25
баланың бір бағыттағы терең ізденісіне мүмкіндік берудің
орнына, әрқайсымыз бір ұрсып, жекумен барлық сенімінен
айырмақпыз. Мұғалімнің айтқанына сеніп, өзінің басқалардан
төмен екенін мойындап, іштей уайымға түсуден жан дүниесі
ауытқуға ұшырауы мүмкін.
Отбасында дұрыс тәрбие алмай, бетімен өскен, рухани
жағынан құрдастарынан артта қалып қойған балалардың
мектептегі жағдайы тіпті қиын. Олардың үй іші ұрыс-керіс,
ішімдікке үйір. Осындай бір баланың аянышты халін айтайын:
Өзі көп балалы үйде өскен. Отбасында тыныштық, дұрыс
тәрбие жоқ. Әкесі балаларын, әйелін жөнсіз ұрып-соғады.
Шешесі болса, тірліктен ешбір рақат көрмегеніне ызаланып,
наразылығын баласынан алады. Баланың өзі 15-16 жаста болса
да, ойлау, іздену қабілеті төменгі сатыда қалып қойған. Сабақты
түсінбейді, сондықтан ықыласы жоқ. Екі жыл орнында отырып,
өзінен кіші балалармен оқығандықтан, басқа балалар арасында
беделден жұрдай. Мұғалімдер жағы да ұрсудан аянбағандықтан,
оқушылар да мазақтаудан қалыспайды. Үйіндегі жағдай тағы
белгілі. Тіпті екі арадағы қайшылықтың шегіне жеткені сондай,
бір жолы оқушылар ешбір себепсіз жабылып ұрған (балалардың
ерлік, мықтылық туралы дұрыс ұғымы калыптаспағанда, өз
«мықтылығын» әлсізге күш көрсету аркылы дәлелдейді). Оқуға
қабілеті, ықыласы жоқ оқушыларды кластан-класқа күштеп
сүйреп, екі жақтың жүйкесін тауысып, баланың намысын
таптағанша, негізгі сауатын ашқаннан кейін өзінің шамасы
келетін жұмысқа орналасуға көмектеспейінше, олардың өмірі
әлгіндей болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: