«Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқу бағдарламаларын іске асыруда қолданылатын тәсілдер: Құндылықтарға бағдарланған тәсіл – оқу әрекетін белгілі бір құндылықтар тұрғысынан ұйымдастыру және жүзеге асыру, нәтижелерге қол жеткізу және пайдалану тәсілі. Құндылыққа бағдарланған тәсіл оқушы тұлғасының бойында мақсатты түрде құндылықтар жүйесін қалыптастырады.
Тұлғаға бағдарланған тәсіл Мұғалім мен оқушының арасындағы тұлғалық қарым- қатынасты, оқушыны тұлға ретінде құрметтеуді, оның моральдық-этикалық қасиеттерін, әлеуетті қабілеттерін ескере отырып үйлесімді қалыптастыру және жан-жақты дамытуды білдіреді. Тұлғаға бағдарланған оқыту тәсілі дамыта оқыту моделіне жатады. Бұл оқыту технологиясы оқушының жеке тұлғасын, рухани қырларын біртұтас үйлесімді жүйеде қалыптастыруды көздейді.
Іс-әрекетке бағдарланған тәсіл Білім мен дағдылардың белсенді танымдық іс-әрекет барысында қалыптасатынын білдіреді, өз кезегінде бұл деректер мен басқа да ресурстарды өз бетінше іздеу, интерпретациялау, талдау, тұжырымдау мен бағалауды көздейді. Оқушылар проблемалық сұрақтарды бірлесіп талқылау, рөлдік ойындар мен белсенді оқуда белсенділік танытып, қатысады. Оқу бағдарламасында жаңа ақпаратты қолдану мен түрлендіру мүмкіндіктерін қолдануға баса назар аударылады, өз кезегінде ол оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саралап оқыту тәсілі Оқу үдерісін оқушылардың әртүрлі топтарына арнайы бағдарлауды, оқушылардың жеке қабілеттерін ескеру мақсатында түрлі топтар үшін әртүрлі нысанда ұйымдастыруды көздейді. Саралап оқыту тәсілі әртүрлі оқушылар тобының оқу әрекетін ұйымдастыру үшін арнайы оқыту әдістерін және іс-әрекеттерді саралау тәсілдерін қамтиды. Саралап оқытуды ұйымдастырудың негізгі шарты күрделілігі, танымдық деңгейі, мұғалім тарапынан берілетін көмектің сипаты жағынан ерекшеленетін сараланған тапсырмаларды қолдану болып табылады.