БҮГІНГІ ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП
ескі қалыптан шыға алмай, жаңаға жол сала алмай отыр
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың теледидар арқылы
білім саласын жолға қою туралы сөйлеген сөзі біздің
еліміздегі педагог-ұстаздардың болашаққа деген үмітін оятып,
еңсесін көтергендей. Білім саласының құлдырауы, жалпы
ұстаздардың қабілеттілік деңгейінің төмендеуі өсетін елдің
337
белгісі емес екені көпшілікке аян. Енді ғана қаз-қаз басқан
еліміздің болашағына сенгендіктен ұстаздар қауымы
шыдамдылықпен еңбек етуде. Жетіспеушілік, тұрмыстық
қиындықтарды азаматтыққа жеңдіріп, адал да қажырлы еңбек
етіп жүргендер арамызда жеткілікті.
Әрине, алдағы уақытта заман түзелер, мемлекетіміз білім
мәселесіне шыңдап көңіл бөлсе, мектептер мен институттарды
тастап кетуге мәжбүр болған мұғалімдердің бірқатары қайта
оралар деген үміт бар. Сонда бүгінгі күні тоқыраушылыққа
ұшыраған мектеп өз жұмысын қалай бастап, қай бағытқа түрен
салады деген ой келеді. Мектеп реформасы туралы талай
әңгімелер айтылғанымен, оның біразы жалпылама сөз болып
қалуда. Сондықтан да осы мәселелер жөнінде ұстаз ретінде өз
ойымды ортаға салуды жөн көріп отырмын.
Біздің еліміздің, халқымыздың ең озық, жақсы қасиеттерін
әлемге танытатын – ұлттық мектеп. Ал осы мектептің білім беру
деңгейіне көңілі толмағандықтан да көптеген ата-аналар өз
балаларын өзге шетелдік мектептерге сүйрелейтінді де шығарды.
Заманның илеуіне ілігіп, ана тілінен айырылған ұрпақ сөйтіп,
өзінен кейінгі бір ұрпақты қоса сүйремек. Ал басқа тілді
мектептер қазақ баласын сол ұлттық деңгейде тәрбиелеп шығара
ала ма, оған құлықты ма, олар өз мектебін қандай мақсатпен
ашып отыр деген мәселеге де бір кезек ой жүгірткен жөн.
Қазақ баласы жаңа типтегі мұндай білім орындарына
жүрегін қолына алып жүгірумен келеді. Қолды болған
жүректерге күтпеген бағдарлама салынғаны санамызға кеш
кіріп, санымызды соқсақ та, әлі маңдайға тиер емес. Жалпы өз
құшағыңнан кеткен кім алдаусыратып бауырына тартса, сонікі
болады емес пе? Соған орай біздің республикамызда енді біраз
жылдардан кейін жан-дүниесі бөтен, бірақ түсі таныс бір жаңа
леп дайындалып шықпақшы. Осындай сергелдеңді арада көп
уақыт өткізбей дұрыс бағытқа салып, туған баламызды өз
құшағымыздан, өз тәрбиемізден, өз тілімізден алыстатпау үшін
ұлттық мектепті жоғары деңгейге көтерудің маңызы зор.
338
Дәл қазіргі таңда, күні ертең жалпы орта білім бертін қазақ
мектептерінің жүйесін бірден жолға салуымыз мүмкін де емес.
Ондай күрделі жұмыстың материалдық жағын былай қойғанда,
одан да қиын біраз дағдарысқа ұшыраған, күнбе-күнгі ізденісті
уақыт қиыншылығымен астарлап, төмендетіп алған ұстаздық
орта оған дайын емес. Сөйтіп, қазақ мектебі күнге дейін ескі
қалыптан шыға алмай, жаңа қалыпты соға алмай отыр, уақыт
болса зымырап өтіп жатыр. Мектепті жақсартудың тетігі
қабілетті мұғалім екендігі әркімге белгілі. Қазір шетелдерге
көптеген жастар оқуға жіберілуде. Әйткенмен, шетелдерге
жаңаша көзқарастағы, талапты да талантты қарапайым
мұғалімдерді жіберу жағы ескерілмейтіндігі жанға батады.
