгі бөлігі базальды бөлігі деп аталады. Апекстен жапырақ тақтасы, сағағы, ал базальды бөлігінен жапырақ негізі, бөбешік жапырақтар, қынап пайда болады.
Жапырақ өзінің даму барысында екі кезеңді басынан өткізеді, олар бүршік ішіндегі және бүршік сыртындағы кезеңдер. Бірінші кезеңде жапырақ бастамасы негізінен клеткалардың бөлінуі есебінен көлемін ұлғайтып, біртіндеп жапыраққа тән пішінге келе бастайды, бірақ қабатталған немесе бүктелген кішкентай қалпында қалады. Екінші кезеңде жапырақ жазылып, клеткалардың бөлінуі мен созылу есебінен көлемін тез ұлғайтады.
Жапырақ — өсімдіктер денесінде фотосинтез жүретін, яғни органикалық емес заттардан органикалық заттар түзілетін, ауа алмасатын ( тыныс ) – көмірқышқыл газы мен оттегін қабылдайтын және шығаратын, суды буландыратын ( транспирация ) маңызды вегетативтік мүше. Осы негізгі қызметтерімен қатар көптеген өсімдіктерде жапырақ қор заттарын жинау қорғаныштық, тіректік және вегетативтік көбею қызметін атқарады.