Тақырып:Құрылыс материалдары. Түрлері,құрылымы, қасиеттері
Жоспар:
Құрылыс материалдары туралы түсінік
Негізгі құрылыс материалдарының түрлері
Құрылыс матералдарының құрылымы
Қасиеттері
Құрылыс материалдары туралы түсінік
Құрылыс материалдарын өндіру мен оларды халық шаруашылығында пайдаланудың өзіне тән тарихы бар. Өте ежелгі және кең тараған саз құрылыс материалы ретінде адамзат өркениетінің бастапқы кезінде пайдаланылған. Уақыт өте келе адамзат саздан түрлі пішіндегі бұйымдар жасау мен олардың беріктігін арттыру мақсатында кептіру мен күйдіруді үйренген. Керамикалық бұйымдар жасау бірнеше мың жылдардан бері белгілі. Ніл өзенінің астынан 20 м тереңдікте боялған керамикалық заттың сынығы табылған. Мысырда осыдан 12 мың жыл бұрын саз қыштан соғылған ежелгі сәулет ескерткіштері біздің дәуірімізге дейін сақталып келеді. Байланыстырушы заттардың осыдан 4—5 мың жыл бұрын жасанды жолмен дайындалғаны мәлім. Мысырдағы зәулім ескерткіштердің ішінде перғауын қабірлері, Хеопс пирамидасы, Карнакедегі Амона ғибадатханасы сияқты алып ескерткіштер біздің дәуірімізден екі төрт мың жыл бұрын табиғи және жасанды элементтер арқылы салынған. Байланыстырушы заттар (әсіресе, әктас пен гипс) өндіру өнеркәсібі тас материалдарды құрылыста кең пайдалану қажеттілігінен туындаған.
Құрылыс материалдары — үйлерді, ғимараттарды салу мен жөндеуде пайдаланылатын табиғи және жасанды материалдар мен бұйымдар. Негізгі құрылыс материалдарының түрлері:
табиғи тау жыныстарынан жасалған құрылыс материалдары(дара тастар, қиыршық тастар, т.б.);
органикалық (битум, қарамай, синтетикалық шайыр, т.б.) және бейорганикалық (цемент, әктас, гипс, т.б.) байланыстырғыш материалдар;
жасанды құрылыс материалдары және құрастырмалы құралымдар мен бұйымдар(құрылыстық керамика, бетон, темір-бетон, асбест-цемент, темір, шыны және силикаттан жасалған бұйымдар);
ағаш материалдары және олардан жасалған бұйымдар (есік және терезе блоктары, ағаш талшықты және ағаш үгінділерінен жасалған тақталар, т.б.);
металдан жасалған бұйымдар (көтергіш және қоршау құралымдары, құбырлар, рельстер, т.б.);
синтетикалық шайырлар мен пластмассалар (линолеум, пенопласт, т.б.).
Әр түрлі табиғи тау жыныстарынан іргетастар, қабырғалық әшекейлік, т.б. құрылыс материалдары жасалынады.
Органикалық байланыстырғыш заттардан жол құрылысына қажетті жабын, ылғал өткізбейтін заттар дайындалады.
Ағаш жаңқасынан жұқа әшекейлік тақталар жасау үшін байланыстырғыш заттар ретінде синтетикалық шайырлар пайдаланылады.
Бейорганикалық заттардың ішіндегі ең негізгісі – цемент. Одан бетон, темір-бетон, асбест-цемент, құрылыс қоспалары сияқты құрылыс материалдары жасалады. Әктастан бу қысымымен алынатын силикаттық бетон, кірпіш әрі құрылыстық қоспалар дайындалады.
Жасанды құрылыс материалдарының негізгі бір түрі – металдар. Олар құрылыста әр түрлі құралдар (көпірлер, өндірістік құрылыстар, жер сілкінісіне шыдамды құрылыстық қаңқалар және темір-бетон арматуралар, т.б.) жасауға пайдаланылады. Ағаш материалдары және олардан жасалған бұйымдарға ағашты механикалық өңдеу барысында алынатын материалдар (бөренелер, кесілмелі материалдар, паркет, фанера, т.б.) кіреді. Металдардан негізінен, болат илемі құрылыста кеңінен қолданылады. Олардан темір-бетондарға қажетті арматуралар, ғимараттың каркастары, көпірдің құрылыстық өткіндері, жылыту жүйелері, жабын материалдары, т.б. жасалады. Әлемдік практикада ең алғаш Қазақстанда жаңа керамикалық “золокерам” материалдары жасалып, өндіріске енгізілді.