Өйткені көңіл көкжиегін алысқа сермемейтін ұстаз шәкіртінің
қанатын биікке қақтыра алмайтындығы да өзінен-өзі түсінікті.
Сонымен қатар жаңаша оқыту орталығын құрып, оған қазақ
мәдениетін терең білетін, әлемдік педагогикадан жан-жақты
хабары бар білікті ұстаздар мен жанашыр ғалымдарды, рухани
деңгейі жоғары азаматтарды жинаса деген ой бар. Мектептерді
күнбе-күнгі мағынасыз, мәнсіз тексерулерден гөрі, оған деген
нақты көмекке, қамқорлыққа көшетін уақыт жетті. Жаңаны
жылжытуда, озық тәжірибелерді өмірге енгізуде тиісті орындар
өз жұмысын атқара алмай отыр. Осы жерде елуінші жылдардың
аяғы мен алпысыншы жылдардағы Америка тәжірибесін еске
алған орынды. Кеңес үкіметінің ғарыш кемелері аспанға ұша
бастағанда, олар өз мектептерін жолға қоюды тездетіп қолға
алды. Ең алдымен институт ұстаздары мектепке жіберіліп,
тәжірибе жинақтау орталықтары ашылды. Қазір XXI ғасыр
мектебінің нобайын жасап, бағдарламалар жүзеге асырылды.
Осындай бір серпіліс қазіргі уақытта біздің білім жүйесіне де аса
қажет.
Біздің еліміздегі өміршіл педагогикалық жүйе әлі өзгерген
жоқ, өйткені оған бәсеке болатындай жаңаша көзқарас, тың
әдістерге қолдау тапшы. Ал қалыптасқан ескі жүйеге керегі сол,
оны жылжытып алып кетуге тиісті механизм – қолында билігі
бар жауапты жетекшілер болса керек. Өзгеріс осы жақтан
339
басталмаса, төменнен жарқылдап шыққан идеялар қандай құнды
болса да іске асырылуға мүмкіндік жоқ. Кейде тіпті жетпей
жатқан қаражат емес, ықылас сияқты болып көрінеді. «Асқаныңа
емес, сасқаныңа сүйсіндім» деген сөз бар ғой. Шағын
экспериментті мектептерді ұйымдастырып, оған қолдау
көрсетілсе, үрдіске жүрегімен дайын мұғалімдерді жинақтайтын,
олардың ісін, озық тәжірибесін тарататын шағын лаборатория
жасалатындығына күмән жоқ.
Сондай
ұлттық мектептің балама бәсеке түрлеріне
жатырқамау керек. Біздегі балама мектепке деген өгей
көзқарасты жиі кездестіруге болады. Осыдан екі жыл бұрын
оқытудағы жаңаша көзқарастарымызды жүйелеп, оны іске
асырып көрсету мақсатында мектеп аштық. Өзіндік өрнегімен,
өз қолтаңбасымен келген мектепті қалыптасқан ортаның түсінуі
де, қабылдауы да қиын. Жекеше гуманитарлық қазақ мәдениеті
мектеп лицейіндегі жұмыс осындай күрделіліктермен әрі қарай
жалғасуда. Мектеп ашу, әрине, мансап емес, қазір оны
қайырымдылық мектебі десе де болады. Президентті өсірген
құнарлы топыраққа егілген шыбық секілді жаңа көктеп келеді.
