298
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым,
Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым,-
дейді екен. Кәне, екеуің бірге айтыңдаршы:
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым,
Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым!
Данабек пен Айбегім бірнеше рет қайталап айтты. Әкесі
әңгімесін жалғастырды:
Қорқыт ата дарияның үстіне кілемін жаяды. Отырып қобызын
тартады екен.
Бір күні оның жанын алмақшы болып Әзірейіл келіпті.
Қорқыт ата тартқан қобыз біресе түйеге ұқсап боздайды. Біресе
аққу сияқтанып қанатын қағады. Сұңқылдаған үн шығарады.
Мұны есіткен Әзірейіл неге келгенін ұмытып қалады. Қалт
тұрып, күй тыңдайды.
Бір сәт Қорқыт ата шаршап, қалғып кетеді. Сол кезде Әзірейіл
есін жияды. Қорқыттың жанын алмақшы болып ұмтылады.
Қорқыт ата оянып кетеді. Қайтадан қобызын аңырата жөнеледі.
Енді ол жыр айтады. Төбекөз дәудің оқиғасын жырлайды.
Әзірейіл тағы неге келгенін ұмытып, жыр тыңдайды. Өстіп, ол
неше күн Қорқыттың жанын ала алмай жүреді. Бір күні Қорқыт
ата әбден шаршап, ұйықтап кетеді. Сол жерде Әзірейіл жылан
болып келіп, шағып алады. Қорқыт ата өледі. Әзірейіл қуанады:
– Е, енді өзің өлдің. Күйің де өледі, – дейді. Бірақ Әзірейіл
қателесіпті. Қорқыт атаның тартқан күйін үйреніп алып, барлық
қазақ тартыпты. Міне, қызым, енді сен де тартасың, – деді әкесі
Айбегімге. – Қорқыттың өзі өлгенмен, өнері өлген жоқ.
– Өй, мен болсам, Әзірейілді басынан бір қоятын едім, – деді
Данабек.
– Әзірейіл
көзге көрінбей келеді ғой, – деді Айбегім.
Данабек ойланып қалды да, әкесіне:
– Әке, «Төбекөз дәуді» айтып берші! – деді. Әкесі әңгімесін
жалғастырды.