Ел үшін елеулі іс қылсам дейтін азаматтар: аспиранттар,
институт мұғалімдері, шығармашылық ізденістегі мұғалімдер
Алматыдан, жан-жақтан келіп жұмыс істеуде. Ең үлкен
жетістігіміз – университеттің бірінші курсында оқылатын
сабақтың өзін 6-7-класс оқушылары әжептәуір меңгерді. Баяғы
сақ, кейінгі ғұн, түрік заманындағы қазақ мәдениеті тарихын
білуі қуантады. Өкінішке орай, білім жүйесіндегі селт етпейтін
салғырттық таңғалтады. «Мұндай мектепті енді он жылдан кейін
іздемесе, қазіргідей қиын кезде оның керегі бар ма?» деп
күманданушылар да табылуда. Жеке мектеп қой деп
күдіктенушілер де бар, олай болса мемлекеттік мектеп етіп
қабылдаңыз дейміз, бірақ оны да керек етпейді. Тек қана «Мынау
бір жаңа бағыттағы пайдалы іс екен» деп балаларды көріп,
сабағымызға кіріп, үлкен аналық жүрекпен жылы сөзін айтқан
Сара Алпысқызына ризашылығымыз шексіз.
340
Біз қайырымдылық мектебінің жағдайында жұмысымызды
атқарып жатырмыз. Ал енді ұлттық мектептің жаңа моделін
жасауымыз керек екен, оның бір түрін жасап отырған мектебіміз
бар. Бірақ оған көмектесетін, қол ұшын беретін адам табылмай
отыр. Жеке мектепке жеке кәсіпорын сияқты қарау көзқарасынан
арылатын уақыт жетті. Әсіресе қазақ мектептеріне деген
көзқарас басқаша болуы тиіс. Қазақ мектебінің жеке меншік
түріне де мемлекеттік мақсатпен қарауымыз қажет. Немесе
ерекше оқыту жүйесін жүзеге асырушы жеке меншік мектепті
тәжірибе лабораториясы ретінде мемлекет қарамағына алған жөн
болар еді. Себебі республикадағы тұңғыш гуманитарлық қазақ
мәдениет мектебі болып отырған біздің қолымызда жаңа жүйені
іске асырудың еркіндігінен өзге жекеменшік ештеңеміз жоқ.
Жалпы нәтижелі творчестволық ізденістің өзі де – ойлана білген
адамға үлкен байлық.
Тағы бір айта кететін жай салық заңына байланысты. Ата-ана
баласын жеке мектепте оқытқысы келсе, үкіметтің оған бөлетін
қаржысын солай қарай аударудың орнына, екі есе тонап алады.
Оның өз қалтасынан шығарған төлемақысының да жартысына
жуығын жол шығыны, жұмыссыздық үшін, тағы басқа
салықтармен алып қояды. Оған қоса электр жылуы, арендаға
төлейтін төлемдер тағы бар. Мұның өзі, шындығына келгенде,
мектеп ашушыны да, ата-ананы да ашықтан-ашық жазалаудың
бір түрі екендігі шындық. Білікті ұстаздарды өздері іздеп тауып,
жеке мектептер аштырып, шығынның 80 процентін білім
департаменті көтеретін Ресей тәжірибесін біздің жағдайда да
ескеру керек секілді. Әсіресе жеке қазақ мектебі қамқорлыққа
зәру. (Әлемдік педагогикада түбірлі өзгерістер жасаған
Монтессори, Вальдорф, Петерсен мектептері осындайдан
басталған болатын).
Қазір кішкентай мектебіміздің тынымсыз ізденісін естіп,
жер-жерден әсіресе астанадан баласын оқытуға алып келуші ата-
аналар бар. Біздің олардың барлығын қабылдауға мүмкіндігіміз
жоқ. Егер болашақ үшін атқарылып жатқан осындай іске
мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе, оның аясын әлдеқайда
341
кеңейтуге болады. Біздің бір нәрсеге сеніміміз мол, бүгінгі
оқушы ертеңгі күні өз заманына лайықты азамат болып өседі.
Қазір де қазақ жастары арасында қылмыскерлік ұлғаюда,
колониялардағы қазақ жастарының саны 60 проценттен асыпты,
ал маскүнемдік жағынан қай деңгейге жеткеніміз айтпаса да
белгілі. Сондықтан да негізгі түйін жас ұрпаққа бүгінгі күннен
бастап саналы тәрбие, сапалы білім беруге ұмтылу қажет. Қазақ
баласы әлем сахнасында өз келбетін танытсын, мектеп
ұстаздарының ең негізгі мақсаты да – осы.
Достарыңызбен бөлісу: |